4-тарау. БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНАН ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНАН ТӨЛЕНЕТІН ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІ
30-бап. Зейнетақы жинақтарын төлеуді ұйымдастыру
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерi жеке зейнетақы шоттарында зейнетақы жинақтары бар алушыларға жүргізіледі.
2. Осы Заңның 11-бабының 1 - 3-тармақтарында, 24-бабының 4-тармағында аталған адамдардың, сондай-ақ мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектердiң өзінің таңдауы бойынша зейнетақы жинақтарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан белгiленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерi түрiнде және (немесе) сақтандыру ұйымынан зейнетақы аннуитетiнiң шартына сәйкес зейнетақы жинақтары есебiнен сақтандыру төлемдерi түрiнде aлуға құқығы бap.
Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдардың зейнетақы жинақтарының сомасы сақтандыру ұйымымен жасалған зейнетақы аннуитеті шартының сомасынан асатын жағдайда, осы айырма салымшыға (алушыға) белгіленген кесте бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері түрінде төленеді.
3. Алушыға Орталықтан тағайындалған ай сайынғы зейнетақы төлемдерiнiң және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерiнің сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем болмауға тиіс.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры деректемелері алушының зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішінде көрсетілетін алушының банк шотына зейнетақы төлемдерін аударады.
Айырбастау сомаларын қоспағанда, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын аударуға, есепке жатқызуға және төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу салымшының (алушының) зейнетақы жинақтары есебінен жүзеге асырылмайды.
31-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен төленетін зейнетақы төлемдерi
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адамдардың:
1) осы Заңның 11-бабының 1-3-тармақтарында көзделген жағдайлар басталған кезде;
2) ерлер - елу бес жасқа және әйелдер елу жасқа толғанда, осы Заңның 59-бабының 2-тармағына сәйкес ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз ету үшiн зейнетақы жинақтары жеткiлiктi болған кезде;
3) егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектердiң;
4) осы Заңның 65-бабының 1-тармағында аталғандардың;
5) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы бар.
2. Мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.
32-бап. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен төленетін зейнетақы төлемдерi
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстардағы жұмыс өтілі кемiнде бес жыл болған және осы Заңның 59-бабының 4-тармағына сәйкес ең төменгі зейнетақы мөлшерiнен төмен емес төлемді қамтамасыз ету үшiн зейнетақы жинақтары жеткiлiктi болған кезде елу жасқа толған;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдардың міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.
2. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.
33-бап. Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен төленетін зейнетақы төлемдерi
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:
1) елу жасқа толған;
2) мүгедек болып табылатын;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.
2. Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.
5-тарау. БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
34-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін ұйымдастыру
34-баптың 1-тармағы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылған күннен бастап қолданысқа енгізілді
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды және зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асырады.
Өзге тұлғаларға міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға тыйым салынады.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғам нысанында құрылады, коммерциялық емес ұйым болып табылады.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атауы «бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздерді қамтуға тиіс.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атауында «БЖЗҚ» деген аббревиатураны пайдаланып, оның атауын қысқартуға жол беріледі.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда, заңды тұлғаларға өзінің атауында «бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздерді қандай тілде болмасын толық және қысқартылған түрінде пайдалануға тыйым салынады.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жалғыз акционері болып табылады.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының акцияларын сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
7. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының органдарын, олардың функциялары мен өкілеттіктерін, олардың шешімдерді қалыптастыруы мен қабылдауының тәртібін осы Заң, Қазақстан Республикасының Үкіметі, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жарғысы және ішкі құжаттары айқындайды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесінің құрамына дауыс беру құқығымен тұрақты негізде уәкілетті органның өкілі кіреді.
8. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының:
1) ерікті зейнетақы жарналарын тартуға;
2) өзінің қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға;
3) зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сотта салымшының (алушының) мүддесін білдіруге;
4) өзінің мұқтажы үшін иемденген мүлікті жалға беруге;
5) Қазақстан Республикасының аумағында филиалдары мен өкілдіктерін ашуға;
6) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
9. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры:
1) міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын тартуға;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен алушыларға зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға;
3) зейнетақы жинақтарын және төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асыруға;
4) салымшыға (алушыға) жылына кемiнде бiр рет, сондай-ақ оның сұратуы бойынша кез келген сұралатын күнге өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақы алмай ақпарат беруге және осы Заңның 57-бабында көзделген ережелерді ескере отырып, оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қол жеткiзуiнiң электронды және өзге де тәсiлдерiн қамтамасыз етуге міндетті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты беру тәсiлi бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларында айқындалады.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жеке зейнетақы шотында ақша болмаған немесе салымшы (алушы) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларына сәйкес тұрғылықты жерінің өзгергенi туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына хабарламаған жағдайларда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыға (алушыға) өткен жылдың зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат жiбермейді;
5) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде зейнетақы активтері есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфелінің құрылымы туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында жариялауға;
6) салымшыларға (алушыларға) жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметі мәселелері бойынша өтеусіз консультациялық қызметтер көрсетуге;
7) салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
8) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болуға;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарын осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен сақтандыру ұйымына аударуға;
10) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасуға;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11) салымшының (алушының) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға;
12) бұқаралық ақпарат құралдарында уәкілетті орган белгiлеген және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртiппен және мерзімдерде қаржылық есептілік пен аудиторлық есепті, уәкiлетті орган айқындаған тәртіппен өзге де есептілік пен өзінің қызметi туралы ақпаратты жариялауға және өзінің интернет-ресурсында орналастыруға мiндеттi. Бұл ретте, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар бойынша табысқа кепiлдiктер немесе уәделер қамтылған ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған өзге де мәліметтердi жариялауға жол берiлмейдi;
13) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің қарауы үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
14) өзінің барлық салымшыларына (алушыларына) теңдей жағдайларды қамтамасыз етуге;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы белгілеген тәртіппен салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттары туралы Орталықпен ақпарат алмасуды жүзеге асыруға;
16) өзінің қызметінде сертификатталған жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалануға;
17) ақпарат сақтауға арналған резервтік орталығының болуы;
18) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзінің қызметінде пайдаланатын ақпараттық, коммуникациялық жүйелер мен технологияларды қоса алғанда, кемінде үш жылда бір рет бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету аудитін жүргізуге;
19) ішкі аудит қызметінің болуы міндетті.
10. Салымшылардың (алушылардың) құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына:
1) осы Заңда көзделген қызмет түрлерін қоспағанда, өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға;
2) зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген мақсаттарға пайдалануға;
3) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшерінен аспайтын сомада өзінің қызметкерлеріне қаржылай көмекті қоспағанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері есебінен өтеусіз негізде қаржылай көмек көрсетуге;
4) зейнетақы және (немесе) меншікті активтерді кепiлге беруге;
5) акциялардан басқа, бағалы қағаздарды шығаруға;
6) қарыз қаражатын тартуға;
7) қарыздарды кез келген тәсілдермен беруге;
8) кез келген түрдегі кепілгерліктер мен кепілдіктерді беруге;
9) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен еңбек шартын жасаспаған адамдарды осы баптың 9-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген міндеттерді орындау үшін тартуға;
10) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалар құруға және оның қызметіне қатысуға тыйым салынады.
35-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару тәртібі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарт негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі активтерді инвестициялық басқаруға арналған шартқа және осы Заңға сәйкес өзіне сеніп тапсырылған зейнетақы активтерін басқаруға қажетті іс-қимылдарды жасауды басқа тұлғаға тапсыра алады. Бұл ретте сенімгерлік басқарушы өзi таңдап алған сенiм білдірілушінің іс-әрекеті үшiн оны өзі жасағандай жауап бередi.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясын, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқармасы бекітеді.
36-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңесті құру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің функциялары:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарау және тұжырымдау;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін орналастыру үшін рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау және осы тізбені мақұлдау;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті қарау болып табылады.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің дербес құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің отырыстары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес туралы ережеде белгіленген мерзімдерде өткізіледі.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан кезде шешім қабылдауға құқылы.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің шешімі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес мүшелерінің жай көпшілік дауысымен қабылданады.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 37-бап өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37-бап. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы салымшының (алушының) бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен шарттары
1. Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшылардың (алушылардың) құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін және өзге де құқықтық қатынастарын белгілейтін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларының негізінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры әзірлейді.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шотын ашу бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларында көзделген нысан бойынша жасалған салымшының өтініші негізінде жүзеге асырылады.
3. Салымшының жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініші негізінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жөніндегі мәліметтерді міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізу үшін Орталыққа электронды хабарлама жібереді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Орталықтың міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жөніндегі мәліметтерді міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізілгені туралы электронды хабарламасын алған күннен бастап салымшы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.
38-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын кастодиандық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шоттарда сақталады және есепке алынады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін есепке алу және сақтау мақсатында уәкілетті орган айқындайтын шетелдік кастодиандарда шоттар ашуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің нысаналы орналастырылуын бақылауды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін шоғырландыру, оларды орналастыру, инвестициялық табыс алу жөніндегі барлық операцияларды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен есепке алуды жүргізеді және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын оның шоттарының жай-күйі туралы ай сайын хабардар етеді.
39-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының (алушыларының) және агенттердің құқықтары мен міндеттері
1. Міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алушылардың:
1) өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алуға;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының іс-қимылына сот тәртібімен шағымдануға;
3) зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру кезіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерін алуға;
4) өздерінің зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұраға қалдыруға;
5) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетер кезінде зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алуға;
6) өздерінің зейнетақы жинақтарының есебінен сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға;
7) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Агенттердің Орталықтан қызметкердің жеке зейнетақы шотының бар екендігі туралы растаманы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен алуға құқығы бар.
3. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу үшін жеке тұлға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініш беруге міндетті.
4. Міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алушылар:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттемелерін орындауға әсер ететін өзгерістер болған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына осындай барлық өзгерістер туралы хабарлауға;
2) осы Заңда көзделген жағдайларда зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға;
3) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес өзге де міндеттемелерді орындауға міндетті.
5. Агенттер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мерзімдерде және тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы есептеуге, ұстап қалуға (есебіне жазуға) және төлеуге міндетті.
40-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен салымшының (алушының) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы (алушы) арасында ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы үлгілік шартқа сәйкес жазбаша нысанда жасалады.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу тәртібі мен оның үлгілік нысаны уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
6-тарау. ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
41-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін ұйымдастыру