8) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу;
9) мемлекеттік тапсырыс;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгілеу;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) ақпараттық құралдарды енгізу;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 10-2) тармақшамен толықтырылды
10-2) өзін-өзі реттеу ұйымына міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің өзге де нысандары мен құралдары арқылы жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 82-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
82-бап. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралдар енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердi әзірлеу және қабылдау ерекшеліктерi
1. Егер мемлекеттік органдар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа реттегіш құрал енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды жоспарлаған жағдайда, мемлекеттік органдар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
Реттегіш құралдардың енгізілуіне немесе пайдаланылуына байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша талаптар, міндеттер белгілеу немесе жүктемені өзге де ұлғайту реттеуді қатаңдату болып табылады.
2. Реттеушілік әсерді талдауға реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе реттеуді қатаңдату көзделетін, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобалары, Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының тұжырымдамалары, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің жобалары жатады.
Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құрал енгізілгенге немесе реттеу қатаңдатылғанға дейін және одан кейін реттеушілік әсерге талдау жүргізу туралы талап мыналарға:
1) авариялардың, дүлей зілзалалардың және өзге де төтенше жағдайлардың салдарын еңсеру жөніндегі мәселелерді реттеуге;
2019.18.03. № 237-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) қару-жарақ пен әскери техниканың айналымын, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымын, есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың айналымын реттеуге;
3) қаржы ұйымдарының және сақтандыру топтары мен банк конгломераттарының құрамына кіретін тұлғалардың қызметін реттеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына;
4) Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген жағдайда арнайы валюталық режимді енгізуге;
5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына;
6) тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу туралы, сондай-ақ жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда карантинді немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдауға;
7) заңды жауаптылықты енгізуге;
8) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мәселелерді реттеуге қолданылмайды.
3. Жаңа реттегіш құралды енгізу немесе реттеуді қатаңдату кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлдағаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу мақсатында құрылатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі функциялары:
1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарау;
2) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті қарау және мақұлдау;
3) сараптама топтарының ұсынымдарын қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның:
1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;
2) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдерін кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарына шақыруға және оларды кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тыңдауға;
4) мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті материалдарды сұратуға және алуға;
5) уақытша және тұрақты жұмыс істейтін сараптама топтарын құруға және олардың ережесін бекітуге құқығы бар.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының тұжырымдамаларында және Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларында реттегіш құралды енгізу немесе реттеуді қатаңдату жағдайларын қоспағанда, өңірлік маңызы бар актілердің жобаларына, сондай-ақ осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
Өңірлік маңызы бар актілер деп Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары және жергілікті өкілді және атқарушы органдар, оның ішінде тиісті аумақтың әкімі қабылдаған нормативтік құқықтық актілер түсініледі.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 83-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
83-бап. Реттеушілік әсерді талдау
1. Кейіннен мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін, енгізілетін реттегіш құралдың және онымен байланысты талаптардың пайдасы мен шығындарын салыстырудың талдамалық рәсімі реттеушілік әсерді талдау болып табылады.
Белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу немесе анық айқындалған проблемаларды шешу үшін реттеудің баламалы тәсілдерін бағалау арқылы нақты реттегіш құралдарды пайдалану бөлігінде мемлекеттік саясаттың пәрменділігі мен тиімділігін арттыру реттеушілік әсерді талдаудың мақсаты болып табылады.
2. Реттеушілік әсерді талдау реттегіш құрал енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін, оның ішінде өздеріне қатысты бұрын реттеушілік әсерді талдау жүргізілмеген қолданыстағы реттегіш құралдар бойынша жүргізіледі.
Енгізілген реттегіш құралдардың, сондай-ақ қолданыстағы реттегіш құралдардың реттеушілік әсерін талдау реттеуші мемлекеттік органдар жыл сайын бекітетін қайта қарау жоспарларына сәйкес, оның ішінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның, Ұлттық палатаның негізделген ұсыныстары ескеріліп жүзеге асырылады.
Осы Кодекстің 80-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген құжаттарға қатысты қайта қарау жоспарын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жыл сайын, оның ішінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының негізделген ұсыныстарын ескеріп бекітеді.
Қолданыстағы реттегіш құралдарды қайта қарау бойынша жоспарларды мемлекеттік органдардың орындамауы туралы ақпарат кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылады.
3. Реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері бойынша реттегіш құралды қолдану тиімділігіне қарай реттегіш құралдың күші жойылуы немесе өзгеше түрде қайта қаралуы мүмкін.
Реттегіш құралды енгізу кезінде мәлімделген, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, оның күші жойылуға жатады.
4. Реттеушілік әсерді талдауды мемлекеттік органдар осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың жобаларына қатысты, сондай-ақ кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган, Ұлттық палата және басқа да мүдделі тұлғалар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.
Бұл ретте соларға қатысты реттеушілік әсерді талдауды олардың әзірлеушілері жүргізетін өңірлік маңызы бар актілерді қоспағанда, реттеушілік әсерді талдауды реттеуші мемлекеттік органдар жүргізеді.
5. Реттеушілік әсерге талдау жүргізу жаңа реттегіш құралды енгізудің немесе реттеуді қатаңдатудың міндетті шарты болып табылады.
6. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және өңірлік маңызы бар актілердің жобаларын қоспағанда, реттеуші мемлекеттік органдардың, Ұлттық палатаның және басқа да мүдделі тұлғалардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытынды береді;
2) реттеушілік әсерді талдаудың түйіндерімен келіспеген жағдайда, реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді.
7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кәсіпкерлік саласындағы басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы:
1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және өңірлік маңызы бар актілердің жобаларын әзірлеушілердің, өңірлік палатаның және басқа да мүдделі тұлғалардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытынды береді;
2) реттеушілік әсерді талдаудың түйіндерімен келіспеген жағдайда, реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді.
Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын, ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңесші органның қарауына шығарылады, олардың мақұлдануы жаңа реттегіш құралды енгізудің немесе реттеуді қатаңдатудың міндетті шарты болып табылады.
8. Реттеушілік әсерді талдаудың және реттеушілік әсерге баламалы талдаудың нәтижелері жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.
84-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретi
1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне мыналар жатады:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа кірісті есептеу қағидаларын бекіту;
3) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту қағидаларын бекіту.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсететін міндетті қызметтердің тізбесін бекіту.
Техникалық реттеу саласында:
1) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
2) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн қалыптастыру;
3) техникалық реттеу саласындағы құқықтық реформаны қамтамасыз ету;
4) 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу саласында:
1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) аккредиттеу жөніндегі органды таңдау бойынша конкурс өткізу қағидаларын және аккредиттеу жөніндегі органға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту;
3) аккредиттеу жөніндегі органды осы бөліктің 2) тармақшасында көрсетілген қағидаларға сәйкес айқындау.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі өзіне Конституциямен, осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
85-бап. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган және оның кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретi
1. Жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.
2. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретiн кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Yкiметiн хабардар етедi;
2) уәкілетті мемлекеттік органдар әзірлейтін тәуекелдерді бағалау өлшемшарттарын, тексеру парақтарын бірлесіп бекіту арқылы мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін үйлестіруді жүзеге асырады;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) тексеру парақтарының нысандарын әзірлейді және бекітеді;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органмен бақылау және қадағалау органдарының тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды есепке алу жөніндегі ақпаратымен алмасу бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
4) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді;
5) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді;
6) жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа кірісті есептеу қағидаларын әзірлейді;
7) реттегіш құралдардың реттеушілік әсерін талдауды жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
8) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту қағидаларын әзірлейді;
9) ретеуші мемлекеттік органдарға реттеушілік әсерді талдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетеді және олардың қызметін үйлестіреді;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кәсіпкерлік саласындағы басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарының реттеушілік әсерді талдау жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы есептерін қарайды;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметін қамтамасыз етеді;
11) мемлекеттік қызметшілерді және өзге де адамдарды реттеушілік әсерді талдауды ендіру мен жүзеге асыру мәселелері бойынша оқытуды ұйымдастырады;
12) реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді;
13) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есептің жобасын әзірлейді;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды
13-1) ақпараттық құралдардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 13-2) тармақшамен толықтырылды
13-2) бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін жүргізеді;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 13-3) тармақшамен толықтырылды
13-3) бизнес жүргізудің жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
14) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асырады.
3. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
86-бап. Реттеуші мемлекеттік органдар және олардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті
1. Мыналар:
1) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
2) реттегіш құрал енгізілген немесе енгізілуі жоспарланып отырған жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар реттеуші мемлекеттік органдар болып табылады.
2. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын реттеуші мемлекеттік органдардың құзыретіне:
1) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын тиісті салада (аяда) мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 141-бабының 2 және 3-тармақтарында, 143-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін бекіту;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру;
4) мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын қарау және шешімдерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жолымен қабылдау;
5) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
3. Реттегіш құрал енгізілген немесе енгізілуі жоспарланып отырған жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын реттеуші мемлекеттік органдардың құзыретіне:
1) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы есептерді ұсыну;
2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
87-бап. Бақылау және қадағалау органдары және олардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті
1. Тексерілетін субъектілер қызметінің осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан байқауды және тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бақылау және қадағалау органдары болып табылады.
2. Бақылау және қадағалау органдарының құзыретіне:
1) тиісті салада мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 141-бабының 2 және 3-тармақтарында, 143-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін әзірлеу;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу;
4) мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүргізу;
5) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
6) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
88-бап. 2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
89-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласында:
1) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге да заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
90-бап. Жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) өз құзыреті шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін шекті бөлшек сауда бағаларын бекітуді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды;
2) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсат беру рәсімдерін, хабарламалар қабылдауды;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізуді;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-2) тармақшамен толықтырылды
2-2) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға реттеушілік әсерді талдау жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы есептер ұсынуды;
3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен Кодекс 7-1-тараумен толықтырылды
7-1-тарау. Монополияға қарсы орган және оның өкілеттіктері
90-1-бап. Монополияға қарсы органның жүйесі
1. Монополияға қарсы органның біртұтас жүйесін орталық атқарушы орган, оның ведомствосы және оған бағынысты аумақтық бөлімшелер құрайды.
2. Аумақтық бөлімшелер өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктері және орталық атқарушы орган бекіткен ереже шегінде жүзеге асырады.
90-2-бап. Монополияға қарсы органның міндеттері
Монополияға қарсы органның міндеттері:
1) адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;
2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру, жолын кесу;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) экономикалық шоғырлануды реттеу;
4) бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру болып табылады.
90-3-бап. Монополияға қарсы органның ведомствосына басшылық
Монополияға қарсы органның ведомствосына басшылықты ведомствоның бірінші басшысы жүзеге асырады.
90-4-бап. Монополияға қарсы органның басқа мемлекеттердiң монополияға қарсы органдарымен өзара iс-қимылы
1. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберiнде монополияға қарсы орган халықаралық шарттарға сәйкес, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес хабарламалар, ақпарат беру туралы сұрау салулар жіберу, консультациялар жүргiзу, тергеп-тексерулер туралы хабардар ету арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттердiң монополияға қарсы органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
2. Монополияға қарсы орган халықаралық ұйымдарға қатысу шеңберінде өзге мемлекеттердің монополияға қарсы органдарына сұрау салулар жіберуге және олардың сұрау салулары бойынша ақпарат беруге құқылы.
90-5-бап. Монополияға қарсы және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы
1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) құқық қорғау органдарына бәсекелестікті қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың анықталған фактілері туралы хабарлайды;
2) құқық қорғау органдарының сұрау салуы бойынша тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы талдамалық ақпаратты береді;
3) құқық қорғау органдарының сұрау салулары бойынша өз құзыреті шегінде сараптамалар жүргізеді және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының мәселелері бойынша қорытындылар береді;
4) құқық қорғау органдарының, олардың аумақтық бөлімшелерінің қаулылары мен сұрау салулары бойынша өз қызметкерлерін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру жөніндегі процестік әрекеттер мен іс-шараларға қатысу үшін сарапшылар ретінде жібереді.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары өз өкілеттіктері шегінде монополияға қарсы органмен өзара іс-қимылды мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын анықталған құқық бұзушылықтар туралы хабарлайды;
2) монополияға қарсы органның сұрау салулары мен өтініштері бойынша:
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру жөніндегі бірлескен іс-шараларды өткізу, сондай-ақ монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу үшін қызметкерлерін жібереді;
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылардың тұрған жерін анықтау және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органның жазбаша сұрау салуларына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін оларды монополияға қарсы органға жеткізу жөнінде шаралар қолданады;