372-бап. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімі
1. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімін бір жылдан асыруға болмайды.
Тауарларды қайта өңдеу мерзімінің өтуі оларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру күнінен, ал тауарларды жекелеген партиялармен (бірнеше партиямен) кедендік декларациялау кезінде - осы кедендік рәсімге тауарлардың бірінші партиясын орналастыру күнінен басталады.
Комиссияның шешімімен тауарлардың жекелеген санаттары үшін тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің неғұрлым ұзақ мерзімі айқындалуы мүмкін.
2. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі:
1) тауарларды қайта өңдеудің өндірістік процесінің ұзақтығын;
2) қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру үшін қажетті уақытты қамтиды.
3. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімі осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім шегінде ұзартылуы мүмкін.
4. Тауарларды қайта өңдеу мерзімін бір жыл шегінде ұзарту туралы мәселені шешу үшін декларант бақылауды жүзеге асырушы кеден органына қайта өңдеу мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей, қайта өңдеу мерзімін ұзартудың орындылығын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, осындай ұзартудың қажеттігі туралы жазбаша өтініш береді.
Декларанттың тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту туралы өтінішін кеден органы өтінішті тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Көрсетілген кезеңге қайта өңдеу мерзімі тоқтатыла тұрады. Кеден органы қайта өңдеудің мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген мерзім осындай шешімді қабылдаған күнге қарамастан алдыңғы мерзім аяқталған күннен бастап ұзартылады.
Осы тарауда көзделген шарттар мен шектеулерді декларант сақтамаған жағдайда, тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзартудан бас тартылуы мүмкін.
Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімін ұзарту туралы не мұндай ұзартудан бас тарту туралы кеден органының шешімі декларанттың назарына жазбаша түрде жеткізіледі.
Бұл ретте тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімін ұзарту кезінде кеден органындағы кедендік декларация данасының бірінші парағының келесі жағында мерзімді ұзарту туралы белгі және күні қойылады. Көрсетілген белгі кеден органының лауазымды адамының қолымен, жеке нөмірлік мөрімен расталады.
Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар қайта өңдеу мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады, ал қайта өңдеу өнімдері - кеден органы осындай бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылуға жатады.
373-бап. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжат
1. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы беретін құжатты кез келген тұлға ала алады.
2. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу шарттары туралы құжатта:
1) құжат берілген тұлға;
2) қайта өңдеу жөніндегі операцияларды тікелей жүзеге асыратын тұлға (тұлғалар);
3) шетелдік тауарлардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, сыныптамасы, олардың саны мен құны;
4) сыртқы экономикалық мәміленің жасалғанын растайтын құжаттар не сыртқы экономикалық мәміле шеңберінен тыс тауарларды иемдену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын өзге де құжаттар;
5) қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары;
6) тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар, оларды жасау тәсілдері;
7) тауарларды сәйкестендіру тәсілдері;
8) ұсақ-түйек қалдықтар мен қалдықтардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, сыныптамасы, олардың саны мен құны;
9) тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімі;
10) қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану мүмкіндіктері;
11) тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру және осы кедендік рәсімді аяқтау болжанатын кеден органы (кеден органдары) туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
3. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің шарттары туралы құжатты беру, оған өзгерістер немесе толықтыруларды енгізу, сондай-ақ оны қайтарып алу (жою) нысаны мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес шығаруды Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы, ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің шарттары туралы құжат берілген уәкілетті орган жүзеге асырады.
374-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары
1. Қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормасы деп шетелдік тауарлардың белгілі бір санын қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қайта өңдеу өнімдерінің саны немесе пайыздық құрамы түсініледі.
2. Егер ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операциялар сипаттамалары негізінен тұрақты болып қалатын, әдетте анық белгіленген техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын және қайта өңдеудің өзгермеген сападағы өнімдерін алуға әкелетін тауарларға қатысты жасалса, Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары қайта өңдеу өнімдерінің стандартты шығу нормаларын белгілеуі мүмкін.
375-бап. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар және өндірістік ысыраптар
1. Шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар, көрсетілген қалдықтар одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйге қайта өңделген жағдайды қоспағанда, өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады. Бұл ретте шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу операцияарын жасау нәтижесінде пайда болған тауарлар, қайта өңдеу өнімдерін қоспағанда, қалдықтар деп түсініледі.
2. Кеден мақсаты үшін көрсетілген қалдықтар Кеден одағының кедендік аумағына осы күйінде әкелінген тауарлар ретінде қарастырылады.
Қалдықтардың кедендік құнын айқындау ерекшеліктері Комиссияның шешімімен белгіленеді.
3. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде жиналып қалатын және (немесе) біржола жоғалатын өндірістік ысыраптар өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатпайды. Бұл ретте қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болатын және (немесе) біржола жоғалатын тауарлар өндірістік ысыраптар деп түсініледі.
376-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың қалдықтары
Шығу нормаларына сәйкес ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлардың қалдықтары қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады. Бұл ретте тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде пайдаланылған тауарлар тауарлардың қалдықтары деп түсініледі.
377-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы
1. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімінің қолданылуы тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін қайта өңдеу өнімдерінің осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.
Бұл ретте қайта өңдеу өнімдеріне қатысты тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырушы тұлға бақылауды жүзеге асырушы кеден органына қайта өңдеу мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімін қолдану туралы есеп беруге міндетті.
Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есептің нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
378-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет декларантта кеден органы декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты салықтарды төлеу жөніндегі міндеті осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында көрсетілген жағдайларда тоқтатылады.
3. Декларанттың ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндеті:
1) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу уақытында кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімі туындаған жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 372-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленген тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін ішкі рәсім аяқталған кезде;
2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында көрсетілген жағдайларда тоқтатылады.
4. Шетелдік тауарларға қатысты салықтар ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес тауарлар шығарылғанға дейін төлеуге жатады.
5. Мыналар:
1) шетелдік тауарлар кедендік аумақта тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат берілген тұлға және (немесе) кеден органдарының рұқсатынсыз қайта өңдеу жөніндегі операцияларды тікелей жүзеге асыратын тұлға болып табылмайтын тұлғаға берілген кезде - тауарлардың берілген күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыруға берілген кедендік декларацияны тіркеген күні;
2) аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін шетелдік тауарлар жоғалған кезде - тауарлар жоғалған күн, ал егер бұл күн анықталмаса, - ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыруға берілген кеден органының кедендік декларацияны тіркеген күні;
3) Осы Кодекстің 372-бабының 1-тармағында белгіленген тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімі аяқталмаған кезде - тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткен күн кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімі болып есептеледі.
6. Кедендік әкелу баждары осы баптың 5-тармағында көрсетілген жағдайларда, шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кеден органының кедендік декларацияны тіркеу күніне есептелген кедендік әкелу баждарының сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
379-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру ерекшеліктері
1. Кеден одағына мүше мемлекеттер экономикасының салаларын дамыту және Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында инвестициялық тауарларды импорттық ауыстыруды ынталандыру мақсатында Комиссия, егер кедендік әкелу баждарын қолдану мақсаты үшін қайта өңдеу өнімдеріне қатысты мұндай тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні айқындалған кедендік құнның және (немесе) олардың табиғи көрінісіндегі физикалық сипаттамасының (саны, массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы) қолданылуы мүмкін болса, тауарлардың және (немесе) оларды қайта өңдеу өнімдерінің жекелеген түрлерін айқындауға құқылы.
2. Қайта өңдеу өнімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарының ставкалары ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың шығу елі бойынша қолданылады. Қайта өңдеу процесінде әртүрлі елдерде шығарылған шетелдік тауарлар пайдаланылатын жағдайларда, кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады:
1) егер қайта өңдеу нәтижесінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша кез келген бірінші төрт таңба деңгейінде өзгеріс болса, қайта өңдеу өнімдеріне сауда-саяси қатынастарында неғұрлым қолайлылық танытатын ұлт режимі берілетін елдерден әкелінетін тауарларға қолданылған кедендік баждардың ставкалары қолданылады.
2) өзге жағдайларда, кедендік құны неғұрлым жоғары осы шетелдік тауарлардың шығарылған елі бойынша кедендік баждардың ставкалары қолданылады.
380-бап. Ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы аяқталған кезде қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру ерекшеліктері
1. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленетін кедендік әкелу баждарының ставкалары және валютаның нарықтық бағамы кеден органының шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күніне айқындалады.
2. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленген кедендік әкелу баждары сомаларынан пайыздар осы Кодекстің 134-бабының 2‑тармағына сәйкес есептелмейді.
43-тарау. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімі
381-бап. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімінің мазмұны
Уақытша әкелу (жіберу) шетелдік тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден шартты түрде толық немесе ішінара босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай, кейіннен кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырыла отырып, Кеден одағының кедендік аумағында белгіленген мерзім ішінде пайдаланылатын кездегі кедендік рәсім болып табылады.
382-бап. Тауарларды уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарларды уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастыруға осы кедендік рәсімге орналастырылған тауарларды уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімін аяқтау мақсатында кейіннен оларды кедендік декларациялау кезінде сәйкестендіру мүмкіндігі болған жағдайда жол беріледі.
Тауарларды сәйкестендіру Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес әкелінген тауарларды ауыстыруға жол берілген жағдайларда талап етілмейді.
2. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен:
1) алкогольді, темекі және темекі өнімдерін, шикізат пен жартылай фабрикаттарды, жұмсалатын материалдар мен үлгілерді қоса алғанда, оларды жекелеген данада жарнама және (немесе) демонстрациялау мақсатында немесе көрме экспонаттары не өнеркәсіптік үлгілер ретінде әкелген жағдайларды қоспағанда,тамақ өнімдерін, сусындарды;
2) қалдықтарды, оның ішінде өнеркәсіптік қалдықтарды;
3) Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған тауарларды орналастыруға жол берілмейді.
3. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен осы Кодексте көзделген талаптар мен шарттар сақталған кезде, бұрын өзге кедендік рәсімдермен орналастырылған шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
383-бап. Уақытша әкелінген тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулер
1. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар (бұдан әрі - уақытша әкелінген тауарлар) табиғи тозу немесе тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кему салдарынан болған өзгерістерден басқа, өзгеріссіз күйінде қалуға тиіс.
Уақытша әкелінген тауарлардың кері экспорты кезінде кеден органының тауарларды сәйкестендіруін қамтамасыз ету шартымен жөндеу операцияларын (күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қоспағанда), техникалық қызмет көрсетуді және тауарларды қалыпты күйінде ұстау үшін қажетті басқа да операцияларды қоса алғанда, олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті операциялар жасауға жол беріледі.
Уақытша әкелінген тауарлармен сынақтар, зерттеулер, тестілер, тексерулер, тәжірибелер немесе эксперименттер жүргізуге не оларды сынақтар, зерттеулер, тестілер, тексерулер, тәжірибелер мен эксперименттер жүргізу барысында пайдалануға жол беріледі.
2. Уақытша әкелінген тауарлар іс жүзінде декларанттың иелігінде және пайдалануында болуға тиіс.
3. Декларанттың уақытша әкелінген тауарларды өзге тұлғаның иелігіне және пайдалануына:
1) оларға техникалық қызмет көрсету, жөндеу (күрделі жөндеуді және (немесе) жаңғыртуды қоспағанда), сақтау, тасымалдау мақсатында, өткізуге және айналымға ұсынылатын, тауарларды буып-түю мен қорғауға арналған айналымға көп түсетін (қайтарылатын) ыдыстарды, егер сыртқы сауда келісімшартына сәйкес бұл ыдыс уақытша әкелінетін тауарларға қатысты сынақтар, тексерулер, эксперименттер және олардың қасиеттері мен сипаттамаларын көрсету мақсатында қайтарылуға жататын болса, егер сыртқы сауда келісімшартына сәйкес бұл тауарлар қайтарылуға жататын болса, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында және (немесе) халықаралық шарттарында айқындалған жағдайларда өзге де мақсатта - кеден органының рұқсатынсыз;
2) өзге де жағдайларда кеден органының рұқсатымен беруіне жол беріледі.
Уақытша әкелінген тауарларды өзге тұлғалардың иемденуге және пайдалануға беру уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімі декларантын осы тарауда белгіленген талаптар мен шарттарды сақтаудан босатпайды.
Декларант уақытша әкелінген тауарларды иемденуге және пайдалануына берген адамдарға кедендік төлемдер төлеуге жататын соманың толық мөлшерінде кедендік төлемдер төлеу бойынша декларантпен бірге ортақ міндетті болады.
Кеден органы осы Кодекстің 187-бабының 2-тармағына сәйкес уақытша әкелінген тауарлардың құжаттары мен іс жүзінде тұрған жері туралы мәліметтерді және мұндай тауарларды осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес өзге тұлғаға берген жағдайда, жазбаша және (немесе) электрондық нұсқада мұндай тұлға туралы мәліметтерді сұратуға, сондай-ақ сұратылатын құжаттар мен мәліметтерді табыс ету үшін жеткілікті болатын, оларды табыс ету мерзімдерін белгілеуге құқылы.
4. Уақытша әкелінген тауарларды өзге тұлғалардың иемденуіне және пайдалануына беруге кеден органының рұқсатын алу мақсатында осы тауарлардың декларанты оларды кедендік рәсіммен орналастыруды жүргізген кеден органына онда уақытша әкелінген тауарларды басқа тұлғаға беру себептерін және осы тұлға туралы мәліметтерді көрсете отырып, жазбаша өтініш береді.
Уақытша әкелінген тауарларды өзге тұлғалардың иемденуіне және пайдалануына беру уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімінің декларантын осы тарауда белгіленген талаптар мен шарттарды сақтаудан босатпайды, сондай‑ақ уақытша әкелуді тоқтата тұрмайды және оның мерзімін ұзартпайды.
5. Көлік құралдары болып табылатын уақытша әкелінген тауарларды осы Кодекстің 55-тарауында белгіленген тәртіппен халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары ретінде Кеден одағының кедендік аумағы шегінен тысқары жерлерде пайдалануға жол беріледі.
384-бап. Тауарларды уақытша әкелу мерзімдері
1. Тауарларды уақытша әкелу мерзімін кеден органы мұндай әкелудің мақсаты мен мән-жайларын негізге ала отырып, декларанттың өтініші негізінде белгілейді және осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды уақытша әкелу кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап екі жылдан аспауға тиіс.
Декларанттың жазбаша өтініші бойынша тауарларды уақытша әкелу мерзімін кеден органы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім не осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалған мерзім шегінде ұзартуы мүмкін.
2. Тауарлардың жекелеген санаттары үшін оларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелу мақсатына қарай Комиссия осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімге қарағанда, уақытша әкелудің неғұрлым қысқа немесе неғұрлым ұзақ мерзімін белгілеуі мүмкін.
3. Осы бапта белгіленген шекте уақытша әкелудің мерзімін ұзарту туралы мәселені шешу үшін декларант уақытша әкелу мерзімінен кешіктірмей кедендік бақылауды жүзеге асыратын кеден органына осындай ұзартудың қажеттігі туралы растайтын құжаттарды тіркей отырып, жазбаша өтініш табыс етеді. Уақытша әкелудің мерзімін ұзарту туралы өтінішті қарау мерзімі кеден органы өтінішті тіркеген күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс. Көрсетілген мерзімде уақытша әкелу мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. Кеден органы уақытша әкелу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген мерзім мұндай шешім қабылданған күнге қарамастан, алдыңғы мерзімнің аяқталған күнінен бастап ұзартылады.
Кеден органының уақытша әкелу мерзімін ұзарту туралы не оны ұзартудан бас тарту туралы шешімі декларантқа жазбаша табыс етіледі. Бұл ретте, уақытша әкелу мерзімін ұзарту кезінде кеден органындағы кедендік декларация данасының бірінші бетінің келесі жағына мерзім және күнінің ұзартылғаны туралы белгі қойылады. Көрсетілген белгі кеден органы лауазымды адамының қолымен, жеке нөмірі бар мөрімен куәландырылады.
4. Кеден органы уақытша әкелу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешімді декларант осы тарауда көзделген шарттар мен шектеулерді сақтамаған жағдайда қабылдайды.
5. Декларант уақытша әкелу мерзімін ұзарту туралы өтініш берген кезде кеден органы кедендік қарау актісін жасай отырып, бар тауарларды өзгеріссіз қалыпта белгілеу мақсатында, кедендік тексеру жүргізуге тиіс. Тауарлар кедендік декларацияны жүзеге асырушы кеден органының қызметінен тыс аймақтан табылған жағдайда, қызмет аймағында көрсетілген тауарлар тұрған кеден органы кедендік қарау актісін жасайды.
6. Тауарларды уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен бірнеше мәрте орналастыру кезінде, оның ішінде осы рәсімнің декларанттары ретінде әр түрлі адамдар әрекет етсе, уақытша әкелудің жалпы мерзімі осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімнен не осы баптың 2-тармағына сәйкес анықталған мерзімнен аспауға тиіс.
385-бап. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы және оны тоқтата тұру
1. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімінің қолданылуы уақытша әкелудің мерзімі өткенге дейін осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда уақытша әкелінген тауарларды кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастыру арқылы аяқталады.
Осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімінің қолданылуы, уақытша әкелудің мерзімі өткенге дейін уақытша әкелінген тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда өзге кедендік рәсіммен орналастыру арқылы аяқталуы мүмкін.
2. Уақытша әкелудің мерзімі өткенге дейін уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімінің қолданылуы уақытша әкелінген тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсіммен не Комиссияның шешімімен анықталған өзге кедендік рәсімімен орналастырған жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкін. Уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімін тоқтата тұру және жаңғырту тәртібі Комиссияның шешімімен айқындалады.
3. Уақытша әкелінген тауарлар кері экспорт кедендік рәсімімен не өзге кедендік рәсіммен бір немесе бірнеше партиямен орналастырылуы мүмкін.
386-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеуден толық шартты түрде және ішінара шартты түрде босату
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеуден толық шартты түрде босатыла отырып, уақытша әкелінген тауарлардың тізбесі, сондай-ақ оның шекті мерзімін қоса алғанда, мұндай босатудың талаптары Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына және (немесе) Комиссияның шешіміне сәйкес айқындалады.
2. Егер Комиссияның шешімімен өзгеше белгіленбесе, уақытша әкелінген тауарлар кедендік баждарды, салықтарды төлеуден толық шартты түрде босатыла отырып, кеден органы осы тауарларды уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастырған Кеден одағына мүше мемлекет аумағының шегінде пайдаланылады.
3. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден толық шартты түрде босатылмаған тауарларға қатысты, сондай-ақ осы баптың 1-тармағына сәйкес белгіленген кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден толық шартты түрде босату талаптары сақталмаған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден ішінара шартты түрде босату қолданылады.
Кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден ішінара шартты түрде босату кезінде мұндай тауарларды уақытша әкелу (жіберу) кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күні тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағында болуының әрбір толық және толық емес күнтізбелік айы үшін тауарлар ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылғанда төленуге жататындай кедендік әкелу баждары, салықтары сомасының үш пайызы төленеді.