27-баптың 7-тармағы 2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
7. Денсаулық сақтау саласындағы менеджерлерді сертификаттауды медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган жүргізеді және ол басқару қызметін жүзеге асыруға қарамастан қолданылады.
27-баптың 8-тармағы 2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
8. Денсаулық сақтау саласындағы менеджер сертификатының қолданысы әрбір бес жыл сайын расталуға жатады.
Денсаулық сақтау саласындағы менеджер сертификатын растауды медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган жүргізеді.
9. Денсаулық сақтау саласындағы менеджерді сертификаттауды жүргізу, денсаулық сақтау саласындағы менеджер сертификатының қолданысын растау қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
10. Денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру (кері қайтарып алу) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ МЕН ҚАДАҒАЛАУ
28-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуы мен орындалуын тексеруге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған шаралар кешені денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру деп танылады.
2. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы;
3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларында жүзеге асырылады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қадағалау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру және профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
29-бап. Апелляциялық комиссияның шағымды қарау тәртібі
1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар шығарған тексеру нәтижелері туралы актілерге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға жоғары тұрған органға шағым жасалуы мүмкін.
2. Тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға шағым жоғары тұрған мемлекеттік орган басшысының атына беріледі.
3. Тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға шағымдарды қарау үшін жоғары тұрған мемлекеттік орган апелляциялық комиссия құрады, оның құрамына медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері кіреді.
Апелляциялық комиссиялардың регламенттерін, ережелері мен құрамдарын тиісінше медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдар айқындайды.
4. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдардың тексеру нәтижелері туралы актісіне және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасына шағымды апелляциялық комиссия шағым жасалатын мәселелер шегінде қарайды.
5. Тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға шағым тексеру нәтижелері туралы актіге қол қойылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде беріледі.
6. Апелляциялық комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады және жоғары тұрған мемлекеттік орган басшысының атына шығарылады. Апелляциялық комиссия шешімінің нәтижелері бойынша басшы тексеру нәтижелері туралы актіні, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау қорытындысын және заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 156-бабына сәйкес жарамсыз деп тану және олардың күшін жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
7. Апелляциялық комиссия жыл сайын тексеру нәтижелері туралы актілерге және бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларға шағымдарды қарау нәтижелеріне қорыту жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдарды тұжырымдайды.
8. Жоғары тұрған орган шағымды қанағаттандырмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіге және заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға сотқа шағым жасалуы мүмкін.
9. Коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер, сондай-ақ құпия ақпарат тиісінше медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдар әзірлейтін және бекітетін қағидаларға сәйкес, тексеру нәтижелері туралы актіге және заңдылықты бұзушылықтар жою туралы нұсқамаға шағымды қарау кезінде шағымды берген адамның жазбаша рұқсаты алынбастан, апелляциялық комиссиялардың мүшелеріне беріледі.
1-параграф. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау
30-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау денсаулық сақтау субъектілерінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарының алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған.
2. Медициналық қызметтер (көмек) көрсететін жеке және заңды тұлғалар медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.
3. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау объектілері екі топқа бөлінеді:
1) мәні жоғары объектілер;
2) мәні болмашы объектілер.
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауға жататын мәні жоғары және болмашы объектілердің тізбесін медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
4. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау объектілеріне қатысты бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
5. 2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
31-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік медициналық инспекторы және (немесе) оның орынбасары;
2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның басшысы айқындайтын, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бас мемлекеттік медициналық инспекторлары мен олардың орынбасарлары;
3) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның мамандары медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар болып табылады.
2. Тиісті саладағы жоғары тұрған бас мемлекеттік медициналық инспектор төмен тұрған лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың арызы (шағымы) бойынша шешім шығарылғанға дейін олар қабылдайтын актілердің орындалуын тоқтата тұруға, күшін жоюға не оларды кері қайтарып алуға құқылы.
32-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі лауазымды адамдардың құқықтары
1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 154-бабының 1-тармағында көзделген құқықтардан бөлек, мыналарға:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тартуға;
2) денсаулық сақтау субъектісінен халыққа медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
3) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында бақылау жүргізуге қажетті құжаттардың көшірмелерін жасауға және денсаулық сақтау субъектісінің медициналық ақпараттық жүйесінен тиісті деректерді (электрондық денсаулық паспорттары, электрондық карталар және оларға енгізілген өзгерістер туралы егжей-тегжейлі есептер) алуға;
4) денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, комиссия құруға бастамашылық жасауға құқығы бар.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Профилактикалық бақылау, тексеру және тергеп-тексеру нысанында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға профилактикалық бақылаудың, тексерудің немесе тергеп-тексерудің нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтініштермен жүгінуге тыйым салынады.
3. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының анықталған бұзушылықтарына қарай мынадай актілерді шығарады:
1) денсаулық сақтау субъектісін тексеру нәтижелері туралы акт - медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам субъектінің (объектінің) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігін тексеру, оны профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша беретін құжат;
2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама;
3) бас мемлекеттік медициналық инспекторлардың:
төмен тұрған лауазымды адамдар қабылдаған актілердің орындалуын тоқтата тұру немесе күшін жою не оларды кері қайтарып алу;
медицина қызметкерлерін жұмыстан уақытша шеттету;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру туралы қаулылары.
4. Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік медициналық инспекторы және (немесе) оның орынбасары тексеру нәтижесі негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының басшысына нұсқама шығаруға құқылы.
33-бап. 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
34-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау
1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау ақпараттық жүйелерден алынған деректерді, сондай-ақ бақылау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау және салыстыру арқылы камералдық бақылау түрінде жүргізіледі.
2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтарды уақтылы анықтау, олардың жолын кесу және оларға жол бермеу, денсаулық сақтау субъектілеріне (объектілеріне) бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган анықтаған бұзушылықтарды дербес өзі жою құқығын беру және оларға әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау тоқсанына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным ресімделеді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның нысанын медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бұзушылықтар анықталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бақылау субъектісіне (объектісіне) мынадай тәсілдердің бірімен:
1) хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі;
2) оның өкіліне және (немесе) бақылау субъектісінің (объектісінің) лауазымды адамына қол қойғызып табыс етіледі;
3) «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық тәсілмен жіберіледі.
6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген, анықталған бұзушылықтарды ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тиісінше жою бақылау субъектісінің (объектісінің) ұсынымды орындауы болып танылады.
7. Бақылау субъектісі (объектісі) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға қарсылық жіберуге құқылы.
8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісін (объектісін) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық бақылау үшін іріктеп алуға негіз болып табылады.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлімшелерінің бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды арнайы тіркеу журналында есепке алуына жатады, ол нөмірленген, тігілген және медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекемделген болуға тиіс.
35-бап. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама
1. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама - жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейі бойынша қорытынды шығару үшін медициналық көрсетілетін қызметтердің тиімділігі, толықтылығы және стандарттарға сәйкестігі көрсеткішін көрсететін индикаторлар пайдаланыла отырып жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралардың жиынтығы.
2. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сараптама ішкі және сыртқы сараптама болып бөлінеді.
3. Ішкі сараптаманы жүргізу үшін медициналық ұйымда пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі құрылады.
Пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі медициналық ұйымның медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруына, клиникалық қызметіне ағымдағы талдауды, медициналық көмек көрсету тәртібі мен стандарттарды бұзу, медициналық оқыс оқиғалар фактілерін анықтауды, сондай-ақ пациенттердің жолданымдарын күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қарауды жүргізеді.
Сараптама нәтижелері бойынша медициналық ұйымның басшысына көрсетілетін медициналық кызметтер сапасының төмендеуінің анықталған себептері мен жағдайларын жою жөнінде ұсыныстар енгізіледі.
4. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына сыртқы сараптаманы:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган, оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып;
2) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерді орындау мониторингі шеңберінде жүргізеді.
Денсаулық сақтау субъектісі медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелер мониторингінің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мониторинг нәтижелеріне медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға шағым жасалуы мүмкін;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) денсаулық сақтауды жергілікті мемлекеттік басқару органдары қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға қатысты жүргізеді.
Денсаулық сақтау субъектісі медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша шарттық міндеттемелерге мониторинг нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мониторинг нәтижелеріне медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға шағым жасауы мүмкін;
3) денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшылар өздерін жеке немесе заңды тұлғалар шарт негізінде тартқан кезде;
4) Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының ведомствосы ведомстволық бағынысты ұйымдарға қатысты жүргізеді.
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізген медициналық қызметтер (көмек) сапасына сыртқы сараптама нәтижелері бойынша медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган медициналық қызметтер (көмек) көрсетуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау үшін талдау жүргізеді.
5. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2-параграф. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау
36-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау бақылау және қадағалау субъектілерінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын, оның ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарының алдын алуға, анықтауға, олардың жолын кесуге және жоюға бағытталған.
2. Жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар, құрылысжайлар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнім, жабдық, көлік құралдары, топырақ, су, ауа және қызметі, пайдаланылуы, тұтынылуы, қолданылуы мен іске асырылуы адамның денсаулық жағдайына және мекендеу ортасына зиян келтіруі мүмкін өзге де объектілер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) болып табылады.
3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау объектілері (эпидемиялық мәні бар объектілер) екі топқа бөлінеді:
1) эпидемиялық мәні жоғары объектілер;
2) эпидемиялық мәні болмашы объектілер.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру, профилактикалық бақылау, тергеп-тексеру және қадағалау нысанында жүзеге асырылады.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Патогендігі I және (немесе) II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын, эпидемиялық мәні жоғары ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге қатысты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздік саласындағы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және (немесе) оның орынбасары;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның басшысы айқындайтын, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері, олардың орынбасарлары;
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның мамандары;
4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы ведомствосының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері және олардың орынбасарлары, басшылары мен мамандары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар болып табылады.
2. Тиісті аумақтағы жоғары тұрған бас мемлекеттік санитариялық дәрігер төмен тұрған лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың арызы (шағымы) бойынша шешім шығарылғанға дейін олар қабылдаған актілердің орындалуын тоқтата тұруға, күшін жоюға не оларды кері қайтарып алуға құқылы.
38-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезіндегі лауазымды адамдардың құқықтары
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 154-бабының 1-тармағында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген құқықтардан бөлек, мыналарға:
1) халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімді:
техникалық регламенттердің талаптарына және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына сәйкес келмеген;
өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болмаған;
жалған өнім анықталған;
жарамдылық және (немесе) сақтау мерзімі белгіленбеген, жарамдылық және (немесе) сақтау мерзімі өткен;
жәндіктер, кеміргіштер және олардың сол өнімде болған іздері анықталған;
инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болу және таралу қаупін төндірген, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша ол адамның денсаулығы мен мекендеу ортасы үшін қауіпті деп танылған кезде Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, онда қолдануға және өткізуге тыйым салуға;
2) халықтың пайдалануына, қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалануға, қолдануға арналған өнімді: