Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы
(2014.29.09. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2014 жылғы 7 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арнайы экономикалық аймақ - қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын, дәл белгіленген шекаралары бар Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі;
2014.10.06. № 208-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) арнайы экономикалық аймақтың басқару органы - басқарушы компания, астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік мекемесі немесе дербес кластерлік қор;
3) арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімі - Қазақстан Республикасының аумағында құрылған барлық арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының тізілімі, оны жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады;
4) арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі - осы Заңға, Қазақстан Республикасының салық, кеден, жер заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу шарттарының жиынтығы;
5) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы - арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға;
6) басқарушы компания - арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында осы Заңға сәйкес құрылатын заңды тұлға;
7) «бір терезе» қағидаты - өтініш берушінің құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілерімен тікелей байланысын шектеуді көздейтін арнайы экономикалық аймақтың аумағында мемлекеттік қызметтер көрсету нысаны;
8) инфрақұрылым объектілері - арнайы экономикалық аймақты құрудың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес және бас жоспармен бекітілген жылу және электр энергиясын өндіру мен беру, сумен жабдықтау және газбен жабдықтау, кәріз, көлік коммуникациясы, байланыс қызметтері объектілері және өзге де объектілердің құрамына кіретін жылжымайтын мүлік объектілері;
9) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт (бұдан әрі - қызметті жүзеге асыру туралы шарт) - арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе бірнеше қатысушылары және арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арасында жасалатын арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақ қатысушысының немесе қатысушыларының қызмет түрлерін, осындай қызметті жүзеге асыру шарттарын, тараптардың құқықтары, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейтін шарт;
10) қызметтің басым түрлері - арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын қызмет түрлері;
11) қызметтің қосалқы түрлері - арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары болып табылмайтын тұлғалар соның аумағында жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызметін қамтамасыз ету үшін қажет қызмет түрлері;
12) қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар - осы Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылмайтын дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар;
13) нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейі - қол жеткізілмеуі арнайы экономикалық аймақты құрудың негізгі мақсатын іске асыруға мүмкіндік бермейтін, арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің экономикалық, техникалық, әлеуметтік және (немесе) өзге де көрсеткіштерінің көлемі;
14) өтініш беруші - арнайы экономикалық аймақтың басқару органына қызметтің басым немесе қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған өтінімді беретін тұлға;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15) сарапшылық кеңес - арнайы экономикалық аймақты құрудың немесе таратудың орындылығы мәселесін қарау үшін уәкілетті орган құратын ведомствоаралық консультациялық-кеңесші орган;
16) уәкілетті орган - арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттары
Арнайы экономикалық аймақ қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, экономика салаларына және өңірлерге инвестициялар, жаңа технологиялар тарту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылады.
2-тарау. Арнайы экономикалық аймақтың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеу
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:
1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) арнайы экономикалық аймақтардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді бекіту;
3) уәкілетті органды айқындау;
4) Қазақстан Республикасының Президентіне арнайы экономикалық аймақты құру немесе оны тарату туралы ұсыныс енгізу;
5) басқарушы компанияны құру туралы шешім қабылдау;
6) басқарушы компанияға қатысу;
7) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8-1) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8-2) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті органның құзыретіне:
1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын қоспағанда, арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және тарату саласындағы мемлекеттік органдардың және басқарушы компаниялардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;
3) арнайы экономикалық аймақтардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
4) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркеуге арналған өтінімдер мен сауалнамалар нысандарын әзірлеу және бекіту;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шарттарды бекіту;
6) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) арнайы экономикалық аймақтың басқару органдары ұсынатын мәліметтердің негізінде арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізу;
8) құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды бекіту;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8-1), 8-2) және 8-3) тармақшалармен толықтырылды
8-1) сарапшылық кеңес туралы ережені бекіту;
8-2) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалға алудың) үлгілік шартын бекіту;
8-3) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі қайталап пайдаланудың (қосалқы жалға алудың) үлгілік шартын бекіту;
9) Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақты құру немесе тарату туралы ұсыныс енгізу;
10) арнайы экономикалық аймақтың басқару органының есептілікті ұсыну тәртібі мен кезеңділігін айқындау;
11) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
12) жыл сайынғы негізде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақтар қызметінің нәтижелері туралы талдау ақпаратын беру;
13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
6-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне:
1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізу;
3) осы Заңда белгіленген тәртіппен басқарушы компанияға қатысу;
2014.10.06. № 208-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақты орналастыру үшін жер учаскесін беру және басқарушы компаниямен, дербес кластерлік қормен жер учаскелерін және бюджет қаражаты есебінен салынған инфрақұрылым объектілерін жалдау шарттарын жасасу;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-1) және 4-2) тармақшалармен толықтырылды
4-1) арнайы экономикалық аймақтың қызметіне қатысу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларын тарту;
4-2) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру, сондай-ақ мониторинг деректерін талдау;
5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
2. Астананың жергілікті атқарушы органының құзыретіне қосымша:
1) астананың арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеуі мен оны тарату саласындағы мемлекеттік органдар мен арнайы экономикалық аймақтың басқару органының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
2) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларын тарту;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларының есебін жүргізу;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру, сондай-ақ мониторинг деректерін талдау жатады.
3-тарау. Арнайы экономикалық аймақтың құрылуы, жұмыс істеуі және таратылуы
7-бап. Арнайы экономикалық аймақты құру тәртібі
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Арнайы экономикалық аймақты құруға мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес ресімделген арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын ұсына отырып, арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты уәкілетті органға енгізеді.
2. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақты құрудың орындылығы туралы не оны құру жөніндегі ұсынысты қабылдамау туралы мәселені қарайды.
Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны сарапшылық кеңестің қарауына жіберуге тиіс, ол уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген кезден бастап құрылады.
Сарапшылық кеңестің құрамы құрылатын арнайы экономикалық аймақтың қызметі түрінің ерекшеліктері ескеріліп бекітіледі.
Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей сарапшылық кеңес қорытынды дайындайды.
3. Уәкілетті орган тиісті шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлғаға осындай шешімді қабылдау негіздемесін жібере отырып, хабардар етеді.
4. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
1) арнайы экономикалық аймақты құру орынсыз болған;
2) арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;
3) ұсынылған материалдар толық немесе дұрыс болмаған;
4) ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қаупі туындаған және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларында арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсынысты қабылдамайды.
Арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты қабылдамау арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныспен кейіннен қайта жүгінуге кедергі болып табылмайды.
5. Арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлғалар арнайы экономикалық аймақты құрудың орындылығы туралы хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауды қамтамасыз етеді. Дайындалған техникалық-экономикалық негіздеме болжамды қаржылық-экономикалық, әлеуметтік салдарларды, арнайы экономикалық аймақты құрудың негіздемесін, орындылығын және нәтижесін бағалауды қамтуға тиіс.
Техникалық-экономикалық негіздеме мынадай критерийлерге сәйкес келуге тиіс:
1) орындылық - техникалық-экономикалық негіздемеде көзделген іс-шаралардың стратегиялық құжаттарға сәйкес келуі;
2) негіздемелік - есеп-қисаптармен расталған дәлелдемелердің, іс-шараларды әрбір компонент бөлігінде іске асыруға қаржыландыру көлемінің болуы;
3) нәтижелілік - есеп-қисаптармен расталған дәлелдемелердің, тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігінің болуы.
Орталық немесе жергілікті атқарушы органдар арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген жағдайда техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Уәкілетті орган құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті сараптамалар жүргізу үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді. Инвесторлар техникалық-экономикалық негіздеменің тәуелсіз сараптамаларын жүргізе алады.
Мемлекеттік органдардың құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сараптама жүргізуі техникалық-экономикалық негіздемені уәкілетті органға берген күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзім ішінде аяқталуға тиіс.
7. Техникалық-экономикалық негіздеме сараптамаларының қорытындысын алғаннан кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақ құрудың қоршаған ортаға әсері бағаланған тиісті техникалық-экономикалық негіздемесінің тұжырымдамасын, сарапшылық кеңестің қорытындысын қоса бере отырып, арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
8. Арнайы экономикалық аймақты құру және құрылатын арнайы экономикалық аймақтың мақсатына сәйкес келетін қызметтің басым түрлері туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.
Арнайы экономикалық аймақ туралы ережені, тиісті арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің нысаналы индикаторларын, нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
8-бап. Арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу шарттары
1. Арнайы экономикалық аймақ жиырма бес жылға дейінгі мерзімге құрылады.
2013.18.02. № 79-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Арнайы экономикалық аймақ мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде не Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесінің меншік иелерінен және жер пайдаланушылардан мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жер учаскелерінде құрылады.
Арнайы экономикалық аймақтар азаматтардың және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі жер учаскелерінде де құрылады.
2013.18.02. № 79-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.10.06. № 208-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері арнайы экономикалық аймақтың қатысушысына арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.
Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, инфрақұрылым объектілерін салуға, сондай-ақ қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері басқарушы компанияға, дербес кластерлік қорға арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.
Басқарушы компания, дербес кластерлік қор қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жер учаскелерін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.
Басқарушы компанияның, дербес кластерлік қордың жалға алуына уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілері де берілуі мүмкін.
Басқарушы компания, дербес кластерлік қор қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілерін бере алады.
4. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жер учаскелері арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілуге тиіс.
Инфрақұрылым объектілерін салуды немесе реконструкциялауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар өздеріне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) немесе кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген жер учаскесінің аумағында өздеріне қажетті инфрақұрылым объектілерін салуды өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға құқылы.
2013.18.02. № 79-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды; 2014.10.06. № 208-V ҚР Заңымен 4-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4-1. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және (немесе) қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін олардың меншік иелері басқарушы компанияға арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) шартына сәйкес уақытша өтеулі пайдалануға (жалға) бере алады.
Басқарушы компания арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және (немесе) қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартына сәйкес уақытша өтеулі кейінгі пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.
Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттары тиісінше арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалдаудың) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгі шарттарына сәйкес жасалады.
Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарының мерзімдері арнайы экономикалық аймақ құрылатын мерзімнен аспауға тиіс.
Жер учаскесінің меншік иесі осы Заңның талаптарына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлға ретінде арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте, жер учаскесінің меншік иесімен арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) шарты жасалмайды.
5. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының жеке меншігіндегі жер учаскелеріне қолданылмайды.
6. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында мемлекеттік қызмет көрсеткен кезде:
1) мемлекеттік қызметтерді уақтылы және сапалы көрсетуді;
2) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараттық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін «бір терезе» қағидаты қолданылады.
7. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуді халыққа қызмет көрсету орталықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы халыққа қызмет көрсету орталықтары осы баптың 4-тармағына сәйкес орналастырылуы және жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етіледі.
9-бап. Өтініш берушілерге қойылатын талаптар
2013.18.02. № 79-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.03.12. № 151-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушінің техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес келетін мөлшерде қаржылық қамтылымы болуға тиіс.
Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушінің қаржылық қамтылымы мынадай тәсілдермен:
1) ақшамен;
2) банк кепілдігімен;
3) кепілгерлікпен;
4) мүлік кепілімен;
5) сақтандыру шартымен қалыптастырылады.
Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш беруші қаржылық қамтылым тәсілдерінің кез келгенін, оның ішінде екі немесе бірнеше тәсілді біріктіріп қолдану жолымен таңдап алуға құқылы.
Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушіде техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес келетін мөлшерде қаржылай қамтамасыз етудің болуы туралы талап Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға бекіткен заңды тұлғалардың тізбесіне енгізілген, «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушіге қолданылмайды.