2. Почта жөнелтiмдерiн iшкi су көлiгiмен тасымалдау тәртібін байланыс саласындағы мемлекеттік уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Тасымалдаушының кiнәсiнен почта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының почта операторлары алдындағы жауапкершiлiгi почта операторларының жөнелтушi немесе адресат алдында көтеретiн жауапкершiлiгi мөлшерiнен аспауға тиiс.
11-тарау. Жүктерді тасымалдау
56-бап. Жалпы ережелер
1. Iшкi су көлiктерiнде жүктердi тасымалдау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге және жүк тасымалдау шартына сәйкес жүзеге асырылады.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Iшкi су көлiгiнде жүк тасымалдауды жүзеге асыру тәртiбiн (бұдан әрi - жүк тасымалдау қағидалары) уәкілетті орган бекiтедi.
Жүк тасымалдау ережелерiнде:
1) жүктердi тасымалдауға ұсынудың және қабылдаудың;
2) жүкқұжаты мен тасымалдау құжаттарын ресiмдеудiң;
3) жүктердi тиеу мен түсiрудiң;
4) жүктердi үйiп және ақтара тиеп тасымалдаудың;
5) тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдаудың;
6) жүк массасын айқындаудың;
7) кемелер мен контейнерлерге қойылатын талаптардың;
8) кемелер мен контейнерлердi пломбалаудың;
9) жүктердi кемеде орналастыру мен бекітудiң;
10) кеменi немесе контейнердi жүктi тиеу мен түсiру үшiн берудiң;
11) тасымалдаулар бойынша есеп айырысулардың;
12) жүктердi жеткiзу мерзiмдерiнiң және жеткiзу мерзiмдерiн есептеудiң;
13) жүктерге билiк етудiң, оларды басқа мекен-жайға жiберудiң және қайтарудың;
14) жүктердi сақтаудың, ұстап қалу мен берудiң;
15) жүктердi сатудың;
16) қауiптi жүктердi тасымалдаудың;
17) жүктердi басқа мекен-жайға жiберудiң;
18) кеменi тазалаудың шарттары мен тәртібі айқындалады.
57-бап. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт
Тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер жүк тасымалдауды жүйелi түрде жүзеге асыру қажет болғанда жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттар жасасуға құқылы.
Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартқа сәйкес тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi - оны тасымалдау үшiн уағдаласқан көлемде ұсынуға мiндеттенедi. Шартта көлiк құралдарын беру мен жүктердi тасымалдауға ұсынудың көлемi, мерзiмi және басқа да шарттары, есеп айырысу тәртібі, сондай-ақ жүк тасымалдауды ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделмеген өзге де шарттары белгiленедi.
58-бап. Жүк тасымалдау шарты
1. Жүк тасымалдау шарты тасымалдау құжаттарын - көлiктiк жүкқұжатты, жол ведомосын (көлiктiк жүкқұжат негiзiнде ресiмделген) және жүктi тасымалдауға қабылдау туралы түбіртектi толтыру арқылы ресiмделедi.
2. Тасымалдау құжаттарының нысандары мен оларды толтыру тәртібі жүк тасымалдау ережелерiмен белгiленедi және iшкi су көлiгiнде жүк тасымалдаумен байланысты жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
59-бап. Қауiптi жүктердi тасымалдау
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң iшкi су жолдарындағы кеме қатынасы тәртiбiн уәкілетті орган және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар айқындайды.
2. Қауiптi жүктердi өндiру, тиеу, түсiру, сақтау және тасымалдау жүзеге асырылатын объектiлер елдi мекендерден, үйлерден, құрылыстардан, ғимараттардан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес қажеттi қашықтықта болуға тиiс.
3. Қауiптi жүктердi жөнелтушi және алушы - жүк жөнелтушi, жүк алушы, сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдауды орындайтын тасымалдаушы олардың тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, авариялық жағдайлардың туындауын болдырмау және (немесе) олардың зардаптарын жою үшiн қажеттi құралдар мен икемдi бөлiмшелердiң болуын қамтамасыз етуге (оның iшiнде тасымалдау шарты бойынша) мiндеттi. Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде авариялық жағдай туындаған кезде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар аталған бөлiмшелердiң оқиға болған жерге дереу жiберiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
60-бап. Жүктi жеткiзу мүмкiндiгi болмауының салдары
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тасымалдауға қабылданған жүктi еңсерiлмейтiн күш, соғыс iс-қимылдары, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың акт шығаруы (жария акт), дүлей сипаттағы құбылыстар, әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар немесе тасымалдаушыға байланысты емес өзге де себептер салдарынан межелі портқа жеткiзу немесе оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға беру мүмкiн болмаған кезде тасымалдаушы жүктi жеткiзуге кедергi келтiретiн себептердi көрсете отырып, ол туралы жүк жөнелтушiге, жүк алушыға, жөнелту порттары мен межелі порттарда тиеу-түсiру жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдарға хабарлайды және жүктi не iстеу керектiгi туралы жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының өкiмiн сұратады.
Егер тасымалдаушы төрт тәулiк өткенше (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының жүктi не iстеу керектiгi туралы өкімін алмаса немесе орындалуы көрiнеу мүмкiн емес өкiм алса, онда тасымалдаушы ол туралы жүк жөнелтушiнi, жүк алушыны хабардар ете отырып, жүктi өзiнiң пiкiрi бойынша жүк жөнелтушi, жүк алушы үшiн неғұрлым тиiмдi деп есептеген таяудағы порттардың бірiне түсiруге, не жүктi жөнелтiлген портқа қайтаруға құқылы.
2. Егер жүк ерекше жағдайларда сақтауды қажет ететiн болса (тез бүлiнетiн жүктер) және оны сақтау мүмкiн болмай, оның бүлiнуiне әкеп соғуы мүмкiн жағдайда тасымалдаушы жүктi сатуға құқылы.
Жүктi сатудан алынған сома тасымалдаушыға тиесiлi сома шегерiле отырып, депозит шарттарымен нотариустың атына енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айналымнан алынған және айналымы шектелген, сондай-ақ арнайы жүктер, оның iшiнде мемлекеттік және қорғаныс қажеттерiн қанағаттандыруға арналған әскери мақсаттағы жүктер сатылуға жатпайды.
4. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғанға дейiн тасымалдау үшiн қабылданса және осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, кеме рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе, тасымалдаушы жүк жөнелтушiмен, жүк алушымен келiсе отырып, жүктi межелi портқа немесе басқа пунктке көлiктiң басқа түрiмен жөнелту жөнiнде шаралар қабылдауға немесе оны осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға мiндеттi.
Жүрiп өтпеген қашықтық үшiн тасымалдау ақысы жүк тасымалдауға ақы төлеген жүк жөнелтушiге немесе жүк алушыға қайтарылады. Портта жүктi түсiру мен сақтау тасымалдаушының есебiнен жүзеге асырылады.
5. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғаннан кейiн тасымалдау үшiн қабылданса және кеме осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе және төрт тәулiк iшiнде жүк жөнелтушiден, жүк алушыдан жүктi не iстеу керектiгi туралы өкiм келiп түспесе, тасымалдаушы оны өз қалауы бойынша жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының есебiнен рейстi жалғастыру мүмкiндiгi туындағанға дейiн сақтауға қалдыруға, оның iшiнде навигацияаралық кезеңге кемеде қалдыруға немесе жүктi осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға құқылы.
61-бап. Жүктердi сату тәртібі
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген жүктердi қоспағанда, осы Заңда көзделген жағдайларда жүктердi сату:
1) олардың құнын төлеу туралы құжаттармен расталған жүктердiң бағасын негiзге ала отырып сатып алу-сату шартына сәйкес;
2) салыстырмалы жағдайларда, әдетте, осы сияқты тауарлар үшiн алынатын бағаны негiзге ала отырып, тараптардың келісімi бойынша жүзеге асырылады.
Өткізілетін жүктерді есепке алу және олар үшiн есеп айырысу тәртiбiн уәкілетті орган айқындайды.
2. Жүктердi сатудан түскен сома, тасымалдаушыға тиесiлi төлемдер мен оларды сатуға жұмсалған шығындар шегерiле отырып, жүктердiң құнын ол төлеген жағдайда - жүк алушыға немесе басқа жағдайларда жүк жөнелтушiге аударылуға тиiс.
Егер жүктердi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi төлемдердi және жүктердi сақтау мен сатуға жұмсалған шығыстарды жабу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, тасымалдаушы алынбаған қалған соманы жүк жөнелтушiден өндiрiп алуға құқылы.
3. Егер жүктер тез бүлiнетiн болса немесе көрсетiлген мерзiмде жүктердi сақтауға жұмсалатын шығыстар жүктердiң құнынан асып кететiн болса, тасымалдаушы жүктердi осы Заңда көзделген мерзiмдерден бұрын сатуға құқылы.
62-бап. Көлiк экспедициясы шарты
1. Көлiк экспедициясы шарты бойынша бір тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және екiншi тараптың (клиенттiң, жөнелтушiнiң немесе жүк алушының) есебiнен жүк тасымалдауға байланысты шартта айқындалған қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүк тасымалдау шартын жасасуға мiндеттенедi.
2. Көлiк экспедициясы шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жасалады.
12-тарау. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін тiркеп сүйреу
63-бап. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін тiркеп сүйреу шарты
1. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін тiркеп сүйреу шартына сәйкес бір тарап (тiркеп сүйреушi) тiркеп сүйреу шарттарын сақтай отырып, кеменi, салды немесе өзге де жүзу объектiсiн межелi пунктiне уақтылы әрi сол күйiнде тiркеп сүйреп жеткiзуге және оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға тапсыруға, ал екiншi тарап (жөнелтушi) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынуға және ол үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi тiркеп сүйреу (бұдан әрi - тiркеп сүйреу) тiркеп сүйреу шартына және уәкілетті орган бекiтетiн Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу қағидалары:
1) жүкқұжатты, тасымалдау және өзге де құжаттарды ресiмдеудiң;
2) тiркеп сүйреудi ұйымдастырудың;
3) тiркеп сүйреу жөніндегі қызмет көрсетулер үшiн ақы төлеудiң;
4) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынудың;
5) кеменiң, салдардың және өзге де жүзу объектілерінiң экипаж құрамына және тiркеп сүйреудi жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптардың;
6) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтудiң, қабылдаудың және тапсырудың тәртібі мен шарттарын айқындайды.
64-бап. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін тiркеп сүйреу кезіндегі жауапкершiлiк
1. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектілерін iшкi су жолдарымен не порт акваториясында тiркеп сүйреу тiркеп сүйрейтiн кеме капитанының басқаруымен жүзеге асырылады.
Тiркеп сүйретiлетiн кемеге, салға немесе басқа да жүзу объектiсiне, ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген нұқсан үшiн, егер мұндай нұқсан өзінің кінәсінен келтірілмегенін дәлелдей алмаса, тiркеп сүйрейтiн кеменiң меншiк иесi және (немесе) иесi жауапты болады.
2. Егер тiркеп сүйреу шарты бойынша тiркеп сүйреудi басқару мiндетi тiркеп сүйретiлетiн кеменiң капитанына жүктелген болса, мұндай тiркеп сүйреу кезiнде тiркеп сүйрейтiн кемеге, ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген нұқсан үшiн, егер нұқсан өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, тiркеп сүйретiлетiн кеменiң, салдың немесе басқа да жүзу объектiсiнiң меншiк иесi мен (немесе) иесi жауапты болады.
13-тарау. Жалпы авария. Кемелердi және басқа да мүлiктердi құтқару
65-бап. Жалпы авария, кемелердi және басқа да мүлiктердi құтқару кезiнде туындайтын қатынастарды реттеу
Iшкi су көлiгіндегі жалпы авария, кемелердi және басқа да мүлiктердi құтқару кезiнде туындайтын қатынастарды реттеу осы тарауда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
66-бап. Мүлiктiң контрибуциялық құны
1. Мүлiктiң (кеменiң, жүктiң және тасымалдау ақысының) жалпы апатты бөлу тәртібімен өтелетiн шығындарды жабуға арналған жарналар соған мөлшерлес белгiленетiн жалпы құны (контрибуциялық құны) кеме рейсі аяқталғаннан кейiнгi осы мүлiктiң нақты таза құны негiзiнде осы бапта белгiленген ережелерге сәйкес айқындалады.
2. Кеменiң контрибуциялық құны кеменiң зақымданған жағдайындағы құнының негiзiнде айқындалады.
3. Жүктiң контрибуциялық құны жүктi түсiру сәтiнде - жүк алушыға ұсынылатын саудалық есеп негiзiнде белгiленетiн құнды негiзге ала отырып, ал мұндай есеп болмаған кезде жүктi тиеп жiберу сәтіндегі оның құны негiзiнде айқындалады. Жүктiң құны, егер шығынға ұшырау тәуекелiн жүк жөнелтушi ғана көтеретiн болса, сақтандыруға арналған шығыстарды және тасымалдау ақысын қамтиды. Жүктiң құнынан жүктiң опат болуынан немесе зақымдануынан бастап оны түсiргенге дейiнгi не түсiру кезіндегі келтiрiлген барлық залалдар сомасы шегерiледi.
4. Тасымалдау ақысының контрибуциялық құны, егер шығынға ұшырау тәуекелiн тасымалдаушы көтеретiн болса, жоғалған тасымалдау ақысына тең болады.
5. Егер де жалпы аварияны бөлу тәртібімен өтелетiн сома мүлiктiң (кеменiң, жүктiң және тасымалдау ақысының) контрибуциялық құнына енгiзiлмеген болса, мұндай сома осы құнға қосылады.
6. Жүк орындарын бекітудiң кез келген құралдары жалпы авария бойынша енгiзiлген жарналарда жүкпен тең есептеледi.
67-бап. Диспаша және диспашерлер
Мүдделi тұлғалардың өтiнiштерi бойынша жалпы аварияның болған-болмағаны анықталады және оны бөлу жөніндегі есептi (диспашаны) диспашерлер жасайды.
68-бап. Дәлелдеу ауыртпалығы
Жалпы апатты бөлудi талап етушi тарап мәлiмделген залалдардың жалпы авария болып танылуы тиiс екенiн дәлелдеуге мiндеттi.
69-бап. Кемелер керуенi
1. Кемелер тобындағы әрбір кеме жеке-жеке алғанда өздiгiнен қозғалыс жасай алмайтындай жағдайда бір-бірiмен өзара тiркемеленген кемелер тобы кемелер керуенi болып табылады.
2. Егер керуеннiң бір және (немесе) бірнеше кемесiне және ондағы жүктерге қатысты оларға төнген жалпы қауiптен құтқару операцияларын жүзеге асыру мақсатында iс-қимылдар жасалған жағдайда, осы тарауда белгiленген ережелер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдарында белгiленген ережелер қолданылады.
Керуен кемесi, егер ол басқа кемеден немесе басқа кемелерден бөлiнiп кету нәтижесiнде қауiпсiз жағдайда болса, керуендегi басқа кемемен бірге жалпы қауiп төнген кеме болып есептелмейдi.
3. Кеме және жүк деп кемелер керуенiне қатысты контрибуциялық құнды айқындау кезiнде жалпы қауiп төнген керуеннiң барлық кемелерi мен жүктердiң жалпы құны ұғынылады.
70-бап. Паналау орны
1. Iшкi су жолдарындағы су тасуы, сең жүру, су деңгейiнiң кенеттен әрi жылдам төмендеуi салдарынан кеменiң портқа немесе өзге де паналау орнына кіруiне жұмсалған немесе кеменiң портқа немесе өзге де паналау орнына кіру қажеттiгiмен, оның портта немесе өзге де паналау орнында болуымен және кеменiң порттан немесе өзге де паналау орнынан шығуымен байланысты өзге де төтенше жағдайлар кезіндегі шығыстар жалпы авария деп танылады. Шығыстар жүгi бар кеме жүк тиелген портқа қайтып оралған жағдайда өтелуге тиiс.
2. Егер су тасуы немесе сең жүру жүгi бар кеме жүк түсiрiлетiн портқа кiргеннен кейiн орын алса және кеме жүктi түсiру аяқталғанға дейiн басқа қауiпсiз портқа кіру мақсатында бұл порттан кетуге тиiс болса, мұндай порт паналау порты болып есептеледi.
3. Егер кеме су тасуы немесе сең жүру салдарынан рейстi жалғастыра алмаса және жүктiң осы портқа арналған бөлiгiн түсiрiп болғаннан кейiн портта қалуға тиiс болса, ол мұндай кеме үшiн басқа порттарға арналған жүктерге қатысты ғана паналау порты болып есептеледi.
71-бап. Машиналардың зақымдануынан, әдейi қайраңға отырғызудан, суға батып кеткен кеменi көтеруден және кемедегi өрттен туындаған жалпы авария
1. Машиналар жұмысының өзгеруi нәтижесiнде, сондай-ақ кеме қайраңнан шығуға әрекеттенген, рулдiк, қозғалу, тiркеп сүйреу, басқа да құрылғылары зақымданған кезде туындаған зақымдануларды жоюға арналған шығыстар машиналардың зақымдануынан, әдейi қайраңға отырғызудан, суға батып кеткен кеменi көтеруден және кемедегi өрттен туындаған жалпы авария деп танылады.
2. Кеменi әдейi қайраңға отырғызудан немесе оны әдейi суға батырудан кемеге және (немесе) жүкке келтiрiлген зақымданулардан болған залалдар машиналардың зақымдануынан, әдейi қайраңға отырғызудан, суға батып кеткен кеменi көтеруден және кемедегi өрттен туындаған жалпы авария деп танылады.
3. Егер жүгi бар кеме авария салдарынан суға батып кеткен жағдайда жүгi бар кеменi көтеру шығындары мен тиiстi залалдар жалпы аварияға жатқызылады.
4. Кемеге және (немесе) жүкке кеменiң судан немесе өзгеше түрде зақымдануы салдарынан келтiрiлген залалдар, оның iшiнде жанып жатқан кеменi жағаға шығарып тастауды немесе суға батырудан келтiрiлген залалдар жалпы авария деп танылады.
72-бап. Тасымалдау ақысының ысырабынан келтiрiлген залалдар
Жоғалған, лажсыз лақтырылған жүк үшiн төленбеген тасымалдау ақысы ысырап болған тасымалдау ақысы мөлшерiнде өтеледi.
73-бап. Жалпы аварияны бөлу тәртібімен өтелетiн залалдарға есептелетiн проценттер
Жалпы аварияны бөлу тәртібімен өтелетiн шығыстар сомасы мен басқа да сомаларға (залалдарға) диспаша толтырылған күннен кейiнгi үш ай iшiнде жылдық жетi процент есептеледi. Бұл ретте жалпы аварияны жабуға қатысушы тараптар есебiнен немесе оны өтеу үшiн депозитке салынған қаражат есебiнен жүргiзiлген төлемдер тиiстi түрде ескерiледi.
74-бап. Жүктi бір кемеден iшiнара түсiру және оны басқа кемеге тиеу
Егер кеме жүктi одан әрi жағада немесе басқа кемеде сақтай отырып, оны iшiнара түсiрудi жүзеге асыруға мәжбүр болған жағдайда жалпы аварияға:
1) жүктi кемеден түсiруге, оны сақтауға және жүктi кемеге қайта тиеуге жұмсалған шығындар;
2) жүктi iшiнара тиеу жүзеге асырылатын кеменi жалға алуға жұмсалған шығыстар;
3) жүктi iшiнара тиеу жүзеге асырылған кемеге келтiрiлген зақымдануларды жөндеуге жұмсалған ысыраптар мен шығыстар, сондай-ақ мұндай кеменiң пайдаланудан шығып қалуымен байланысты ысыраптар;
4) аварияға ұшыраған кемеден жүктi түсiру немесе оны басқа кемеге тиеу кезiнде онда пайда болған зақымданулардан туындаған шығыстар;
5) жүктi түсiру, сақтау және тиеу кезiнде оның жоғалуына, жетiспеуiне немесе зақымдануына (бүлiнуiне) байланысты залалдар мен шығыстар;
6) қосымша сақтандыру үшiн сақтандырушыларға төленген сақтандыру сыйақылар жатқызылады.
75-бап. Жанама залалдарды қоспау
1. Жалпы аварияға тек қана жалпы аварияның тiкелей салдары болып табылатын залалдар қосылады.
2. Кеменiң рейс кезiнде кешiгуiнен, оның бос тұрып қалуынан, бағаның өзгеруiнен туындаған залалдар және басқа да жанама залалдар жалпы авария деп танылмайды.
14-тарау. Суға батқан мүлік
76-бап. Суға батқан мүлiк
1. Суға батқан мүлiкке iшкi су жолдары шегiнде қалқып жүруiне немесе су астына, су түбiне кетуiне не саяз суларға немесе жағаға шығып қалғанына қарамастан, апатқа ұшыраған кемелер, олардың сынықтары, жабдықтар, жүктер мен басқа да заттар жатады.
2. Осы тараудың ережелерi:
1) суға батқан әскери мүлiктi көтеруге, аластауға және жоюға;
2) егер суға батқан археологиялық немесе тарихи мәнi бар мүлiк iшкi су жолдары шегіндегі су түбiнде жатса, мұндай мүлiктi көтеруге қатысты қолданылмайды.
77-бап. Меншiк иесiнiң суға батқан мүлiктi көтеру мiндетi
1. Суға батқан мүлiк кеме қатынасы қауiпсiздiгiне немесе қоршаған ортаға ластанумен байланысты залал келтiру қатерiн төндiретiн, не биологиялық су ресурстары кәсiпшiлiгiн, iшкi су көлiгіндегі қызметтi жүзеге асыруға және iшкi су жолдары шегiнде жүргiзiлетiн жол жұмыстарына кедергi келтiретiн жағдайларда суға батып кеткен мүлiктiң меншiк иесi уәкiлеттi органның талабы бойынша ол белгiлеген мерзiмде суға батып кеткен мүлiктi көтеруге және қажет болғанда оны аластауға немесе жоюға мiндеттi.
2. Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi белгiлi болса, уәкiлеттi орган оған суға батып кеткен мүлiктi көтерудiң, аластаудың немесе жоюдың тәртібі мен мерзiмi туралы хабардар етедi.
Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi, белгiсiз болса, уәкiлеттi орган бұқаралық ақпарат құралдарында суға батқан мүлiктi көтеру үшiн белгiленген мерзiмдер туралы мәлiметтер жариялауға мiндеттi.
3. Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi суға батқан мүлiк туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн мәлiмдеме жасамаса, мұндай мүлiктi құрайтын заттар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес иесiз деп танылады.
78-бап. Суға батқан мүлiктi оның меншiк иесiнiң көтеруi
1. Суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мұндай мүлiктi көтеру туралы өзiнiң ниетiн уәкiлеттi органға мүлiк суға батқан күннен бастап бір жыл iшiнде хабарлауға мiндеттi.
2. Уәкiлеттi орган суға батқан мүлiктiң меншiк иесiнiң мәлiмдемесiн алған күннен бастап үш ай iшiнде суға батқан мүлiктi көтерудiң тәртібін, сондай-ақ көтеру мерзiмiн белгiлейдi, ол меншiк иесi суға батқан мүлiктi көтерудiң тәртібі мен мерзiмi туралы уәкiлеттi органның хабарламасын алған күннен бастап кемiнде бір жыл болуға тиiс.
79-бап. Уәкiлеттi орган кәсiпорындарының суға батқан мүлiктi көтеруi, аластауы немесе жоюы
1. Уәкiлеттi органның кәсiпорындары, егер:
1) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi суға батқан мүлiктi уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде көтермесе және аластамаса (жоймаса);
2) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi анықталмаса, адамдардың опат болуына әкеп соғуы, олардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзу объектілеріне зиян келтiруi, едәуiр материалдық шығындарға ұшыратуы және халықтың тыныс-тiршiлiгi жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн аварияларды, зiлзаланы немесе апатты болдырмау мақсатында;
3) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мүлiктi көтеру, аластау, жою үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген техникалық қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтiн құралдарды қолданатын болса;
4) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мүлiк суға батқан күннен бастап бір жыл iшiнде анықталмаса суға батқан мүлiктi көтеруге, ал қажет болғанда аластауға немесе жоюға құқылы.
2. Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi белгiлi болса, онда осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда мұндай мүлiктi көтеру, аластау немесе жою соның есебiнен жүзеге асырылады.
3. Егер суға батқан мүлiк көтерiлген сәттен бастап бір жылдан аспаған болса, оның меншiк иесi суға батқан мүлiктi көтеруге кеткен шығыстарды және осыған байланысты басқа да келтiрiлген шығыстарды өтегеннен кейiн осы баптың 1-тармағына сәйкес көтерiлген суға батқан мүлікті талап етуi мүмкін.
80-бап. Уәкiлеттi орган кәсiпорнының өзiне келтiрiлген шығыстарды толық өтеттiру құқығы
Осы Заңның 79-бабының 3-тармағында көзделген мерзiм өткен соң сот суға батқан мүлiктi иесiз деп таныған жағдайда уәкiлеттi органның кәсiпорны:
1) көтерiлген суға батқан мүлiктi немесе оның бір бөлiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатып, оны сатудан түскен сома есебiнен оны көтеруге кеткен шығыстардың және оған байланысты келтiрiлген басқа да шығыстардың өтемiн алуға;
2) суға батқан мүлiктiң меншiк иесiнен оны сатудан түскен сомамен жабылмаған шығыстарды, ал суға батқан мүлiк жойылған кезде мұндай мүлiктi жоюға байланысты келтiрiлген шығыстарды өтеттiрiп алуға құқылы.
81-бап. Кездейсоқ көтерiлген суға батқан мүлiк
Кеме қатынасына байланысты операцияларды жүзеге асыру кезiнде iшкi су жолдары шегiнде кездейсоқ көтерiлген суға батқан мүлiк мұндай мүлiкке қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген шараларды қабылдауға мiндеттi уәкiлеттi органға тапсырылуға тиiс.
15-тарау. Тасымалдаулардан туындайтын міндеттемелер бойынша жауаптылық
82-бап. Тасымалдау жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауаптылық
1. Тасымалдаудан туындайтын мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, тасымалдау ережелерiнде, сондай-ақ солардың негiзiнде жасалатын шарттарда белгiленген негiздер мен көлемдерде жауапты болады.