20-бап. Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы мемлекеттiк монополия
1. Орталық мемлекеттiк монополияға жататын мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн, жәрдемақыларды, бiржолғы және өзге де төлемдердi төлеудi ұйымдастыру және жүзеге асыру;
2) салымшылардың (алушылардың) мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша дерекқорын және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізімін қалыптастыру;
3) салымшы зейнетақы төлемдерiне құқық алу кезінде нақты енгiзген мiндеттi зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерiн келесi қаржы жылына инфляцияның болжамды деңгейiн ескере отырып айқындау;
4) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алу;
5) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агенттерден бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
6) жеке сәйкестендiру нөмiрi және (немесе) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары жоқ және (немесе) деректемелерiнде қателер жiберiлген адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агентке қайтару;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агентке және (немесе) Орталыққа оның өтініші бойынша қайтару;
8) агенттердiң Орталықтың шотына аударылған және Орталықтан агентке қайтарылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары және (немесе) солардың өсімпұлдары бойынша төлем құжаттарының тiзiлiмдерін қалыптастыру және оларды салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсуiн қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға ұсыну;
9) Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын органның төлемдердi тағайындауы үшiн зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылар iстерiнiң макетiн қалыптастыру;
10) Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылардың автоматтандырылған орталықтандырылған дерекқорын қалыптастыру және оларды дербестендiрiлген есепке алу;
11) зейнетақы жарналарын және (немесе) солар бойынша өсімпұлдарды есепке алу, аудару, қайтару мәселелерi бойынша агенттермен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен өзара iс-қимыл жасау;
12) орталық атқарушы органның бiрыңғай ақпараттық жүйесiнiң жұмысқа қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыру;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қызметтік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға қойылатын талаптарды сақтай отырып, Орталықтың автоматтандырылған орталықтандырылған дерекқорын пайдаланушылар болып табылатын орталық атқарушы және жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің қолжетімділігін ұйымдастыру;
14) Қазақстан Республикасы заңнамасының зейнетақы жинақтарының құпиялылығын сақтауды қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарын ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға Орталықтың қызмет түрлерi бойынша ақпараттық қызметтер ұсыну;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 14-1) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
14-1) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлемдерден ұсталған міндетті зейнетақы жарналарын ұйымдастыру және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 14-2) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
14-2) баланың бір жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алушыларға бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де қызмет түрлерi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша орталық атқарушы орган белгілейді.
21-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру тәртiбi
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi ағымдағы айға жүргізіледі. 2. Жұмыс iстейтiн зейнеткерлердiң осы Заңның 15-бабының 5-тармағында және 64-бабында көзделген шектеулер мен жағдайлар ескеріле отырып, Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн толық мөлшерде алуға құқығы бар.
3. Зейнетақы төлемдерi нотариат куәландырған сенiмхат бойынша жүргізілуі мүмкiн.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібін орталық атқарушы орган айқындайды.
22-бап. Өткен уақыт үшiн Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн алу
1. Есептелген, бiрақ алушы талап етпеген зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн, бiрақ оларды алуға өтiнiш берер алдындағы үш жылдан аспайтын уақыт үшiн төленедi.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын органның немесе Орталықтың кiнәсiнен уақтылы алынбаған зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн мерзiмдерi шектелмей төленедi.
23-бап. Зейнетақыдан ұстап қалу
1. Зейнетақы тағайындау кезiндегi қателiктер салдарынан зейнетақының артық төленген сомаларын алушының өтiнiшi негiзiнде ұстап қалатын жағдайлардан, сондай-ақ сотталғандардың, бас бостандығынан айырылғандардың табыстарынан ұстап қалатын жағдайлардан басқа, зейнетақыдан ұстап қалу атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен жүргізілуі мүмкiн.
2. Зейнетақыдан ұстап қалу төленуге тиiстi сомадан жүргізіледі.
3. Төленуге тиiс соманың 50 пайыздан астамын зейнетақыдан ұстап қалуға болмайды.
3-тарау. ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАЛАРЫН ТӨЛЕУ
24-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу
1. Мiндеттi зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын осы Заңда айқындалатын мөлшерлемелер бойынша төлеуге тиiс.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мыналар:
1) осы Заңның 11-бабының 1 - 3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар;
2) егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы тармақшада аталған адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады.
3. 2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен алып тасталды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықытырлды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Агент осы Заңның 11-бабының 1 - 3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған қызметкерлердің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерi, арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар босатылады.
1) зейнетақы төлемдерi 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған;
2) осы Заңның 65-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi тағайындалған әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерi, арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар босатылады.
5. Мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында төленедi.
6. Ұстап қалынған (есебiне жазылған) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын Орталыққа:
1) заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлер (шағын бизнес субъектiлерi мен шаруа немесе фермер қожалықтары үшiн арнаулы салық режимдерiн қолданатындардан басқа), сондай-ақ жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары мен адвокаттар қызметкерлерге төленген табыстардан - табыстар төленетін айдан кейiнгi айдың 25-iнен кешiктiрмей;
2) дара кәсiпкерлер (патент немесе оңайлатылған декларация негiзiнде шағын бизнес субъектiлерi және шаруа немесе фермер қожалықтары үшiн арнаулы салық режимдерiн қолданатындардан басқа), сондай-ақ жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары мен адвокаттар өзінің пайдасына - есептi айдан кейiнгi айдың 25-iнен кешiктiрмей;
3) арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртiппен және мерзiмдерде;
4) оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолданатын шағын бизнес субъектiлерi - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзiмде;
5) патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолданатын дара
кәсiпкерлер - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында патент құнын төлеу үшiн көзделген мерзiмде;
6) Орталық - әлеуметтiк төлемдер жүзеге асырылатын айдан кейiнгi айдың 15-інен кешiктiрмей аударады.
7. Мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) осы Заңның 28-бабының 1-тармағына сәйкес есебіне жазылған өсiмпұлды төлеудің толық және уақтылы жүзеге асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық органдары жүзеге асырады.
8. Мiндеттi зейнетақы жарналарын басқа адамдардың пайдасына төлеуге болмайды.
9. 2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлеуметтiк жеке кодының және (немесе) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiнiң және (немесе) жинақтаушы зейнетақы қорларымен жасалған зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартының болмауына байланысты тұрған жері белгiсiз бұрынғы қызметкерлердiң табыстарынан агенттер ұстап қалған және аудармаған мiндеттi зейнетақы жарналарын агенттер 2005 жылғы 1 қаңтарға дейiн есебіне жазылған өсiмпұлмен қоса, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен 2014 жылғы 1 қаңтарға дейiн бюджетке аударады. Бұл ретте 2005 жылғы 1 қаңтардан кейiн есебiне жазылған өсiмпұл есептен шығаруға жатады.
Бюджетке аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары және (немесе) өсiмпұлдар сомаларын - бұрынғы қызметкерлер, ал олар қайтыс болған немесе қайтыс болды деп жарияланған жағдайда мұрагерлерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес талап ете алады.
10. Резидент заңды тұлғаның шешімі бойынша оның филиалдары, өкілдіктері агенттер ретінде қаралуы мүмкін.
25-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын мiндеттi зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен зейнетақы жарналарын есептеу үшiн алынатын қызметкердiң ай сайынғы табысының 10 пайызы мөлшерiнде белгiленедi. Бұл ретте мiндеттi зейнетақы жарналарын есептеу үшiн алынатын ай сайынғы табыс республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерінен аспауға тиiс.
2. Қазақстан Республикасының судьялары үшiн бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бюджет қаражаты есебiнен судьяның ай сайынғы табысының 10 пайызы мөлшерiнде мiндеттi зейнетақы жарналары қосымша белгiленедi.
Судья терiс себептер бойынша қызметiнен босатылған кезде көрсетілген жарналар алып қойылады және бюджетке аударылады.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықытырлды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Баланың бір жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді алушылар үшін бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жататын міндетті зейнетақы жарналары қосымша белгіленеді.
Аталған алушылар үшін міндетті зейнетақы жарналарының жиынтық мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың 10 пайызын құрайды.
Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарының жалпы сомасы бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жататын міндетті зейнетақы жарналарының сомаларынан және баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерден ұсталатын міндетті зейнетақы жарналарының сомаларынан тұрады.
Агент міндетті зейнетақы жарналарын аударған кезде бюджет қаражаты есебінен қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау тоқтатылады.
3. Адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жекеше нотариустар, сондай-ақ дара кәсiпкерлер үшiн өзінің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын, салық кезеңiнiң әрбiр айы үшiн есептелетiн, мiндеттi зейнетақы жарналары мәлiмделетiн табыстың 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң 10 пайызынан кем емес және ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi.
Арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары үшiн шаруа немесе фермер қожалығының кәмелетке толған мүшесiнiң (қатысушысының) және басшысының пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын, салық кезеңiнiң әрбiр айы үшiн есептелетiн мiндеттi зейнетақы жарналары республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң 10 пайызынан кем емес және ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi. Шаруа немесе фермер қожалығының кәмелетке толған мүшелерiнiң (қатысушыларының) пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналары олар кәмелетке толған жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдан бастап есептелуге және төленуге жатады.
Адвокаттың, жеке сот орындаушысының, жекеше нотариустың, сондай-ақ дара кәсiпкердің өзінің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын есептеу үшiн өзі дербес айқындайтын табысы мәлiмделетiн табыс болып табылады.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
26-бап. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі және оларды жүзеге асыру тәртібі
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын қызметкердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
2. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын меншікті қаражаты есебінен еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстармен айналысатын, кәсіптері өндірістердің, жұмыстардың, қызметкерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген қызметкерлердің пайдасына жүзеге асырады.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижелерімен расталған зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары жойылған кезде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді жүзеге асырмайды.
27-бап. Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі
1. Салымшы - жеке тұлғалар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан кезде өзінің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына ерiктi зейнетақы жарналарын өзінің табысы есебiнен енгiзедi.
2. Ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы ерікті зейнетақы жарналарын төлеу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын таңдауға құқылы.
3. Жеке және заңды тұлғалар алушының пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарының салымшылары болуы мүмкiн.
4. Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу тәртiбi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.
28-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналарын, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы ұстап қалмағаны және аудармағаны үшiн жауаптылық
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Нақты төлем жасалған және қызметкер табыс алған жағдайда агент уақтылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын салық органдары өндіріп алады немесе оларды әрбір мерзімін өткізіп алған күнге (Орталыққа төлейтін күнді қоса алғанда) уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде есебіне жазылған өсімпұлмен бірге міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлердің пайдасына агенттер аударуға тиіс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайда, салық органдары мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жинақталып қалған берешек шегiндегi ақшаны агенттердiң банк шоттарынан өндiрiп алуға құқылы.
Мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу орталық атқарушы орган белгiлеген тәртiппен агентке жiберiлетiн хабарлама негiзiнде жүргiзiледi.
Егер мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi сомадан аспаған жағдайда, мұндай хабарлама жiберiлмейдi.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Агент хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салық органына өздерінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының тізімдерін, сондай-ақ өздерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өндіріп алынатын қызметкерлердің тізімдерін ұсынуға міндетті.
Агенттердiң банк шоттарынан мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу салық органының инкассолық өкiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн банк шотында (шоттарында) ақша болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда клиенттiң ақшасын алып қоюды банк Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген кезектiлiк тәртiбiмен жүргiзедi.
Агенттiң банк шотында ұлттық валютада ақша болмаған жағдайда, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу салық органдарының ұлттық валютада шығарған инкассолық өкiмдерi негiзiнде агенттiң шетел валютасындағы банк шоттарынан жүргiзiледi.
28-баптың 4-тармағының қолданысы 2014 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды. Тоқтата тұру кезеңінде көрсетілген тармақ мынадай редакцияда қолданылады
4. Салық органдарының өкiмi бойынша банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар агенттердiң банк шоттарындағы шығыс операцияларын тоқтата тұруға және мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, әлеуметтiк аударымдар мен салық берешегiн аударуға қатысты нұсқауларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен орындауға мiндеттi.
Агенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру мынадай жағдайларда жүргізіледі:
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) агент бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының тізімдерін ұсынбаған және міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешек болған, сондай-ақ өздерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлердің тізімдерін ұсынбаған және олар бойынша берешек болған жағдайда осы баптың 2-тармағында көзделген хабарлама табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң жүргізіледі. Бұл ретте агенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру салық органының агенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінде көрсетілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек сома шегінде жүргізіледі;
2) міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек өтелмеген жағдайда - осы баптың 2-тармағында көзделген хабарлама табыс етілген күннен бастап он бес жұмыс күні өткен соң. Бұл ретте агенттің банк шоттары бойынша барлық шығыс операцияларын тоқтата тұру жүргізіледі.
Агенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органы өкiмiнің күшін банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудың себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы жояды.
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда
5. Осы баптың 2-тармағында көзделген хабарламаны тапсырған күннен бастап он бес жұмыс күні өткен соң салық органы орталық атқарушы орган белгiлеген тәртiппен агенттің касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.
6. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын осы сомаларды агенттердiң банк шоттарынан есептен шығаратын күнi Орталық арқылы аударуға мiндеттi.
7. Салық қызметi органдары жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында агенттiң сәйкестендіру нөмірін, басшысының тегiн, атын, әкесiнiң атын (ол болған кезде) және мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешек сомасын көрсете отырып, мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешегi туындаған күннен бастап алты айдан астам мерзiмде өтелмеген берешегі бар агенттердiң тiзiмдерiн жариялайды.
29-бап. Аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары туралы мәлiметтер ұсыну
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, агенттер міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының есептелген, ұстап қалынған (есебіне жазылған) сомалары жөнiндегі мәліметтерді көрсететін жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген мерзімде тоқсан сайын тапсырады.
Декларацияның нысанын және оны жасау тәртібін уәкілетті орган белгiлейдi.
2013.05.12. № 152-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияда осы Заңның 24-бабының 2 - 4-тармақтарына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылған адамдарға қатысты міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бөлігінде мәліметтер көрсетілмейді.
3. Агенттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiпке сәйкес әрбiр қызметкер бойынша есептелген, ұстап қалынған (есебіне жазылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бастапқы есепке алуды жүргiзуге мiндеттi.
2014.10.01. № 156-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Агент есептелген, ұсталған (есебiне жазылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары туралы мәлiметтердi ай сайын, есептi айдан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей мiндеттi зейнетақы жарналарының салымшыларына және өздерінің пайдасына мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлерге ұсынуға мiндеттi.