2. Егер жеке пайдалану үшін уақытша әкетілетін тауарларды сәйкестендіру оларды кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден босата отырып қайта әкелуге жағдай жасайтын болса, жеке тұлғаның өтініші бойынша кеден органы осындай сәйкестендіруді жүргізеді. Тауарларды сәйкестендіру туралы жолаушылар кедендік декларациясында көрсетіледі, оның бір данасы тауарларды әкететін жеке тұлғаға беріледі.
Мұндай сәйкестендірудің болмауы кеден органына бұл тауарлардың Кеден одағының кедендік аумағынан уақытша әкетілгенінен кейін қайта әкелінетіні Кеден одағының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен расталған жағдайда жеке тұлғалардың кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден босатыла отырып, жеке пайдалануға арналған тауарларды қайта әкелуіне кедергі болмайды.
3. Уақытша әкетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарымен олардың Кеден одағының кедендік аумағы шегінен тысқары жерлерде болуы кезінде қажет болған техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу жөніндегі операцияларды жасауға жол беріледі.
4. Жеке пайдалану үшін уақытша әкетілген көлік құралы тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарда есепке алынуға (тіркеуге) жататын көлік құралының бөлшектерін ауыстыруға байланысты жөнделген кезде, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарттың талаптарына сәйкес кепілдік беріп жөндеу немесе қызмет көрсету жүзеге асырылған не оның аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан зақымдануынан кейін жеке пайдалануға арналған көлік құралын қалпына келтіру үшін қажетті жөндеу жүзеге асырылған жағдайларды қоспағанда, ауыстырылған бөлік кедендік декларациялауға жатады.
472-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждар мен салықтарды төлеу
1. Жеке тұлғалар толтыру нысаны мен тәртібі Комиссияның шешімімен айқындалатын кедендік кіріс ордерінің негізінде жеке пайдалануға арналған тауарларды жазбаша нысанда кедендік декларациялау кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлейді.
Кедендік кіріс ордерінің бір данасы кедендік баждарды, салықтарды төлеген тұлғаға табыс етіледі.
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік кіріс ордерін толтыруды және кедендік баждарды, салықтарды есептеуді кеден органының лауазымды адамы жүргізеді.
2. Жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкалары бойынша немесе осы Кодекстің 126-бабына сәйкес қолданылатын кедендік баждар, салықтар бойынша есептелген кедендік баждардың, салықтардың сомасына тең жиынтық кедендік төлем түрінде төлейді.
3. Кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкалары Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартында белгіленеді.
4. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкаларын, жиынтық кедендік төлемді қолдану тәртібі, кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы және тоқтатылуы, сондай-ақ оларды төлеу мерзімдері Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартында айқындалады.
473-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың кедендік құны
1. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың кедендік құны жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны туралы мәліметтер бар құжаттардың түпнұсқаларымен расталған, мұндай тауарлардың жеке тұлға мәлімдеген құны негізінде айқындалады.
Жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелуі кезінде тауарлардың кеден құнына олардың Кеден одағының кедендік аумағына келгеніне дейін және келгенінен кейін тауарларды тасымалдау және сақтандыру бойынша шығыстар енгізілмейді.
2. Жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізетін жеке тұлғада қажетті құжаттар және (немесе) олардың құны туралы мәліметтер болмаған жағдайда не тұлға табыс еткен құжаттар және (немесе) мәліметтер дұрыс болып табылмайды деп ұйғаруға негізделген себептер болған кезде, кеден органының лауазымды адамы тауарлардың кедендік құнын ұқсас тауарларға кеден органының иелігінде бар баға ақпаратының негізінде, оның ішінде ұқсас тауарларды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын шетелдік фирмалардың каталогтарында көрсетілген деректер негізінде айқындайды.
Жеке тұлға кедендік құнды айқындау үшін табыс етілген мәліметтердің дұрыстығын дәлелдеуге құқылы.
Осы бапты қолдану мақсаты үшін ұқсас тауар деп әкелінетін тауардың сипаттамаларына жақын, яғни өзінің мақсаты, қолданылуы, сапасы, техникалық және өзге де сипаттамалары бойынша әкелінетін тауармен сәйкес келетін сипаттамалары бар тауар түсініледі.
474-бап. Жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін өткізетін көлік құралдарына арналған қосалқы бөлшектер мен отын
1. Жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын жөндеу үшін қажетті қосалқы бөлшектер кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, мұндай көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімінен аспайтын мерзімге уақытша әкелінуі мүмкін.
2. Жеке тұлғалар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының конструкциясында көзделген бактардағы отын кедендік баждар, салықтар төленбей, Кеден одағының кедендік аумағына әкелінуі немесе тиісінше осы аумақтан әкетілуі мүмкін.
57-тарау. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
475-бап. Осы тараудың қолданылу аясы
1. Керек-жарақтарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу осы тараудың ережелеріне сәйкес, ал осы тараумен реттелмеген бөлігінде, - Кеден одағының кеден заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2. Керек-жарақтарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кедендік баждар, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай жүзеге асырылады.
3. Осы тараудың ережелері жеке тұлғалардың жеке пайдалану үшін қолданатын көлік құралдарындағы тауарларға қатысты қолданылмайды.
476-бап. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде керек-жарақтарға қатысты кедендік операциялар келу орындарында, Кеден одағының кедендік аумағынан әкету кезінде - халықаралық тасымалдауды бастау орындарында не кету орындарында жүргізіледі.
2. Керек-жарақтар тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырмай кедендік декларациялауға жатады.
Керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде кедендік декларация ретінде тауарларға арналған декларация, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттар пайдаланылуы мүмкін.
Керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтердің тізбесі Комиссияның шешімімен айқындалады.
3. Керек-жарақтарға қатысты кедендік операциялар тіркелген еліне немесе су, әуе кемелерінің немесе поездардың ұлттық тиесілігіне қарамастан, бірдей жасалады.
477-бап. Керек-жарақтарды пайдалану
1. Жолаушылардың және су кемелерінің экипаж мүшелерінің тұтынуына арналған керек-жарақтар және осы кемелерді қалыпты пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін қажетті керек-жарақтар, егер экипаж осы уақытта кемені тастап кетпесе, жолаушылардың және экипаж мүшелерінің санына, сондай-ақ аялдау ұзақтығына тиісті мөлшерде олардың Кеден одағының кедендік аумағында болуы, соның ішінде су кемелерін докта, верфьте немесе кеме жөндеу зауытында жөндеу кезінде осы кемелерде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.
2. Әуе кемелерінің Кеден одағының кедендік аумағында орналасқан бір әуежайға немесе бірнеше әуежайға жоспарланған қонуы кезінде осы кемелерді қалыпты пайдалануға және техникалық қызмет көрсетуге арналған керек-жарақтар және әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде экипаж мүшелерінің және жолаушылардың тұтынуына арналған керек-жарақтар әуе кемелерінің қону пункттерінде болуы кезінде және олардың арасында ұшу кезінде пайдаланылуы мүмкін.
3. Әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаж мүшелеріне сатуға арналған керек-жарақтар, оларды осы кемелердің борттарында пайдалану мақсатынсыз сату осы кемелердің борттарында жүзеге асырылған жағдайда әуе кемелерінің Кеден одағының кедендік аумағында болуы кезінде сатылуы мүмкін.
4. Поездар жолаушыларының және поезд бригадалары жұмыскерлерінің пайдалануына арналған керек-жарақтар және осы поездарды қалыпты пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін қажетті керек-жарақтар осы поездардың жүру жолында немесе аралық тоқтау не Кеден одағының кедендік аумағында тұру пункттерінде жолаушылардың және поезд бригадалары жұмыскерлерінің санына, сондай-ақ тұру ұзақтығына және жолда болу уақытына сәйкес мөлшерде тұтынылуы және пайдаланылуы мүмкін.
5. Кеден органдары тасымалдаушыны су кемелерінің, әуе кемелерінің немесе поездардың Кеден одағының кедендік аумағында болуы кезінде осы тарауда көзделген керек-жарақтарды пайдаланудың шарттарын сақтауды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолдануға міндеттеуге құқылы. Кеден органының шешімі бойынша керек-жарақтар сақталатын орын кедендік пломбалар мен мөрлерді қою жолымен мөрленуі мүмкін.
6. Егер осы тарауда көзделген шарттар сақталса, кеден органының рұқсатымен керек-жарақтар уақытша түсірілуі, тиісінше жүктерді, жолаушыларды және (немесе) багажды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын басқа да кемелерге немесе басқа да поездарға берілуі мүмкін.
7. Керек-жарақтарды осы тарауда көзделмеген мақсатта пайдалануға олар ішкі тұтыну немесе экспорт үшін шығарудың кедендік рәсімдерімен орналастырылған кезде жол беріледі.
8-бөлім. 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы маусымның 30-ы.
№ 296-IV