464-бап. Кассациялық қаулының мазмұны
1. Кассациялық қаулы кіріспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Қаулының кіріспе бөлігінде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және кассациялық алқаның құрамы;
3) кассациялық шағым берген немесе кассациялық наразылық келтірген адамдар;
4) істі кассациялық сатыда қарауға қатысқан адамдар көрсетілуге тиіс.
3. Қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде шағым берген немесе наразылық келтірген адамдардың дәлелдері, кассациялық сатыдағы сотқа қатысқан басқа да адамдардың қарсылықтары, сондай-ақ қабылданған шешімнің уәждері қысқаша баяндалып қамтылуға тиіс. Егер шағым немесе наразылық қанағаттандырусыз қалдырылса, шағымның немесе наразылықтың дәлелдерін негізсіз немесе елеулі емес деп танудың негіздері көрсетіледі.
Yкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген кезде қылмыстық немесе қылмыстық-процестік заңның қандай баптарының талаптары бұзылғаны және бұл бұзушылықтардың неден тұратыны; бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот тағайындаған жазаны әділетсіз деп танудың негіздері көрсетіледі. Іс жаңадан сот талқылауына жіберілген жағдайда, қандай заң бұзушылықтар жойылуға тиіс екені көрсетіледі. Бұл ретте кассациялық сатының қаулысында айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, қандай да бір дәлелдемелердің анықтығы немесе анық еместігі және бір дәлелдеменің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші, апелляциялық сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды және жазалау шарасын қолдануы туралы түйіндері енгізілмейді.
4. Жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым, наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған кезде кассациялық қаулының сипаттау-уәждеу бөлімінде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда қараудың нысанасы болып табылмаған жаңа дәлелдер келтірілген жағдайда, сипаттау-уәждеу бөлімінде жаңа дәлелдердің іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге әкеп соқпайтыны не оларды негізсіз деп танытпайтыны жөніндегі негіздер көрсетілуге тиіс.
5. Қаулының қарар бөлімінде шешімнің заңды күшіне енетін кезі, сондай-ақ оған қадағалау тәртібімен шағым жасау және наразылық білдіру мерзімдері мен тәртібі көрсетіле отырып, кассациялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.
465-бап. Кассациялық қаулы шығару
1. Кассациялық қаулы осы Кодекстің 444-бабында көзделген талаптар сақтала отырып, кеңесу бөлмесінде шығарылады.
2. Кассациялық қаулы жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.
466-бап. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысын орындауға енгізу
1. Кассациялық сатының қаулысы шығарылғаннан кейін үш тәуліктен кешіктірілмей, үкім шығарған бірінші сатыдағы сотқа орындау үшін іспен бірге жіберіледі.
2. Егер сотталған адам кассациялық сатыдағы отырысқа қатысып отырған болса, сотталған адам оған сәйкес күзетілуден босатылуға жататын қаулы, осы бөлігінде дереу орындалады. Өзге жағдайларда кассациялық қаулының көшірмесі немесе кассациялық қаулының қарар бөлігінен үзінді-көшірме сотталған адамды күзетілуден босату туралы шешімді орындау үшін қамау орнының әкімшілігіне дереу жіберіледі.
3. Кассациялық сатының оған сәйкес істі бірінші немесе апелляциялық сатыда соттың жаңадан қарауы тағайындалған қаулысы осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде іспен бірге тиісті сот сатысына жіберіледі, ол туралы тараптарға хабарланады.
467-бап. Істі кассациялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер кейбір сотталған адамдарға қатысты белгіленген мерзімде берілген кассациялық шағым немесе наразылық кассациялық сатыдағы сотқа қандай да бір себептер бойынша істі басқа сотталған адамдарға қатысты қарағаннан кейін келіп түссе, сондай-ақ сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе заңды өкілінің кассациялық шағымы осы сотталған адамға қатысты іс процеске басқа қатысушының кассациялық шағымы немесе прокурордың наразылығы бойынша қаралып кеткеннен кейін келіп түссе, кассациялық сатыдағы сот мұндай шағымды немесе наразылықты қарауға және олар бойынша қаулы шығаруға міндетті.
2. Егер жаңадан шығарылған қаулы бұрын шығарылған қаулыға қайшы келсе, кассациялық сатыдағы сот істі қадағалау тәртібімен тексеру үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.
468-бап. Апелляциялық қаулының, үкімнің күші жойылғаннан кейін істі апелляциялық сатыда қарау
1. Алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша үкімнің күші жойылғаннан не істі тиісті сатыға жаңадан қарауға жібере отырып, апелляциялық қаулының немесе үкімнің күшін жойғаннан кейін іс осы саты үшін осы Кодексте белгіленген жалпы қағидалар бойынша қаралады.
2. Егер айыптаушы тараптың кассациялық шағымында, наразылығында мұндай өтіну болса және оны кассациялық сатыдағы сот үкімнің күшін жою негіздерінің бірі ретінде көрсетсе, апелляциялық сатыдағы сот істі жаңадан қараған кезде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға жол беріледі.
3. Апелляциялық сатыдағы сот істі жаңадан қараған кезде:
1) егер кассациялық саты апелляциялық үкімнің күшін осы бөлігінде айыптау тарапының шағымы, наразылығы бойынша жоймаса, сотталған адамды айыптаудың бастапқы үкіммен алып тасталған бөлігінде кінәлі деп тануға;
2) егер кассациялық саты бастапқы апелляциялық үкімнің күшін айыптау тарапының шағымы, наразылығы бойынша жойса да, бірақ ол осы негіздерге байланысты болмаса, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзімінің бір бөлігін түрмеде өтеуді немесе жазаны неғұрлым қатаң режимдегі колонияда өтеуді тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.
469-бап. Істі жаңадан қарау кезіндегі жаза тағайындаудың шектері
1. Егер бірінші апелляциялық үкімнің, қаулының күші сотталған адамды қорғау тұрғысынан берілген шағым, наразылық бойынша жойылса, ал екінші үкімнің күші айыптаушы тараптың жазаның жеңілдігіне немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты берілген шағымы, наразылығы бойынша жойылса, істі үшінші рет қарап жатқан апелляциялық саты екінші үкімге қарағанда неғұрлым қатаң жаза тағайындауы немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануы мүмкін, бірақ ол бірінші үкіммен салыстырғанда жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға құқылы емес.
2. Істі жаңадан қараған кезде апелляциялық сатыдағы сот шығарған үкімге жалпы тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
9-БӨЛІМ. СОТТЫҢ ШЕШІМДЕРІН ОРЫНДАУ
51-тарау. СОТТЫҢ ҮКІМДЕРІ МЕН ҚАУЛЫЛАРЫН ОРЫНДАУ
470-бап. Үкімнің заңды күшіне енуі және оны орындауға енгізу
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты шығарған бірінші сатыдағы соттың үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе наразылық білдірілмесе, апелляциялық шағым жасау немесе наразылық білдіру мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындауға енгізуге жатады.
2. Іс апелляциялық сатыда қайта қаралған жағдайда, егер үкімнің күші жойылмаса, ол апелляциялық қаулы шығарылған күні күшіне енеді. Егер апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылық апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алынса, апелляциялық саты шағымның, наразылықтың кері қайтарып алынуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарған күні үкім заңды күшіне енеді.
3. Бірінші сатыдағы сот, үкімнің заңды күшіне енген немесе іс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей үкімді орындауға енгізеді.
4. Қылмыстық құқық бұзушылық үшін сотталған адам, егер айыптау үкімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 77-бабында белгіленген мерзімде орындауға келтірілмесе, жазаны өтеуден босатылады.
5. Соттың қаулысы сотталған адамды, ақталған адамды күзетілуден босату бөлігінде дереу орындауға енгізілуге жатады.
471-бап. Сот қаулысының заңды күшiне енуi және оны орындауға енгізу
1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағым жасау немесе наразылық бiлдiру мерзiмi өткен соң не жекеше шағымдар немесе наразылық келтірілген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындауға енгізіледі.
2. Соттың шағым жасалуға немесе наразылық бiлдiрілуге жатпайтын қаулысы шығарылған бойда дереу күшiне енедi және орындауға енгізіледі.
3. Соттың алдын ала тыңдау барысында немесе басты сот талқылауы кезінде шығарылған істi тоқтату туралы қаулысы оның айыпталушыны немесе сотталушыны күзетілуден босатуға қатысты бөлiгiнде дереу орындалуға жатады.
4. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы, үкімі жария етілген кезінен бастап күшіне енеді.
5. Апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың үкімдері мен қаулылары осы Кодекстің 445 және 466-баптарында көзделген тәртіппен орындауға енгізіледі.
6. Соттың жекеше қаулысы заңды күшіне енген кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзім өткен соң басқару функцияларын орындайтын тиісті лауазымды адамға жіберіледі. Жекеше қаулы бойынша бiр айлық мерзiмнен кешiктiрмей қажеттi шаралар қолданылуға және оның нәтижелерi туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануға тиiс.
472-бап. Соттың үкiмiн, қаулысын орындауға енгізу тәртiбi
1. Соттың заңды күшiне енген үкiмi мен қаулысы мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәрiне бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында бұлжытпай орындалуға жатады. Соттың үкiмiн, қаулысын орындамау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Үкiм мен қаулыны орындауға енгізу iстi бiрiншi саты бойынша қараған сотқа жүктеледi. Үкiмдi орындау туралы өкiмдi судья үкiмнiң көшiрмесiмен бiрге қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес үкiмдi орындауға келтіру мiндетi жүктелген органға жiбередi. Апелляциялық сатыдағы сотқа күзетпен ұсталып отырған адамдарға қатысты iстi апелляциялық қарау нәтижелерiн хабарлау мiндетi жүктеледi. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде үкiм өзгертілген жағдайда, үкiмнiң көшiрмесiне апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi қоса берілуге тиiс.
3. Егер үкiмде сотталған адамды Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградасынан, Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесінен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы мәселенi қою қажеттiгi көрсетiлсе, онда үкiмдi шығарған сот Қазақстан Республикасының Президентiне сотталған адамды мемлекеттiк наградасынан, көрсетiлген атақтарынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесінен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсынуды, сондай-ақ үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енгенi туралы анықтаманы жібереді.
4. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган үкiмдi шығарған сотқа оның орындауға келтірілгені туралы дереу хабарлайды. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган үкiм шығарған сотқа сотталған адамның жазасын өтеу орны туралы хабарлауға тиiс. Апелляциялық сатының үкімін орындау туралы хабарлама бірінші сатыдағы тиісті сотқа жіберіледі.
473-бап. Сотталған адамның туыстары мен азаматтық талапкерге үкiмнің орындауға енгізілгені туралы хабарлау
1. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды гаупвахтада ұстауға немесе бас бостандығынан айыруға кескен үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн қамау орнының әкiмшiлiгi сотталған адамның отбасын оның жазаны өтеу үшiн қайда жiберiлетiнi туралы хабардар етуге мiндеттi.
2. Азаматтық талап қою қанағаттандырылған жағдайда сот орындаушысы азаматтық талапкерді үкiмнiң орындалуға енгізілгені туралы хабардар етедi.
474-бап. Туыстарына сотталған адаммен кездесуге рұқсат беру
Үкiмді орындауға енгізгенге дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы күзетпен ұсталып отырған сотталған адамның жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына олардың өтiнуi бойынша сотталған адаммен кездесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
475-бап. Үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру
1. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, оның бас бостандығын шектеуге немесе оны бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде:
1) сотталған адамның жазаны өтеуге кедергi келтiретiн ауыр науқасы болса - ол сауығып кеткенге дейiн;
2) сотталған әйел жүктi болса немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса және жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектерге қатысты - Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабында көзделген тәртiппен;
3) сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеу - өрт немесе өзгедей дүлей зілзала, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқасы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдайлардың салдарынан ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкiн болса, сот белгiлеген, бірақ алты айдан аспайтын мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 76-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты үш айдан аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
2. Соттың үкімі бойынша сотталған адамнан өндіріліп алуға жататын айыппұлды, өзгедей сомаларды төлеу, егер оны дереу төлеу сотталған адам үшiн мүмкiн болмаса, алты айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе ұзартылуы мүмкін.
3. Егер сот үкімді шығарған кезде үкімнің орындалуын кейінге қалдыру туралы мәселені шешпеген болса, оны үкімді шығарған сот немесе қызмет ауданында үкім орындауға келтірілетін сот сотталған адамның, оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшхаты бойынша не прокурордың немесе үкімді орындау жүктелген органның ұсынуы бойынша шешедi.
Үкімді қосымша жаза бөлігінде орындауды кейінге қалдыруға жол берілмейді.
476-бап. Үкiмдi орындау кезiнде соттың қарауына жататын мәселелер
Соттың құзырына үкiмдi орындауға байланысты:
1) мынадай:
қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған айыппұл түрiнде жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда - қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 41-бабы);
қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұл түрiнде жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда - бас бостандығынан айырумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 41-бабы);
қоғамдық жұмыстарға тарту түрiнде тағайындалған жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда - қамаққа алумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы);
бас бостандығын шектеу түрiнде тағайындалған жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда - бас бостандығынан айырумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 44-бабы) ауыстыру туралы;
2) қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, оны - қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен, ал қылмыс жасағаны үшін - бас бостандығынан айырумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы) ауыстыру туралы;
3) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынып жүрген және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау, оны тоқтату және бұлтартпау шарасын таңдау туралы;
4) бас бостандығынан айыруға сотталған адамға үкім бойынша тағайындалған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес өзгерту туралы;
5) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабы), жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 73-бабы) туралы;
6) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшін жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабының жетінші бөлiгi) туралы;
7) ауруына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75-бабы) туралы, сондай-ақ жазаны әрі қарай орындау үшін, оның ішінде сауығып кетуіне байланысты жазадан босату туралы қаулылардың күшін жою туралы;
8) шартты түрде соттаудың күшін жою немесе пробациялық бақылаудың мерзімін ұзарту туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабы);
9) бас бостандығын шектеуге сотталған адам үшiн бұрын белгiленген мiндеттердiң күшiн толық немесе iшiнара жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 44-бабы);
10) жазаны орындауды кейінге қалдырудың күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабы);
11) соттың айыптау үкiмiнің ескіру мерзiмiнің өтіп кетуіне байланысты жазаны өтеуден босату туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 77-бабы);
12) басқа да орындалмаған үкiмдер болған кезде, егер бұл уақыты жағынан соңғы үкiмде шешiлмесе, үкiмдi орындау туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабы);
13) күзетпен ұсталған, сондай-ақ емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62, 97, 98-баптары);
14) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96, 98-баптары);
15) керi күшi бар не жасалған іс-әрекет үшін қылмыстық жауаптылықтың күшін жоятын қылмыстық заңның шығуы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің сот үкім шығарған кезде қолданған заңды немесе өзге нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы, сондай-ақ рақымшылық жасау актiсiнiң шығуы салдарынан жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету, сотталған адам жасаған іс-әрекеттің саралануын өзгерту, жазалау мерзімін қысқарту, қылмыстың қайталануы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 6-бабы) туралы;
16) түзеу жұмыстарына сотталған адамның жалақысынан ұсталатын соманың мөлшерiн қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес төмендету туралы, сондай-ақ сотталған адамнан сот үкімі бойынша өндірілетін айыппұлды, өзгедей өндіріп алуларды төлеу мерзімін ұзарту немесе кейінге қалдыру туралы;
17) үкiмдi орындау кезiнде туындаған кез келген түрдегі күмәндар мен түсiнiксiз жайттарды түсіндіру туралы;
18) сотталған адамның қайтыс болуына байланысты iс жүргiзудi тоқтату туралы;
19) сотталғандардың үкімді орындауға байланысты мәселелер бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері адамдарының, прокурордың әрекеттеріне және шешімдеріне шағымдарын қарау туралы;
20) сотталғандықты алып тастау туралы мәселелердi қарау жатады.
477-бап. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешетiн соттар
1. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелерді - үкім орындалатын жерде жұмыс істейтін аудандық және оған теңестірілген сот, ал ол болмаған кезде, жоғары тұрған сот шешедi.
Апелляциялық үкімді орындауға байланысты мәселелерді де осы соттар қарайды.
Мамандандырылған ауданаралық соттар, осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мәселені қоспағанда, көрсетілген мәселелерді қарамайды.
2. Сотталғандықты алып тастау туралы мәселені сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша жұмыс істейтін, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот қарайды.
3. Кез келген түрдегі күмәндарды және түсініксіз жайттарды түсіндіру туралы мәселені үкім шығарған сот қарайды.
4. Соттың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі барлық материалдары және қаулысының көшірмесі заңды күшіне енгеннен кейін қылмыстық іс материалдарына қоса тігіледі. Егер соттың қаулысы жоғары тұрған сот сатыларында қайта қаралған болса, қылмыстық іс материалдарына осы сот сатылары қаулыларының көшірмелері де қоса тігіледі.
478-бап. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi
1. Сот осы Кодекстің 476-бабының 5), 16), 19) және 20) тармақтарында көрсетілген мәселелерді сотталған адамның өтінішхаты бойынша қарайды.
2. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 2), 3), 6), 8), 10), 12), 14) және 18) тармақтарында көрсетілген мәселелер жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша қаралады.
3. Сот осы Кодекстің 476-бабының 4), 7), 9), 11), 13), 15) және 17) тармақтарында көрсетілген мәселелерді сотталған адамның өтінішхаты бойынша не жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша қарайды.
4. Сот үкімді орындауға байланысты мәселелерді өтінішхат келіп түскен күннен бастап бір ай мерзім ішінде сотталған адамның қатысуымен ашық сот отырысында жеке-дара қарайды. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 2), 3), 6), 7), 8), 10), 14) және 17) тармақтарында көзделген мәселелерді қарау сотталған адамның қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Сот осы Кодекстің 476-бабының 5) тармағында көрсетілген мәселелерді Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының өтінішхаты бойынша, ынтымақтастық туралы процестік келісім шеңберінде қарауы мүмкін.
6. Сот сотталғандарға қатысты үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi қараған кезде, осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы мiндеттi.
Соттың қаулысы негізінде адвокаттар сотталғандарға заң көмегін көрсеткен жағдайларда, олардың еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 68-бабына сәйкес жүргізіледі.
7. Сотталған адамды ауруына байланысты босату не оны емдеу мекемесiне орналастыру туралы мәселенi қараған кезде қорытынды берген дәрiгерлік комиссия өкiлiнiң қатысуы мiндеттi, ал сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізілген жағдайда, сот отырысына қорытынды берген сарапшы қатысады.
8. Шартты түрде сотталған адамға іздестіру жариялаған кезде сот қаулыда пробациялық бақылау мерзімінің өтуін тоқтата тұрудың басталуын және оның өтуі қайта басталатын кезді көрсетеді.
9. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қараған кезде сот отырысына жәбірленуші қатысуға құқылы не оның өкілі өкілдік ете алады.
10. Егер мәселе үкiмдi азаматтық талап қою бөлiгiнде орындауға қатысты болса, сот отырысына азаматтық талапкер немесе оның өкiлi де шақырылады. Көрсетілген адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi келтірмейді.
11. Сот отырысына прокурор қатысады.
12. Сотта үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарау сотталған адамның, прокурордың немесе жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің тиісті өтінішхатты баяндауымен басталады. Содан соң ұсынылған материалдар зерттеледi, сот отырысына келген адамдардың түсiнiктемелерi, прокурордың пiкiрi тыңдалады, содан соң судья кеңесу бөлмесінде қаулы шығарады.
13. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
479-бап. Сотталғандықты алып тастау туралы өтiнiшхаттарды қарау
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 79-бабына сәйкес сотталғандықты алып тастау туралы мәселенi жазасын өтеген адамның өтiнiшхаты бойынша оның тұрғылықты жерiндегi сот шешедi.
2. Сот отырысына өзiне қатысты сотталғандықты алып тастау туралы өтiнiшхаты қаралатын адамның қатысуы мiндеттi.
3. Қарау өтiнiшхатпен жүгінген адамның түсiніктемесін тыңдаумен басталады, содан соң ұсынылған материалдар зерттеледi және шақырылған адамдар тыңдалады.
4. Сотталғандықты алып тастаудан бас тартылған жағдайда, бұл туралы сот алдында қайталап өтiнiшхат беруді бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр жылдан ерте қозғауға болмайды.
480-бап. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы мәселелерді қарау
1. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы мәселе сотталған адамның өтінішхаты бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 478-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайда қаралады.
2. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар, оның ішінде сотталған адамның сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеген мерзімін растайтын материалдарды, оның қылмыс арқылы келтірген залалды өтегені туралы мәліметтерді, сотталған адамның алкоголизмнен және нашақорлықтан емделгені және оның нәтижелері туралы, міндетті түрде емдеуді қажет ететін өзге де ауруларының бар-жоғы туралы, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы және басқалары туралы мәліметтерді қоса алғанда, оның жазаны өтеу уақытындағы мінез-құлқын сипаттайтын егжей-тегжейлі деректерді ұсынуға міндетті. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының өтінішхатына ынтымақтастық туралы процестік келісім шеңберінде шығарылған, заңды күшіне енген үкім қоса берілуге тиіс. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа сотталған адамның сол кезге қарай түзелу дәрежесі және оның бүкіл жаза мерзімін орындау қажет екені немесе ондай қажеттіліктің болмауы туралы пікірін береді. Сондай-ақ жазаны орындайтын мекеме немесе орган және сотталған адамның өзі сотталған адамның босап шыққаннан кейінгі болжамды тұратын орны мен оның жұмысқа орналасу перспективасы (туыстарының жазбаша келісімі, ұйымның, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тұрғын үй, жұмыс орнын беруі) туралы деректерді сотқа ұсына алады.