89-бап. Мекемелер түрлерi
1. Мекемелер:
1) қауіпсіздігі барынша төмен мекемелер;
2) орташа қауіпсіз мекемелер;
3) кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелер;
4) қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелер;
5) төтенше қауіпсіз мекемелер;
6) толық қауіпсіз мекемелер;
7) қауіпсіздігі аралас мекемелер болып бөлінеді.
2. Қауіпсіздігі аралас мекемелерге:
1) сотталғандарды әртүрлі режим түрлерімен ұстауға арналған мекемелер;
2) бас бостандығынан айыруға сотталған не шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қалдырылған не осы Кодекстің 88-бабы төртінші бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес мекемелерден келген адамдарды ұстау үшін пайдаланылатын тергеу изоляторлары жатады.
3. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде абайсызда жасаған қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыруға сотталғандар және қасақана қылмыс жасағаны үшiн жазасын колония-қоныстарда өтеумен, бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар, сондай-ақ осы Кодекстiң 96-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, орташа қауіпсіз және қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерден ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
4. Орташа қауіпсіз мекемелерде онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қасақана қылмыстар және ауыр қылмыстар жасағаны үшiн, жазасын жалпы режимдегі түзеу колонияларында өтеумен, бiр жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылған адамдар жазасын өтейдi.
5. Қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған, сондай-ақ егер сотталған адам бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген болса, қылмыстары қайталанған кезде ерлер және қылмыстарының қауіпті қайталануы кезінде бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдер жазасын өтейдi.
6. Төтенше қауіпсіз мекемелерде қылмыстар қауiптi қайталанған кезде, жазасын ерекше режимдегі түзеу колонияларында өтеумен өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған ерлер, сондай-ақ өлiм жазасы түрiндегi жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
7. Толық қауіпсіз мекемелерде аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн, қылмыстар қауiптi қайталанған кезде жазасын түрмеде өтеумен бес жылдан астам мерзiмге сотталған, сондай-ақ мекемелерден ауыстырылған жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн қаскөйлікпен бұзушы және (немесе) осы Кодекстiң 88-бабы төртінші бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес жiберiлген адамдар жазасын өтейдi, сондай-ақ өлiм жазасын орындауға мораторий енгiзiлгенге дейiн немесе мораторий қолданылған уақытта өздерiне қатысты өлiм жазасы туралы үкiм күшiне енген адамдар ұсталады.
8. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде бас бостандығынан айыруға сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ мекемеде кемінде бір жыл болу шартымен, кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде жиырма бір жасқа толғанға дейiн қалдырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
9. Мекемелерде жазасын өтеп жүрген сотталғандар басқа қылмыс жасады деп күдік келтірілген немесе айыпталған кезде, олардың әкімшілігімен келісу бойынша осы мекемелерде, бірақ жазасын өтеп жүрген басқа сотталғандардан оқшауланып ұсталады.
10. Сотталғандар камераларда тұратын бір мекемеде әртүрлі режим түрлері бар оқшауланған учаскелер жасалуы мүмкін.
90-бап. Сотталғандарды жазасын өтеу үшін жiберу
1. Сотталған адам қауіпсіздігі аралас мекеменің әкiмшiлiгi заңды күшіне енген үкімді орындау туралы сот өкімін алған күннен бастап он күннен кешіктірілмей жазасын өтеуге жіберіледі.
Осы мерзiм iшiнде сотталған адамның:
1) адвокатпен саны, ұзақтығы шектеусіз және құпиялылығы қамтамасыз етілген жағдайларда кездесуге;
2) жұбайымен (зайыбымен), туыстарымен немесе өзге де адамдармен қысқа мерзiмдi кездесуге;
3) өзінің жеке қаражатынан не өзге адамдардың қаражатынан ақысы төленетін, ұзақтығы он бес минут телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар.
2. Қауіпсіздігі аралас мекеменің әкiмшiлiгi сотталған адамның таңдауы бойынша жұбайына (зайыбына) не туыстарының бiрiне, не өзге де адамға оның жазасын өтеу үшiн қайда жiберілетіндігі туралы жазбаша хабарламаны екі жұмыс күні ішінде жіберуге мiндеттi.
91-бап. Сотталғандардың орнын ауыстыру
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтеу орнына жiберiледi және жазаны өтейтін бір орыннан екiншiсiне айдауылмен ауыстырылады.
2. Сотталғандардың айдауылмен орнын ауыстыру ұстау қағидалары сақтала отырып: ерлер - әйелдерден, кәмелетке толмағандар - ересектерден; өлiм жазасына кесiлгендер - басқа санаттағы сотталғандардан жеке; бiр қылмыстық iс бойынша өтетін тергеудегі сотталғандар - бөлек; туберкулезбен ауыратындар немесе жыныстық жолмен берілетін инфекциядан емделудiң толық курсын өтпегендер, психикалық ауытқулары бар науқастар - өзара бөлек және денi саулардан жеке, қажет болған кезде, дәрiгердiң қорытындысы бойынша - медицина қызметкерлерiнiң ерiп жүруiмен жүзеге асырылады.
3. Сотталғандардың айдауылмен орны ауыстырылған кезде олар қажетті тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық жағдайлармен қамтамасыз етiледi.
4. Сотталғандардың орнын ауыстырған кезде мекеме (жөнелтуші орган) оларды маусым бойынша киіммен, аяқкиіммен, сондай-ақ сотталғандарға жол жүрудің барлық кезеңіне белгіленген нормалар бойынша тамақпен қамтамасыз етеді.
5. Сотталғандардың орнын ауыстыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Сотталған адамды жазасын өтеу орнына жiберу немесе басқа мекемеге ауыстыру кезiнде ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақшасы сотталған адам жiберiлген не ауыстырылған мекеменің ақшаны уақытша орналастыратын қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударылады.
7. Уәкілетті лауазымды адамдар сотталғандардың орнын ауыстырған кезде құпиялылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолданады.
92-бап. Сотталғандарды қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдыру және толық қауіпсіз мекемеге жіберу
1. Қауіпсіздігі аралас мекемелерде немесе толық қауіпсіз мекемелерде шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеу тағайындалған, бес жылдан аспайтын мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар тартылады. Қалдыру және еңбекке тарту туралы шешім қауіпсіздігі аралас мекеме бастығының қаулысы бойынша олардың келісімімен жүзеге асырылады.
Сотталған адамды толық қауіпсіз мекемеге жіберу оның бастығымен келісу бойынша жүзеге асырылады.
2. Шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылған немесе толық қауіпсіз мекемелерге жіберілген сотталғандар орташа қауіпсіз мекемелер үшін осы Кодексте көзделген жағдайларда, өзге адамдардан оқшауланып ұсталады.
3. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша тергеу әрекеттерін жүргiзу қажет болған кезде жазасын мекемелерде өтеумен бас бостандығынан айыруға сотталған адам қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылуы, сондай-ақ прокурордың санкциясымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгiленген мерзiмге басқа мекемеден ауыстырылуы мүмкiн.
4. Басқа адам жасаған қылмыс туралы iс бойынша сот талқылауына қатысу қажет болған кезде, сотталған адам орташа қауіпсіз мекемелер үшін осы Кодексте көзделген жағдайларда, iстi сотта қарау уақытына сот қаулысымен қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылуы мүмкiн.
5. Егер сотталған адам басқа iс бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылса және оған қатысты күзетпен ұстау түрiндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, оны қауіпсіздігі аралас мекемеде ұстау мерзiмдерi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес айқындалады.
6. Сотталған адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген негiздер бойынша, сондай-ақ құқықтық тәртiпті ұстап тұру үшiн қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстырылуы мүмкiн.
Осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген негіздер бойынша қауіпсіздігі аралас мекемелерге жіберілген сотталғандар басқа адамдардан оқшауланып камераларда ұсталады және оларға түрін сот тағайындаған мекеме үшін осы Кодексте белгіленген шарттар қолданылады.
7. Мекемелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздігі аралас мекемеге ауыстырылған сотталғандар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатын екі айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде екі қысқа мерзiмдi кездесу алуға;
3) күн сайын ұзақтығы бiр жарым сағаттық сейілдеудi пайдалануға құқылы.
Сотталғандар камераларда және қауіпсіздігі аралас мекемеде ұсталатын барлық санаттағы адамдардан оқшауланып ұсталады.
93-бап. Сотталғандарды мекемелерге қабылдау
1. Сотталғандарды мекемелерге қабылдауды мекемелердің ішкi тәртiптеме қағидаларында белгiленген тәртiппен әкімшілік жүргізеді. Бұл ретте:
1) сотталған адамның жеке басы туралы деректер және оны мекемеге жіберу негіздері;
2) мекеме жауаптылықпен сақтауға қабылдайтын, сотталған адамға тиесілі мүліктің тізімі;
3) сотталған адамның кез келген дене зақымы және оның дене бітіміне немесе психикалық жай-күйіне қатысы бар, денсаулығы туралы мәліметтер;
4) сотталған адамның шағымдары тіркеледі.
2. Мекемелерге келген сотталғандар он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге карантин бөлiмшесіне орналастырылады. Сотталғандар карантин бөлiмшесінде болған кезеңде жазаны өтеудің дағдылы жағдайларында болады.
3. Карантин бөлімшесінде болудың мақсаты:
1) мекеме әкімшілігінің жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын айқындау үшін маңызы бар, сотталғандардың жеке басы туралы мәліметтерді зерделеу;
2) сотталғандарды жазаны өтеу тәртібімен және шарттарымен таныстыру;
3) сотталғандардың инфекциялық ауруларын анықтау және олардың таралуын алдын алу болып табылады.
94-бап. Сотталғандарды мекемелерде бөлек ұстау
1. Мекемелерде сотталған ерлер мен әйелдердi, кәмелетке толмағандар мен ересектердi бөлек ұстау белгiленеді.
2. Осы баптың бесінші бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар бас бостандығынан айыруды бұрыннан өтеп жүрген сотталғандардан жеке ұсталады.
Бiр мекемеде бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған және бұл жазаны бұрыннан өтеп жүрген әйелдер бөлек ұсталуы мүмкiн.
Басқа сотталғандардан оқшауланып, сондай-ақ бөлек: қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында сотталғандар; өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар; өмiр бойына бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар; өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар ұсталады.
3. Жекелеген мекемелерде, сотталғандығының санына қарамастан, сотталған - соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар ұсталады.
4. Сотталғандарды бөлек ұстаудың осы бапта белгiленген талаптары балалар үйi бар мекемелерге қолданылмайды.
5. Әртүрлi инфекциялық аурулармен ауыратын сотталғандар бөлек және денi сау сотталғандардан жеке ұсталады. Емдеу-профилактикалық мекемелерде (ауруханаларда, мамандандырылған психиатриялық және туберкулезге қарсы ауруханаларда) сотталған ерлер сот айқындаған режим түрiне қарамастан, бiрге ұсталады. Туберкулезге қарсы ауруханаларда сотталғандарды бөлек ұстау медициналық көрсетімдермен айқындалады.
95-бап. Сотталған адамның жазасын даралау мақсатында оның мінез-құлқын бағалау
1. Жазаны орындау кезеңінде оны даралау мақсатында сотталған адамның мінез-құлқы дәрежесін айқындау арқылы оның мінез-құлқын бағалау жүзеге асырылады.
2. Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесі:
1) осы Кодекстің 96-бабына сәйкес ол жазасын өтеп жүрген мекеме түрін өзгерту;
2) осы Кодекстің 135, 137, 139, 142, 144, 150-баптарына сәйкес оның мекемеде жазасын өтеу жағдайларын өзгерту;
3) осы Кодекстің 128, 130, 152, 154-баптарына сәйкес оның құқықтарын кеңейту не құқықтық шектеулер белгілеу үшін негіз болып табылады.
3. Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесін мекеме комиссиясы ұсынатын, оның мінез-құлқын сипаттайтын материалдар (мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауы; еңбек пен оқуға қатынасы; тәрбиелік іс-шараларға қатысуы; сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларға қатысуы; сотталғандардың ерікті ұйымына мүше болуы; қылмыстан келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша шаралар қолдану) негізінде мекеме бастығы айқындайды.
4. Сотталған адамның мінез-құлық дәрежесін айқындау мақсатында оның мінез-құлқын бағалау сотталған адам мекемеге келген күннен бастап жүзеге асырылады.
Сотталғандардың мінез-құлық дәрежесі мынадай критерийлер негізінде айқындалады:
мінездемесі оң сотталғандар үшін:
1) кемінде бір көтермелеуі болған әрі үш және одан көп ай бойы жазалауы болмаған кезде - дәрежесі бірінші оң мінез-құлық;
2) дәрежесі бірінші оң мінез-құлқы болған, сотталғандардың ерікті ұйымдарына мүше болған әрі алты және одан көп ай бойы жазалауы болмаған кезде - дәрежесі екінші оң мінез-құлық.
3) дәрежесі екінші оң мінез-құлқы болған, сотталғандардың ерікті ұйымдарына мүше болған әрі бір жыл және одан көп уақыт бойы жазалауы болмаған кезде - дәрежесі үшінші оң мінез-құлық;
мінездемесі теріс сотталғандар үшін:
1) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы деп таныған кезде - дәрежесі бірінші теріс мінез-құлық;
2) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін үнемі бұзушы деп таныған кезде - дәрежесі екінші теріс мінез-құлық;
3) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп таныған кезде - дәрежесі үшінші теріс мінез-құлық.
Сотталған адамды жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы, үнемі бұзушы не қаскөйлікпен бұзушы деп тану осы Кодекстің 130-бабының үшінші бөлігіне және 154-бабының төртінші бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
96-бап. Мекеме түрiн өзгерту
1. Дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандар сот алдында мекеменің түрін:
1) сотталғандар сот үкімі бойынша тағайындалған мерзiмнiң кемiнде жартысын толық қауіпсіз мекемеде өтегеннен кейін - толық қауіпсіз мекемеден төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары немесе орташа қауіпсіз мекемеге;
2) жазаны өтеудің жеңiлдетiлген және жеңілдікті жағдайларындағы сотталғандар онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшiн жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiрiн, ауыр қылмыстары үшiн - жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн, ал бұрын бас бостандығын айыруды өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылғандар мен жазаның қалған өтелмеген бөлігі кезеңiнде жаңа қылмыстар жасағандар - жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн өтегеннен кейін - орташа қауіпсіз немесе қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерден қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге өзгерту туралы өтінішхат беруге құқылы.
2. Мыналар:
1) қылмыстардың қауіптi қайталануы кезінде;
2) аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ террористік немесе экстремистік қылмыстар жасағаны үшін;
3) өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар;
4) өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айырумен ауыстырылған;
5) мiндеттi емделуден өтпеген, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мекемелерiнде мамандандырылған емдеудi қажет ететiн;
6) дәрежесі теріс мінез-құлықты сотталғандар қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге ауыстырылуға жатпайды.
3. Дәрежесі үшінші теріс мінез-құлықты және жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушылық жасаған сотталғандарға қатысты сотқа:
1) қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден - түрі бұрын сот үкімімен айқындаған мекемеге;
2) олар сот үкімімен жіберілген қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден - орташа қауіпсіз мекемеге;
3) орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары және төтенше қауіпсіз мекемеден - олар толық қауіпсіз мекемеге қайдан жiберiлсе, сол қауіпсіздік түрiндегi мекемеде жазаның қалған мерзiмiн өтеумен, үш жылдан аспайтын мерзiмге толық қауіпсіз мекемеге ауыстыру туралы ұсыну енгізіледі.
4. Сотталған адам осы баптың бірінші бөлігінде белгілеген жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн өтеген кезде мекеме әкімшілігі сотталған адамды мекеме түрін өзгерту туралы мәселені қарау үшін сотқа өтінішхат беру құқығының басталғаны туралы бес күндік мерзімде жазбаша хабардар етуге міндетті.
5. Сотталған адам мекеме түрін өзгерту туралы өтінішхатпен жүгінген жағдайда, әкімшілік өтінішхатты сотталған адамның жеке басына, жазасын өтеу уақытындағы мінез-құлқына, еңбек пен оқуға деген көзқарасына мінездеме беретін материалдарды және сотталған адамның жеке ісін қоса бере отырып, он күн ішінде сотқа жіберуге, сондай-ақ көрсетілген өтінішхатты жібергені туралы прокурорды жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.
6. Сот мекеменің түрін өзгертуден бас тартқан жағдайда, өтінішхат енгізу сот қаулысы шығарылған күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін қайтадан орын ала алады.
7. Өзіне қатысты сот қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден түрі бұрын сот үкімімен айқындалған мекемеге немесе орташа қауіпсіз мекемеге қайтару туралы қаулы шығарған сотталған адам сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін қауіпсіздігі аралас мекемеде ұсталады.
17-тарау. МЕКЕМЕЛЕРДЕ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ РЕЖИМІ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚҰРАЛДАРЫ
97-бап. Жазаны өтеу режимінiң негiзгi талаптары
1. Сотталғандарды күзету мен оқшаулауды, оларды үнемі қадағалауды; оларға жүктелген міндеттердің орындалуын, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің іске асырылуын; сотталғандар мен персоналдың қауіпсіздігін; сотталғандардың белгілі бір санаттарын бөлек ұстауды, мекеме түріне қарай әртүрлі ұстау жағдайларын; жазаны өтеу жағдайларын өзгертуді қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасында белгіленген жазаны орындау және өтеу тәртібі мекемелерде жазаны өтеу режимі болып табылады.
2. Жазаны өтеу режимі жазаны орындау мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін жағдайлар жасайды.
3. Мекемелерде мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидалары қолданылады.
4. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда, барлық мекемелерде сотталғандар үлгісін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын белгіленген нысандағы киімді киеді.
5. Сотталғандардың өзімен бірге алып жүруіне рұқсат етілетін заттар мен нәрселердің тізбесі мен саны мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленеді.
6. Сотталғандарға мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген ақша мен бағалы қағаздарды, сондай-ақ өзге де нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Мұндайлар табылған жағдайда, оларды мекеме әкімшілігі алып қояды.
7. Сотталғандар заңда белгіленген тәртіппен иемденген ақшаны, бағалы қағаздарды, сондай-ақ нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектер мен тамақ өнімдерін сақтауды мекеме әкімшілігі қамтамасыз етеді.
8. Мекемеге іргелес жатқан аумақтың шекарасын, сондай-ақ оны пайдалану режимін оның әкімшілігімен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейді.
9. Байланыс операторлары мен желілерді иеленушілер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) радиосигналды бұғаттау не абоненттік құрылғыларды санкциясыз пайдалануды анықтау және (немесе) оның жол кесу үшін арнаулы техникалық жабдықты мекеме аумағына орнату кезінде ішкі істер органдарына консультациялық-техникалық жәрдемдесуді;
2) мекемелер аумағында радиосигналдың таралуын азайту мақсатында уақтылы ден қоюды және шаралар қолдануды қоса алғанда, меншікті байланыс желілерін оңтайландыруды қамтамасыз етуге міндетті.
10. Жазаны өтеу режимін сақтауды және құқықтық тәртіпті ұстап тұруды қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мен олардың иелігіндегі күштер мен құралдар қамтамасыз етеді.
98-бап. Жете тексеру мен тінту жүргізу
1. Мекеме қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар мекеме аумағындағы және режимдік талаптар орнатылған, оған іргелес жатқан аумақтардағы адамдарға, олардың заттарына, көлік құралдарына жете тексеру жүргізеді және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін алып қояды.
2. Жедел қызметкерлердің баянаты бойынша мекемелердің қызметкерлері мен сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар мекемеге келген адамдарға тінту жүргізеді.
Сотталғандармен ұзақ мерзімді кездесуге келген адамдардың заттарына тінту жасалады.
3. Мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін алып өтуге әрекет жасау фактісі расталған жағдайда, ұзақ мерзімді кездесу құқығы берілген адамдар дереу шығарылады, кездесу тоқтатылады және пайдаланылды деп есептеледі.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген, әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатын құқық бұзушылықтарға жол берген адамдар сот қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жылға сотталғандармен кездесулерден айырылады.
Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын құқық бұзушылықтарға жол берген адамдарға сот үкімі заңды күшіне енген күннен бастап сотталған адаммен кездесу берілмейді.
5. Сотталғандарға, олардың заттары мен киіміне, сондай-ақ мекеменің үй-жайына жете тексеру мен тінту жасалады.
Сотталғандардың жеке басын тінтуді сотталғандармен бір жыныстағы адамдар жүргізеді.
+10 °С-тан жоғары температура кезінде сотталғандарды жалпы тінту тексерулер жүргізу орындарында жүргізіледі, ал олар болмаған кезде - жергілікті учаскелерде арнаулы жиналмалы кабиналарда жүргізіледі. +10 °С-тан төмен температура кезінде жалпы тінту мекеменің үй-жайларында жүргізіледі.
Тұрғын үй-жайларды оларда сотталғандар болған кезде тінтуге мұны кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда жол беріледі.
6. Сотталғандардан, сондай-ақ мекеменің аумағынан табылған, кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін болмаған ақшаны, бағалы қағаздарды және өзге де қүндылықтарды әкімшілік мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес алып қояды және олар сот қаулысы бойынша мемлекет кірісіне айналдыруға жатады.
Мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселер, құжаттар, заттар, бұйымдар, заттектер, тамақ өнімдері, оның ішінде мекеменің аумағынан және режимдік талаптар орнатылған, оған іргелес жатқан аумақтан табылғандары, мекеме әкімшілігінің комиссиялық шешімі бойынша туыстарына немесе сақтауға беріледі не мекеме бастығының қаулысы бойынша жойылады, бұл жөнінде акт жасалады.
7. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген жағдайларда, жете тексеру мен тінту мекемелерде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
8. Жете тексеру мен тінту жүргізу нәтижесінде жасалатын немесе жасалған қылмыс не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері байқалған кезде, одан әрі жете тексеру мен тінту тиісінше Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
99-бап. Қадағалаудың, бақылаудың және күзеттің инженерлік-техникалық құралдары
1. Мекеме әкiмшiлiгi қашып шығудың, құқық бұзушылықтардың, жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзудың алдын алу, сотталғандардың мiнез-құлқы туралы қажеттi ақпарат алу үшiн дыбыс-бейне (бейнебақылау жүйесі), электрондық және өзге де инженерлік-техникалық құралдарды пайдаланады.
2. Мекеме әкiмшiлiгi сотталғандарға қорғау функциясын бір мезгілде орындайтын қадағалаудың, бақылаудың және күзеттің инженерлік-техникалық құралдары қолданылатыны, оны бұзу сотталғандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні туралы жазбаша хабардар етуге мiндеттi.
100-бап. Мекемелердегi жедел-iздестiру қызметi
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мекемелерде жедел-iздестiру қызметi жүзеге асырылады, оның мiндеттерi:
1) жазаларды орындау тәртiбi мен шарттарын, сотталғандардың, мекемелер персоналының және өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
2) мекемелерде дайындалып жатқан және жасалатын қылмыстардың және жазаны өтеу тәртiбiн бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, ашу, олардың жолын кесу;