2. Егер прокурор кепіл, күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жою, оны өзгерту не таңдау не күдіктінің күзетпен ұсталу немесе үйқамақта болу мерзімін ұзарту қажет деп тапса, ол тиісінше осы Кодекстің 145, 146, 147, 152 және 153-баптарын басшылыққа алады.
304-бап. Айыптау актісін табыс ету
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Прокурор айыптау актісінің айыпталушыға табыс етілуін қамтамасыз етеді. Айыпталушының құқықтарын түсіндіру қамтылған, айыптау актісін айыпталушының алғаны туралы қолхат іске қоса тігіледі.
2. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және прокуратура органдарына келуден жалтарған жағдайларда, прокурор айыптау актісін айыпталушыға қолжетімді байланыс құралдары арқылы жібереді.
Қажет болған жағдайда, прокурор қылмыстық істі сотқа жіберу туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникациялық желілерде жариялауды ұйымдастырады.
3. Айыптау актісінің көшірмесі айыпталушының қорғаушысына, жәбірленушіге және оның заңды өкіліне табыс етіледі не көрсетілген адамдарға қолжетімді байланыс құралдары арқылы жіберіледі.
4. Егер айыпталушы не жәбірленуші сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүзеге асырылған сот ісін жүргізудің таңдалған тілін білмесе, айыптау актісі олар білетін тілде табыс етіледі.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 305-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
305-бап. Қылмыстық істі сотқа жіберу
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 304-бабында көзделген әрекеттер жасалған соң прокурор айыптау актісімен бірге қылмыстық істі соттылығы бойынша сотқа жібереді.
2. Егер айыпталушы күзетілуде болса, прокурор күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысын қылмыстық істің сотқа жіберілгені және айыпталушының сотқа берілгендігі туралы хабардар етеді.
3. Процеске қатысушылардан істі сотқа жiбергеннен кейін келіп түскен өтiнiшхаттар мен шағымдар тiкелей сотқа жолданады.
7-БӨЛІМ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІҢ СОТТЫЛЫҒЫ. БІРІНШІ САТЫДАҒЫ СОТТА ІС ЖҮРГІЗУ
40-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІҢ СОТТЫЛЫҒЫ
306-бап. Аудандық және оған теңестірілген соттың соттылығына жататын қылмыстық істер
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Мамандандырылған соттардың соттылығына жатқызылған қылмыстық істерді қоспағанда, барлық қылмыстық істер, егер олардың соттылығы осы Кодексте көзделген жағдайларда өзгертілмеген болса, аудандық және оған теңестірілген соттың соттылығына жатады.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мамандандырылған тергеу соттары, мамандандырылған ауданаралық тергеу соттары қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың, жедел-іздестіру қызметінің, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын прокурордың шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымдарды қарайды, осы Кодексте көзделген жағдайларда процестік әрекеттерді санкциялайды, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Үкімді орындау сатысында аудандық және оларға теңестірілген соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
5. Осы Кодексте көзделген жағдайларда аудандық және оларға теңестірілген соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен ескертпемен толықтырылды
Ескертпе. Егер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында мамандандырылған тергеу соттары, мамандандырылған ауданаралық тергеу соттары құрылмаса, олардың соттылығына жатқызылған материалдарды осы Кодекстің 232, 234, 240-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, аудандық және оларға теңестірілген соттар (тергеу судьясы) қарауға құқылы. Аудандық және оған теңестірілген соттың тергеу судьясын (судьяларын) осы соттың төрағасы судьялар арасынан тағайындайды. Тергеу судьясын ауыстыру қажет болған кезде ол қайта тағайындалуы мүмкін.
307-бап. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жататын қылмыстық істер
1. Мамандандырылған ауданаралық сот бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді, оның соттылығына:
1) қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың және гарнизонның әскери сотының соттылығына жатқызылған істерді қоспағанда, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы;
2019.01.04. № 240-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106 (екінші бөлігінің 11) тармағында), 107 (екінші бөлігінің 8) тармағында), 122 (бірінші және екінші бөліктерінде), 123 (екiншi бөлiгiнде), 124 (бірінші және екінші бөліктерінде), 132 (бірінші және екінші бөліктерінде), 133, 134, 135 (бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде), 136, 137, 138, 139 (балаларды асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау бөлігінде), 140, 141, 142, 143 және 144-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық істер жатады.
2. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үкімді орындау сатысында өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
4. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жататын қылмыстық іс осы Кодекстің 317-бабында көзделген жағдайларда жалпы юрисдикция сотының қарауына берілуі мүмкін.
308-бап. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жататын қылмыстық істер
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттылығына жатқызылған істерді қоспағанда, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың соттылығына аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үкімді орындау сатысында өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
309-бап. Қылмыстық істердің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың және гарнизондардың әскери соттарының соттылығына жатуы
1. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың соттауына:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 18-тарауында көзделген аса ауыр әскери қылмыстар туралы;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер, әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар, өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың және мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істер жатады.
3. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың соттылығына жататын істерді қоспағанда, гарнизондардың әскери соттарының соттылығына:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 18-тарауында көзделген әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлерде және әскери құралымдарда шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер, әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар, өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты немесе осы бөлімдер, құрамалар және мекемелер орналасқан жерде әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің азаматтық персоналының адамдары жасаған басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық істер жатады.
4. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар және гарнизондардың әскери соттары үкімді орындау сатысында өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қарайды.
5. Осы Кодексте көзделген жағдайларда мамандандырылған ауданаралық әскери соттар мен гарнизондардың әскери соттары өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
310-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттың соттылығына жататын қылмыстық істер
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Облыстық және оған теңестірілген сот апелляциялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Облыстық және оған теңестірілген сот аудандық және оларға теңестірілген соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, сондай-ақ қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдар, прокурордың өтінішхаттары бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
3. 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Облыстық және оларға теңестірілген соттар қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында тергеу судьясының қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Үкімді орындау сатысында облыстық және оларға теңестірілген соттар бірінші сатыдағы соттардың осы Кодекстің 475 және 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қараған кезде шығарған қаулыларына жекеше шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын апелляциялық тәртіппен қарайды.
6. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, облыстық және оған теңестірілген соттар өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
311-бап. Әскери соттың соттылығына жататын істер
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Әскери сот апелляциялық сатыдағы сот ретінде әрекет етеді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Әскери сот гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген, оның ішінде осы Кодекстің 475, 476-баптарында көрсетілген мәселелерді қараған кезде шығарған үкімдері мен қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдар, прокурордың өтінішхаттары бойынша істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
3. 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Әскери сот осы Кодексте көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
312-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қарау
Қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасаған не оны жасағаннан кейін жүйке ауруымен ауырған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді осы Кодекстің 306, 307, 308 және 309-баптарында белгіленген соттылыққа сәйкес бірінші сатыдағы сот қарайды.
313-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының соттылығына жататын қылмыстық істер
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты:
1) бірінші сатыдағы соттардың үкімдерін, қаулыларын апелляциялық сатыда қарағаннан кейін оларды қайта қарау туралы өтінішхаттарды, апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдерін, қаулыларын;
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) бірінші сатыдағы соттың үкімдері мен қаулылары апелляциялық сатыда қайта қаралғанына не қаралмағанына қарамастан - оларға, апелляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларға Бас Прокурордың наразылықтарын сот алқасында қарайтын жоғары сот сатысы ретінде әрекет етеді.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы өздерінің соттылығына жатқызылған істер бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қозғау туралы өтінішхаттарды қарайды.
314-бап. Қылмыстық iстердiң аумақтық тұрғыдағы соттылығы
1. Қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердегi сотта қаралуға жатады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылық бiр соттың қызметі жерiнде басталып, басқа соттың қызметі жерiнде аяқталса, iс тергеп-тексеру аяқталған жердегi соттың соттылығына жатады.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қараңыз) (бұр.ред.қара)
3. Егер қылмыстық құқық бұзушылық Қазақстан Республикасынан тысқары жерде жасалса немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердi анықтау мүмкiн болмаса немесе қылмыстық құқық бұзушылықтар әртүрлi жерде жасалса, iстi тергеп-тексеру аяқталған жердегi сот қарайды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп, айыптау хаттамасы, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама жасалған немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін істі сотқа жіберу туралы қаулы шығарылған жер тергеп-тексеру аяқталған жер болып табылады.
315-бап. Қылмыстық істерді біріктіру кезінде соттылықты айқындау
Бір адамды немесе адамдар тобын бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптау кезінде, олардың ең болмағанда біреуі аса ауыр қылмыс санатына жататын болса, істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайды, ал осы Кодекстің 309-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарайды.
Аса ауыр санатқа жатпайтын қылмыстық құқық бұзушылық сыбайластық арқылы жасалған жағдайда және істі жеке іс жүргізуге бөліп шығару мүмкін болмаған кезде істерді:
егер сыбайластардың арасында әскери қызметші болмаса, сыбайластардың ең болмағанда біреуі кәмелетке толмаған адам болып табылатын істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот;
сыбайластардың ең болмағанда біреуі әскери қызметші немесе осы Кодекстің 309-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында көрсетілген басқа адам болып табылатын істерді гарнизонның әскери соты қарайды.
316-бап. Iстi iс жүргiзуге қабылдаған соттың қылмыстық істi соттылығы бойынша беруі
1. Егер сот келiп түскен iстiң өзінің соттылығына жатпайтынын анықтаса, онда iстi соттылығы бойынша жiбередi.
2. Егер басты сот отырысында осы Кодекстiң 314-бабында көзделген iстердiң аумақтық тұрғыдағы соттылығы қағидаларының бұзылғаны анықталса, онда сот iстi процестiң барлық қатысушыларының келiсуімен өзiнiң iс жүргiзуiнде қалдыруға құқылы.
3. Егер істің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың немесе гарнизонның әскери сотының соттылығына жататыны анықталса, ол барлық жағдайларда соттылығы бойынша жіберілуге жатады.
317-бап. Қылмыстық iсті соттылығына жататын соттан басқа сотқа беру
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Жекелеген жағдайларда, істі неғұрлым тез, жан-жақты және объективті қарау мақсатында, соның ішінде алқабилердің қатысуымен қаралатын сотталушының келісімімен немесе процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша ол бір соттан сол деңгейдегі басқа соттың қарауына берілуі мүмкін.
Бұл ретте істі оның сот отырысында қаралуы басталғанға дейін ғана беруге жол беріледі.
2. Егер сот осы соттың барлық судьяларының істі қарауға қатысуына кедергі келтіріп отырған мән-жайларға байланысты iстi қарайтын жағдайда болмаса, сондай-ақ істің жан-жақты және объективті түрде қаралуын қамтамасыз ету мақсаттарында не басқа сотқа беру сот процесіне қатысушылардың жеке қауіпсіздігіне төнген нақты қатермен байланысты болғанда, іс тараптың өтiнiшхаты, судьяның немесе сот төрағасының ұсынуы бойынша бiр соттан сол деңгейдегi басқа соттың қарауына берiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көрсетiлген негiздер бойынша iстi бiр соттан екiншi сотқа беру туралы мәселенi жоғары тұрған сот шешедi, бұл туралы қаулы шығарылады. Істі бір соттың апелляциялық немесе кассациялық сатысынан басқа соттың тиісті сатысына беру осы бапта көзделген негіздер және тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
318-бап. Соттылық туралы дауларды шешу
1. Соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешедi, оның шешiмi түпкiлiктi болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тараптардың істiң бұл соттың соттылығына жатпайтыны туралы арыздарын осы сот шешедi. Соттың соттылық мәселесі бойынша шығарған қаулысына жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы мүмкiн, оның шешiмi түпкiлiктi болып табылады және шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға, наразылық білдіруге жатпайды.
41-тарау. БАСТЫ СОТ ТАЛҚЫЛАУЫН ТАҒАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ЖӘНЕ СОТ ОТЫРЫСЫНА ДАЙЫНДЫҚ ӘРЕКЕТТЕРІ
319-бап. Соттың келiп түскен қылмыстық iс бойынша әрекеттерi
1. Қылмыстық iс сотқа келіп түскен кезде соттың төрағасы немесе оның тапсырмасы бойынша басқа судья iстi сотта iс жүргiзуге қабылдау туралы мәселенi шешедi.
2. Судья келiп түскен iс бойынша:
1) жалпы немесе қысқартылған тәртіптегі басты сот талқылауын тағайындау;
2) iстi алдын ала тыңдауды жүргiзу туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
3. Судья iс бойынша шешiмдi қаулы нысанында қабылдайды, онда:
1) қаулының шығарылған уақыты мен жерi;
2) қаулыны шығарған судьяның лауазымы мен тегi;
3) қабылданған шешiмдердiң негiздерi мен мәнi көрсетiлуге тиiс.
4. Шешiм iс сотқа келiп түскен кезден бастап бес тәулiктен кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.
5. Судья қаулы шығарумен бiрмезгілде айыпталушыға бұлтартпау шарасын қолданудың немесе қолданбаудың негiздiлiгi туралы және егер бұлтартпау шарасы таңдалса, оның түрiнiң негiздiлiгi немесе негiзсiздiгi туралы мәселенi қарауға, егер осы уақытқа дейін бұлтартпау шарасын қолдану мерзімі өтіп кетсе, оны ұзартуға мiндеттi.
320-бап. Сотқа келiп түскен iс бойынша анықталуға жататын мәселелер
Судья сот отырысын тағайындау мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу кезiнде сотталушылардың әрқайсысына қатысты мыналарды:
1) iстiң осы соттың соттылығына жататынын-жатпайтынын;
2) iс бойынша iс жүргiзудi тоқтатуға не тоқтата тұруға әкеп соқтыратын мән-жайлардың бар-жоғын;
3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру жүргізу, процестік келісім жасасу, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу кезінде сот отырысын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңды бұзуға жол берілгенін-берілмегенін;
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы көшірмелерінің берілгенін-берілмегенін;
5) айыпталушыға таңдалған бұлтартпау шарасының өзгертілуге немесе күші жойылуға немесе оны қолдану мерзімінің ұзартылуға жататынын-жатпайтынын;
6) қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірiлген залалды өтеудi және мүлікті ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету шаралары қабылданғанын-қабылданбағанын;
7) арыздар мен өтiнiшхаттардың бар-жоғын анықтауға тиiс.
321-бап. Алдын ала тыңдауды өткiзу
1. Аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша алдын ала тыңдау өткізу міндетті. Басқа істер бойынша алдын ала тыңдау iстi соттылығы бойынша жiберу, істі прокурорға жіберу, iстi тоқтату, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы шешімдерді қабылдау, қылмыстық iстердi бiрiктiру және бөліп шығару, сондай-ақ тараптардың өтiнiшхаттарын қарау қажет болған жағдайда өткiзіледi.
2. Iстi алдын ала тыңдауды судья оны өткізу туралы қаулы шығарылған кезден бастап он тәулік ішінде сот отырысында жеке-дара жүргiзедi. Iстi алдын ала тыңдау өткiзiлетiн уақыт пен орын туралы тараптарға хабарланады. Iстi алдын ала тыңдау барысында хаттама жүргізіледi.
3. Сот отырысына аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталатын сотталушының, оның қорғаушысы мен мемлекеттiк айыптаушының қатысуы мiндеттi. Өзге қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп айыпталатын сотталушы, егер ол бұл жөнiнде өтiнішхат жасаса, алдын ала тыңдау оның қатысуынсыз жүргiзiледi. Қорғаушы дәлелдi себептерсiз келмей қалған жағдайда, сондай-ақ оның алдын ала тыңдауға қатысуға мүмкiндiгi болмаған кезде, судья сот отырысына жаңадан тағайындалған қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге шаралар қолданады. Сот отырысына жәбiрленушi мен оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкілдерiнiң келмеуi iстi алдын ала тыңдауға кедергi келтірмейді.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-бөлік жаңа редакцияда
4. Алдын ала тыңдау барысында судья, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар туралы, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы, төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде) - баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмысты жасады деп айыпталатын сотталушыдан оның ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхатының бар-жоғын, егер осындай өтінішхат мәлімделген болса, оның өз өтінішхатын қолдайтынын- қолдамайтынын анықтайды.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Судья істi алдын ала тыңдау нәтижелерi туралы қаулы шығарады, онда қаралған мәселелер бойынша шешiмдi баяндайды. Істi соттылығы бойынша прокурорға жiберуге, іс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға, iстi тоқтатуға негiздер болмаған кезде сот осы Кодекстің 322-бабының талаптарын сақтай отырып, басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарады.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Егер алдын ала тыңдау барысында прокурор айыптауды өзгертсе, ол жаңа тұжырымдауды сотқа жазбаша түрде ұсынады және судья мұны қаулыда көрсетедi. Егер прокурордың айыптауды өзгертуi соттылықтың өзгеруiне әкеп соқса, судья iстi айыптау актісін, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын қайта жасау және iстi соттылығы бойынша жiберу үшiн прокурорға қайтарады.
322-бап. Басты сот талқылауын тағайындау
1. Судья басты сот талқылауын осы Кодекстің 321-бабының бесінші бөлігіне сәйкес не сотқа дейінгі іс жүргізу барысында осы Кодекстiң процеске қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету жөнiндегi барлық талаптары сақталды және сотта iстi қарауға кедергi келтiретiн өзге мән-жайлар жоқ деген түйінге келе отырып, алдын ала тыңдауды өткiзбестен тағайындайды.