3) мекемелерден қашып шыққан сотталғандарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүрген сотталғандарды iздестiру;
4) сотталғандардың мекемеге келгенге дейiн жасаған қылмыстарын анықтауға және ашуға жәрдемдесу болып табылады.
2. Жедел-iздестiру қызметін мекемелердiң уәкілетті қызметтері, сондай-ақ басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреттері шегінде жүзеге асырады.
101-бап. Ерекше жағдайлар режимі
1. Дүлей зілзала болған, мекеме орналасқан ауданда төтенше, ерекше немесе соғыс жағдайы енгізілген кезде, жаппай тәртіпсіздіктер болған, сондай-ақ сотталғандар топтасып бағынбаған кезде мекемеде ерекше жағдайлар режимі енгізілуі мүмкін.
2. Ерекше жағдайлар режимі қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысының Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген шешімі бойынша отыз тәулікке дейінгі мерзімге енгізіледі.
Көрсетілген мерзімдерде ерекше жағдайлар режимін енгізу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, оның қолданылу уақытын аталған лауазымды адамдар қосымша отыз тәулікке ұзартады.
3. Сотталғандардың, персоналдың немесе өзге де адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда, қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық органының басшысы аумақтық ішкі істер органының басшысымен және облыс прокурорымен немес оған теңестірілген прокурормен келісу бойынша, қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысын дереу хабардар ете отырып, осы баптың төртінші бөлігінде көзделген шараларды өз бетінше енгізуге құқылы.
Мұндай жағдайда, қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы хабарламаны алған күннен бастап бір тәулік ішінде ерекше жағдайлар режимін енгізу туралы немесе енгізілген шаралардың күшін жою туралы шешім қабылдайды.
4. Ерекше жағдайлар режимі қолданылған кезеңде және осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда, мекемеде сотталғандардың осы Кодекстің 105 - 113-баптарында көзделген құқықтарының жүзеге асырылуы тоқтатыла тұруы, күзету мен қадағалаудың күшейтілген нұсқасы, объектілерге жіберудің ерекше тәртібі енгізілуі, күн тәртіптемесінің өзгеруі, өндірістік, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағарту, медициналық-санитариялық және өзге де қызметтердің жұмысы шектелуі мүмкін.
102-бап. Қауіпсіздік шаралары және оларды қолдану негіздері
1. Мекемелердiң персоналына және сотталғандардың мінез-құлқына бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдарға қарсылық көрсететін, олардың заңды талаптарына қаскөйлікпен бағынбайтын, жаппай тәртiпсiздiктерге, адамдарды кепілге алуға, өзге де адамдарға шабуыл жасауға қатысатын немесе қоғамға қауіпті басқа да әрекеттер жасайтын сотталғандарға, сондай-ақ мекемелерден қашып шыққан немесе қашып шыққандарды ұстап алу кезінде, көрсетілген құқыққа қайшы әрекеттердiң жолын кесу және адамдардың айналасындағыларға немесе өзiне өзi зиян келтiруін болғызбау мақсатында дене күші, арнаулы құралдар және қару қолданылады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген қауiпсiздiк шараларын қолдану тәртiбi заңмен айқындалады.
18-тарау. МЕКЕМЕЛЕРДЕ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ. СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
103-бап. Жазаны өтеу жағдайлары
1. Бір орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары немесе төтенше қауіпсіз мекеменің шегінде, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемеде сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларында болуы мүмкiн.
2. Толық қауіпсіз және қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде сотталғандар дағдылы, қатаң және жеңілдетілген жазаны өтеу жағдайларында болуы мүмкін.
3. Сотталғандарды бір жағдайдан басқаларына ауыстыру мекеме комиссиясының шешімі бойынша жүргізіледі, оның жұмысына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ жұртшылық өкілдері қатыса алады.
104-бап. Сотталғандардың құқықтары мен міндеттері
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың осы Кодекстің 10-бабында белгіленген құқықтармен қатар, осы Кодексте және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделген тәртіппен:
1) тамақ өнімдерін, нәрселерді және заттарды алуға, сақтауға және пайдалануға;
2) күн тәртіптемесінде айқындалған уақытта кітапхананы, үстел ойындарын, музыкалық аспаптарды, ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаты есебінен жаздырып алынған мерзімді басылымдар мен әдебиетті, сондай-ақ дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған діни әдебиетті пайдалануға;
3) сотталғандардың ерікті ұйымдарына кіруге;
4) жұбайымен (зайыбымен), туыстарымен байланысып тұруға;
5) күн тәртіптемесінде көзделген жеке уақытына иелік етуге құқығы бар.
Сотталғандардың іске асырылуы жаза мақсаттарына, жазаны орындау және өтеу тәртібі мен шарттарына қайшы келмейтін өзге де құқықтары бар.
2. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар осы Кодекстің 11-бабында белгіленген міндеттермен қатар, осы Кодексте және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделген тәртіппен:
1) мекеме әкімшілігі айқындайтын орындар мен жұмыстарда еңбек етуге;
2) үлгісін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін киім нысанын сақтауға;
3) сыртқы түр-сипатына ұқыппен қарауға;
4) тәртіптік изоляторлардағы, жазаны өтеудің қатаң жағдайларындағы, емдеу-профилактикалық мекемелердегі, мекеменің медициналық-санитариялық бөлімінің стационарларындағы, сондай-ақ жұмыс пен оқудағы адамдарды қоспағанда, мекемелерде өткізілетін іс-шараларға қатысуға;
5) мекемені абаттандыру және тұру жағдайларын жақсарту бойынша жұмыстарды орындауға;
6) өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе өлім жазасына сотталғандарды, камераларда ұсталатын, емдеу-профилактикалық мекемелердегі, сондай-ақ мекеменің медициналық-санитариялық бөлімінің стационарларындағы сотталғандарды қоспағанда, тамақ ішу үшін асханаға баруға;
7) камераларда, карантин бөлімшелерінде, тәртіптік изоляторларда, отрядтарда кезекшілік атқаруға;
8) санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтауға;
9) өрт қауіпсіздігі және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға міндетті.
3. Сотталғандардың осы Кодекске және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес:
1) мекемелер персоналының заңды әрекеттеріне қарсылық көрсетуге, оларға қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіруге;
2) мекемелердің, басқа жеке не заңды тұлғалардың, оның ішінде сотталғандардың мүлкіне зиян келтіруге, оларға зиян келтіру қатерін төндіруге;
3) жазаны өтеуден немесе белгіленген міндеттерді орындаудан жалтару мақсатында өзіне, оның ішінде басқа адамның көмегімен дене зақымын келтіруге, өз денсаулығына зиян келтіруге;
4) жазаны өтеуден немесе белгіленген міндеттерді орындаудан жалтару мақсатында тамақ ішуден бас тартуға;
5) мемлекеттік органдарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға;
6) мекеме аумағын өз бетінше тастап кетуге, объектілердің не мекеме аумағы шекарасының күзет сызығын бұзуға, мекеме әкімшілігінің рұқсатынсыз тұрғын және өндірістік аймақтардың оқшауланған учаскелерінің шегінен тыс жерлерге шығуға, ғимараттардың, цехтардың, құрылыстардың және мекеме аумағындағы басқа да құрылыстардың шатырына көтерілуге, ішкі тыйым салынған аймақ қоршауына жақындауға;
7) мекемелер аумағында жүріп-тұруға, өздері тұрмайтын және жұмыс істемейтін үй-жайлар мен өндірістік объектілерде болуға;
8) мекеме әкімшілігін хабардар етпестен, жұмыс орнын, сондай-ақ болуға арналған үй-жайды тастап кетуге;
9) жабдықты, оның ішінде егейтін жабдықты, құрал-саймандарды, электр энергиясын, механизмдер мен материалдарды өндірістік қажеттіліктен тыс пайдалануға;
10) әкімшіліктің бақылауымен өткізілетін білім беру және мәдени іс-шараларды қоспағанда, Интернет желісін пайдалануға;
11) жұбайын (зайыбын) және жақын туыстарын қоспағанда, мекемелерде ұсталатын сотталғандармен телефон арқылы сөйлесуге;
12) жеке пайдаланылатын нәрселерді, бұйымдарды және заттарды басқа сотталған адамға беруге;
13) алкогольді, есірткі заттарын, психотроптық немесе басқа да есеңгірететін заттарды пайдалануға;
14) материалдық не басқа да пайда табу мақсатында карта, сондай-ақ басқа да ойындар ойнауға;
15) қарым-қатынаста нормативтік емес, оның ішінде сотталғандардың бейформальды қауымына тән лексиканы пайдалануға, лақап ат қоюға, өзінің немесе басқа да адамдардың денесіне сурет салуға;
16) мекеме комиссиясының рұқсатынсыз жануарлар асырауға және бақша егумен айналысуға;
17) жатын орындарын өзгертуге, сондай-ақ өндірістік объектілерде, коммуналдық-тұрмыстық және басқа да қызметтік және қосалқы үй-жайларда жатын орындар жабдықтауға;
18) мекеменің өндірістік және өзге де объектілерінде құрылыстар салуға, шкафтар мен сейфтер орнатуға;
19) камера есігіндегі қарайтын көзшені жабуға;
20) камерадан тыс жердегі сотталғандармен заңсыз байланыс орнатуға;
21) жазаны өтеу шарттары мен тәртібін бұзуға басқа сотталғандарды айдап салуға құқығы жоқ.
4. Сотталғандардың осы баптың талаптарын орындамауы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
105-бап. Тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алу
1. Сотталғандар тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды жазасын өтеу кезеңiнде тапқан ақшасына не алатын зейнетақылары мен әлеуметтiк жәрдемақыларының есебiнен шектеусіз қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша сатып алуға құқылы.
Мұндайлар болмаған жағдайда, осы баптың үшінші бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, сотталғандардың тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Рұқсат етiлген ақша сомасы ағымдағы айда жұмсалмаған жағдайда, сотталғандар тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды жұмсалмаған сомаға кейiнгi айларда сатып алуға құқылы.
3. Жүктi әйелдер, балалары бар әйелдер, сондай-ақ мүгедектер мен емдеу-профилактикалық мекемелерде ұсталатын сотталғандар тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаты есебінен шектеусiз сатып алуға құқылы.
4. Сотталғандарға сатуға рұқсат етілген тамақ өнімдерінің, сондай-ақ бірінші кезекте қажетті заттардың тізбесі мен саны мекеменің ішкі тәртіптеме қағидаларымен белгіленеді.
106-бап. Кездесулер
1. Сотталғандарға ұзақтығы екі сағат қысқа мерзiмдi, мекеме аумағында ұзақтығы екі тәулiк ұзақ мерзімді кездесулер берiледі.
Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде мекемеден тыс жерде тұрумен ұзақтығы бес тәулiкке дейін ұзақ мерзімді кездесулер берiледі.
Сотталған адамның немесе кездесуге келген адамның жазбаша өтініш жасауы бойынша кездесу ұзақтығы қысқартылуы мүмкін.
2. Жұбайымен (зайыбымен), туыстарымен немесе өзге де адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер сәлемдеме алу құқығымен, мекеме әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен берiледi.
3. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратындарды қоспағанда, сотталғандарға ұзақ мерзімді кездесулер жұбайымен (зайыбымен), жақын туыстарымен, сотталған адаммен некеде тұрмайтын, онымен ортақ балалары бар адамдарға бірге тұру құқығымен және сәлемдеме алу құқығымен берiледi.
4. Мекемеге келген сотталғандарға бірінші кездесу карантин бөлімшесінен шыққаннан кейін беріледі.
Кейінгі кездесулер осы Кодекске және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес беріледі.
5. Сотталғандарға олардың өтiнуi бойынша ұзақ мерзімді кездесудi - қысқа мерзiмдi кездесумен, ал кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде мекемеден тыс жерде тұрумен берілетін ұзақ мерзімді кездесудi - мекеменің шегінен тыс шыға отырып, қысқа мерзiмдi кездесумен ауыстыруға рұқсат етiледi. Кездесулерді біріктіруге не бөлуге рұқсат етілмейді.
6. Сотталғандардың білікті заң көмегін алуы үшін олардың жазбаша немесе ауызша өтініші бойынша адвокаттармен саны, ұзақтығы шектеусіз және олардың құпиялылығы қамтамасыз етілетін жағдайларда кездесулер беріледі.
107-бап. Сауқаттар, сәлемдемелер мен бандерольдер алу және жіберу
1. Сотталғандар осы Кодексте көзделген тәртіппен сауқаттар, сәлемдемелер және бандерольдер алуға құқылы.
2. Сотталған адам медициналық қорытындыға сәйкес дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар алуға құқылы. Жете тексергеннен кейін бұлар сотталған адамды емдеуге пайдалану үшін мекеменің медициналық бөліміне жіберіледі.
3. Мекеме әкімшілігінің рұқсатымен сотталғандар сауқаттар мен бандерольдер жіберуге құқылы.
108-бап. Хат жазысу, ақшалай аударымдарды жiберу және алу
1. Сотталғандар хаттар мен жеделхаттар алуға және оларды ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаты есебінен саны шектеусіз жіберуге құқылы.
2. Сотталғандар жіберетін және алатын хат-хабарға қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын тәртіппен бақылау жасалады.
3. Ерлі-зайыпты не туыстар болып табылмайтын, мекемелерде ұсталатын сотталғандардың арасында хат жазысуға мекеме әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жол берiледi.
4. Толық, төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары, орташа қауіпсіз мекемелерде ұсталатын сотталғандар айына екі реттен көп емес ақшалай аударымдарды алуға құқылы, бұл ретте олардың жалпы сомасы жиырма айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Сотталғандар жазаны өтеу кезеңінде тапқан жеке қаражаты есебінен жұбайына (зайыбына), туыстарына ақшалай аударымдарды шектеусіз жіберуге құқылы.
5. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде ұсталатын сотталғандар ақшалай аударымдарды шектеусіз алуға және жіберуге құқылы.
6. Барлық қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысандарын қолдануға байланысты қосымша көрсетілетін қызметтер сотталған адамның жеке қаражаты есебінен өтеледі.
109-бап. Телефон арқылы сөйлесу
1. Сотталған адамның мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес, әрқайсысының ұзақтығы он бес минут телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар.
Телефон арқылы сөйлесудің ақысы сотталғандардың немесе олардың жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының жеке қаражатынан төленедi.
Мекеме әкімшілігі сотталған адамның әлеуметтік байланыста болуын қолдау үшін қолда бар телекоммуникация құралдарын пайдаланады.
2. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларындағы, сондай-ақ жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторда не жалғыз адамдық камерада ұсталатын сотталғандардың: жұбайы (зайыбы), жақын туысы қайтыс болған немесе науқастың өміріне қатер төндіретіндей қатты ауырған; оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтірген дүлей зілзала болған және өзге де айрықша жеке мән-жайлар болған жағдайларда телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар.
110-бап. Жазу керек-жарақтарын, әдебиетті, мерзімді басылымдарды сатып алу және сақтау
1. Сотталған адам бандерольдермен жазу керек-жарақтарын алуға, сауда желісі арқылы әдебиетті сатып алуға, сондай-ақ ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаты есебінен газеттер мен журналдарға шектеусіз жазылуға құқылы.
2. Сотталғандарға Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездiкке табыну мен зорлық-зомбылықты насихаттауды және үгiттеуді қамтитын, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы басылымдарды алуға, сатып алуға, жаздырып алуға, сақтауға және таратуға тыйым салынады.
3. Сауда желісі арқылы сатып алынатын әдебиеті бар бандерольдер сотталған адам алуға құқылы сауқаттар мен бандерольдер санына кірмейді.
4. Жазу керек-жарақтарын, әдебиетті, сондай-ақ газеттер мен журналдарды сақтау мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
111-бап. Сейілдеулер
1. Жазасын камераларда өтеп жүрген, сондай-ақ жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторға жабылған және жалғыз адамдық камераларға ауыстырылған сотталғандардың осы Кодексте белгіленген тәртіппен күн сайын сейілдеуге құқығы бар.
2. Сотталғандардың сейілдеуі күндізгі уақытта мекеме аумағының арнайы жабдықталған бөлігінде жүргізіледі.
3. Сотталған адам мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларын бұзған жағдайда, сейілдеу мерзімінен бұрын тоқтатылады.
112-бап. Радиохабарлар тыңдау және телехабарлар көру
1. Сотталғандардың жұмыс пен міндетті бұқаралық іс-шаралардан бос уақытта, мекеменің күн тәртіптемесімен ұйықтауға бөлінген уақыттан басқа кезде радиохабарлар тыңдауға құқығы бар.
2. Жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторларға жабылғандарды және жалғыз адамдық камераларға ауыстырылғандарды қоспағанда, сотталғандардың жұмыс пен міндетті бұқаралық іс-шаралардан бос уақытта, мекеменің күн тәртіптемесімен ұйықтауға бөлінген уақыттан басқа кезде телехабарлар көруге құқығы бар.
113-бап. Мекеменің шегінен тыс жерге шығу
1. Мекемелерде ұсталатын, сондай-ақ шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргiзу үшiн қауіпсіздігі аралас мекемелерде қалдырылған және толық қауіпсіз мекемеге жіберілген сотталғандардың мекеменің шегінен тыс жерге:
1) қысқа мерзiмге - жұбайының (зайыбының), жақын туысының қайтыс болуына немесе науқастың өмiрiне қатер төндiретіндей қатты ауыруына, оның отбасына айтарлықтай материалдық залал келтiрген дүлей зілзалаға байланысты, бару-қайту жолына қажет (бес тәулiктен аспайтын) уақытты есептемегенде, жетi тәулiктен аспайтын мерзiмге;
2) ұзақ мерзімге - қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жыл сайынғы ақылы демалыс уақытына шығуға құқығы бар.
2. Мекемелердің балалар үйінде балалары бар сотталған әйелдердің балаларын жұбайына, туыстарына не балалар үйіне орналастыру үшін мекеменің шегінен тыс жерге қысқа мерзімге шығуға құқығы бар.
Мекемеден тыс жерде кәмелетке толмаған мүгедек балалары бар сотталған әйелдердің олармен кездесу үшін жылына бір рет қысқа мерзімге шығуына құқығы бар.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген негiздер бойынша мынадай:
1) қайталап қауіпті қылмыс жасаған;
2) өлiм жазасы түріндегі жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған;
3) өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған;
4) есінің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикасының бұзылуынан зардап шегеді деп танылған, сондай-ақ алкоголизмнен, уытқұмарлықтан, нашақорлықтан, туберкулезден, инфекциядан емделудi аяқтамаған;
5) террористік, экстремистік қылмыстар үшін не қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар үшін, сондай-ақ жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін;
6) дәрежесі екінші немесе үшінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға шығуға рұқсат етілмейді.
4. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын және денсаулық жағдайына байланысты үнемі күтiмдi қажет ететін сотталғандарға, сондай-ақ кәмелетке толмаған сотталғандарға мекеме шегінен тыс жерге шығуға жұбайының (зайыбының), туысының немесе өзге еріп жүруші адамның бірге жүруiмен рұқсат етiледi.
5. Сотталған адамның шығу туралы өтініші бір тәулiктік мерзімде қаралады. Шығуға рұқсатты мекеме бастығы не оны алмастыратын адам осы баптың үшінші бөлігінде көзделген талаптарды және сотталған адамның мiнез-құлқын ескере отырып бередi.
6. Сотталған адамның мекеме шегінен тыс жерде болу уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
7. Сотталған адамның мекеме шегінен тыс жерге шығуына байланысты шығыстарын ол ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаттан төлейдi не өзге адамдар төлейдi.
8. Сотталған адамның белгiленген мерзiмде қайтып оралуын қиындататын, күтпеген мән-жайлар туындаған жағдайда, сотталған адам болған жердегi iшкi iстер органы бастығының уәжді қаулысымен мекемеге оралу мерзiмi мекеме әкiмшiлiгiн дереу хабардар ете отырып, бес тәулiкке дейiн ұзартылады.
9. Сотталған адам мерзiмінде оралмаған кезде мекеме әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен іздестіруді жүзеге асырады.
114-бап. Мiндетті әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк, зейнетақымен қамсыздандыру
1. Жұмыспен қамтылған сотталғандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жатады.
2. Сотталған әйелдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүктiлiкке және босануға байланысты жәрдемақылармен қамтамасыз етiледi.
3. Сотталғандардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.
4. Мекемелерде бас бостандығынан айыруды өтеп жүрген сотталғандарға қатысты ерiктi медициналық сақтандырудың қолданысы өтеу мерзімі аяқталғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
115-бап. Материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету
1. Мекемелердегі бiр сотталған адамға шаққандағы тұрғын алаңның нормасы - екi жарым шаршы метрден, әйелдердi ұстауға арналған мекемелерде - үш шаршы метрден, кәмелетке толмағандар үшін - үш жарым шаршы метрден кем болмауы керек.
2. Сотталғандардың тұрақты тұруына арналған ортақ тұрғын үй-жайларда, бөлмелер мен камераларда нақты бар тұрғын алаң негізге алына отырып, осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген нормаларға сәйкес жазаны өтеу орындарының лимиті айқындалады.
Әр мекеме үшін жазаны өтеу орындарының лимитін қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган белгілейді және сотталғандардың тұрақты тұруына арналған жаңа тұрғын алаңдар пайдалануға берілген және бұрыннан бар тұрғын алаңдар реконструкцияланған кезде өзгереді.
3. Сотталғандарға жеке жатын орындар мен төсек керек-жарақтары беріледі.
Сотталғандар тамақпен, бірінші кезекте қажетті заттармен, жынысы және климаттық жағдайлар ескеріле отырып, маусым бойынша киіммен, ішкиіммен және аяқкиіммен бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.
4. Сотталғандарды еңбекке тартатын кәсіпорындар қаражаты есебінен оларға белгіленген нормалардан тыс қосымша тамақтандыру ұйымдастырылуы мүмкін.
Тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алу үшін жұмсауға рұқсат етілетін, осы Кодексте белгіленген ақша сомасынан асырып, сотталғандар ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатынан: мекемелерде пайдалануға рұқсат етілген аяқкиім мен киімді, оның ішінде спорттық аяқкиім мен киімді қосымша сатып алуға; медициналық көрсетімдер бойынша қажетті емдәмдік тамақ алуға; өздерінің қалауы бойынша көрсетілетін емдеу-профилактикалық және нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын өзге де қосымша қызметтер көрсетудің ақысын төлеуге құқылы.
5. Жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға, кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ науқастар мен мүгедектерге жақсартылған тұрғынжай-тұрмыстық жағдайлар жасалады және тамақтанудың жоғарылатылған нормалары белгіленеді.
6. Мүгедек болып табылатын сотталғандар ұсталатын үй-жайлар арнаулы техникалық құралдармен және құрылғылармен жабдықталады.
116-бап. Сотталған жүктi әйелдердi, бала емiзетін аналарды және балалары бар әйелдердi материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету ерекшелiктерi
1. Балалары бар сотталған әйелдер жазасын өтеп жүрген мекемелерде балалар үйлерi ұйымдастырылуы мүмкiн.
Мекемелердiң балалар үйлерiнде балалардың қалыпты тұруы мен дамуы үшiн қажеттi жағдайлар қамтамасыз етiледi.
Сотталған әйелдер өздерiнiң үш жасқа дейiнгi балаларын мекемелердің балалар үйлерiне орналастырады және жұмыстан бос уақытта олармен шектеусіз қарым-қатынаста болады. Оларға балаларымен бiрге тұруға рұқсат етіледі.
2. Сотталған әйелдердiң жазбаша келiсiмiмен балалар олардың жұбайларына, туыстарына немесе сот шешімімен өзге де адамдарға берiледi не балалар үш жасқа толғаннан кейін тиiстi балалар мекемелерiне жiберiледі.
3. Сотталған жүктi әйелдер мен бала емiзетін аналардың саны мен ассортименті медициналық қорытындыда айқындалатын азық-түлiк салынған сауқаттар мен сәлемдемелер алуына болады. Сотталған жүктi әйелдердің босану уақытында және босанғаннан кейiнгi кезеңде әйелдердің мамандандырылған медициналық көмекке құқығы бар.
4. Мекемелердің балалар үйлерінде балалар тамақпен, бірінші кезекте қажетті заттармен, жеке жатын орынмен, төсек керек-жарақтарымен, жынысы мен климаттық жағдайлар ескеріле отырып, маусым бойынша киiммен, iшкиiммен және аяқкиiммен бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етiледi.