426-бап. Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласының қағидаларын бұзу
1. Дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы тiркеу және қайта тiркеу, өндiру, дайындау және сапасын бақылау, сынау (зерттеу), әкелу, сатып алу, тасымалдау, сақтау, таңбалау, өткiзу, қолдану (пайдалану), қамтамасыз ету, жою, жарнамалау қағидаларын бұзу, егер бұл адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқпаса, -
жеке тұлғаларға - жетпіс, лауазымды адамдарға - бір жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Тiркелмеген, қолдануға рұқсат етiлмеген дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндiру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткiзу, қолдану (пайдалану), жарнамалау, егер бұлар адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқпаса, -
қызметтi тоқтата тұрып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысаналары болып табылатын дәрілік және оларға теңестірілген заттар, емдеу-профилактикалық тағам өнімдері мен тағамдық қоспалар, сондай-ақ косметикалық заттар және әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстер тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға - бір жүз, лауазымды адамдарға - бір жүз елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - бір мың бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соққан іс-әрекеттер, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -
әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысаналары болып табылатын дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника, емдеу-профилактикалық тағам өнімдері мен тағамдық қоспалар, сондай-ақ косметикалық заттар және әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстер тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға - екі жүз, лауазымды адамдарға - үш жүз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, сондай-ақ олардың қызметіне тыйым салуға әкеп соғады.
427-бап. Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу
1. Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу -
заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұрып, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
заңды тұлға қызметіне тыйым салына отырып, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз жетпіс бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
428-бап. Денсаулық сақтау саласындағы анық емес жарнама
Тиісті қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ жарнама берушінің медициналық қызметтер көрсету, профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдістері мен құралдарының жарнамасын, сондай-ақ тағамға биологиялық активті қоспаларды мемлекеттік тіркеусіз олардың жарнамасын таратуы, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, -
жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға - жиырма бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
429-бап. АИТВ инфекциясын жұқтырғандармен, ЖИТС-пен, соз ауруларымен, туберкулезбен ауыратындармен қатынаста болып жүрген адамдардың, сондай-ақ дәрiгердiң тағайындауынсыз есiрткi немесе психотроптық заттарды тұтынушы адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден жалтаруы
1. Денсаулық сақтау мекемесiнiң жазбаша жасаған ескертуiнен кейiн де АИТВ инфекциясын жұқтырғандармен, ЖИТС-пен, соз ауруларымен, туберкулезбен ауыратындармен қатынаста болып жүрген адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден одан әрі жалтаруы -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған не дәрiгердiң тағайындауынсыз есiрткi заттарын немесе психотроптық заттарды пайдаланып жүргенi туралы жеткiлiктi деректер бар адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден жалтаруы -
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
430-бап. Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың емделуден жалтаруы
1. Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемесiнiң жазбаша жасаған ескертуiнен кейiн де олармен қатынаста болған және профилактикалық емдеудi қажет ететiн адамдардың дәрiлік заттарды қабылдаудан бас тартуы және емделуден өзге де жалтаруы -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын кәмелетке толмаған балаларын емдетуден жалтаруы -
жеке тұлғаларға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
431-бап. Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың жұқтыру көзiн және өздерiмен қатынаста болған адамдарды жасыруы
Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың жұқтыру көзiн және осы ауруларды басқа адамдарға жұқтыру қаупiн туғызатын өздерiмен қатынаста болған адамдарды жасыруы -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
432-бап. Медициналық, фармацевтикалық қызметпен айналысуға рұқсат беру құжаттарын алу кезiнде көрiнеу жалған мәлiметтер мен ақпарат беру
1. Медициналық, фармацевтикалық қызметпен айналысуға рұқсат беру құжаттарын алу кезiнде көрiнеу жалған мәлiметтер мен ақпарат, оның iшiнде құжаттарды бұрмалау жолымен беру, егер бұл iс-әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, -
жеке тұлғаларға - он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - жиырма, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол іс-әрекет -
жеке тұлғаларға - жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
433-бап. Денсаулық сақтау субъектілерінің уәкілетті органдарға хабарлау жөніндегі міндеттерді бұзуы
1. Денсаулық сақтау субъектілерінің инфекциялық аурулар, улану, айналадағылар үшін қауiп төндіретін, психиканың және мiнез-құлықтың бұзылу (аурулар) жағдайлары туралы - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға, төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдарларының туындау қатерi және (немесе) туындауы туралы - төтенше жағдайлар жөнiндегi органдарға, жаңа алған жарақаттар, жаралар, криминалдық түсіктер бойынша келіп көрінген адамдар туралы, айналадағылар үшін қауiп төндіретін аурулардың жағдайлары туралы iшкi iстер органдарына хабарлау жөніндегі міндеттерді бұзуы -
жеке тұлғаларға - бес, лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет (әрекетсіздік) -
жеке тұлғаларға - сертификаттан айыра отырып, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, лауазымды адамдарға - жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
25-тарау. Қоғамдық тәртiпке және имандылыққа қол сұғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар
434-бап. Ұсақ бұзақылық
1. Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер -
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер -
он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, осы Кодекстiң 50-бабының екіншi бөлiгiне сәйкес әкiмшiлiк қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер -
жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
435-бап. Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 293-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген, он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмаған адам жасаған ұсақ бұзақылық немесе бұзақылық -
ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
436-бап. Елдi мекендерде атыс қаруынан, газды, пневматикалық қарудан оқ ату, пиротехникалық заттар мен оларды қолданып жасалған бұйымдарды ұшыру
1. Елдi мекендерде және бұл үшiн бөлiнбеген орындарда атыс қаруынан, газды (өзін-өзі қорғау жағдайларын қоспағанда), пневматикалық қарудан оқ ату -
қару тәркiлене отырып немесе онсыз, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жеке тұлғалардың тыныштығын, белгiленген тәртiптi бұзатын және iрi материалдық залал келтiруге әкеп соқпаған, елдi мекендерде және бұл үшiн бөлiнбеген орындарда арнайы және қолдан жасалған пиротехникалық құрылғыларды жару -
пиротехникалық құралдар мен құрылғылар тәркiлене отырып, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер -
пиротехникалық құрылғылар тәркiлене отырып, ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасауға немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған, сол сияқты осы Кодекстiң 437-бабында көзделген құқық бұзушылық үшiн бiр жыл iшiнде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адам жасаған әрекеттер -
әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған зат тәркілене отырып, он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
437-бап. Тыныштықты бұзу
1. Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзу, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлiкпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргiзу -
жеке тұлғаларға - бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет -
жеке тұлғаларға - он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тоқсан айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
438-бап. Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру
1. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарын, полицияны, медициналық жедел жәрдемдi, авариялық қызметтердi көрiнеу жалған шақыру -
жеке тұлғаларға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған не аварияларды, өрттердi, дүлей зілзала салдарын жою кезеңiнде жасалған әрекеттер -
жеке тұлғаларға алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер -
ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасауға немесе он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
439-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат хабарлау -
жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
440-бап. Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу
1. Жергiлiктi атқарушы орган алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға рұқсат еткен сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келу -
бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жасы он сегізге толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі -
ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған әрекеттер -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе оларға масаң күйде келгені үшін әкімшілік жазаға бір жыл ішінде екі рет тартылған адам жасаған әрекеттер -
бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының үшінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер -
он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
441-бап. Жекелеген қоғамдық орындарда темекi шегуге тыйым салуды бұзу
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында темекi шегуге тыйым салу белгiленген жекелеген қоғамдық орындарда темекi шегу -
жеке тұлғаларға үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет -
жеке тұлғаларға алты айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жұмыс берушiнiң темекi шегу үшiн арнайы орындар бөлудi көздейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы, сондай-ақ бұл үшiн арнайы белгiленбеген орындарда темекi шегушiлерге шаралар қолданбауы -
лауазымды адамға - он, заңды тұлғаларға қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 442-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
442-бап. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы
1. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы -
заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы -
заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер -
заңды өкілдеріне он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 443-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
443-бап. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау
1. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау -
бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) -
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
444-бап. Құмар ойындарға қатысу, тарту немесе рұқсат беру
1. Құмар ойындарға (ақшаға, затқа және өзге де құндылықтарға) бұл үшiн бөлiнбеген орындарда қатысу, сол сияқты бұған арнайы рұқсаты жоқ адамдардың спорттық және өзге де жарыстарға ставка қабылдауы -
ойын құралдары, ақша, заттар және өзге де құндылықтар тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасының жиырма бір жасқа дейінгі азаматтарын құмар ойындармен және (немесе) ақшаға, заттарға және өзге де құндылықтарға бәс тігумен айналысуға тарту және рұқсат ету -
жеке тұлғаларға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
445-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу
1. Ойын мекемелерін, тотализатордың немесе букмекер кеңсесінің кассаларын тұрғын үй қорына жатпайтын ғимараттарда орналастыру туралы талаптарды сақтамау және оларды өнеркәсіптік кәсіпорындар мен олардың кешендерінің ғимараттарында және басқа да өндірістік, коммуналдық объектілерде және қойма объектілерінде, ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), мемлекеттік органдар мен мекемелердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының, әуежайлардың, вокзалдардың ғимараттарында, қалалық және қала маңындағы қатынастағы қоғамдық көліктің барлық түрлерінің станциялары мен аялдамаларында орналастыру -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ойын автоматына технологиялық түрде салынған ұтыс пайызы жөніндегі талаптарды сақтамау -
әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістер тәркілене отырып және лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып не онсыз, жеке тұлғаларға - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Ойын бизнесін ұйымдастырушының Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен және шарттарда міндетті резервтерді қалыптастыру, орналастыруды қамтамасыз ету және оларды пайдалану жөніндегі шарттарды орындамауы -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Ойын автоматтарын немесе олардың бөліктерін қабырғаларға, терезе мен есіктің ойықтарына монтаждау -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Ойын бизнесін ұйымдастырушының заңнамада көзделмеген ойын бизнесі саласындағы қызмет түрлерін жүзеге асыруы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында онлайн-казино ұйымдастыруы және өткізуі не ақшадан басқа, өзге де мүлік түрінде ставка қабылдауды көздейтін құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді ұйымдастыруы -
ойын жабдығы, заңдастырылған белгілер, әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған ақша және өзге де кірістер тәркілене отырып, жеке тұлғаларға - бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Ойын бизнесін ұйымдастырушының ойын мекемелерінің кассалары мен ойын орындарын бейне жазу жүйелерімен жабдықтау жөніндегі талаптарды сақтамауы не жазылған ақпаратты сақтау мерзімдерін немесе тіркеу шарттарын бұзуы -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
7. Бір казинода кемінде жиырма ойын үстелін, ойын автоматтары залында кемінде елу ойын автоматын орнату жөніндегі талаптарды сақтамау -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
8. Ойын бизнесін ұйымдастырушының ойын автоматтарын Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдалануы -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
9. Жасалған ставкалардың жалпы сомасын қабылдауды, оның бірыңғай есебін жүргізуді, бәс тігуге қатысушылардың ставкаларын өңдеуді және ұтысты төлеуді аппараттық-бағдарламалық кешен мен ойын жабдығы арқылы жүзеге асыру және қамтамасыз ету жөніндегі міндетті орындамау не бәс тігуге қатысушылардың нәтижесіне өздері ставка жасаған оқиғаның дамуы мен аяқталуын қадағалауға мүмкіндік беретін ойын жабдығын орнату міндетін орындамау -
лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып не онсыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
10. Осы баптың бірінші, үшінші, төртінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы бөліктерінде көзделген әрекеттерді әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасау -
лицензиядан айыра отырып, жеке тұлғаларға - екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
11. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген әрекеттерді әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасау -
ойын жабдығы, заңдастырылған белгілер, әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған ақша және өзге де кірістер тәркілене отырып, жеке тұлғаларға - екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
12. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген әрекеттерді әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасау -
әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістер тәркілене отырып және лицензиядан айыра отырып не онсыз, жеке тұлғаларға - екі жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
446-бап. Эротикалық мазмұндағы өнiмдердi жарнамалау
Эротикалық мазмұндағы өнiмдi осы мақсаттар үшiн бөлiнбеген орындарда сату, тарату немесе жарнамалау -
эротикалық мазмұндағы өнiм тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.