4. Тасымалдаушы билет сатуды, оның iшiнде алдын ала сатудыұйымдастыруға, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау ережелерiне сәйкес анықтама орындарының, сақтау камераларының, демалыс бөлмелерiнiң және басқа да орындардың қызметiн көрсетуге мiндеттi.
5. Жолаушы, үй-жайлары бар дебаркадерлерi болмаған елдi мекендерде - павильондар, ал қала маңындағы желiлер мен өткелдерде орындықтары бар шатырлы қалқалар болуға тиiс. Бұл ретте осындай павильондардың иелерi жолаушылардың қауiпсiздiгi мақсатында жолаушыларды отырғызу және түсiру орындарын қажеттi құрылғылармен жабдықтауға мiндеттi.
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жолаушыларға ұлттық стандарттармен және жолаушылар тасымалдау жөніндегі нормативтермен белгiленген тасымалдау жағдайлары қамтамасыз етiледi.
7. Жолаушыларға жеңiлдiктер әрi қызмет көрсетулер ұсынудың тiзбесi мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
8. Тасымалдаушы кеменiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз етуге, оны экипажбен жасақтауға және оны бүкiл тасымалдау уақыты iшiнде тиiсiнше күтiп ұстау үшiн барлық қажеттi заттармен жарақтауға мiндеттi.
9. Вокзал маңындағы және айлақ маңындағы аумақтарды жайластыру олардың иелерi есебiнен жүзеге асырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 51-1-баппен толықтырылды; 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 51-1-бап өзгертілді
51-1-бап. Әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды ұйымдастыру
Жолаушыларды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды ұйымдастыруды, олардың маршруттарын бекітуді, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру мен өткізуді және маршруттар бойынша қозғалыс кестелерін бекітуді:
1) ауданаралық (облысішілік қаларалық) қатынаста - облыстардың жергілікті атқарушы органдары;
2) қалалық және қала маңындағы қатынаста - өзінің заңдық құзыры шегінде аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;
3) ауданішілік қатынаста - аудандардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
Ішкі су көлігімен әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушылардың шығындарын жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражаты есебінен субсидиялайды.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 51-2-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
51-2-бап. Ішкі су көлігі саласындағы көрсетілетін қызметтердің мүгедектер үшін қолжетімділігі
1. Ішкі су көлігі саласындағы көрсетілетін қызметтерге мүгедектердің қол жеткізуі үшін портта:
1) арнайы жол белгілері орнатыла отырып, мүгедектердің автокөлік құралдарын қоюға арналған орындардың бөлінуі;
2) ғимараттардың, ғимараттарға кіреберіс жолдардың (ғимаратқа кірер жолдардың, баспалдақтардың), ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін ыңғайластырылуы;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған мүгедектер үшін қолжетімді ақпараттық сигналдық құрылғылармен және байланыс құралдарымен жабдықталуы;
4) тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарына қызмет көрсету үшін мүгедектерге арналған кезекші кресло-арбаның болуы;
5) күту залдарында халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қажеттіліктері ескеріле отырып жабдықталуға тиісті, мүгедектерге арналған арнайы орындардың бөлінуі;
6) қоғамдық дәретханалардың мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған кабиналармен жабдықталуы;
7) мүгедектердің кресло-арбаларымен жүріп-тұратын адамдарға арналған арнайы таксофондардың орнатылуы;
8) мүгедектерге қызмет көрсетуге арналған арнайы билет кассаларының жабдықталуы қамтамасыз етілуге тиіс.
52-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жолаушы:
1) кемелер қозғалысының кестесiнде көрсетiлген немесе кеме жүзiп өтетiн бағыт бойынша жарияланған кез келген портқа (пунктке) дейiн бару үшiн кез келген санаттағы жолаушы орнына билет алуға;
2) өзiмен бірге жеке орын алу құқығынсыз - жетi жасқа дейiнгi, ал халықаралық қатынастарда бес жасқа дейiнгi бір баланы тегiн алып жүруге; Қазақстан Республикасының тасымалдаушысы жүзеге асыратын тасымалдау кезiнде - жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларға, халықаралық қатынастарда бес жастан он екi жасқа дейiнгi балаларға билеттiң толық құнының елу процентiн төлеп билет алуға;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3) өзiмен бірге жалпы салмағы отыз алты килограмнан аспайтын, ал жүрдек кемелерде - жиырма килограмнан аспайтын қолжүгiн (алып жүруге жеңiл, басқа жолаушылардың орнын тарылтпайтын ұзындығы 1,8 метрден аспайтын немесе периметрi бойынша жалпы ұзындығы 2,6 метрден аспайтын заттарды) ақысыз алып жүруге құқылы. Қолжүгiн сақтау жауапкершiлiгi оның иесiне жүктеледi;
Мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары арасынан шыққан жолаушылардың жеке пайдалануға арналған техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарды және арнайы қозғалыс құралдарын өздерімен тегін алып жүруге қосымша құқығы бар;
4) багажды тасымалдау тарифiне сәйкес багажды ақылы тасымалдау үшiн өткiзуге;
5) кемелерде қашықтығы бес жүз километр және одан да асатын жол жүру кезiнде жүру жолында аялдауға және жол жүру құжатының (билетiнiң) жарамдылық мерзiмiн он тәулiктен аспайтын мерзiмге ұзартуға;
6) емдеу мекемесiнiң құжатымен расталған науқастану жағдайында билеттiң қолданылу мерзiмiн ауырған уақытқа ұзартуға немесе билеттi тапсырып, тасымалдау ақысын қайтарып алуға;
7) кеме шыққанға дейiн кез келген уақытта, ал рейс басталғаннан кейiн кеме аялдаған кез келген портта тасымалдау шартынан бас тартуға, жолаушыларды тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен билеттi өткiзiп, кеме жолының жүзiп өтiлмеген бөлiгi үшiн тасымалдау ақысын қайтарып алуға;
8) кеменiң шығуы кешiккен жағдайда тасымалдау шартынан бас тартып, тасымалдау ақысын қайтарып алуға құқылы.
2. Жолаушы:
1) жол жүру құжатын (билет) сатып алған кезде, жол жүргенде және жолда жол құжатын (билеттi) тексерген кезде жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуге;
2) кемеге отырғызу кезiнде және жолда жол жүру аяқталғанға дейiн жол жүру құжатын (билетiн) сақтауға;
3) қоғамдық тәртiптi, кемелердi және жағалауда орналасқан, жолаушы тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған объектiлердi пайдалану ережелерiн сақтауға, сондай-ақ тасымалдаушының мүлкiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
53-бап. Жолаушы тасымалдау шартының тасымалдаушы бастамасымен тоқтатылуы немесе өзгертiлуi
1. Тасымалдаушы:
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) еңсерiлмейтiн күштiң, соғыс iс-қимылдарының, әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың немесе тасымалдаушыға байланысты емес өзге де себептердiң салдарынан жолаушыны межелі портына тасымалдау мүмкiн болмаған;
2) тиiстi мемлекеттік органдардың шешiмi негiзiнде кеменiң шығуы кешiктiрiлген немесе кеме мемлекеттік қажеттiлiктерге тартылған;
3) кеме опат болған немесе оны күшпен басып алған;
4) жолаушы жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзған немесе жолаушы мұндай ережелердi сақтаудан бас тартқан жағдайда біржақты тәртiппен жолаушыларды тасымалдау шартын бұза алады.
2. Кеме шыққанға дейiн тасымалдаушының бастамасымен тасымалдау шарты тоқтатылған кезде жолаушыға - жол ақысы және багажды тасымалдау ақысы, ал аталған шарт рейс аяқталғанға дейiн тоқтатылған кезде кеме жүзiп өтпеген қашықтық үшiн жол ақысы мен багажды тасымалдау ақысы қайтарылады.
Егер аталған шарттың тоқтатылуы жолаушының жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзуынан немесе оның кеме қатынасы, басқа жолаушылардың өмiрi мен денсаулығы қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн iс-әрекеттерiнен туындаған жағдайда жол ақысы мен багажды тасымалдау ақысы жолаушыға қайтарылмайды.
3. Жолаушы тасымалдау шарты, осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушының бастамасымен кеме рейсi кезiнде тоқтатылған жағдайда, тасымалдаушы жолаушыны оның талабы бойынша жөнелту портына немесе жолаушының баратын портына жету мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында ең жақын елдi мекенге өз есебiнен жеткiзуге, сондай-ақ тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушыға келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi.
54-бап. Талап етiлмеген багаж
1. Жолаушы багажын тасымалдаушыға қатысы жоқ себептермен алмаған жағдайда тасымалдаушы оны келiп жеткен күнiнен бастап үш ай бойы келген портында сақтауға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген сақтаудың шектi мерзiмдерi өткен соң талап етiлмеген багаж сатылуы мүмкiн.
3. Багаж түбіртегiн көрсетушi талап-арыз қою мерзiмi iшiнде тасымалдаушыға талап етiлмеген багажды сақтау және оны сату кезiнде келтiрiлген шығындар шегерiле отырып, осы баптың 2-тармағына сәйкес сатудан түскен соманы алуға құқылы.
2016.09.04. № 499-V ҚР Заңымен 55-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
55-бап. Пошта жөнелтiлімдерiн тасымалдау
1. Пошта операторларына тұрақты рейстер жасайтын кемелерде белгiленген ақыға өз жұмыскерлерiнiң iлесiп жүруiмен пошта жөнелтiлімдерiн тасымалдау құқығы берiледi.
Пошта операторлары жұмыскерлерiнiң iлесiп жүруiмен пошта жөнелтiлімдерiн тасымалдайтын кемелерде пошта қызметiн жүзеге асыру, пошта жөнелтiлімдерiн сақтау және пошта операторлары жұмыскерлерiнiң демалуы үшiн белгiленген тәртiппен ақылы негiзде орынжайлар ұсынылады.
2. Пошта жөнелтiлімдерiн iшкi су көлiгiмен тасымалдау тәртiбiн пошта саласындағы уәкiлеттi орган белгілейді.
3. Тасымалдаушының кiнәсiнен пошта жөнелтiлімдерiнiң жоғалғаны, жетіспеушілігі, зақымданғаны (бүлiнгенi) және (немесе) жеткізілуінің кешіктірілгені үшiн тасымалдаушының пошта операторлары алдындағы жауапкершілігі пошта операторларының жөнелтушi немесе адресат алдындағы жауапкершілігі мөлшерiнен аспауға тиiс.
11-тарау. Жүктерді тасымалдау
56-бап. Жалпы ережелер
1. Iшкi су көлiктерiнде жүктердi тасымалдау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге және жүк тасымалдау шартына сәйкес жүзеге асырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Iшкi су көлiгiнде жүк тасымалдауды жүзеге асыру тәртiбiн (бұдан әрi - жүк тасымалдау қағидалары) уәкілетті орган бекiтедi.
Жүк тасымалдау ережелерiнде:
1) жүктердi тасымалдауға ұсынудың және қабылдаудың;
2) жүкқұжаты мен тасымалдау құжаттарын ресiмдеудiң;
3) жүктердi тиеу мен түсiрудiң;
4) жүктердi үйiп және ақтара тиеп тасымалдаудың;
5) тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдаудың;
6) жүк массасын айқындаудың;
7) кемелер мен контейнерлерге қойылатын талаптардың;
8) кемелер мен контейнерлердi пломбалаудың;
9) жүктердi кемеде орналастыру мен бекітудiң;
10) кеменi немесе контейнердi жүктi тиеу мен түсiру үшiн берудiң;
11) тасымалдаулар бойынша есеп айырысулардың;
12) жүктердi жеткiзу мерзiмдерiнiң және жеткiзу мерзiмдерiн есептеудiң;
13) жүктерге билiк етудiң, оларды басқа мекен-жайға жiберудiң және қайтарудың;
14) жүктердi сақтаудың, ұстап қалу мен берудiң;
15) жүктердi сатудың;
16) қауiптi жүктердi тасымалдаудың;
17) жүктердi басқа мекен-жайға жiберудiң;
18) кеменi тазалаудың шарттары мен тәртібі айқындалады.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 56-1-баппен толықтырылды
56-1-бап. Жүктерді аралас тасымалдау
Бiрыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бiрыңғай коносамент) бойынша әртүрлi көлiк түрлерiмен жүктердi тасымалдауға қатысатын тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да тұлғалардың қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
57-бап. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт
Тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер жүк тасымалдауды жүйелi түрде жүзеге асыру қажет болғанда жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттар жасасуға құқылы.
Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартқа сәйкес тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi - оны тасымалдау үшiн уағдаласқан көлемде ұсынуға мiндеттенедi. Шартта көлiк құралдарын беру мен жүктердi тасымалдауға ұсынудың көлемi, мерзiмi және басқа да шарттары, есеп айырысу тәртібі, сондай-ақ жүк тасымалдауды ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделмеген өзге де шарттары белгiленедi.
58-бап. Жүк тасымалдау шарты
1. Жүк тасымалдау шарты тасымалдау құжаттарын - көлiктiк жүкқұжатты, жол ведомосын (көлiктiк жүкқұжат негiзiнде ресiмделген) және жүктi тасымалдауға қабылдау туралы түбіртектi толтыру арқылы ресiмделедi.
2. Тасымалдау құжаттарының нысандары мен оларды толтыру тәртібі жүк тасымалдау ережелерiмен белгiленедi және iшкi су көлiгiнде жүк тасымалдаумен байланысты жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
59-бап. Қауiптi жүктердi тасымалдау
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң iшкi су жолдарындағы кеме қатынасы тәртiбiн уәкілетті орган және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар айқындайды.
2. Қауiптi жүктердi өндiру, тиеу, түсiру, сақтау және тасымалдау жүзеге асырылатын объектiлер елдi мекендерден, үйлерден, құрылыстардан, ғимараттардан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес қажеттi қашықтықта болуға тиiс.
3. Қауiптi жүктердi жөнелтушi және алушы - жүк жөнелтушi, жүк алушы, сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдауды орындайтын тасымалдаушы олардың тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, авариялық жағдайлардың туындауын болдырмау және (немесе) олардың зардаптарын жою үшiн қажеттi құралдар мен икемдi бөлiмшелердiң болуын қамтамасыз етуге (оның iшiнде тасымалдау шарты бойынша) мiндеттi. Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде авариялық жағдай туындаған кезде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар аталған бөлiмшелердiң оқиға болған жерге дереу жiберiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
60-бап. Жүктi жеткiзу мүмкiндiгi болмауының салдары
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тасымалдауға қабылданған жүктi еңсерiлмейтiн күш, соғыс iс-қимылдары, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың акт шығаруы (жария акт), дүлей сипаттағы құбылыстар, әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар немесе тасымалдаушыға байланысты емес өзге де себептер салдарынан межелі портқа жеткiзу немесе оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға беру мүмкiн болмаған кезде тасымалдаушы жүктi жеткiзуге кедергi келтiретiн себептердi көрсете отырып, ол туралы жүк жөнелтушiге, жүк алушыға, жөнелту порттары мен межелі порттарда тиеу-түсiру жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдарға хабарлайды және жүктi не iстеу керектiгi туралы жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының өкiмiн сұратады.
Егер тасымалдаушы төрт тәулiк өткенше (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының жүктi не iстеу керектiгi туралы өкімін алмаса немесе орындалуы көрiнеу мүмкiн емес өкiм алса, онда тасымалдаушы ол туралы жүк жөнелтушiнi, жүк алушыны хабардар ете отырып, жүктi өзiнiң пiкiрi бойынша жүк жөнелтушi, жүк алушы үшiн неғұрлым тиiмдi деп есептеген таяудағы порттардың бірiне түсiруге, не жүктi жөнелтiлген портқа қайтаруға құқылы.
2. Егер жүк ерекше жағдайларда сақтауды қажет ететiн болса (тез бүлiнетiн жүктер) және оны сақтау мүмкiн болмай, оның бүлiнуiне әкеп соғуы мүмкiн жағдайда тасымалдаушы жүктi сатуға құқылы.
Жүктi сатудан алынған сома тасымалдаушыға тиесiлi сома шегерiле отырып, депозит шарттарымен нотариустың атына енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айналымнан алынған және айналымы шектелген, сондай-ақ арнайы жүктер, оның iшiнде мемлекеттік және қорғаныс қажеттерiн қанағаттандыруға арналған әскери мақсаттағы жүктер сатылуға жатпайды.
4. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғанға дейiн тасымалдау үшiн қабылданса және осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, кеме рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе, тасымалдаушы жүк жөнелтушiмен, жүк алушымен келiсе отырып, жүктi межелi портқа немесе басқа пунктке көлiктiң басқа түрiмен жөнелту жөнiнде шаралар қабылдауға немесе оны осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға мiндеттi.
Жүрiп өтпеген қашықтық үшiн тасымалдау ақысы жүк тасымалдауға ақы төлеген жүк жөнелтушiге немесе жүк алушыға қайтарылады. Портта жүктi түсiру мен сақтау тасымалдаушының есебiнен жүзеге асырылады.
5. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғаннан кейiн тасымалдау үшiн қабылданса және кеме осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе және төрт тәулiк iшiнде жүк жөнелтушiден, жүк алушыдан жүктi не iстеу керектiгi туралы өкiм келiп түспесе, тасымалдаушы оны өз қалауы бойынша жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының есебiнен рейстi жалғастыру мүмкiндiгi туындағанға дейiн сақтауға қалдыруға, оның iшiнде навигацияаралық кезеңге кемеде қалдыруға немесе жүктi осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға құқылы.
61-бап. Жүктердi сату тәртібі
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген жүктердi қоспағанда, осы Заңда көзделген жағдайларда жүктердi сату:
1) олардың құнын төлеу туралы құжаттармен расталған жүктердiң бағасын негiзге ала отырып сатып алу-сату шартына сәйкес;
2) салыстырмалы жағдайларда, әдетте, осы сияқты тауарлар үшiн алынатын бағаны негiзге ала отырып, тараптардың келісімi бойынша жүзеге асырылады.
Өткізілетін жүктерді есепке алу және олар үшiн есеп айырысу тәртiбiн уәкілетті орган айқындайды.
2. Жүктердi сатудан түскен сома, тасымалдаушыға тиесiлi төлемдер мен оларды сатуға жұмсалған шығындар шегерiле отырып, жүктердiң құнын ол төлеген жағдайда - жүк алушыға немесе басқа жағдайларда жүк жөнелтушiге аударылуға тиiс.
Егер жүктердi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi төлемдердi және жүктердi сақтау мен сатуға жұмсалған шығыстарды жабу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, тасымалдаушы алынбаған қалған соманы жүк жөнелтушiден өндiрiп алуға құқылы.
3. Егер жүктер тез бүлiнетiн болса немесе көрсетiлген мерзiмде жүктердi сақтауға жұмсалатын шығыстар жүктердiң құнынан асып кететiн болса, тасымалдаушы жүктердi осы Заңда көзделген мерзiмдерден бұрын сатуға құқылы.
62-бап. Көлiк экспедициясы шарты
1. Көлiк экспедициясы шарты бойынша бір тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және екiншi тараптың (клиенттiң, жөнелтушiнiң немесе жүк алушының) есебiнен жүк тасымалдауға байланысты шартта айқындалған қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүк тасымалдау шартын жасасуға мiндеттенедi.
2. Көлiк экспедициясы шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жасалады.
12-тарау. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін тiркеп сүйреу
63-бап. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін тiркеп сүйреу шарты
1. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін тiркеп сүйреу шартына сәйкес бір тарап (тiркеп сүйреушi) тiркеп сүйреу шарттарын сақтай отырып, кеменi, салды немесе өзге де жүзу объектiсiн межелi пунктiне уақтылы әрi сол күйiнде тiркеп сүйреп жеткiзуге және оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға тапсыруға, ал екiншi тарап (жөнелтушi) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынуға және ол үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi тiркеп сүйреу (бұдан әрi - тiркеп сүйреу) тiркеп сүйреу шартына және уәкілетті орган бекiтетiн Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу қағидалары:
1) жүкқұжатты, тасымалдау және өзге де құжаттарды ресiмдеудiң;
2) тiркеп сүйреудi ұйымдастырудың;
3) тiркеп сүйреу жөніндегі қызмет көрсетулер үшiн ақы төлеудiң;
4) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынудың;
5) кеменiң, салдардың және өзге де жүзу объектілерінiң экипаж құрамына және тiркеп сүйреудi жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптардың;
6) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтудiң, қабылдаудың және тапсырудың тәртібі мен шарттарын айқындайды.
64-бап. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін тiркеп сүйреу кезіндегі жауапкершiлiк
1. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін iшкi су жолдарымен не порт акваториясында тiркеп сүйреу тiркеп сүйрейтiн кеме капитанының басқаруымен жүзеге асырылады.
Тiркеп сүйретiлетiн кемеге, салға немесе басқа да жүзу объектiсiне, ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген нұқсан үшiн, егер мұндай нұқсан өзінің кінәсінен келтірілмегенін дәлелдей алмаса, тiркеп сүйрейтiн кеменiң меншiк иесi және (немесе) иесi жауапты болады.
2. Егер тiркеп сүйреу шарты бойынша тiркеп сүйреудi басқару мiндетi тiркеп сүйретiлетiн кеменiң капитанына жүктелген болса, мұндай тiркеп сүйреу кезiнде тiркеп сүйрейтiн кемеге, ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген нұқсан үшiн, егер нұқсан өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, тiркеп сүйретiлетiн кеменiң, салдың немесе басқа да жүзу объектiсiнiң меншiк иесi мен (немесе) иесi жауапты болады.
13-тарау. Жалпы авария. Кемелердi және басқа да мүлiктердi құтқару
65-бап. Жалпы авария, кемелердi және басқа да мүлiктердi құтқару кезiнде туындайтын қатынастарды реттеу
Iшкi су көлiгіндегі жалпы авария, кемелердi және басқа да мүлiктердi құтқару кезiнде туындайтын қатынастарды реттеу осы тарауда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
66-бап. Мүлiктiң контрибуциялық құны
1. Мүлiктiң (кеменiң, жүктiң және тасымалдау ақысының) жалпы апатты бөлу тәртібімен өтелетiн шығындарды жабуға арналған жарналар соған мөлшерлес белгiленетiн жалпы құны (контрибуциялық құны) кеме рейсі аяқталғаннан кейiнгi осы мүлiктiң нақты таза құны негiзiнде осы бапта белгiленген ережелерге сәйкес айқындалады.
2. Кеменiң контрибуциялық құны кеменiң зақымданған жағдайындағы құнының негiзiнде айқындалады.
3. Жүктiң контрибуциялық құны жүктi түсiру сәтiнде - жүк алушыға ұсынылатын саудалық есеп негiзiнде белгiленетiн құнды негiзге ала отырып, ал мұндай есеп болмаған кезде жүктi тиеп жiберу сәтіндегі оның құны негiзiнде айқындалады. Жүктiң құны, егер шығынға ұшырау тәуекелiн жүк жөнелтушi ғана көтеретiн болса, сақтандыруға арналған шығыстарды және тасымалдау ақысын қамтиды. Жүктiң құнынан жүктiң опат болуынан немесе зақымдануынан бастап оны түсiргенге дейiнгi не түсiру кезіндегі келтiрiлген барлық залалдар сомасы шегерiледi.
4. Тасымалдау ақысының контрибуциялық құны, егер шығынға ұшырау тәуекелiн тасымалдаушы көтеретiн болса, жоғалған тасымалдау ақысына тең болады.
5. Егер де жалпы аварияны бөлу тәртібімен өтелетiн сома мүлiктiң (кеменiң, жүктiң және тасымалдау ақысының) контрибуциялық құнына енгiзiлмеген болса, мұндай сома осы құнға қосылады.
6. Жүк орындарын бекітудiң кез келген құралдары жалпы авария бойынша енгiзiлген жарналарда жүкпен тең есептеледi.
67-бап. Диспаша және диспашерлер
Мүдделi тұлғалардың өтiнiштерi бойынша жалпы аварияның болған-болмағаны анықталады және оны бөлу жөніндегі есептi (диспашаны) диспашерлер жасайды.
68-бап. Дәлелдеу ауыртпалығы
Жалпы апатты бөлудi талап етушi тарап мәлiмделген залалдардың жалпы авария болып танылуы тиiс екенiн дәлелдеуге мiндеттi.
69-бап. Кемелер керуенi
1. Кемелер тобындағы әрбір кеме жеке-жеке алғанда өздiгiнен қозғалыс жасай алмайтындай жағдайда бір-бірiмен өзара тiркемеленген кемелер тобы кемелер керуенi болып табылады.
2. Егер керуеннiң бір және (немесе) бірнеше кемесiне және ондағы жүктерге қатысты оларға төнген жалпы қауiптен құтқару операцияларын жүзеге асыру мақсатында iс-қимылдар жасалған жағдайда, осы тарауда белгiленген ережелер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдарында белгiленген ережелер қолданылады.
Керуен кемесi, егер ол басқа кемеден немесе басқа кемелерден бөлiнiп кету нәтижесiнде қауiпсiз жағдайда болса, керуендегi басқа кемемен бірге жалпы қауiп төнген кеме болып есептелмейдi.