2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мынадай:
1) аса ауыр ауыр қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу;
2) террористік немесе экстремистік қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу;
3) жаппай тәртіпсіздік барысында қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу;
4) қылмыстық топ құрамында қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу;
5) есірткі, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және сол тектестердің заңсыз айналымына байланысты, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, сондай-ақ адам өліміне алып келген қасақана қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде;
6) жердің шалғайлығы немесе тиісті қатынас жолдарының жоқтығы салдарынан, сондай-ақ төтенше жағдай немесе төтенше ахуал жағдайларында адамды тергеу судьясына уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол берілетін жағдайларды қоспағанда, адам қылмыс жасады деген күдік бойынша - қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алынуы мүмкін.
132-бап. Ұстап алынған адамның жеке басын тiнту
Ұстап алуды жүзеге асыратын адам ұстап алынған адамда қару не қару ретінде пайдаланылуы мүмкін немесе қолдануға тыйым салынған нәрселер және дәлелдеуде пайдаланылуы мүмкін өзге де нәрселер бар не ол өзiнiң қылмыстық құқық бұзушылық жасағандығын әшкерелейтін дәлелдемелерден құтылуға әрекет жасайды деп пайымдауға негіз болған жағдайларда немесе өзге де қажеттi жағдайларда осы Кодекстiң 255-бабында көзделген қағидаларды сақтай отырып, ұстап алынған адамның жеке басына дереу тiнту жүргiзуге құқылы.
133-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамды босату негiздерi
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адам, егер:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік расталмаса;
2) ұстап алынған адамға күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын не қамаққа алу не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жазаны қолдануға негiздер болмаса;
3) ұстап алу осы Кодекстiң 131-бабының талаптарын елеулі түрде бұза отырып жүргiзiлген болса;
4) ұстап алу үшін заңды негіздер болмаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырып жатқан адамның немесе прокурордың қаулысы бойынша босатылуға жатады.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер нақты ұстап алынған кезден бастап - қырық сегіз сағат ішінде, ал кәмелетке толмағандарға қатысты жиырма төрт сағат ішінде ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығына күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы сот қаулысы келiп түспесе, ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығы, осы Кодекстің 131-бабы төртінші бөлігінің 1) - 6) тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны өзiнiң қаулысымен дереу босатады және бұл туралы іс жүргізуінде іс жатқан адамды және прокурорды хабардар етеді.
Осы Кодекстің 131-бабы төртінші бөлігінің 1) - 6) тармақтарында көзделген жағдайларда, егер ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығына нақты ұстап алынған кезден бастап жетпіс екі сағат ішінде күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы сот қаулысы келіп түспесе, ол осы адамды өзінің қаулысымен дереу босатады және бұл туралы іс жүргізуінде іс жатқан адамды және прокурорды хабардар етеді.
3. Осы баптың екінші бөлiгiнiң талаптары орындалмаған кезде ұстап алынған адамды ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы заңда белгiленген жауаптылықта болады.
4. Ұстап алынған адам босатылған кезде оған оны кiмнің ұстап алғаны, ұстап алудың, жеткізудің негiздерi, орны мен уақыты, босатудың негiздерi мен уақыты көрсетiлген анықтама берiледi.
5. Осы баптың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларда, заңсыз ұстап алу барысында не одан кейін ұстап алынған адамның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттері нәтижесінде алынған деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деректер деп танылады.
134-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандарды күзетпен ұстау тәртiбi
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған әскери қызметшiлер мен жазасын бас бостандығынан айыру түрiнде өтеп жүрген адамдар да тиiсiнше гауптвахталарда және қылмыстық-атқару жүйесiнiң бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны орындайтын мекемелерiнде ұсталуы мүмкiн. Осы Кодекстiң 61-бабы екінші бөлігінің 9) тармағында және үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар анықтау органының бастығы айқындайтын арнайы бейiмделген үй-жайларда ұсталады. Төтенше жағдай режимі жағдайларында қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар жергілікті жердің коменданты айқындаған, осы мақсаттарға бейімделген үй-жайларда ұсталуы мүмкін. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамдарды күзетпен ұстаудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
135-бап. Күдіктінің туыстарына оның ұстап алынғаны туралы хабарлау
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ұстап алынған күдіктінің отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң қайсыбiрiне, ал олар болмаған кезде - басқа туыстарына немесе жақын адамдарына оның ұстап алынғаны және ұсталып отырған жері туралы кейінге қалдырмай хабарлауға немесе күдіктінің өзiне мұндай хабарлау мүмкiндiгiн беруге мiндеттi. Шетелдіктің ұстап алынғаны туралы сол мемлекеттiң елшiлiгi, консулдығы немесе өзге де өкiлдiгi дереу хабардар етілуге, ал ол мүмкін болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі мен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірлескен бұйрығымен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы да жиырма төрт сағат ішінде хабардар етiлуге тиiс.
18-тарау. БҰЛТАРТПАУ ШАРАЛАРЫ
136-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану үшiн негiздер
1. Күдікті, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынып жүр не iстi объективтi тергеп-тексеруге немесе сотта талқылауға кедергі келтіреді не қылмыстық әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, сондай-ақ қылмыстық процестi жүргізетін орган үкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн өз өкiлеттiктерi шегiнде осы адамдарға осы Кодекстiң 137-бабында көзделген бұлтартпау шараларының бiрiн қолдануға құқылы.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау кезінде, егер қатаңдығы неғұрлым жеңіл бұлтартпау шарасы болса, мұндай шараны қолдану мүмкіндігін қарау қажет.
2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 (екінші бөлігінің 15) тармағында), 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстарды жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын адамдарға жасалған қылмыстың бір ғана ауырлығы уәжімен бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылуы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217, 218, 231, 234, 248 және 249-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардан басқа, экономикалық қызмет саласында қылмыстар жасады деп күдік келтіріліп, айыпталып жатқан адамдарға, осы Кодекстің 147-бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылмайды.
137-бап. Бұлтартпау шаралары және қосымша шектеулер
1. Мыналар:
1) ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат;
2) жеке кепiлгерлік;
3) әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беру;
4) кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру;
5) кепiл;
6) үйқамақ;
7) күзетпен ұстау бұлтарпау шаралары болып табылады.
2. Әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беруді және күзетпен ұстауды қоспағанда, қажет болған кезде бұлтартпау шарасы қолданылған адамға қатысты электрондық бақылау құралдары қолданылуы мүмкін.
Бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулыда электрондық бақылау құралдарын қолдану және күдіктіге, айыпталушыға олардың мақсатын түсіндіру туралы белгі жасалады.
3. Электрондық бақылау құралдарын қолдануға оларды айналасындағылардың байқауынан жасыру шаралары қолданылған жағдайда жол беріледі, ол күдіктінің, айыпталушының баратын жерлері және олардың жүріп-тұратын жолдары, сондай-ақ жасы, денсаулығының жай-күйі, отбасы жағдайы мен өмір салты ескеріліп жүзеге асырылуға тиіс.
4. Электрондық бақылау құралдарын қолдану тәртібін, шарттары мен негіздерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
138-бап. Бұлтартпау шарасын таңдау және қосымша шектеулер белгілеу кезiнде ескерiлетiн мән-жайлар
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бұлтарпау шарасын және оның дәл қайсысын қолдану қажеттілігі туралы мәселені шешкен кезде осы Кодекстің 136-бабында көрсетілген негіздерден басқа, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қосымша шектеулерді белгілеген кезде сондай-ақ мыналар:
1) жасалған қылмыстың ауырлығы;
2) күдіктінің, айыпталушының жеке басы, оның жасы;
3) денсаулық жағдайы;
4) отбасы жағдайы, отбасында асырауындағы адамдардың бар-жоғы;
5) күдіктінің, айыпталушының әлеуметтік байланысының орнықтылығы;
6) күдіктінің, айыпталушының беделі;
7) айналысатын ісі;
8) күдіктінің, айыпталушының тұрақты жұмыс орнының немесе оқуының бар-жоғы;
9) мүліктік жағдайы;
10) тұрақты тұрғылықты жерінің бар-жоғы және басқа да мән-жайлар ескерілуге тиіс.
2. Осы Кодекстің 136-бабында санамаланған негіздер болмаған кезде, жасалған қылмыстың ауырлығы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін жалғыз негіз бола алмайды.
139-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін бұлтартпау шарасын қолдану
1. Осы Кодекстiң 136-бабында көзделген негiздер болған айрықша жағдайларда және осы Кодекстің 138-бабында көрсетiлген мән-жайлар ескерiле отырып, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін күдіктiге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкiн. Бұл ретте күдіктiнің іс-әрекетін саралау туралы қаулы - бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 173, 179, 181, 184, 255 - 268 және 272-баптарында көзделген қылмыстардың ең болмағанда біреуі жасалған жағдайларда - отыз тәуліктен кешiктiрiлмей, ал егер күдiктi ұстап алынып, содан кейiн күзетпен қамалған болса, ұстап алынған кезден бастап дәл сондай мерзiмде жариялануға тиiс. Егер осы мерзiмде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылмаса және жарияланбаса, бұлтартпау шарасының күші дереу жойылады.
2. Күдіктіге оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы жарияланған кезде оған бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды қолдану туралы мәселені сот осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен қайтадан қарайды. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін жиырма төрт сағат ішінде күзетпен ұстау орнының бастығына соттың күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы қаулысы келіп түспесе, күзетпен ұстау орнының бастығы ол туралы іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органды немесе адамды, сондай-ақ прокурорды хабардар етуге міндетті. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталған бойда бұлтартпау шарасының күшін жою немесе айыпталушыны күзетпен ұстауды соттың санкциялағаны туралы тиісті шешімдер келіп түспесе, күзетпен ұстау орнының бастығы оны өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағаттың ішінде іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға және прокурорға жібереді.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнің талаптары орындалмаған кезде күзетпен ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы заңда белгiленген жауаптылықта болады.
140-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану тәртiбi
1. Күдіктіге, айыпталушыға бiр мезгiлде екi және одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарады, онда адамға күдік келтіріліп, ол айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көрсету және осы бұлтартпау шарасын қолданудың негіздері қамтылады. Қаулының көшірмесі өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға табыс етіледі және сонымен бiр мезгiлде оған осы Кодексте көзделген, бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешiмге шағым жасау тәртiбi түсiндiрiледi.
Осы Кодекстің 139-бабында көзделген жағдайлардан басқа, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін ғана қолданылады.
3. Күзетпен ұстауға байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданған кезде күдіктінің, айыпталушының, сотталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету үшін оларға:
1) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға не сотқа олар белгілеген уақытта келу;
2) қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен кетпеу;
3) қылмыстық процесті жүргізетін адамды, прокурорды тұрғылықты жерінің, жұмыс орнының өзгергені туралы хабардар ету;
4) белгілі бір адамдармен араласпау және белгілі бір жерлерге бармау;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емделу курсынан өту;
6) электрондық бақылау құралдарын тағып жүру міндеттерінің бірі немесе бірнешеуі жүктелуі мүмкін.
4. Күдікті, айыпталушы осы Кодекстiң 141, 142, 143, 144, 145 және 146-баптарында көзделген шараларды бұзатын іс-әрекеттердi жасаған жағдайда оларға неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылады, ол туралы күдіктіге, айыпталушыға тиiстi қаулының көшiрмесiн табыс ету кезiнде жариялануға тиiс. Осы Кодекстің 156, 165-баптарында көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын бұзған жағдайда, күдіктіге, айыпталушыға бұлтартпау шарасы таңдалады.
141-бап. Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат
Ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қылмыстық процесті жүргізетін органның күдіктіден, айыпталушыдан анықтаушының, тергеушінің немесе соттың рұқсатынсыз тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жерінен (елді мекеннен) кетпеуі, істі тергеп-тексеруге және сотта талқылауға кедергі келтірмеуі, қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша белгіленген мерзімде келуі жөнінде жазбаша міндеттеме алуынан тұрады.
142-бап. Жеке кепiлгерлік
1. Жеке кепiлгерлік күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын және олардың қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуін сенiмге лайық адамдардың өз жауапкершілігіне алатыны туралы жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады. Кепiлгерлердің саны екеуден кем болмайды.
2. Бұлтартпау шарасы ретiнде жеке кепiлгерлікті таңдауға кепiлгердің жазбаша өтiнiшхаты бойынша және өзіне қатысты кепiлгерлік берiліп отырған адамның келiсуiмен ғана жол берiледi.
3. Кепiлгер жеке кепілгерлік туралы қолхат береді, онда ол өзi кепiлгер болып отырған адамға қатысты күдіктің мәні, күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы қолданылған әрекеттерді жасаған жағдайда кепілгердің өзіне ақшалай өндіріп алуды қолданудан тұратын жауапкершілігі түсіндірілгендігін растайды.
4. Кепiлгер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде кепiлгерліктен бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда, бас тартылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде күдіктіге, айыпталушыға қатысты осы Кодекстің 136-бабы бірінші бөлігінің талаптары ескеріле отырып, өзге бұлтартпау шарасы таңдалуға тиіс.
5. Күдікті, айыпталушы алдын алу үшiн жеке кепiлгерлік қолданылған әрекеттердi жасаған жағдайда, сот әрбiр кепiлгерге осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкiн.
143-бап. Әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауы
1. Әскери бөлім қолбасшылығының әскери қызметшiлер немесе оқу жиынына шақырылған әскери мiндеттiлер болып табылатын күдіктілерді, айыпталушыларды байқауда ұстауы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жарғыларында көзделген және осы адамның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ете алатын шараларды қолданудан тұрады.
2. Әскери бөлiмнің қолбасшылығына осы бұлтартпау шарасы таңдалған күдіктің мәнi туралы хабарланады. Әскери бөлiмнің басшылығы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға байқауда ұстаудың орнатылғаны туралы жазбаша хабарлайды.
3. Күдікті, айыпталушы алдын алу үшін осы бұлтартпау шарасы таңдалған әрекеттердi жасаған жағдайда, әскери бөлiмнің қолбасшылығы ол туралы осы бұлтартпау шарасын таңдаған органға дереу хабарлауға мiндеттi.
4. Өздерiне жүктелген байқауда ұстау жөнiндегi мiндеттердiң орындалмауына кiнәлi адамдар заңнамада көзделген тәртiптiк жауаптылықта болады.
5. Осы бұлтартпау шарасы қолданылған кезеңде күдіктіні, айыпталушыны жауынгерлік кезекшілікке, жауынгерлік немесе қарауыл қызметін, гарнизон нарядының немесе бөлімнің (бөлімшенің) тәуліктік нарядының құрамында қызмет атқаруға тартуға жол берілмейді.
144-бап. Кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру
1. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының немесе басқа да сенiмге лайық адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкiмшiлiгiнiң қарауда ұстауына беру көрсетілген адамдардың қайсыбiрiнiң өзіне кәмелетке толмағанның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ету, оның ішінде оның үйден тыс жерде болуын шектеу және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз басқа жерге баруына жол бермеу жөнінде жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
2. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының және басқа да тұлғалардың қарауда ұстауына беру олардың жазбаша өтiнiшхаты бойынша ғана мүмкiн болады.
3. Қарауда ұстауға қабылдау туралы қолхат алынған кезде ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкімшілігінің өкiлдерi кәмелетке толмаған адам жасады деп күдік келтірілген қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты туралы және олардың қарауда ұстау бойынша өздерiне қабылдаған мiндеттерiн бұзған жағдайдағы жауаптылығы туралы хабардар етiледi.
4. Қарауына кәмелетке толмаған адам берiлген тұлғалар өздері қабылдаған мiндеттемелерді орындамаған жағдайда, оларға осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
145-бап. Кепiл
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік өзгертілді
1. Кепiл сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адамның, прокурордың немесе соттың шақыруы бойынша оларға күдiктiнiң, айыпталушының келуi жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ олардың жаңа қасақана қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында сот депозитiне күдiктiнiң, айыпталушының өзiнiң не басқа адамның ақша енгiзуiнен тұрады. Тыйым салынатын басқа да құндылықтар, жылжитын және жылжымайтын мүлiк кепiл ретiнде қабылдануы мүмкiн. Кепiлдiң құндылығын және ауыртпалықтың жоқ екендiгiн дәлелдеу кепiлгерге жүктеледi. Осы Кодекстің 148-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген жағдайларда кепiл қолданылмайды.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кепiл тергеу судьясының санкциясымен не соттың қаулысы бойынша ғана қолданылады.
Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдау кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 140-бабына сәйкес сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады және оны сотқа жібереді. Қаулыға өтінішхаттың негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Кепілдің мөлшері күдіктің ауырлығы, күдіктінің, айыпталушының жеке басы, қылмыстық іс-әрекеттің сипаты, кепіл берушінің мүліктік жағдайы ескеріле отырып айқындалады және: онша ауыр емес қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде - айлық есептік көрсеткіштің отыз еселенген мөлшерінен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің бір жүз жиырма еселенген мөлшерінен көп; ауырлығы орташа қылмысты абайсызда жасады деп күдік келтірілген кезде - айлық есептік көрсеткіштің бір жүз жиырма еселенген мөлшерінен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшерінен көп; ауырлығы орташа қылмысты қасақана жасады деп күдік келтірген кезде - айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшерінен кем, бірақ айлық есептік көрсеткіштің үш жүз елу еселенген мөлшерінен көп; ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде - айлық есептік көрсеткіштің үш жүз елу еселенген мөлшерінен кем, аса ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінен кем бола алмайды.
Кепіл ретінде кепіл берушінің келісімімен құны қылмыстың тиісті санаты бойынша кепілдің ең жоғары мөлшерінен асатын өзге де мүлік берілуі мүмкін.
Айрықша жағдайларда кепіл мөлшері мыналарға:
1) асырауында кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, мүгедек туыстары бар, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы болып табылатын адамдарға;
2) 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын, сондай-ақ бюджет есебінен әртүрлі әлеуметтік көмек түрлерін алатын адамдарға;
4) кәмелетке толмағандар мен зейнеткерлік жастағы адамдарға қатысты төменгі мөлшерден аз мөлшерде қолданылуы мүмкін не осы сомаға баламалы өзге де мүлік қабылдануы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Күзетпен ұсталмайтын күдікті, айыпталушы, сотталушы не басқа тұлға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, қолданылған күннен бастап бес тәуліктен кешіктірмей тиісті шотқа қаражат салуға және растайтын құжатты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, сотқа ұсынуға міндетті.
Тергеу судьясының кепіл енгізу туралы қаулысы орындалмаған жағдайда, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұлтартпау шарасын өзгерту туралы мәселеге бастамашылық жасайды.
5. Кепіл ретінде басқа да құндылықтар, жылжитын немесе жылжымайтын мүлік берілген кезде кепіл беруші сол мерзімде оларды құқық белгілейтін құжаттарымен бірге қылмыстық процесті жүргізетін органға беруге міндетті.
Осы Кодекстің 128-бабында көзделген тәртіппен ұсталған күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда, кепіл іс жүзінде енгізілгенге дейін тергеу судьясы осы Кодекстің 148-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады.
Бұрын таңдалған күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы кепілмен ауыстырылған жағдайда, күдікті, айыпталушы кепіл іс жүзінде енгізілгеннен кейін ғана күзетілуден босатылады. Егер бұл кезге қарай осы Кодексте көзделген күзетпен ұстау мерзімдері біткен болса, онда олар кепіл енгізілгенге дейін ұзартылады.
6. Кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кезде күдіктіге, айыпталушыға - олардың міндеттері және оларды орындамаудың салдары, ал айыпталушы, күдікті болып табылмайтын кепіл берушіге - адамның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні, айыпталатыны, жасалған іс-әрекет үшін заңда көзделген жаза, күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер және олардың шақыру бойынша келуі, сондай-ақ осы міндеттерді орындамаудың салдары түсіндіріледі.