279-бап. Мемлекет меншiгiне алу және реквизициялау кезiндегi инвесторлар құқықтарының кепiлдiктерi
1. Инвестордың мүлкiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет меншiгiне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айрықша жағдайларда жол берiледi.
2. Мемлекет меншiгiне алынған кезде инвесторға Қазақстан Республикасының мемлекет меншiгiне алу туралы заңнамалық актiлерiн шығару нәтижесінде оған келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасы толық көлемде өтейдi.
3. Инвестордың мүлкiн реквизициялау оған мүлiктiң нарықтық құнын төлей отырып жүзеге асырылады.
Мүлiктiң нарықтық құны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен айқындалады.
4. Меншiк иесiне реквизицияланған мүлiктiң құны өтелген бағаға ол сот тәртiбiмен дау айта алады.
5. Реквизициялаудың жүргiзiлуiне себеп болған мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған кезде инвестор сақталған мүлiктiң қайтарылуын талап етуге құқылы, бiрақ бұл ретте мүлiк құнының төмендеуiнен болған ысырапты ескере отырып, өзi алған өтемақы сомасын қайтаруға мiндеттi.
280-бап. Инвестор құқықтарының басқа тұлғаға өтуі
Егер шет мемлекет немесе ол уәкiлеттік берген мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылған инвестицияларға қатысты оған берiлген кепiлдiк (сақтандыру шарты) бойынша инвестордың пайдасына төлем жүргiзетiн болса және көрсетілген инвестицияларға инвестордың құқықтары осы шет мемлекетке не ол уәкiлеттік берген мемлекеттiк органға өтетін болса (талаптар берiлетiн болса), Қазақстан Республикасында құқықтардың осылай өтуі (талаптардың берiлуi) инвестор Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырған және (немесе) ол белгiлi бiр шарттық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда ғана заңды деп танылады.
2-параграф. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау
281-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты
1. Экономиканы дамыту үшiн қолайлы инвестициялық ахуал жасау және қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейту мен жаңартуға, қазақстандық кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыруға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға инвестицияларды ынталандыру инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты болып табылады.
2. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдау инвестициялық преференциялар беру болып табылады.
282-бап. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган инвестицияларды мемлекеттiк қолдауды инвестициялық келісімшарттарды жасасу және олардың орындалуын бақылау бойынша жүзеге асырады.
2. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары арасынан консультанттар мен сарапшылар тартуға құқығы бар.
3. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган инвесторлар үшiн «бiр терезе» құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету арқылы инвесторлармен өзара iс-қимыл жасайды.
Инвестор үшiн «бiр терезе» қағидаты деп инвесторлардың құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік органдармен тiкелей байланысын шектеудi көздейтiн, инвесторларға мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердi ұсынуда инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган тарапынан жәрдемдесудiң орталықтандырылған нысаны түсініледі.
4. Инвесторлар үшін «бір терезе» құру және оның жұмыс істеуі үшін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторларға немесе олардың заңды өкілдеріне мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдауға және олардың нәтижелерін беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерден мәліметтер алу арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуге арналған арнайы бөлінген орын ұйымдастырады.
Бұдан басқа, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторларға немесе олардың өкілдеріне қатысты:
1) қазіргі бар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша қабылдауды және консультация беруді;
2) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алу үшін қажетті құжаттарды дайындауға және ресімдеуге көмек көрсетуді;
3) электрондық цифрлық қолтаңбаны, электрондық өтініштерді және басқа да құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетуді;
4) осы бапта айқындалған тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезінде инвесторларды орталық және жергілікті атқарушы органдарда сүйемелдеуді жүзеге асырады.
5. Инвесторлар үшін «бір терезе» қызметін ұйымдастыру туралы қағидаларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және онда:
1) инвестордарды немесе олардың заңды өкілдерін қабылдауды және консультация беруді жүзеге асыру;
2) инвесторларға немесе олардың заңды өкілдеріне мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін беру;
3) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мен мемлекеттік органдар арасындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;
4) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның инвесторды мемлекеттік органда сүйемелдеу;
5) инвестор үшін мемлекеттік қызметтер көрсету процесін мониторингтеу тәртібі көзделуге тиіс.
Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік қызметтер көрсетуге жауапты мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрықпен инвесторларға мемлекеттік қызметтер көрсету және инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның инвесторды мемлекеттік органдарда сүйемелдеуі шеңберінде өзара іс-қимыл жасау үшін жауапты тұлғаларды айқындайды.
6. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторлар үшін «бір терезе» шеңберінде орталық және жергілікті атқарушы органдарға инвесторлардың өтініштерін қарау туралы өтінішхат жасауға және инвесторлардың құжаттарын мемлекеттік органдарға енгізуге құқылы.
7. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар үшін инвесторлық виза алуға инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өтінішхат береді.
8. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мүдделi заңды тұлғалар тарапынан кепiлдік берілген тапсырысты қамтамасыз етуде инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мен инвестор арасында жасалған инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвесторларға жәрдем көрсетеді.
9. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның қызметi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн ережемен реттеледi.
283-бап. Инвестициялық преференциялар ұғымы және түрлері
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына және инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы үшін қаржы лизингі шарты негізінде технологиялық жабдықты инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде импорттайтын лизингілік компанияларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлетiн атаулы сипаттағы артықшылықтар инвестициялық преференциялар болып табылады.
Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы - Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысуымен құрылған заңды тұлға.
2. Инвестициялық жоба (оның iшiнде инвестициялық басым жоба) бойынша инвестициялық преференциялардың мынадай түрлерi берiледi:
1) кедендiк баждар және импортқа қосылған құн салығын салудан босату;
2) мемлекеттiк заттай гранттар.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Инвестициялық басым жоба бойынша инвестициялық преференциялардың (бұдан әрi - инвестициялық басым жоба үшiн инвестициялық преференциялар) мынадай түрлерi берiледi:
1) салықтар бойынша преференциялар;
2) инвестициялық субсидия.
Инвестициялық субсидия жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту жөніндегі инвестициялық басым жобалар бойынша берілмейді.
4. 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды; 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Арнайы инвестициялық жоба бойынша инвестициялық преференциялар (бұдан әрі - арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар) түрінде:
кедендік әкелу баждарын;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды салудан босату беріледі.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 284-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 284-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
284-бап. Инвестициялық жоба
Инвестициялық жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға инвестициялар көздейтiн iс-шаралар кешенiн білдіреді.
Инвестициялық басым жоба деп:
жаңа өндірістерді құру бойынша, заңды тұлғаның жаңа өндірістік объектілердің (фабрика, зауыт, цех) құрылысына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыруын көздейтін;
жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша, заңды тұлғаның негізгі құралдарды өзгертуге, оның ішінде өнім шығаратын істеп тұрған өндірістік қуаттарды жаңартуға (реновациялау, реконструкциялау, жаңғырту) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыруын көздейтін инвестициялық жоба түсініледі.
Заңды тұлға жаңа өндірістерді құру және (немесе) жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаны тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетін белгiлi бiр басым қызмет түрлерi бойынша жүзеге асырады.
Арнайы инвестициялық жоба деп арнайы экономикалық аймаққа қатысушы немесе Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін қойманы иеленуші ретінде тіркелген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы іске асырған және (немесе) іске асыратын инвестициялық жоба не моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы іске асырған жоба түсініледі.
285-бап. Инвестициялық преференцияларды алу тәртiбi
1. Инвестициялық преференцияларды алу үшiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға инвестициялық преференциялар беруге өтiнiм және өтiнiм берушiнiң осы Кодексте белгiленген талаптарға сәйкес келетiнiн растайтын құжаттарды инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша жiбередi.
2. Инвестициялық преференциялар инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мен инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы арасында жасалған инвестициялық келiсiмшарт негiзiнде берiледi.
Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық басым жобаны iске асыратын инвесторларға «бiр терезе» қағидаты бойынша инвестициялық преференциялар беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
3. 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
286-бап. Инвестициялық преференциялар беру шарттары
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Инвестициялық преференциялар:
1) инвестициялық жоба, инвестициялық басым жоба бойынша - Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына;
2) арнайы инвестициялық жоба бойынша - арнайы экономикалық аймаққа қатысушы немесе еркін қойманы иеленуші ретінде қызметін жүзеге асыратын не моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына беріледі.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Инвестициялық басым жобаны iске асыру тек қана бiр инвестициялық келiсiмшарт шеңберiнде жүзеге асырылады.
3. 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Заңды тұлға Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген қызмет түрлерi бойынша инвестициялық жобаны iске асырған кезде инвестициялық преференциялар берiледi.
Басым қызмет түрлерiн айқындау техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен экономикалық қызмет түрлерiнiң жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.
Инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне мынадай қызмет түрлерi енгiзiлуге жатпайды:
1) ойын бизнесi саласындағы қызмет;
2016.28.04. № 506-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) көмір қабаттарындағы метанды өндіруді қоспағанда, жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет;
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексi) 462-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5) және 6) тармақшаларында көзделген акцизделетiн тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды) қоспағанда, акцизделетiн тауарлар өндіру жөнiндегi қызмет.
Инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiн қоса алғанда, басым қызмет түрлерiнiң тiзбесi жылына бiр реттен артық қайта қаралмайды.
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Инвестициялық басым жоба үшiн инвестициялық преференциялар мынадай шарттар сақталған кезде беріледі:
1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы алушы болып табылады;
2) заңды тұлға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген (жаңа өндірістерді құру бойынша) немесе бес миллион еселенген (жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша) мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асырады;
3) заңды тұлға инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген қызмет түрлерiн жүзеге асырады;
4) заңды тұлға:
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес дербес білім беру ұйымы;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым болып табылмайды;
5) мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі жиырма алты пайыздан аспайды.
Мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің - Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретінде қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды. Мемлекет және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығуға міндетті. Бұл шарт орындалмаған жағдайда инвестициялық преференцияларды қолдану ол (олар) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан толық шыққанға дейін, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
Тоқтатыла тұрған кезең ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығу туралы шартты орындамау инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға және бұрын берілген инвестициялық преференцияларды қайтаруға әкеп соғады.
Осы тармақшаның ережелері мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі үлесі елу пайыздан кем болатын квазимемлекеттік сектор субъектісі өз қызметін көмір қабаттарындағы метанды өндіру жөніндегі инвестициялық басым жобаны іске асыру шеңберінде жүзеге асыратын жағдайда қолданылмайды;
6) лизингтік қаржыландыруды және кредит беруді қоса алғанда, қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық шарттарымен бөлінетін ақшаны қоспағанда, инвестициялық басым жобаны iске асыру үшiн қаржыландыру көздерi не кепiлдiктерi ретiнде бюджет қаражаты тартылмайды;
7) инвестициялық қызмет мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты шеңберiнен тыс жүзеге асырылады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды; 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 5-1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5-1. Арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференцияларды қолданудың мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы мынадай шарттардың біріне сәйкес келуге тиіс:
1) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймаққа қатысушы ретінде тіркеледі;
2) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін қойманы иеленуші ретінде тіркеледі;
3) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасады;
4) заңды тұлға Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнің тiзбесiне енгізілген қызмет түрлерін жүзеге асырады.
6. Инвестициялық преференцияларды қолдану мерзiмi осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленедi және инвестициялық келiсiмшартта инвестициялық преференциялардың әрбiр түрi бойынша көрсетiледi.
7. Инвестициялық преференциялар инвесторға осы Кодекстің 292-бабында көзделген, инвестордың қойылатын талаптарға сәйкес келетiнiн растайтын құжаттар ұсынылған кезде берiледi.
8. Инвестициялық преференцияларды қолдану осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
287-бап. Кедендік баждар салудан босату
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Инвестициялық келiсiмшарт шеңберiнде инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектерiнiң, шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендiк баждар салудан босатылады.
Лизингтік компания инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы үшін қаржы лизингі шарты негізінде инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде жеткізілетін технологиялық жабдықтың импорты кезінде кедендік баждар салудан босатылады.
Технологиялық жабдық деп инвестициялық жобаның технологиялық процесiнде пайдалануға арналған тауарлар түсініледі.
Жинақтауыштар деп жиынтығында технологиялық жабдықтың конструкциялық тұтастығын құрайтын құрамдас бөлiктер түсініледі.
Шикізат және (немесе) материал деп кез келген пайдалы қазба, компонент, бөлшек немесе технологиялық процесс арқылы дайын өнім алу үшін пайдаланылатын өзге де тауар түсініледі.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде арнайы инвестициялық жобаны іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектерiнiң, шикiзаттың және (немесе) материалдардың, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың немесе еркін қойманың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендiк баждар салудан босатылады.
2. Технологиялық жабдықтың және оның жинақтауыштарының импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ инвестициялық келiсiмшарт тiркелген кезден бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiнiң импорты кезiнде бес жылға дейiнгi мерзiмге кедендiк баж салудан босату тiркелген активтерге салынатын инвестициялардың көлемiне қарай және инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне сәйкес келген жағдайда Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына берiледi.
Шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату жұмыс бағдарламасы бойынша тіркелген активтер пайдалану берілген күннен бастап бес жыл мерзімге ұсынылады.
Кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ жұмыс бағдарламасы бойынша тiркелген активтер пайдалануға енгiзілген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
Жұмыс бағдарламасы өндiрiс пайдалануға берiлгенге дейiн инвестициялық жобаны iске асыру жөнiндегi жұмыстардың күнтiзбелiк кестесiн айқындайтын, инвестициялық келiсiмшартқа қосымшаны білдіреді.
Егер жұмыс бағдарламасында екi және одан көп тiркелген активтердi пайдалануға енгiзу көзделетiн жағдайда, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiн, шикiзатты және (немесе) материалдарды әкелуге кеден бажын төлеуден босату мерзiмiн есептеу жұмыс бағдарламасы бойынша бiрiншi тiркелген актив пайдалануға енгiзiлген күннен бастап жүргiзiледi.
Осы тармақтың күші арнайы инвестициялық жоба үшін инвестициялық преференциялар беру шарттарына қолданылмайды.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешiм туралы хабарламаны инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган бес жұмыс күнi iшiнде кеден органына жiбередi.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Арнайы инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде кедендік әкелу баждарын салудан босату:
1) арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларға он бес жыл, бірақ арнайы экономикалық аймақтардың әрекет ету мерзімінен аспайтын мерзімге;
2) еркін қоймалар иелеріне, арнайы инвестициялық келісімшарт тіркелген кезден бастап он бес жылдан аспайтын мерзімге;
3) моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына арнайы инвестициялық келісімшарт тіркелген кезден бастап он бес жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
288-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар
1. Мемлекеттiк заттай гранттар Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны iске асыру үшiн уақытша өтеусiз пайдалануға берiле отырып, не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз берiлетін мүлiкті білдіреді.
2. Мемлекеттiк заттай гранттарды осы Кодексте белгiленген тәртiппен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органмен және (немесе) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу бойынша, инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестициялық мiндеттемелер орындалған жағдайда уақытша өтеусiз пайдалануға не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсына отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз бередi.
Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның шешiмi ұсынылған мемлекеттiк заттай грантты меншiкке немесе жер пайдалануға өтеусiз беру үшiн негiз болып табылады, бұл инвестор мен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган арасында жасалған инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестор инвестициялық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткеннен кейiн қабылданады.
3. Мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автокөлiктi қоспағанда), өндiрiстiк және шаруашылық құрал-саймандар берiлуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.