Үкім немесе қаулы заңды күшіне енгенге дейін сот олардың мәнін өзгертпей, жіберілген анық қате жазуларды түзету және олардағы түсініксіз тұстарды түсіндіру, сот үкімімен не қаулысымен тағдыры шешілмеген заттай дәлелдемелер, азаматтық талап қоюды шешу кезіндегі техникалық және арифметикалық қателерді түзету туралы, сондай-ақ процестік шығындардың, Жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлі төлемнің және оларды дұрыс есептемеген жағдайда мемлекеттік баждың мөлшері туралы қосымша қаулы шығаруға құқылы.
47-тарау. ЖЕКЕШЕ АЙЫПТАУ ІСТЕРІ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
407-бап. Жекеше айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу тәртiбi
Осы Кодекстiң 32-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстерге жататын жекеше айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу, осы тарауда белгiленген алып қоюларды қоспағанда, осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен айқындалады.
408-бап. Жекеше айыптауды қозғау
1. Жекеше айыптауды тұлға (бiрнеше тұлға) сотқа, соттылық туралы қағидаларды сақтай отырып, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды. Шағым анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға берілген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Шағымда ол берілген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелері көрсетіле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа істі іс жүргізуге қабылдау туралы өтініш, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәліметтер, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылатын қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ), сотқа шақырылуы қажетті куәлардың тізімі қамтылуға тиіс. Шағымға оны берген адам қол қояды. Анонимді шағымдар іс жүргізуге қабылданбайды.
3. Егер шағымға талап арыз және талап қоюдың талаптарын растайтын қажетті материалдар қоса берілсе, шағымда азаматтық талап қоюды қарау туралы өтiну де қамтылуы мүмкiн.
4. Шағым сотқа істің аумақтық тұрғыдағы соттылығына сәйкес, өздеріне қатысты жекеше айыптау iсi қозғалатын адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен бірге берiледi.
5. Егер жекеше айыптауды бiрнеше тұлға нақ бір адамға қатысты қозғаса, олар бір шағымды бірлесіп немесе әрқайсысы бiр-бiрiнен тәуелсiз жеке түрде бередi.
6. Сот шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған кезден бастап оны берген тұлға жекеше айыптаушы және жәбірленуші болып табылады және оған осы Кодекстiң 72-бабында және 410-бабының үшінші және төртiншi бөлiктерiнде көзделген құқықтар түсiндiрiлуге тиiс, бұл туралы судья және шағым берген тұлға қолдарын қойған хаттама жасалады.
7. Егер нақ бір қылмыстық жазаланатын іс-әрекетке қатысты жекеше айыптауды қозғауға бiрнеше тұлға құқықты болса және ол олардың бiреуiнiң арызы бойынша қозғалған болса, қалған тұлғалар басталып кеткен iс жүргiзуге қатысуға құқылы. Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының арызы бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi.
8. Егер бұл iс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттiң нысанасына байланысты болса, айыпталушы айыптаушыға қарсы айыптау бiлдiруге құқылы. Айыптау және қарсы айыптау бiр мезгiлде шешiлуге тиiс. Айыптауды кері қайтарып алу қарсы айыптау бойынша iс жүргiзуге әсер етпейдi.
9. Егер жекеше айыптау бұрын кері қайтарып алынған болса, ол қайтадан қозғалмайды.
409-бап. Судьяның жекеше айыптау iсi бойынша сот талқылауы басталғанға дейiнгi әрекеттерi
1. Егер берiлген шағым осы Кодекстiң 408-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес келмесе, судья өзінің қаулысымен оны берген тұлғаға шағымды осы талаптарға сәйкес келтiрудi ұсынады және бұл үшiн мерзiм белгiлейдi. Нұсқау орындалмаған жағдайда судья өзiнiң қаулысымен шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартады және оны берген тұлғаны бұл туралы хабардар етедi. Көрсетілген мән-жай бойынша шағымды қабылдаудан бас тарту қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі шегінде сотқа осындай шағымды қайтадан беруге кедергі келтірмейді.
2. Судья жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарап, үш тәулiк iшiнде:
1) шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы;
2) шағымды оның тергеулігi немесе соттылығы бойынша беру туралы;
3) шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Егер шағым осы Кодекстің 408-бабының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе және осы соттың соттылығына жататын болса, сот оны өз іс жүргізуіне қабылдайды.
Егер шағым осы соттың соттылығына жатпаса немесе онда адамды осы Кодекстің 32-бабының екінші бөлігінде көрсетілмеген өзге іс-әрекеттерді жасады деп айыптау туралы өтіну болса, судья өз қаулысымен шағымды тиісінше - соттылығы бойынша сотқа немесе тергеулігі бойынша қылмыстық қудалау органына жібереді.
Егер шағымның авторы осы Кодекстің 409-бабы бірінші бөлігінің талаптарын орындамаса не осы Кодекстің 35-бабында көзделген, қылмыстық қудалаудың басталуы мүмкін бомайтын мән-жайлардың бар екені анықталса, судья өз қаулысымен шағымды қабылдаудан бас тартады.
3. Шағым бойынша қабылданған шешiм туралы қаулының көшiрмесi - арыз иесiне, ал осы баптың екiншi бөлiгiнiң 1) тармағында көзделген жағдайда айыпталушыға да жiберiледi.
4. Сот отырысын тағайындау үшiн негiздер болған ретте судья шағым сотқа келiп түскен күннен бастап жетi тәулiкке дейiнгі мерзiмде өзіне қатысты шағым берiлген тұлғаны шақыруға, оны iс материалдарымен таныстыруға, берiлген шағымның көшiрмесiн табыс етуге, сотталушының сот отырысындағы осы Кодекстiң 65-бабында көзделген құқықтарын түсiндiруге міндетті, бұл туралы одан қолхат алынады. Судья жекеше айыптаушыдан және сотталушыдан олар сотқа шақыратын куәлардың тізімін беруін талап етеді. Өзіне қатысты шағым берiлген адам сотқа келмеген жағдайда, шағымның көшiрмесi сотталушының құқықтары, сондай-ақ қорғау куәларының тізімін сотқа ұсыну қажеттігі түсiндiрiліп, поштамен не басқа байланыс құралдары пайдаланыла отырып жiберiледi.
5. Судья кәмелетке толмағандар мен олардың өкілдеріне олардың істі соттылығы бойынша аудандық және оған теңестірілген сотқа беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіруге міндетті.
6. Судья тараптарға татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу мүмкiндiгiн түсiндiруге мiндеттi. Олардан татуласу туралы арыз немесе медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім түскен жағдайда, iс бойынша iс жүргiзу осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5) тармағы негiзiнде судьяның қаулысымен тоқтатылады.
7. Егер тараптардың арасында татуласуға қол жеткiзiлмесе, судья осы баптың төртiншi және алтыншы бөлiктерiнің талаптары орындалғаннан кейiн осы Кодекстiң 322-бабының қағидалары бойынша iстi сот отырысында қарауды тағайындайды.
410-бап. Тараптардың бастамасы бойынша дәлелдемелердi ұсыну және жинау
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғаны туралы шағым берген жәбiрленушi, өзге де тұлға онда көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайлары және айыпталушының кiнәлiлiгi сотта қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкiн екендiгiн көрсетуге тиіс.
2. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер iс қаралғанға дейiн судьяға өз мүдделерінің қорғалуы үшiн маңызы бар мән-жайларды қандай адамдардың (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi) куәлiк айғақтарымен, құжаттармен, өзге де дәлелдемелермен анықтауға болатынын өзi немесе өкiлi арқылы хабарлайды.
3. Жекеше айыптаушы, оның өкілі, сотталушы, оның қорғаушысы және өкiлдерi сотқа істі қарау басталғанға дейін және оны қарау барысында іс үшін маңызы бар нәрселерді, құжаттарды ұсынуға, өздерінен сот отырысында жауап алу туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Судья тараптарға олардың өтiнiшхаты бойынша дәлелдемелердi жинауға және олар көрсеткен куәларды шақыруға жәрдем көрсетуге тиiс.
411-бап. Жекеше айыптау iсiн сот отырысында қарау
1. Жекеше айыптау iсiн сот отырысында қарау, осы бапта белгiленген алып қоюларды қоспағанда, сот талқылауының жалпы қағидалары бойынша жүргiзiледi.
2. Сот талқылауы шағымның сотқа келіп түскен кезінен бастап он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға, бірақ сотталушы өзінің құқықтары түсiндiрiлген шағымның көшiрмесiн алған кезден бастап үш тәулiктен ерте басталмауға тиiс.
3. Жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарау қарсы шағымды қараумен қоса бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiлуi мүмкiн. Бiрiктiруге сот тергеуi басталғанға дейiн судьяның қаулысы бойынша жол берiледi. Шағымдарды бiр iс жүргiзуге бiрiктiрген кезде оларды берген тұлғалар процеске бiр мезгiлде жекеше айыптаушы және сотталушы ретiнде қатысады. Қарсы шағымның түсуiне және iс жүргiзулердi бiрiктiруге байланысты қорғауға дайындалу үшiн үстiнен қарсы шағым берiлген тұлғаның өтiнiшхаты бойынша iс үш тәулiктен аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн. Өздерiнiң шағымдарында жазған мән-жайлар туралы бұл тұлғалардан жауап алу - жәбiрленушiден жауап алу қағидалары бойынша, ал қарсы шағымдарда жазылған мән-жайлар туралы жауап алу сотталушыдан жауап алу қағидалары бойынша жүргiзiледi.
Сот талқылауына жекеше айыптаушы мен сотталушы жеке өзі қатысуға немесе онда өз өкiлдерiнiң өкiлдiк етуiне құқылы.
4. Сот тергеуi басталардан бұрын төрағалық етушi тараптарға өзара татуласудың мүмкіндігі туралы және татуласудың тәртібі мен салдарын түсіндіруге міндетті. Татуласуға қандай да бір шартсыз немесе тараптардың міндеттеме алуынсыз келуге болады. Татуласу туралы өтінішхат сот кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн мәлімделуі мүмкін.
5. Сот тергеуi жекеше айыптаушының немесе оның өкiлiнiң шағымды баяндауынан басталады. Жекеше айыптау iсi бойынша қарсы шағымды бiр мезгiлде қарау кезiнде, оның дәлелдерi негiзгi шағымның дәлелдерi баяндалғаннан кейiн, дәл сол ретпен баяндалады. Айыптаушы дәлелдемелерiн ұсынады, ол оларды зерттеуге қатысуға, сотқа айыптаудың мәнi бойынша, сотталушыға қылмыстық заңды қолдану және оған жаза тағайындау туралы, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн айтуға құқылы. Айыптаушы сот отырысында, егер бұл сотталушының жағдайын нашарлатпайтын және оның қорғалуға деген құқығын бұзбайтын болса, айыптауды өзгерте алады, сондай-ақ айыптаудан бас тартуға құқылы.
6. Егер айыптаушының өзі істі қарауға қатыспаған болса, жекеше айыптаушының немесе оның өкiлiнiң осы Кодекстiң 157-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген дәлелді себептерсіз сот отырысына келмей қалуы iстiң тоқтатылуына әкеп соғады, алайда, іс сотталушының өтiнiшхаты бойынша олардың қатысуынсыз мәні бойынша қаралуы мүмкiн.
412-бап. Жекеше айыптау iсi бойынша соттың шешiмi
1. Жекеше айыптау жөнiндегi iстi қарап, судья осы Кодекстiң қағидаларын басшылыққа ала отырып, мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) айыптау немесе ақтау үкiмiн шығарады;
2) iстi тоқтатады;
3) жариялы немесе жекеше-жариялы тәртіппен қудаланатын қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу туралы мәселенi шешу үшiн тиісті прокурорға жiбередi.
2. Соттың жекеше айыптау iсi бойынша шешiмiне тараптар осы Кодексте көзделген тәртiп пен мерзiмде жалпы негiздерде шағым жасай алады.
413-бап. Жекеше айыптау ісі бойынша iстi тоқтату
1. Жекеше айыптау iсін жүргізу осы Кодекстiң 35-бабында көзделген мән-жайлар бар болған кезде, сондай-ақ жәбiрлеушiнiң не айыпталушының жақын туыстары iстi қарауды талап еткеннен басқа жағдайларда, жекеше айыптаушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылуға жатады.
2. Жекеше айыптау бойынша iс жүргiзудi тоқтату тәртiбi, осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен айқындалады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 8-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
8-бөлім. Соттың үкімдері мен қаулыларын апелляциялық тәртіппен қайта қарау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 48-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
48-тарау. ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНБЕГЕН СОТ ШЕШІМДЕРІНЕ АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ ЖАСАУ, ОЛАРДЫ ПРОКУРОРДЫҢ ӨТІНІШХАТЫ БОЙЫНША ҚАЙТА ҚАРАУ
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 414-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
414-бап. Үкімдерге, қаулыларға апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру құқығы
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы сотталған адамға, ақталған адамға, олардың қорғаушыларына, оның ішінде үкім, қаулы жария етілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушыларына, олардың заңды өкілдеріне, жәбірленушіге (жекеше айыптаушыға), олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне тиесілі. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері және заңды өкілдері үкімге азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде шағым жасауға құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Апелляциялық тәртіппен сот актісін қайта қарау туралы прокурордың апелляциялық өтінішхатын істі қарауға мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан прокурор келтіруі мүмкін. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар өздерінің құзыреті шегінде істі қарауға қатысу-қатыспауына қарамастан, үкімді, қаулыны қайта қарау туралы прокурордың апелляциялық өтінішхатын келтіруі мүмкін.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер соттың қаулысы осы істің тараптары болып табылмайтын тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты болса, олар да сот актісіне шағым жасауға құқылы.
415-бап. Апелляциялық тәртіппен қаралуға жататын сот актілері
1. Аудандық және оған теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, гарнизондардың әскери соттарының заңды күшіне енбеген үкімдері апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілгендерді қоспағанда, бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енбеген қаулыларына осы тарауда көзделген тәртіппен жекеше шағым берілуі, прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Бұлтартпау шарасы, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулылардан басқа, сот талқылауы барысында шығарылған, осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер жөніндегі, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысы залында тәртіп сақтауға қатысты қаулылар осы тараудың қағидалары бойынша қайта қарауға жатпайды. Жоғарыда көрсетілген қаулыларға қарсылықтар үкімге келтірген апелляциялық шағымдарда, прокурордың өтінішхаттарында баяндалуы мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 416-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
416-бап. Заңды күшіне енбеген үкімдерге, қаулыларға апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарайтын соттар
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысы қарайды.
2. Гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын Әскери сот қарайды.
3. Егер іс бойынша үкім және қаулы шығарылса, онда үкімге апелляциялық шағымдар, прокурордың өтінішхаттары және қаулыға жекеше шағымдар, прокурордың өтінішхаттары облыстық немесе оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысының бір отырысында қаралады.
4. Басты сот талқылауы барысында шығарылатын, бұлтартпау шарасы және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулыларға жекеше шағымдар, прокурордың өтінішхаттары іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін апелляциялық сатыда қаралады. Көрсетілген шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын апелляциялық сатыда қарау қылмыстық істі бірінші сатыдағы сотта одан әрі қарауды үзбейді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 417-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
417-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру тәртібі
1. Үкім, қаулы шығарған сот арқылы апелляциялық (жекеше) шағымдар беріледі, прокурордың өтінішхаттары келтірiледi. Апелляциялық сатыға тiкелей келiп түскен апелляциялық (жекеше) шағымдар, прокурордың өтінішхаттары осы Кодекстiң 420-бабының және 421-бабы екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкім, қаулы шығарған сотқа жiберілуге жатады.
2. Істі қайтадан қарау кезінде шығарылған үкімге, қаулыға осындай тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 418-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
418-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзiмдерi
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Үкім, қаулы жария етілген күннен бастап он бес тәулiк iшiнде апелляциялық (жекеше) шағымдар беріледі, прокурордың өтінішхаттары келтіріледі, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етілген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.
2. Сот актісіне шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iсті бірінші сатыдағы соттан талап етiп алдыруға болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мерзiмдi өткізіп алып берiлген апелляциялық (жекеше) шағым, прокурордың өтінішхаты үкімді, қаулыны шығарған соттың қаулысымен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған кезде осы негіз көрсетіле отырып, авторға қайтарылады. Егер шағымды, прокурордың өтінішхатын бірінші сатыдағы сот қабылдаған соң оларды беру мерзімінің өткізіп алынғаны апелляциялық сатыда анықталса, апелляциялық саты судьясы өз қаулысымен оларды қараусыз қалдырады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 419-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
419-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзiмін қалпына келтiру тәртiбi
1. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзімі өткізіп алынған жағдайда шағымды, прокурордың өтінішхатын беруге құқығы бар адамдар үкімді, қаулыны шығарған сот алдында өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат бере алады. Апелляциялық (жекеше) шағымды, прокурордың өтінішхатын беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхатты сот отырысында - істің басты сот талқылауы кезінде төрағалық еткен судья, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол өтінішхат қозғаған адамды түсініктеме беру үшін шақыртуға құқылы.
2. Судьяның өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы қаулысына тиісті облыстық немесе оған теңестірілген сотқа шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты бойынша сонда қайта қаралуы мүмкін, ол өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге және осы Кодекстің 420-бабында және 421-бабының екінші бөлігінде жазылған талаптарды сақтай отырып, шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істі қарауға құқылы. Соттың апелляциялық шағым берудің, прокурордың өтінішхатын келтірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысымен келіспейтін процеске қатысушылар апелляциялық сатының отырысы басталғанға дейін немесе сонда өз дәлелдерін беруге және осы қаулының күшін жою туралы өтінішхат беруге құқылы. Мұндай өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, апелляциялық саты өз қаулысымен апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қараусыз қалдырады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігін шектейтін заң бұзушылық кезінде (сот отырысының хаттамасын уақтылы дайындамау, іске қатысатын, сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамға сот актісінің көшірмесін аудармасыз табыс ету, сот актісінің қарар бөлігінде шағым жасау мерзімін көрсетудегі дәлсіздіктер), сондай-ақ оның шағымды уақтылы беруіне немесе прокурордың өтінішхатын келтіруіне объективті түрде кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болған кезде апелляциялық (жекеше) шағым берудің, прокурордың апелляциялық өтінішхатын келтірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруге міндетті.
4. Апелляциялық саты судьясының өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы қаулысы шағыммен, прокурордың өтінішхатымен және басқа да материалдармен бірге үкімді, қаулыны шығарған сотқа осы Кодекстің 420 және 421-баптарында көзделген әрекеттерді орындау үшін дереу жіберіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 420-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
420-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру туралы хабарлама
1. Үкімді, қаулыны шығарған сот апелляциялық (жекеше) шағымның берілгені, прокурордың өтінішхатының келтірілгені туралы сотталған адамға немесе ақталған адамға, оның қорғаушысына, өкіліне, айыптаушыға, жәбірленушіге және оның өкіліне, сондай-ақ шағым, прокурордың өтінішхаты олардың мүдделерін қозғайтын болса, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкілдеріне хабар береді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға шағымның, прокурордың өтінішхатының көшірмелері не үкімді, қаулыны шығарған соттың интернет-ресурсы арқылы олардың электрондық көшірмелерімен танысу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберіледі. Бұл ретте тараптарға жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанын- да шағымға, прокурордың өтінішхатына қарсылықтар беру құқығы түсіндіріліп, оларды ұсыну мерзімі көрсетіледі. Тараптарға қайта қарау үшін шағым, прокурордың өтінішхаты келтірілген сот актісімен келісуі туралы өз дәлелдерін беру құқығы да түсіндіріледі. Шағымға, прокурордың өтінішхатына келіп түскен қарсылықтар, тараптардың дәлелдері іске қоса тігіліп, апелляциялық сатыда жиынтық түрде қаралуға жатады.
3. Тараптар жаңа материалдарды апелляциялық сатыға апелляциялық (жекеше) шағымға, прокурордың өтінішхатына қарсылықпен бірге немесе бөлек ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу туралы, сондай-ақ өздері көрсеткен жәбірленушілерді, куәларды, сарапшыларды, мамандарды сотқа шақырту және олардан жауап алу туралы өтінішхат беруге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 421-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
421-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым берудің, прокурордың өтінішхатын келтірудің салдары
1. Апелляциялық (жекеше) шағым беру және прокурордың өтінішхатын келтіру, бұлтартпау шарасы туралы шешімді қоспағанда, үкімнің, қаулының заңды күшіне енуін және оларды орындауға келтіруді тоқтата тұрады.
2. Бірінші сатыдағы сот үкімге, қаулыға шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау және осы Кодекстің 420-бабының талаптарын орындау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін бір тәуліктен кешіктірмей, істі келіп түскен шағымдармен, прокурордың өтінішхатымен, оларға қоса берілген құжаттармен, сондай-ақ оларға қарсылықтармен бірге тиісті соттың апелляциялық сатысына жібереді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 422-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
422-бап. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау
1. Осы Кодекстің 344-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген алып қоюларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың қаулысына осы Кодекстің 414-бабында көрсетілген адамдар жекеше шағым, прокурордың өтінішхатын келтіре алады.
2. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулыларына жекеше шағым, прокурордың өтінішхаты жоғары тұрған сотқа қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiледi және апелляциялық iс жүргiзу қағидалары бойынша қаралады. Үкім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған қаулыға шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген жағдайда, іс үкімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім өткен соң ғана жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі.