бүлінген жерді рекультивациялауға;
өзендердің, жылғалардың және су ағындарының (олар болған кезде) арналарын қалпына келтіруге;
жерүсті және жерасты суларының, ауаның сапасын, топырақтың және өсімдіктердің жай-күйін мониторингтеуге арналған шығыстар кіруге тиіс.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Өндіруге арналған лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органның келісімімен қамтамасыз ету сомасы жер қойнауы учаскесінде орындалған және осы Кодекстің 218-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен қабылданған жою жұмыстары бөлігінің құнына мөлшерлес азайтылуы мүмкін. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қамтамасыз етуді берген тұлғаны қамтамасыз ету сомасын азайту туралы жер қойнауын пайдаланушыдан өтінішті алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін қамтамасыз ету сомасын азайтуға, егер осындай азайту нәтижесінде қалған қамтамасыз ету сомасы жою жөніндегі жұмыстар жобасының сметасында көзделген, жою бойынша аяқталмаған жұмыстарға арналған шығыстарды жаба алмайтын болса, тыйым салынады.
5. Осы Кодекстің талаптарына сәйкес салдарын жою қамтамасыз етілмеген пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға тыйым салынады.
220-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінен бас тарту
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға бас тарту туралы жазбаша мәлімдей отырып, барлық өндіру учаскесінен не оның бір бөлігінен бас тартуға құқылы.
Өндіру учаскесінің бір бөлігінен бас тартылған жағдайда, пайдалануда қалған өндіру учаскесі осы Кодекстің 19-бабының ережелеріне сәйкес келуге тиіс.
2. Барлық өндіру учаскесінен немесе оның бір бөлігінен мерзімінен бұрын бас тарту туралы өтініште бас тартуға жататын жер қойнауы учаскесінің аумағына нұсқау қамтылуға тиіс.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған барлық өндіру учаскесінде немесе оның бір бөлігінде өндіру салдарын жою актісі;
2) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған жер қойнауы учаскесі аумағының алаң есептері (көлемі) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар сипаттамасы;
3) жер қойнауы учаскесінің бір бөлігінен бас тартылғаннан кейін қалыптастырылатын өндіру учаскесі аумағының алаң есептері (көлемі) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар, көрнекілікті қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, сондай-ақ жерүстінің топографиялық картасы қоса берілген сипаттамасы.
3. Өндіру учаскесінің бір бөлігінен бас тарту өндіруге арналған лицензияны қайта ресімдеуге алып келеді.
4. Өндіру учаскесінің бір бөлігінен немесе барлығынан бас тарту пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілуі мүмкін учаске (немесе оның бір бөлігі) ретінде мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
221-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылық және оны қайтарып алу
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияларда көзделген міндеттемелерді бұзушылық жер қойнауын пайдаланушыны тұрақсыздық айыбы немесе лицензияны қайтарып алу түріндегі жауаптылыққа алып келеді.
2. Өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтудың ең төмен үлесін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін, сондай-ақ қазақстандық кадрларды оқытуды және (немесе) ғылыми-іздестіру, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбы өндіріліп алынады.
Міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеу орындалуы тиісті күнтізбелік жылда көзделген негізгі міндеттемені тоқтатады.
Өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтудың ең төмен үлесін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбы орындалмаған міндеттемелер көлеміне қатысты жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құнының отыз пайызы мөлшерінде өндіріліп алынады.
Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша және ғылыми-іздестіру, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемені орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы орындалмаған міндеттемелердің сомасы мөлшерінде өндіріліп алынады.
3. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия мынадай негіздердің бірі болған кезде құзыретті органның қайтарып алуына жатады:
1) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабы 1-тармағының талаптарын бұзушылық;
2) қол қою бонусын, жер учаскесін пайдаланғаны үшін ақы (жалдау төлемдерін) төлеу туралы міндеттемелерді және (немесе) пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға жыл сайынғы ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелерін бұзушылық.
4. Бұзушылық анықталған кезде құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
5. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген бұзушылық жасалған жағдайда, бұзушылық орын алғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру арқылы, ал қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде құзыретті органның рұқсатымен жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыру бойынша өзге де әрекеттерді жасау арқылы осы бұзушылық бір жылдан аспайтын мерзімде жойылуға жатады.
Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген бұзушылық жасалған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан хабарлама алған күннен бастап үш ай ішінде бұзушылықты жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімдерде құзыретті органды бұзушылықтардың жойылғаны туралы осындай жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша хабардар етеді.
Белгіленген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда, құзыретті орган осы баптың 6-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
6. Лицензияны қайтарып алуды құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап үш айдан кейін лицензияның қолданылуы тоқтатылады.
7. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен лицензияны қайтарып алуды даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 6-тармағында көрсетілген мерзім даулау нәтижелері бойынша шығарылған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
8. Егер лицензияны қайтарып алу үшін негіз болған міндеттерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және т.с.) әсері себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Осындай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушының техникалық құралдарының және (немесе) қаржылай қаражатының болмауы, нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің болмауы, сондай-ақ әкімшілік жазаның қолданылуы жатпайды.
9. Осы бапқа сәйкес өндіруге арналған лицензиядан айырылған тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды дереу тоқтатуға және жою жоспарына сәйкес жер қойнауы учаскесін қауіпсіз жай-күйде ұстап тұру жұмыстарына кірісуге міндетті.
10. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны қайтарып алу мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
29-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскелерін ұстап тұру мәртебесі
222-бап. Ұстап тұру мәртебесі ұғымы және оны беру негіздері
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Ұстап тұру мәртебесі деп осы Кодексте көзделген шарттарда және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының көрсетілген учаскеде (немесе оның бір бөлігінде) пайдалы қатты қазбаларды өндіруді бастамау немесе тоқтата тұру құқығын көздейтін, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің айрықша құқықтық режимі танылады.
Осы тараудың ережелері пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылу мерзімі кезеңінде қандай уақытта да қолданылуы мүмкін.
2. Жер қойнауы учаскесіне ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушыны ұстап тұру мәртебесінің қолданылу кезеңіне осы Кодекстің 210-бабында көзделген міндеттерді, сондай-ақ онымен байланысты есептілікті беру бойынша міндеттемелерді орындаудан босатады.
Өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің бір бөлігіне ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің 208-бабының 2) тармақшасында көзделген міндеттемелерінің мөлшерін пропорционалды түрде азайтуға алып келеді.
3. Ұстап тұру мәртебесі кейінгі бес жылға дейінгі мерзімге ұзарту мүмкіндігімен қатарынан бес жылға дейінгі кезеңге беріледі. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесіне қатысты ұзарту мерзімі ескеріле отырып, ұстап тұру мәртебесінің жалпы мерзімі он жылдан аспайды.
4. Ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушыға ұстап тұру мәртебесі қолданылатын жер қойнауы учаскесінің аумағы және осындай мәртебенің қолданылу мерзімі көрсетіле отырып қайта ресімделген өндіруге арналған лицензияны беру арқылы расталады.
5. Ұстап тұру мәртебесі мынадай негіздердің кез келгені болған кезде беріледі:
1) анықталған минералды ресурстарды өндіру келешектегі бес жыл ішінде рентабельді болуы мүмкін деп пайымдауға ақылға қонымды негіздер болған кезде қолайсыз нарықтық жағдайларға байланысты мұндай өндірудің жер қойнауын пайдаланушы үшін рентабельсіз болып табылуы;
2) экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін технологияның болмауы;
3) еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайларда төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және тағы сол сияқты) болуы;
4) жер қойнауын пайдаланушыға оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімінің күшіне енуі.
223-бап. Ұстап тұру мәртебесін беру тәртібі
1. Ұстап тұру мәртебесі жер қойнауын пайдаланушының не оңалтушы басқарушының өтініші бойынша беріледі.
2. Өтініште ұстап тұру мәртебесін беру үшін жер қойнауын пайдаланушы өтініш жасауға негіз болатын мән-жайлар көрсетіледі және сипатталады.
3. Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) осы Кодекстің 222-бабы 5-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген мән-жайлардың болуын растайтын құжаттар;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен жұмыстар бағдарламасы.
4. Құзыретті орган өтінішті қарайды және осы Кодекстің 224-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде, сондай-ақ жұмыстар бағдарламасын келіскеннен кейін өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш иесіне консервациялау жобасын ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.
Консервациялау жобасын өтініш иесі хабардар етілген күннен бастап төрт айдан кешіктірмей құзыретті органға ұсынуға тиіс. Өтініш иесі құзыретті органға көрсетілген мерзімді ұзартуға, мұндай ұзартудың қажеттілігін негіздей отырып, өтініш жасауға құқылы.
Егер мұндай ұзарту қажеттілігі өтініш иесіне байланысты емес мән-жайлардан туындаса, құзыретті орган осы мерзімді осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап төрт айдан аспайтын кезеңге ұзартады.
5. Құзыретті орган өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін береді және осы Кодекстің 226-бабында көзделген тәртіппен әзірленген консервациялау жобасы ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайта ресімделген лицензияны жер қойнауын пайдаланушыға береді. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруге байланысты қайта ресімделген лицензияда ұстап тұру мәртебесі бар осы учаскенің (оның бір бөлігінің) аумағы көрсетіледі.
224-бап. Ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту
1. Құзыретті орган мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) өтініш иесі осы Кодекстің 223-бабында көзделген тәртіппен әзірленген консервациялау жобасын құзыретті органға ұсыну мерзімін сақтамаса;
4) жер қойнауын пайдаланушы келтірген негіздер мен ұсынылған құжаттар өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беру үшін негіз болып табылатын мән-жайлардың болуын растау үшін жеткіліксіз болып табылса, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тартады.
2. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, ол уәжді болуға және өтініш иесіне ұстап тұру мәртебесін беру үшін көзделген мерзім ішінде берілуге тиіс.
3. Құзыретті орган өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту туралы өтініш иесін бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
4. Өтініш иесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тартуға өтініш иесіне бас тарту туралы хабарланған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.
5. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту өтініш иесін өтінішті қайта беру құқығынан айырмайды.
225-бап. Ұстап тұру мәртебесі жөніндегі жұмыстар бағдарламасы
1. Жұмыстар бағдарламасы жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесін (оның бір бөлігін) ұстап тұру мәртебесінен шығару және онда өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау мақсатында әзірлейтін құжат болып табылады.
2. Жұмыстар бағдарламасында:
1) ұстап тұру мәртебесі берілетін өндіру учаскесіндегі (оның бір бөлігіндегі) консервациялау жөніндегі іс-шаралардың;
2) жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесін (оның бір бөлігін) ұстап тұру мәртебесінен шығару және өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау үшін қолданатын іс-шаралардың;
3) жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесі берілетін өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) жұмыспен айналысатын жұмыскерлерге қатысты қолдануға міндеттенетін әлеуметтік-экономикалық сипаттағы қолдау шараларының (басқа жұмысқа (басқа жұмыс учаскесіне) ауыстыру, жаңа мамандықтарға (кәсіптерге) оқыту мақсатында қайта даярлау, біліктілікті арттыру және басқалары) сипаттамасы мен мерзімдері қамтылады.
3. Ұстап тұру мәртебесі бойынша жұмыстар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі нұсқаулықты құзыретті орган бекітеді.
226-бап. Жер қойнауы учаскесін консервациялау
1. Пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау кезінде өндірістік құрылысжайларды және өзге де объектілерді болашақта пайдалану үшін оларды жарамды жай-күйге келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерін азайту және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жер қойнауы учаскесінде пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстарды уақытша тоқтату кезінде жүргізілетін іс-шаралар кешені пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесін консервациялау болып табылады.
2. Жер қойнауы учаскесін консервациялау жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органмен келісілген жұмыстар бағдарламасы негізінде әзірленетін консервациялау жобасына сәйкес жүргізіледі.
3. Консервациялау жобасы қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдармен келісіледі.
4. Консервациялауды жобалау және іске асыру жер қойнауын пайдаланушының есебінен жүзеге асырылады.
5. Консервациялау бойынша жұмыстар жер қойнауын пайдаланушы және қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдардың өкілдерінен құзыретті орган құратын комиссия, сондай-ақ егер консервациялау жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы консервациялау актісіне қол қойғаннан кейін аяқталды деп есептеледі.
227-бап. Ұстап тұру мәртебесінің шарттары
1. Өндіру учаскесіне (оның бір бөлігіне) ұстап тұру мәртебесі берілген кезде жер қойнауының осы учаскесі (оның бір бөлігі) бойынша өндіру кезеңі осы мәртебенің бүкіл қолданылу мерзіміне ұзартылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесіндегі жер қойнауы учаскесін жұмыстар бағдарламасына сәйкес пайдалануға міндетті.
3. Ұстап тұру мәртебесіндегі жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбалардың ресурстарын барлауды, жұмыстар бағдарламасында мұндай барлау көзделген жағдайда жүргізуге құқылы.
4. 2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
228-бап. Ұстап тұру мәртебесін ұзарту
1. Ұстап тұру мәртебесін ұзарту жер қойнауын пайдаланушының ұстап тұру мәртебесінің бастапқы мерзімі аяқталғанға дейін ұсынылатын өтініші бойынша жүргізіледі.
2. Ұстап тұру мәртебесін ұзарту жер қойнауы учаскесіне ұстап тұру мәртебесін беру үшін көзделген тәртіппен жүргізіледі. Ұстап тұру мәртебесін ұзартқан кезде жер қойнауы учаскесін консервациялау жобасы жасалмайды.
3. Жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесін ұзарту туралы өтініш берген жағдайда, ұстап тұру мәртебесі жер қойнауын пайдаланушыға ұстап тұру мәртебесінің ұзартылған мерзімі көрсетіліп, қайта ресімделген лицензия берілгенге дейін жер қойнауы учаскесіне қолданылуын жалғастырады.
Ұстап тұру мәртебесін ұзарту мерзімін есептеу ұстап тұру мәртебесінің алдыңғы мерзімінің соңғы күнінен кейінгі күннен басталады.
229-бап. Ұстап тұру мәртебесінің тоқтатылуы
1. Ұстап тұру мәртебесі өзінің қолданысын берілген мерзім өткеннен кейін немесе жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылады.
2. Ұстап тұру мәртебесін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға ұстап тұру мәртебесін беру үшін негіз болып табылған мән-жайлар ендігі жерде болмаған жағдайда береді.
3. Ұстап тұру мәртебесін тоқтату өндіруге арналған лицензияны қайта ресімдеу және жер қойнауын пайдаланушыға осы Кодекстің 208-бабы 2) тармақшасының талаптарын толық көлемде қолдану үшін негіз болып табылады.
230-бап. Ұстап тұру мәртебесінің құзыретті органның талап етуі бойынша тоқтатылуы
1. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесіне ұстап тұру мәртебесі берілген күннен бастап алты ай өткен соң кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушыдан ұстап тұру мәртебесін беру үшін негіз болып табылған мән-жайлардың әлі де бар екендігін растайтын құжаттарды ұсынуды талап етуге құқылы.
Жер қойнауын пайдаланушы осы құжаттарды хабарламаны алған күннен бастап қырық жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынуға міндетті. Жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға көрсетілген мерзімді ұзартуға, мұндай ұзартудың қажеттілігін негіздей отырып жүгінуге құқылы. Егер мұндай ұзарту қажеттілігі жер қойнауын пайдаланушыға байланысты емес мән-жайлардан туындаса, құзыретті орган осы мерзімді жиырма жұмыс күнінен аспайтын кезеңге ұзарта алады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Егер ұсынылған құжаттарды қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган ұстап тұру мәртебесін беру үшін негіз болып табылған мән-жайлар ендігі жерде болмайды деп белгілесе не осы құжаттар көрсетілген мерзімде ұсынылмаса, құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыны ұстап тұру мәртебесін тоқтату және ұстап тұру мәртебесіндегі жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қайта бастау туралы жүгіну қажеттілігі туралы хабардар етеді.
Бұл жағдайда ұстап тұру мәртебесін тоқтату туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан хабарлама келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей беруге тиіс.
Егер көрсетілген мерзімде жер қойнауын пайдаланушы ұстап тұру мәртебесін тоқтату туралы өтініш жасамаса, құзыретті орган осы Кодекстің 221-бабының 6-тармағында көзделген тәртіппен өндіруге арналған лицензияны қайтарып алады.
30-тарау. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндірУ
231-бап. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру кезінде туындайтын қатынастар
1. Осы тараудың ережелері тек кең таралған пайдалы қазбаларды ғана өндіру жағдайларына қолданылады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тек кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде туындайтын қатынастарға, осы Кодекстің 204-бабы 3-тармағының 9) тармақшасын, 212, 213-баптарын, 215-бабы 3-тармағының екінші және үшінші бөліктерін қоспағанда, осы тараудың ережелеріне қайшы келмейтін бөлігінде 28-тараудың ережелері қолданылады. Бұл ретте тек кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды реттеу мен мемлекеттік бақылауды және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялар шарттарының сақталуын бақылауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
Егер кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру учаскесінің аумағы Қазақстан Республикасының екі және одан да көп облыстарында орналасса, онда кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды реттеу мен мемлекеттік бақылауды және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиялардың шарттарын сақтауына бақылауды өндіру учаскесінің көп бөлігі орналасқан облыстың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
232-бап. Кең таралған пайдалы қазбаларды кәсіпкерлік мақсаттарында өндіру
1. Тек кең таралған пайдалы қазбаларды кәсіпкерлік мақсатында өндіру кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жүзеге асырылады.
2. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша оның иесінің мынадай операцияларды жүргізу:
1) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру;
2) тау-кен жұмыстарын жүргізу, тау-кен өндіру және (немесе) тау-кен қайта өңдеу өндірістерін, техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалану;
3) өндіру учаскесін барлау (пайдалану үшін барлау) мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға ерекше құқығы бар.
Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру деп кең таралған пайдалы қазбаларды жатқан жерінен алуға бағытталған және тікелей айыруға байланысты жұмыстар кешені түсініледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия беруге өтініш облыстың жергілікті атқарушы органына беріледі. Өтінішті қарауды және лицензия беруді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы, осы баптың 4-тармағының талаптарын сақтау мақсатында өтінішке жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өтініш берілген жер қойнауы учаскесінде мемлекеттік есепте тұрған және кең таралған пайдалы қазбалар болып табылмайтын пайдалы қатты қазбалар ресурстарының жоқ екенін растайтын қорытындысы қоса берілетінін ескере отырып, осы Кодекстің 28-тарауының ережелеріне сәйкес жүзеге асырады.
Егер өтініш иесі пайдалануға сұрап отырған жер қойнауы учаскесінің аумағы екі және одан да көп облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында орналасса, онда кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беруге өтініш осындай аумақтардың шегінде мәлімделген жер қойнауы учаскесінің көп бөлігі орналасқан облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына беріледі.
4. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензияны кең таралған пайдалы қазбалар болып табылмайтын, пайдалы қатты қазбалар ресурстары немесе ресурстарының перспективасы бар аумақтарға, осы Кодекстің 203-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлардан басқа кезде беруге тыйым салынады.