6) қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органымен келісу бойынша жобалар мен бағдарламаларды іске асыру;
7) жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қамтамасыз етілуіне, оларды ұстау жағдайлары, медициналық-санитариялық қамтамасыз ету, еңбегін, оқуын және бос уақытын ұйымдастыру бөлігіндегі қоғамдық мониторингтің нәтижелері туралы жұртшылыққа хабар беру.
2. Қоғамдық байқау комиссиясының жазаны орындайтын мекемелер мен органдарға баруын құрамында кемінде екі мүшесі бар топтар жүзеге асырады.
Қоғамдық байқау комиссиясы кемінде бір тәулік бұрын жазаны орындайтын мекеменің немесе органның бастығын жоспарланып отырған бару туралы хабардар етуге міндетті.
3. Қоғамдық байқау комиссиясы мүшелерінің жазаны орындайтын мекемеге және органға барған кездегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету олардың әкімшілігіне жүктеледі.
Қоғамдық байқау комиссиясы мүшесінің сотталған адаммен оңаша әңгімелескен кезде өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бас тартуы жазбаша ресімделеді.
4. Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелері барған кезде адамның жеке өмірі туралы өздеріне мәлім болған мәліметтерді оның келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
Көрсетілген талапты бұзу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
5. Жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне қоғамдық байқау комиссиясы мүшелерінің араласуына жол берілмейді.
6. Жазаны орындайтын мекемеде немесе органда ерекше жағдайлар режимі енгізілген кезеңде қоғамдық байқау комиссиясының оларға бару жөніндегі өкілеттіктері тоқтатыла тұрады.
9-тарау. ҰЛТТЫҚ АЛДЫН АЛУ ТЕТIГI
39-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi
1. Ұлттық алдын алу тетiгi ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу жүйесі түрінде қолданылады.
2. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары өз қызметі шеңберінде жазаны орындайтын мекемелер мен органдарға барады.
3. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқау комиссияларының және қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары болып табылады.
4. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметін үйлестіреді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
5. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
40-бап. Үйлестіру кеңесі
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлді қоспағанда, Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл құратын комиссия Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан сайлайды.
2. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл:
1) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;
2) ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларын іріктеу тәртібін;
3) алдын ала бару үшін ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларынан топтар құру тәртібін;
4) алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;
5) алдын ала бару қорытындылары бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау тәртібін бекітеді.
3. Үйлестіру кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Азаптауға қарсы комитетінің азаптаудың және басқа да қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитетімен өзара іс-қимыл жасайды.
41-бап. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына қойылатын талаптар
1. Мыналар:
1) заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікті немесе айыпталушы;
3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
5) психиатрда және (немесе) наркологта есепте тұрған адамдар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9) - 12) тармақтары және 36-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған, терiс себептер бойынша мемлекеттiк немесе әскери қызметтен, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттiк органдардан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған, адвокаттық қызметпен айналысуға берiлген лицензиядан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары бола алмайды.
42-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының құқықтары
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушысы:
1) алдын ала баруға жататын, жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандардың саны, осындай мекемелердiң саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;
2) алдын ала баруға жататын, жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алуға;
3) құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен алдын ала баруды жүзеге асыруға;
4) алдын ала болуға жататын, жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының пiкiрi бойынша тиiстi ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесу жүргізуге;
5) алдын ала баруға жататын, жазаны орындайтын мекемелер мен органдарды кедергісіз таңдауға және соларға баруға;
6) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы хабарлар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы заңды қызметін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып табылады.
43-бап. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының міндеттері
1. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары өз өкілеттіктерін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
2. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала баруға жататын, жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.
3. Алдын ала бару жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының бейтараптығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде, ол алдын ала баруға қатысудан бас тартуға міндетті.
4. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы қабылданатын хабарлар мен шағымдарды Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл айқындайтын тәртіппен тіркеуге міндетті.
Қабылданған хабарлар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің қарауына беріледі.
Қабылданған және берілген хабарлар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала бару нәтижелері жөніндегі есепке енгізіледі.
5. Осы Кодекстің ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары заңда белгіленген жауаптылықта болады.
44-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктерін тоқтату
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктері:
1) осы Кодекстің ережелері бұзылған;
2) өз өкілеттіктерін доғару туралы жазбаша өтініш берілген;
3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) заңда көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
45-бап. Алдын ала барудың түрлері мен кезеңділігі
1. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала баруы былайша бөлінеді:
1) төрт жылда кемінде бір рет тұрақты негізде жүргізілетін кезеңдік алдын ала бару;
2) алдыңғы кезеңдік алдын ала бару нәтижелері бойынша ұсынымдардың іске асырылуына мониторинг жүргізу, сондай-ақ алдын ала баруға жататын, жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың әкімшіліктері тарапынан ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары әңгімелесу жүргізген сотталғандарды қудалаудың алдын алу мақсатында, кезеңдік алдын ала бару аралығындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала бару;
3) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы келіп түскен хабарлардың негізінде жүргізілетін арнаулы алдын ала бару.
2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала бару мерзімдері мен алдын ала баруға жататын мекемелердің тізбесін айқындайды.
46-бап. Алдын ала бару тәртібі
1. Алдын ала баруды Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құратын топтар жүргізеді.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының ешқайсысын алдын ала бару үшін топтарды құру кезінде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітушілікке ұшыратуға болмайды.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала баруға жататын, жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда, алдын ала баруға жататын, жазаны орындайтын мекемелер мен органдар әкімшілігінің басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жазбаша хабар береді.
4. Әрбір алдын ала барудың нәтижелері бойынша топтың атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысан бойынша жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала баруды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша түрде ресімдейді және есепке қоса береді.
47-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы
1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала бару нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына:
1) уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала баруға жататын, жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандармен қарым-қатынас жағдайларын жақсартудың және азаптау мен қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөнінде ұсынымдар;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар да енгізіледі.
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала бару жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырылады.
48-бап. Құпиялылық
Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары алдын ала бару барысында өздеріне мәлім болған сотталған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз жариялауға құқылы емес.
Көрсетілген талапты бұзу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
49-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына олардың заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптау мен қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнің қолданылу фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеуге құқылы емес.
Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамаcын алған күннен бастап үш ай ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда хабар береді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару нәтижелері бойынша есептері негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді қозғау не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар.
ЕРЕКШЕ БӨЛІК
3-БӨЛІМ. СОТТАЛҒАН АДАМДЫ ҚОҒАМНАН ОҚШАУЛАУМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС ЖАЗАЛАРДЫ ОРЫНДАУ
10-тарау. АЙЫППҰЛ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 50-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
50-бап. Айыппұл түріндегі жазаны орындау тәртібі мен шарттары
1. Сотталған адам айыппұлды үкімде белгіленген мерзім ішінде төлейді. Айыппұл төлеу мерзімі үкім заңды күшіне енген кезден бастап есептеледі және оған сот кейінге қалдыруды берген уақыт қосылмайды. Егер үкім бойынша сотталған адам айыппұлды бір айдан аса мерзім ішінде төлеуге міндетті болса, айыппұл ай сайын тең үлестермен төленеді.
2. Сотталған адам мүліктік жағдайы нашарлаған жағдайда, айыппұлды кейінге қалдыруды беру туралы сот алдында өтініш жасауға құқылы.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 51-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
51-бап. Сотталған адамның айыппұл түріндегі жазаны орындау тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы
Егер сотталған адам айыппұлды сот белгілеген мерзімде төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда, жазаны орындайтын орган (сот орындаушысы) айыппұлды мәжбүрлеп орындату жөнінде шаралар қабылдайды. Айыппұлды толық өндіріп алу үшін сотталған адамның кірістері немесе мүлкі жеткіліксіз болған не сотталған адамның өз кірістерін немесе мүлкін мәжбүрлеп өндіріп алудан жасыру фактісі анықталған жағдайларда, жазаны орындайтын орган (сот орындаушысы) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес айыппұлды жазаның басқа түрімен ауыстыру туралы сотқа ұсыну жібереді.
11-тарау. ТҮЗЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ
52-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны орындау тәртібі
2018.10.01. № 132-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Түзеу жұмыстары сот үкіміне сәйкес жаза мөлшерін толық өтегенге дейін Жәбірленушілерге өтемақы қорына жалақының (ақшалай үлестің) жиырмадан қырыққа дейінгі пайызын ай сайын аудара отырып, сотталған адамның негізгі жұмыс орны бойынша орындалады.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандар сот үкімнің көшірмесімен бірге соттың тиісті өкімі пробация қызметіне келіп түскен күннен бастап он бес күндік мерзімнен кешіктірілмей жазаны өтеуге тартылады.
3. Ұстап қалу негізгі жұмыс орны бойынша, сотталған адамға наразылықтардың бар-жоғына қарамастан, жалақы төлеу кезінде әрбір жұмыс істеген ай үшін атқарушылық құжаттар бойынша жалақысының барлық түрінен жүргізіледі.
2018.10.01. № 132-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Ұстап қалу сотталғандар жалақысының ақшалай және заттай бөлігінен жүзеге асырылады. Сотталғандардың жалақысынан ұстап қалынған заттай бөлік жұмыс берушінің иелігінде қалады, ал оның құнын ол ай сайын Жәбірленушілерге өтемақы қорына аударады.
5. Ұстап қалу әлеуметтiк сақтандыру және әлеуметтiк қамсыздандыру тәртiбiмен алынатын жәрдемақылардан, бiржолғы сипаттағы төлемдерден жүргізілмейді.
6. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақылар сот үкiмiмен тағайындалған ұстап қалулар шегерiлмей, жалақысынан есептеледi.
7. Сотталған адам, пробация қызметі немесе ол жұмыс істейтін ұйымның әкімшілігі оның материалдық жағдайы нашарлаған кезде сотқа жалақысынан ұстап қалудың мөлшерін төмендету туралы өтінішхат беруге құқылы. Ұстап қалудың мөлшерін төмендету туралы шешім сотталған адамның барлық кірісі ескеріле отырып шығарылады.
8. Жазасын өтеу кезеңінде сотталған адам жүкті болған кезде, пробация қызметі сотқа жүктілікке және босануға байланысты демалыс берілген күннен бастап оның жазаны өтеуін кейінге қалдыру туралы ұсыну енгізеді.
9. Сотталған адам бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған кезде, пробация қызметі сотқа оны жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсыну енгізеді.
10. Iстiң тоқтатылуымен үкiмнiң күшi жойылған немесе өзгерген жағдайларда, сотталған адамға жалақысынан ұстап қалынған сомалар толық немесе артық ұстап қалынған сомалар қайтарылады.
53-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу шарттары
1. Түзеу жұмыстарына сотталған адам:
1) осы Кодексте белгіленген жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын сақтауға;
2) айына бір рет пробация қызметіне профилактикалық әңгімелесуге қатысу үшін келуге;
3) пробация қызметіне жұмыс орнының және (немесе) тұрғылықты жерінің өзгергені туралы жазбаша хабар беруге міндетті.
2. Сотталған адамның пробация қызметіне белгіленген мерзімде келмеуіне шақыртуды уақтылы алмауы, сондай-ақ ауыруы және оны шақырту бойынша уақтылы келу мүмкіндігінен айыратын, құжаттамамен расталған басқа да мән-жайлар дәлелді себептер деп танылады.
54-бап. Сотталған адамның түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Сотталған адамның түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін пробация қызметі оны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауаптылық туралы жазбаша түрде ескертеді.
2. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүрген не жұмысынан айырылған немесе еңбек шарты бұзылған күннен бастап үш ай бойы жұмысқа орналаспаған сотталған адамға қатысты пробация қызметі сотқа қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен, ал қылмысы үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігін бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ұсыну енгізеді.
3. Мынадай:
1) бір жыл бойы осы Кодекстің 53-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді қайталап орындамаған;
2) жазаны өтеуден жалтару мақсатында жасырынған;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен сотталған адам түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүр деп танылады.
4. Пробация қызметіне тіркелу үшін келмеген күннен бастап он бес күннен астам тұрған жері анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жасырынып жүр деп танылады.
55-бап. Пробация қызметінің түзеу жұмыстары түріндегі жазаны орындау кезіндегі өкілеттіктері
Пробация қызметі:
1) сотталғандарды есепке алуды жүргiзедi;
2) сотталғандарға жазаны өтеу, сондай-ақ жазаның өтелуін бақылау тәртібі мен шарттарын түсіндіреді;
2018.10.01. № 132-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) сотталғандардың жалақысынан ұстап қалудың дұрыстығы мен уақтылығын және ұстап қалынған сомалардың Жәбірленушілерге өтемақы қорына аударылуын бақылауды жүзеге асырады;
4) сотталған адаммен айына бір рет профилактикалық әңгімелесу жүргізеді;
5) қажет болған кезде сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамту орталықтарына жібереді;
6) жазасын өтеуден жалтару мақсатында жасырынып жүрген сотталған адамға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүзеге асырады және сотқа iздестіруді жариялау туралы ұсыну енгiзедi.
56-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу орнындағы ұйым әкімшілігінің міндеттері
1. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу орнындағы ұйым әкімшілігі:
2018.10.01. № 132-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) сотталған адамның жалақысынан ұстап қалуды Жәбірленушілерге өтемақы қорына уақтылы аударуға, бұл жөнінде айына бір рет пробация қызметіне растайтын құжаттарды ұсынуға;
2) үш жұмыс күні ішінде пробация қызметін сотталған адамның жазасын өтеуден жалтаруы туралы хабардар етуге;
3) пробация қызметін сотталған адамның басқа лауазымға ауысуы немесе жұмыстан шығарылуы туралы алдын ала хабардар етуге міндетті.
2. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу орнындағы ұйым әкімшілігінің осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді орындамауы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
12-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ТАРТУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ
57-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны орындау тәртiбi
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар оның тұрғылықты жерінде орналасқан қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін, қоғамға пайдалы ақысыз жұмыстарды орындауынан тұрады.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесімен бірге сот өкімі пробация қызметіне келіп түскен күннен бастап он күндік мерзiмнен кешiктiрiлмей орындалады.
Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарды орындауын бақылауды сотталған адамның тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі жүзеге асырады.
3. Сотталған адамға негізгі жұмыс орны бойынша кезекті демалыс беру қоғамдық жұмыстарды орындауын тоқтата тұрмайды.
4. Жазасын өтеу кезеңінде сотталған адам жүкті болған кезде пробация қызметі сотқа жүктілікке және босануға байланысты демалыс берілген күннен бастап оның жазаны өтеуін кейінге қалдыру туралы ұсыну енгізеді.
5. Сотталған адам бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған кезде, пробация қызметі сотқа оны жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсыну енгізеді.
58-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жаза мерзiмiн есептеу
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза мерзімі сағатпен есептеледі, сол уақыт ішінде сотталған адам қоғамдық жұмыстарды орындайды.
2. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамды оларды орындау кезінде негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерінен босата отырып не оқудан бос уақытта күніне төрт сағаттан аспайтын шамада орындалады.
3. Тұрақты жұмыс орны жоқ және оқу орындарында оқымайтын сотталғандар қоғамдық жұмыстарды күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына қырық сағаттан аспайтын шамада орындайды.
59-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеу шарттары
Сотталған адам:
1) осы Кодексте белгіленген жазаны өтеу тәртiбi мен шарттарын сақтауға;
2) жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын жұмыстарды орындауға;
3) пробация қызметіне тұрғылықты жерiнің өзгергені туралы хабарлап отыруға;
4) пробация қызметіне тіркелу және профилактикалық әңгімелесуге қатысу үшін айына бір рет келіп тұруға міндетті. Келмеуінің дәлелді жағдайлары осы Кодекстің 53-бабының екінші бөлігінде көрсетілген.
60-бап. Сотталған адамның қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Сотталған адамның қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін пробация қызметі оны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауаптылық туралы жазбаша түрде ескертеді.