3) азаматтық авиация және пайдаланушылар ұйымдарында кәсіптік даярлықты (біліктілікті) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстау қағидаларында белгіленген көлемде және деңгейде ұстауға тиіс.
7-тармақ 2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
7. Ұшуда авиациялық инспекцияларды жүзеге асыру және авиациялық техниканы пайдалана отырып біліктілік деңгейін ұстау кезінде мемлекеттік авиация инспекторларының өмірі мен денсаулығын сақтандыру Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. ӘУЕ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
17-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру негiздерi
1. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру әуе кемелерінің ұшуын (әуе қозғалысын) қауiпсiз, үнемдi және тұрақты орындауды, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметтi қамтамасыз етудi көздейдi.
Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру:
1) әуе кеңiстiгiнiң құрылымын белгiлеуді;
2) осы Заңның 25-бабында белгiленген басымдықтарға сәйкес әуе кеңiстiгiн пайдалануды жоспарлауды және үйлестiруді;
3) бақыланатын әуе кеңiстiгiн пайдаланудың рұқсат беру тәртібін айқындауды және қамтамасыз етуді;
4) бақыланбайтын әуе кеңiстiгiн пайдаланудың хабарламалық тәртібін айқындауды және қамтамасыз етуді;
5) әуе қозғалысын ұйымдастыруды, олар:
әуе қозғалысына қызмет көрсетуді (аэронавигациялық қызмет көрсетуді), әуе қозғалысын басқаруды;
әуе қозғалысының ағындарын ұйымдастыруды;
әуе қозғалысына қызмет көрсетудi қамтамасыз ету, әуе қозғалысын басқару мақсатында әуе кеңiстiгiн ұйымдастыруды және әуе қозғалысының ағындарын ұйымдастыруды білдіреді;
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларының сақталуын бақылауды және қадағалауды қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын оның пайдаланушыларының барлығы өздерінің жауапкершілігі аймақтары шегінде сақтауын қамтамасыз етуді:
1) әуе трассаларында, жергілікті әуе желілерінде және әуеайлақтар аумағында - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға анықталған бұзушылықтар туралы хабарлай отырып, аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары;
2) мемлекеттік авиация ұшуының арнайы аймақтары мен басқа да аудандарында - әуе қозғалысын басқару органдары;
3) әуе трассаларынан және жергілікті әуе желілерінен тыс, әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан ұшып өту кезінде аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысын басқару органдары немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырады.
3. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыруды азаматтық авиация және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкiлеттi органдар, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында айқындалған тәртiппен олар үшiн белгiленген аймақтар мен аудандарда әуе қозғалысына қызмет көрсету және әуе қозғалысын басқару органдары жүзеге асырады.
4. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымын ұйымдастыру Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы сақталған жағдайда жүзеге асырылуға тиiс.
5. Мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиация ұшуының арнайы аймақтары мен аудандарын, сондай-ақ сыныпталмайтын әуеайлақтардың аудандарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының бақыланатын әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсетудi азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысындағы мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын аэронавигациялық ұйым жүзеге асырады.
Жекелеген әуеайлақтардың ауданында әуе қозғалысына қызмет көрсетудi жеке меншік нысандағы аэронавигациялық ұйым жүзеге асыруы мүмкін.
6. 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары орындалатын ұшудың ауқымы мен күрделілігіне қарай үлгі нұсқаулыққа сәйкес ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.
8. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары әуе қозғалысына қызмет көрсетудің бұзылуына байланысты күтпеген мән-жайлар жағдайына іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және оларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келіседі.
9. 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
18-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызмет
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметке:
1) әуе кемелерiнiң және басқа да ұшу аппараттарының ұшуы;
2) атыстардың және зымырандарды ұшырудың барлық түрлерi, жарылыс жұмыстары және материалдық объектiлердiң әуе кеңiстiгiнде қозғалуымен байланысты өзге де қызмет жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар болып табылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
19-бап. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы мен сыныптамасы
1. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы мен сыныптамасы, сондай-ақ әрбір сыныптағы әуе кеңістігі шегінде ұшуға және әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленеді.
2. Әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде әуе қозғалысына қызмет көрсету аудандары, әуеайлақтар мен әуетораптар аудандары, әуе трассалары, жергілікті әуе желілері, әуе кемелерінің ұшуына арналған маршруттар мен арнайы аймақтар, бақыланбайтын әуе кеңістігі аудандары, тыйым салынған аймақтар, қауіпті аймақтар, әуе кемелерінің ұшуына шектеу қойылған аймақтар және әуе кеңістігіндегі қызметті жүзеге асыру үшін белгіленетін басқа да арнайы элементтер белгіленеді, бұлардың жиынтығы Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің құрылымын құрайды.
Әуе кеңістігінің құрылымы Әуе кемелерін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес аэронавигациялық ақпарат құжаттарында жарияланады.
3. Әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару мақсаттары үшін әуе кеңістігі деп шегінде ұшудың нақты түрлері орындалуы мүмкін және ол үшін әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері мен ұшу қағидалары айқындалған белгілі бір мөлшердегі әуе кеңістігі түсініледі.
4. Әуе кеңістігінің сыныптамасы ұшу түріне, әуе кемелерін өзара эшелондауға, әуе қозғалысына қызмет көрсету түріне, әуе кемелерінің ұшу жылдамдығы бойынша шектеулерге, радиобайланысқа қойылатын талаптарға, әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарының ұшуға рұқсат беруінің қажеттігіне байланысты белгіленеді.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20-бап. Әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұсыну
1. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар үшін аэронавигациялық қызмет көрсету шарттар (жария шарттар) негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсету:
1) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелері, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлiгiнің істен шығуына немесе ақауы болуына байланысты маршруттары өзгертілген әуе кемелері әуе кемесiнiң ұшып бара жатқан жері айқындалған кезден бастап;
2) iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргiзу үшін әуе кемелерi;
3) дүлей зілзалалар кезінде халыққа медициналық және (немесе) гуманитарлық көмек көрсету үшiн әуе кемелерi;
4) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелері;
5) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, корольдiк тұлғаларды, шет мемлекеттердің мемлекет және үкiмет басшыларын тасымалдайтын әуе кемелерi;
6) егер шарт ережелерінде әуе қозғалысына қызмет көрсеткені үшін ақы төлеуден босату көзделген болса, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ұшуды орындаған жағдайларда, өтеусіз жүзеге асырылады.
3. Ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсетулер үшін әуе кеңістігін пайдаланушылардан төлемақы алуды аэронавигациялық ұйым жүзеге асырады. Аэронавигациялық қызмет көрсетуге кіретін қызметтерді ұсынуға қатысушы ұйымдармен құқықтық қатынастарды реттеу шарттар негізінде жүзеге асырылады.
21-бап. Аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысындағы мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын аэронавигациялық ұйым Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына және Әуе кемелерін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес аэронавигациялық ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді.
2. Аэронавигациялық ақпарат көздері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар Әуе кемелерін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты өтеусіз негізде беруге міндетті және мұндай ақпараттың дәйектілігі, нақтылығы және уақтылы берілуі үшін жауаптылықта болады.
3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган ұсынылатын аэронавигациялық ақпараттың дәйектілігін, нақтылығын және уақтылы берілуін қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асырады.
22-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету мынадай түрлерді:
1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтиды, әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету деп:
әуе кемелері арасындағы және әуе кемелерінің маневр жасау алаңындағы кедергілермен соқтығысуын болғызбау;
әуе қозғалысын жылдамдату және реттеу мақсаттарында бақыланатын әуе кеңістігінде ұсынылатын қызмет көрсету түсініледі;
2) ұшу-ақпараттық қызмет көрсетуді қамтиды, оның мақсаты ұшудың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету үшін қолда бар байланыс құралдарын пайдалана отырып, консультациялар мен ақпарат беру болып табылады;
3) тиісті ұйымдарды іздестіру-құтқару қызметтерінің көмегіне мұқтаж әуе кемелері туралы хабардар ету және осындай ұйымдарға қажетті жәрдем көрсету үшін ұсынылатын қызмет көрсету болып табылатын авариялық хабар беруді қамтиды.
2. Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету:
бақыланатын әуе кеңістігінде ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін - аудандық диспетчерлік қызмет көрсету;
әуе кемелерінің ұшып келуіне және әуеайлақтардан (тікұшақ айлақтарынан) ұшып кетуіне байланысты ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін - қонуға жақындағанда диспетчерлік қызмет көрсету;
әуеайлақтық қозғалысқа диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету болып бөлінеді.
Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әуе қозғалысына қызмет көрсететін орган:
1) әрбір әуе кемесінің болжамды қозғалысы немесе оның өзгеруі туралы ақпаратпен, сондай-ақ әрбір әуе кемесінің нақты ұшу барысы туралы соңғы ақпаратпен қамтамасыз етіледі;
2) өзіне хабар берілген әуе кемелерінің бір біріне қатысты салыстырмалы түрде ұшып бара жатқан жерін алынған ақпарат негізінде айқындайды;
3) өзі бақылайтын әуе кемелерінің арасындағы соқтығысуды болғызбау үшін, сондай-ақ реттелген қозғалыс ағынын жеделдету және сақтау үшін рұқсаттар мен ақпарат береді;
4) әуе кемесі әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) басқа органдардың бақылауында ұшуды орындап жүрген басқа әуе кемелерімен жанжалды жағдайды туындатуы мүмкін болғанда немесе әуе кемесін бақылауды әуе қозғалысына қызмет көрсететін басқа органдарға берудің алдында қажет болған жағдайда рұқсаттарды әуе қозғалысын қамтамасыз ететін (әуе қозғалысын басқаратын) басқа органдармен келіседі.
Әуе кемелерін эшелондауға қойылатын талаптарды қамтитын әуе кемелеріне диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында айқындалады.
3. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары беретін диспетчерлік рұқсаттар әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге қойылатын талаптарға негізделеді. Мұндай рұқсат пайдаланушылардың (әуе кемесі экипажының) әуе қозғалысына қызмет көрсету органына ұшу жоспарын беруі арқылы сұратылады.
Диспетчерлік рұқсаттың нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында белгіленеді.
4. Ұшуына осы ақпарат әсер етуі мүмкін және әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органына қай жерде екені белгілі болған барлық әуе кемелері ұшу-ақпараттық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.
5. Мыналар:
1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін барлық әуе кемелері;
2) ұшу жоспарын берген немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органына қай жерде екені белгілі болған барлық басқа әуе кемелері;
3) оларға қатысты заңсыз араласу объектісі болып табылатындығы белгілі болған немесе болжанатын кез келген әуе кемелері авариялық хабар берумен қамтамасыз етіледі.
23-бап. Ұшуды орындау қағидалары
Әуе кемелерінің Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшуы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларына сәйкес орындалады.
Ұшуды орындау кезінде әуе кемесінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында көзделген кеме құжаттары болуға тиіс.
24-бап. Әуе кемесінің ұшу жоспары
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарына жоспарланған ұшуға немесе ұшудың бір бөлігіне қатысты жіберуге жататын ақпарат, мынадай:
1) әуе шабуылына тойтарыс беру, әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзуды немесе Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруді болғызбау және тоқтату;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде көмек көрсету, ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын iздестiру және эвакуациялау;
3) әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбау және (немесе) тоқтату және (немесе) оның жолын кесу жағдайларында орындалатын әуе кемесінің ұшуын қоспағанда, осы Заңда көзделген әуе кеңістігін пайдалануға рұқсаттар болған кезде ұшу жоспары нысанында ұсынылады.
2. Ұшу жоспарын ұсыну, ұшу жоспарына өзгерістер енгізу және оны жабу тәртібі, оның мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
3. Бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде әуе кеңістігін пайдаланушы әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарын алдағы ұшу туралы хабардар етуге және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен ұшу жоспарын ұсынуға міндетті.
25-бап. Әуе кеңістігін пайдаланудағы басымдықтар
Әуе кеңiстiгiнің бір бөлігін пайдалануға мүдделі екі немесе одан да көп әуе кеңістігін пайдаланушы болған кезде оны пайдалану құқығы хронологиялық тәртіппен жазылған мынадай басымдықтарға сәйкес берiледi:
1) әуе шабуылына тойтарыс беру немесе әуе кеңiстiгiнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасын бұзуды, әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбау және тоқтату, Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық тұтастығына және қауiпсiздiгiне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерін жою;
2) адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн немесе елеулі материалдық залал келтiру қаупін тудыратын дүлей зілзалалар және өзге де зілзалалар, апаттар, авариялар, авариялық және өзге де жағдайлар кезінде көмек көрсету;
3) ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын ұшыру, қондыру, iздестiру және эвакуациялау;
4) Қазақстан Республикасының аса маңызды ұшуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес орындалатын ұшу;
5) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның жоспарлы оқу-жаттығулар өткізуі, сондай-ақ әуе кемелерінің ұшуы немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес жүзеге асырылатын өзге де қызмет;
6) жолаушыларды, жүктердi және почта жөнелтілімдерін тасымалдайтын тұрақты рейстер;
7) Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің мемлекеттік авиациясының ұшуы;
8) эксперименттiк және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу;
9) тұрақты емес әуемен тасымалдау және авиациялық жұмыстарды орындау;
10) оқыту, көрсету, мәдени-ағарту іс-шараларын өткізу, сондай-ақ пайдаланушының жеке мақсаттағы ұшуы.
26-бап. Әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салу
Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында және 25-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген қызметті жүзеге асырған жағдайларда мемлекеттік авиация саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен әуе кемелерінің ұшуы үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн немесе оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салады.
27-бап. Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызмет Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін бұзу болып танылады.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін бұзуға:
1) осы Заңның 18-бабында көрсетілген, ұшу жоспарын бермей (бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде - хабар бермей) және (немесе) ұшуды орындауға рұқсатсыз және (немесе) әуе кемелерінің ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметті жүзеге асыруға рұқсатсыз жүзеге асырылатын қызмет;
2) саны рұқсатта көрсетілгеннен артық әуе кемелері тобының ұшуы;
3) әуе кемелерінің әуе кеңістігін пайдалану режимдерін сақтамауы;
4) әуе кемесiнiң мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның әуе қозғалысын басқару органдарының арнайы рұқсатынсыз тыйым салынған аймақтың және (немесе) шектеу қойылған аймақтың үстінен ұшып өтуі;
5) мәжбүрлi түрде қону және қосалқы әуеайлаққа жіберу жағдайларынан басқа, әуе кемелерінің ұшу жоспарында көрсетілмеген әуеайлаққа қонуы;
6) ұшу қауiпсiздiгiне анық қатер төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кемелерiнiң тiк, ұзына бойына, қапталдан эшелондауды сақтамауы, әуе трассаларынан, жергiлiктi әуе желiлерiнен және маршрут осьтерiнен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген нормалардан асатын қашықтыққа ауытқуы;
7) ұшу қауіпсіздігіне нақты қатер төнуі және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кеңістігін пайдаланушылардың әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару органдарының командаларын орындамауы жатады.
2. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдары өз құзыретіне сәйкес әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбауға және (немесе) тоқтатуға және (немесе) оның жолын кесуге қажетті барлық шараларды қабылдауға міндетті, ал әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға жол берген әуе кеңістігін пайдаланушылар көрсетілген бұзушылықты өз есебінен және (немесе) өз күштерімен тоқтатуға міндетті.
Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының құзыретті мемлекеттік органдардың талап етуі бойынша шетелдік әуе кемесінің бортында экспорттық бақылауға жататын мәлімделмеген өнімнің бар екендігі туралы ақпарат болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарап тексеру үшін оны Қазақстан Республикасының әуайлағына қонуға мәжбүрлеуге құқығы бар.
28-бап. Әуе кемесiнің ұшу жоспарынан ауытқуы.
Тәртіп бұзушы әуе кемесі
1. Әуе кемесi белгiленген ұшу жоспарынан ауытқыған кезде әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы дереу мынадай шараларды қабылдауға:
1) әуе кемесінің экипажымен байланыс орнату және белгіленген ұшу жоспарынан ауытқыған әуе кемесінің ұшып бара жатқан жерін анықтау үшін қолда бар барлық құралдарды пайдалануға;
2) ауытқу салдарынан әуе кемесі жауапкершілік ауданына кірген болуы мүмкін немесе кіруі мүмкін деп жорамалданған ауданның әуе қозғалысына қызмет көрсететін және әуе қозғалысын басқаратын сабақтас органдарына хабарлауға міндетті.
2. Әуе кемесінің ұшып бара жатқан жері анықталған болса, әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы әуе кемесінің экипажына оның қай жерде ұшып бара жатқаны және орындалуға тиіс түзетуші іс-әрекеттер туралы хабарлайды.
3. Әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзған немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін өзгедей бұзуға жол берген әуе кемесi тәртіп бұзушы әуе кемесі деп танылады және егер әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарының талаптарына бағынбаса, мәжбүрлі түрде қондыруға жатады.
Қону туралы нұсқау алған тәртiп бұзушы әуе кемесi көрсетілген жерге дереу қонуға тиiс.
4. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне және оның стратегиялық объектiлеріне қатер төнген жағдайларда мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган қатердi болғызбау үшін, Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қаруды және ұрыс техникасын қолдану қағидаларына сәйкес тәртiп бұзушы әуе кемесiн жоюға дейiн баратын барлық шараларды қолданады.
5. Тәртіп бұзушы әуе кемесінде жолаушылар және әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуына қатысы жоқ өзге де адамдар бар екені туралы дәйекті ақпарат болған жағдайда мемлекет ұшып жүрген азаматтық әуе кемелеріне қарсы қару қолданудан тартынады.
Тәртіп бұзушы әуе кемесi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiне ұшып кіру шарттарын сақтамаған кезде және (немесе) әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін бұзған жағдайларда қонатын әуеайлақта ұсталуға жатады.
Бұзушылық тексерілгеннен кейін тәртіп бұзушы әуе кемесiнiң одан әрі ұшуына Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында айқындалатын тәртіппен рұқсат етiледi.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға қойылатын белгіленген талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларына сәйкес тексерілуге жатады.
29-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану үшiн байланысты ұйымдастыру
1. Әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарымен байланыста болуға мiндеттi.
2. Байланыс ұйымдары әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға қажетті байланыс арналарын жалға береді. Берілген байланыс арналары iстен шыққан кезде олар басқа байланыс арналарымен ауыстырылуға тиiс.
30-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезіндегі радиобайланыс
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезінде байланыс үшін радиотелефон және (немесе) деректерді беру желісі пайдаланылады.