4. Статистикалық әдіснама ғылыми әдістер мен көзқарастар негізінде әзірленеді, оны мемлекеттік статистика органдары таратады және ол қолжетімді болуға тиіс.
5. Мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ өзге де тұлғалардың статистикалық әдіснаманы қалыптастыруға араласуына жол берілмейді.
Мемлекеттік статистика органдарының статистикалық әдіснаманы әзірлеуге және қалыптастыруға қатысу ережесін қара
23-бап. Статистикалық сыныптауыштар мен тіркелімдер
1. Статистикалық қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен статистикалық сыныптауыштардың қолданылуы міндетті.
2. Статистикалық ақпаратты қалыптастыру үшін уәкілетті орган мынадай статистикалық тіркелімдерді:
1) статистикалық бизнес-тіркелімді;
2) халықтың статистикалық тіркелімін;
3) ауыл шаруашылығының статистикалық тіркелімін;
4) тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімін жүргізуді жүзеге асырады.
3. Статистикалық тіркелімдер тек қана статистикалық мақсаттарда жүргізіледі және оларды статистикалық байқау объектілерінің тіркелімдерде қамтылған қасиеттерін және (немесе) сандық сипаттамаларын ресми растау үшін пайдалануға болмайды.
4. Статистикалық бизнес-тіркелім Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, олардың оқшауланған бөлімшелері туралы ақпаратты қамтиды.
5. Халықтың статистикалық тіркелімі Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан жеке тұлғалар туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде уақытша тұрып жатқан оның азаматтары туралы ақпаратты қамтиды.
6. Ауыл шаруашылығының статистикалық тіркелімі Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін субъектілер жөніндегі ақпаратты қамтиды.
7. Тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімі Қазақстан Республикасының барлық меншік нысанындағы тұрғын үйлері туралы ақпаратты қамтиды.
8. Статистикалық тіркелімдердің деректеріне өзекті сипат беру алғашқы статистикалық және (немесе) әкімшілік деректер негізінде жүргізіледі.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 23-1-баппен толықтырылды
23-1-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік монополия
1. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік монополияға мынадай қызмет түрлері:
1) жалпы мемлекеттік статистикалық байқаулар және ұлттық санақтар кезінде алынған, аумақтық статистика органдары мен респонденттер ұсынған бастапқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және оларды электрондық түрде сақтау;
2) ақпараттық-статистикалық жүйелерді, дерекқорларды және олардың тұғырнамаларын, статистика тіркелімдерін, уәкілетті органның интернет-ресурсын қалыптастыру, сүйемелдеу және оларды өзекті ету;
3) статистикалық жарияланымдарды қалыптастыру және статистикалық ақпаратты тарату кестесіне сәйкес уәкілетті органның таратуына жататын ресми статистикалық ақпаратты тарату;
4) ресми статистикалық ақпаратты тарату кестесінде көзделмеген статистикалық ақпаратты қалыптастыру жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған қызмет түрлерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
24-бап. Статистикалық ақпаратты қалыптастыру дереккөздері
Статистикалық ақпаратты қалыптастыру кезінде:
1) алғашқы статистикалық деректер;
2) әкімшілік деректер;
3) мемлекеттік органдардың статистикалық ақпараты;
4) басқа мемлекеттердің статистика органдары мен халықаралық ұйымдардың статистикалық ақпараты дереккөз ретінде қызмет етеді.
25-бап. Өңдеу және сақтау
1. Статистикалық байқаулар жүргізу кезінде алынған алғашқы статистикалық деректер және (немесе) әкімшілік деректер статистикалық әдіснамаға сәйкес және мемлекеттік статистиканың принциптері сақтала отырып өңделеді.
2. Алғашқы статистикалық немесе әкімшілік деректерді қамтитын қағаздағы жеткізгіштер көрсетілген деректер негізінде қалыптастырылған ресми статистикалық ақпарат таратылған кезден бастап кемінде бір жыл сақталады. Алғашқы статистикалық немесе әкімшілік деректерді қамтитын электрондық жеткізгіштер кемінде елу жыл сақталады.
26-бап. Статистикалық ақпаратты тарату
1. Ресми статистикалық ақпарат ресми статистикалық ақпаратты тарату графигіне сәйкес статистикалық жұмыс жоспарында көзделген көлемде таратылуға жатады.
2. Мемлекеттік статистика органдары сапалы ресми статистикалық ақпаратты және статистикалық әдіснаманы мемлекеттік статистика органдарының интернет-ресурстарына орналастыру арқылы пайдаланушылардың оларға бір мезгілде қол жеткізуіне тең құқықтарын қамтамасыз етеді.
3. Ресми статистикалық ақпаратты тарату графигінде көзделмеген және оны әзірлеуге қосымша шығындарды талап ететін статистикалық ақпарат өтеулі негізде беріледі.
Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өкілеттіктерін жүзеге асыруы мақсатында олардың біржолғы сауалдары негізінде ресми статистикалық ақпаратты тарату графигінде көзделмеген және респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигіне сәйкес респонденттер ұсынатын алғашқы статистикалық деректер негізінде әзірленген статистикалық ақпарат, осы Заңның 8-бабының талаптары сақтала отырып, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен өтеусіз негізде берілуі мүмкін.
4. Статистикалық ақпаратты тарату Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары сақтала отырып қамтамасыз етіледі.
5. Мемлекеттік органдар әкімшілік деректер бойынша қалыптастырылатын статистикалық ақпаратты өздері дербес таратады.
4-тарау. Қорытынды ережелер
27-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Мемлекеттік статистика органдарының қызметкерлері респондентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін алғашқы статистикалық деректерді, статистикалық ақпаратты және (немесе) деректер базаларын жоғалтқаны, заңсыз жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
3. Мемлекеттік статистика органдары қызметкерлерінің немесе олардың лауазымды адамдарының респондентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін алғашқы статистикалық деректерді не статистикалық ақпаратты және (немесе) деректер базаларын жоғалтуы, жария етуі салдарынан жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.
28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Мемлекеттік статистика туралы» 1997 жылғы 7 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 9, 91-құжат; 2001 ж., № 4, 23-құжат; 2002 ж., № 1, 3-құжат; № 17, 155-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 143-құжат; 2007 ж., № 4, 33-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 жылғы 9 ақпанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2009 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. НАЗАРБАЕВ | |
Астана, Ақорда, 2010 жылғы наурыздың 19-ы.
№ 257-ІV ҚРЗ