7-1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган қауіпті өндірістік объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы жай-күйінің мониторингін ұйымдастыруға қатысады;
8) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастық саласында Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын іске асыруды қамтамасыз етеді;
9) байланыс және ақпарат саласындағы уәкілетті орган әлеуметтік маңызы бар құндылықтарды насихаттауды және бейбіт этносаралық келісім үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігін қорғауды қамтамасыз ету жолымен терроризм идеологиясын таратуға қарсы іс-қимылды жүзеге асырады;
10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган террористік әсер етуге ұшыраған объектілердің қалыпты жұмыс істеуі мен экологиялық қауіпсіздігін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларға қатысады;
11) мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган ұлтаралық жанжалдарды және терроризм көріністерінің әлеуметтік-экономикалық алғышарттарын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін әзірлеу мен іске асыруды жүзеге асырады;
12) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган гидротехникалық құрылыстардың терроризмге қарсы қорғалуы жай-күйінің мониторингін ұйымдастыруға қатысады, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды, аса қауіпті организмдер көздерінің физикалық қорғалуына мемлекеттік фитосанитариялық бақылауды жүзеге асырады;
13) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдарды көлік-коммуникация саласының объектілерінде терроризмге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі міндеттерді шешуге қажетті ақпаратпен жедел қамтамасыз етуді ұйымдастырады және өз құзыреті шегінде олардың терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз етеді;
14) қаржы полициясы органдары терроризмді қаржыландыру арналарының алдын алуды, оларды анықтауды, жолын кесуді жүзеге асырады;
15) кеден органдары террористік қылмыстар жасаудың құралдары ретінде пайдаланылуы мүмкін қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және өзге де заттарды Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы заңсыз өткізуді анықтау және оның жолын кесу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;
16) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган ядролық қондырғылардың, радиациялық көздердің, радиоактивті материалдарды сақтау пункттерінің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін, ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды бірыңғай мемлекеттік есепке алу және бақылау жүйелерін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады, өндірістік объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы жай-күйінің мониторингін ұйымдастыруға қатысады;
17) әділет органдары терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларға және оның жолын кесуге қатысқан адамдарға өз құзыретіне қатысты мәселелер бойынша, оның ішінде қажетті құжаттарды беруде тегін қажетті құқықтық көмекті ұйымдастырады;
18) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен адамдарды және оның жолын кесуге қатысқан адамдарды әлеуметтік оңалту жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз етеді;
19) білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін және жоғары оқу орындарында факультативтік сабақтар өткізу жолымен қоғамда терроризмге қарсы сананы қалыптастыруды қамтамасыз етеді;
20) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган терроризм актісінің салдарларын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі шараларды іске асыруға қатысады, шұғыл медициналық көмекті, терроризм актісінің салдарынан зардап шеккен адамдарды медициналық-психологиялық сүйемелдеуді ұйымдастырады;
21) дін істері жөніндегі уәкілетті орган конфессияаралық келісімді, азаматтардың діни қызметке құқықтарын қамтамасыз етеді және күш қолдану идеологиясы мен терроризмді насихаттауға жол бермеу мақсатында діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасайды.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
8-бап. 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9-бап. Терроризмге қарсы іс-қимылда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына жәрдемдесудің міндеттілігі
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының лауазымды адамдары терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге және қажетті көмек көрсетуге міндетті.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары дайындалып жатқан немесе жасалған терроризм актісі туралы мәліметтерді терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға дереу хабарлауға міндетті.
3. Дайындалып жатқан немесе жасалған терроризм актілері туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға беру азаматтық борышты орындау болып бағаланады. Терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган сыйақы белгілейді және төлейді.
4-тарау. Террористік іс-әрекеттің алдын алу, анықтау және жолын кесу
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 10-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10-бап. Террористік іс-әрекеттің алдын алу
1. Қазақстан Республикасының аумағында:
1) терроризмді насихаттауға;
2) террористік ұйымдардың, сондай-ақ заңсыз әскерилендірілген құралымдардың құрылуына, тіркелуіне және жұмыс істеуіне тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының террористік іс-әрекетке қатысқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салуға құқығы бар.
3. 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 10-1-баппен толықтырылды
10-1-бап. Терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық іс-қимыл
1. Терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық іс-қимыл:
терроризмнің қауіптілігін түсіндіру;
террористер өз көзқарастары мен идеяларын насихаттауды солардың көмегімен жүзеге асыратын нысандарды, әдістерді және амалдарды әшкерелеу;
қоғамда терроризмге қарсы сананы қалыптастыру;
терроризм профилактикасында терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының күш-жігерін біріктіру;
терроризмді қолдаудың әлеуметтік базасын қысқарту мақсатында жүзеге асырылады.
2. Терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар:
өз құзыреті шеңберінде терроризмге қарсы ақпараттық-насихаттық іс-қимылды ұйымдастыруға және үйлестіруге;
осы қызметке бұқаралық ақпарат құралдары, заңды тұлғалар, азаматтық қоғам институттары, діни бірлестіктер өкілдерінің қатысуын ынталандыруға;
қоғамда терроризмге қарсы сананы қалыптастыруға қатысуға міндетті.
2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 10-2-баппен толықтырылды
10-2-бап. Террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғау
Террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғау үшін осы объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының және терроризм актілерінің салдарларын жоюға және (немесе) барынша азайтуға мемлекеттік органдардың, заңды тұлғалардың дайындығының деңгейін арттыру жөніндегі құқықтық, ұйымдастырушылық, инженерлік-техникалық, арнайы, күзеттік және өзге де шаралар жүзеге асырылады.
2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 10-3-баппен толықтырылды
10-3-бап. Меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілер басшыларының немесе өзге де лауазымды адамдарының міндеттері
1. Меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары террористік іс-әрекеттің алдын алу, сондай-ақ объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы және олардың қауіпсіздігінің тиісті деңгейін сақтау мақсатында:
1) тиісті өткізу режимін, объектілерге қойылатын қойылатын талаптарға сәйкес оларды қазіргі заманғы инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен жарақтауды қамтамасыз ету;
2) үлгілік паспорттың негізінде - өздеріне сеніп тапсырылған объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы паспортын әзірлеу;
3) персоналды үй-жайларды қарап тексеру техникасына үйрету, жарғыш құрылғылардың орнатылуы мүмкін орындарды анықтау бойынша профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу;
4) жасалған терроризм актісінің салдарынан туындаған техногендік сипаттағы қатерлерді жою бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлескен іс-қимылдарды жоспарлау мен пысықтау;
5) объектінің ақпараттық желілерін қорғауды, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға міндетті.
Терроризм актісі жасалған жағдайда меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің басшылары және (немесе) қызметкерлері жасалған терроризм актісі туралы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына немесе ішкі істер органдарына дереу хабарлауға және персоналды эвакуациялауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Тиісті іс-шараларды іске асыру мақсатында меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары қажетті қаржыландыруды көздеуге міндетті.
3. Меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілер басшыларының немесе өзге де лауазымды адамдарының аталған міндеттерді орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
11-бап. Террористік iс-әрекеттi анықтау
1. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдары террористік iс-әрекеттi анықтауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткiзедi.
2. Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар, террористік iс-әрекет белгiлерi бар барлық оқиғалар туралы терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын органдарға хабарлауға мiндеттi.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12-бап. Терроризм актісінің жолын кесу
1. Терроризм актісінің жолын кесу, террористерді, жарылғыш заттарды зиянсыздандыру, жеке адамдар мен ұйымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою мақсатында терроризмге қарсы операция жүргізіледі.
2. Адамдардың өмірі мен денсаулығын, материалдық құндылықтарды және объектілерді сақтау, сондай-ақ күш қолданбастан терроризм актісінің жолын кесу мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында террористермен келіссөз жүргізуге жол беріледі. Келіссөз жүргізу оралымды штаб басшысы осыған арнайы уәкілдік берген адамға тапсырылады.
3. Егер террористің (террористердің) терроризм актісін тоқтатуға келіспеуі себепті онымен (олармен) келіссөздер мақсатына қол жеткізілмесе және адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп-қатер төніп тұрса, терроризмге қарсы операцияның басшысы террористі (террористерді) жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
4. Күзетілетін адамға немесе объектіге айқын қауіп-қатер төнгені анықталған немесе ондай қауіп-қатерді өзге заңды құралдармен жою мүмкін болмаған жағдайда террорист (террористер) терроризмге қарсы операция басшысының өкімімен келіссөз жүргізілмей және ескерту жасалмай жойылуы мүмкін.
5. Мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы операцияға қатысушы бөлімшелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адам күшін, қызметтік иттерді, әскери және өзге де техниканы, қару мен арнаулы құралдарды қолданады.
2009.28.08. № 192-IV ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
12-1-бап. Террористік ұйымдарды және террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылған адамдарды есепке алу
1. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган сот шешімдерінің негізінде терроризмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында террористік ұйымдарды және террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін жауапқа тартылған адамдарды есепке алуды жүргізеді.
2. Сот ұйымды террористік деп таныған не террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін ұйымды тарату арқылы оның қызметін тоқтата тұрған немесе оған тыйым салған не террористік қызметті жүзеге асырғаны үшін адамдарды жауапқа тартқан кезде «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 56-бабының 1-тармағында көрсетілген тиісті органдар ақпараттық есепке алу құжаттарын құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органға дереу жолдауға міндетті.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 13-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 13-бап өзгертілді
13-бап. Оралымды штабтар
1. Терроризмге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында тұрақты жұмыс істейтін республикалық және облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтары құрылады.
2. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы республикалық жедел штабтың басшысы болып табылады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органының бастығы облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтың басшысы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінiң бастығы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күзетiлуге жататын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған терроризмге қарсы операцияны өткiзу кезiнде республикалық жедел штабтың басшысы болып табылады.
Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтың басшысын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы республикалық жедел штабтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың немесе олардың аумақтық органдарының өкілдері қатарынан тағайындайды.
4. Республикалық оралымды штабтың құрамына терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы операциялар жүргізуге қажетті көмек көрсете алатын өзге де мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық оралымды штабтың құрамына терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы операция жүргізуге қажетті көмек көрсете алатын өзге де мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
5. Республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтар туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 13-1-баппен толықтырылды; 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 13-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
13-1-бап. Терроризмге қарсы операцияға басшылық жасау
1. Терроризм актісінің қоғамдық қауіптілігінің ауқымы мен дәрежесіне, күтілетін теріс салдарларына қарай терроризмге қарсы операцияға басшылық жасауды республикалық немесе облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабының басшысы жүзеге асырады.
2. Оралымды штабтың басшысы терроризмге қарсы операция басталғаннан бастап ол аяқталғанға дейін операция басшысы және оны жүргізуге тартылатын барлық әскери қызметшілердің, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен мамандарының бастығы болады. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес оралымды штабтың басшысы терроризмге қарсы операцияға қатысуға тартылатын шет мемлекеттердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері мамандарының бастығы болады.
3. Оралымды штабтың басшысы:
1) терроризмге қарсы операцияның жүргізілу аймағының шекарасын, басталу және аяқталу уақытын айқындайды, берілген күштер мен құралдардың қолданылу бағыттары мен шегі туралы шешім қабылдайды;
2) бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамның өкілдерімен байланыста болуға жауапты болатын оралымды штабтың өкілін айқындайды;
3) терроризмге қарсы операцияны жүргізу туралы шешім қабылдайды және әскери өкім (әскери бұйрық) шығарады.
4. Республикалық оралымды штабтың басшысы:
1) терроризм актісінің жасалғаны туралы немесе оның дайындалып жатқаны туралы, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияның басталғаны туралы расталған ақпаратты алған кезде Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына және Қазақстан Республикасының Үкіметіне дереу хабарлайды;
2) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлерін терроризм актісінің жолын кесуге тарту мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізеді.
5. Атқаратын қызметіне қарамастан басқа лауазымды адамның терроризмге қарсы операцияның оралымды басшылығына заңсыз араласуына жол берілмейді.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14-бап. Терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге тартылатын күштер мен құралдар
1. Терроризмге қарсы операцияларды жүргізу үшін оралымды штабтарға терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қажетті күштері мен құралдары беріледі.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес, қажет болған жағдайларда терроризмге қарсы операцияға қатысу үшін шет мемлекеттердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері тартылуы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері осы Заңға және «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге қатысу үшін тартылады.
2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 14-1-баппен толықтырылды
14-1-бап. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін терроризм актілерінің жолын кесуге тарту
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері:
1) терроризм актісін жасау үшін пайдаланылатын не террористер басып алған әуе кемелері ұшуының жолын кесуге;
2) Қазақстан Республикасының ішкі суларында және аумақтық теңізінде, Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында орналасқан теңіздегі экономикалық қызмет объектілерінде терроризм актілерінің жолын кесуге, сондай-ақ теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген тәртіппен терроризмге қарсы операцияның өткізілуіне қатысуға тартылады.
2. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері терроризмге қарсы операцияны өткізу кезінде осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес арнайы құралдарды, қару мен жауынгерлік техниканы қолданады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне терроризмге қарсы операцияны өткізу аймағында дене күшін, арнайы құралдарды, қаруды қолдану және жауынгерлік техниканы пайдалану шарттарына, тәртібі мен шегіне қатысты бөлігінде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелері қолданылады.
2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 14-2-баппен толықтырылды
14-2-бап. Әуе кеңістігіндегі терроризм актілерінің жолын кесу
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы әуе кеңістігіндегі терроризм актісінің қатерін жою немесе жолын кесу мақсатында қолданады.
2. Егер әуе кемесі жердегі басқару пункттерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын бұзуды тоқтату туралы радиокомандаларына және (немесе) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің оны жолдан ұстап қалуға көтерілген ұшу аппараттарының радиокомандалары мен көрінетін белгілеріне ден қоймаса не себебін түсіндірмей, радиокомандаларға және көрінетін белгілерге бағынудан бас тартса, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы осы әуе кемесін қонуға мәжбүрлеу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданады. Егер әуе кемесі қону туралы талаптарға бағынбаса және адамдардың қаза табуының не техногендік апат туындауының нақты қаупі төнсе, қару мен жауынгерлік техника аталған әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданылады.
3. Егер әуе кемесін терроризм актісін жасау үшін пайдалану туралы немесе әуе кемесін басып алу туралы анық ақпарат бар болса және бұл ретте қалыптасқан мән-жайлардан туындайтын, оны қондыру үшін қажетті барлық шаралар таусылса және адамдардың қаза табуының не техногендік апат туындауының нақты қаупі төнсе, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы аталған әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданады.
2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 14-3-баппен толықтырылды
14-3-бап. Қазақстан Республикасының ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде терроризм актілерінің жолын кесу
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Қазақстан Республикасының ішкі суларында, аумақтық теңізінде, континенттік қайраңында терроризм актісінің қатерін жою мақсатында және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде қару мен жауынгерлік техниканы қолданады.
2. Егер теңіз немесе өзен кемелері және корабльдер (жүзу құралдары) Қазақстан Республикасының су кеңістігін пайдалану қағидаларын бұзуды тоқтату туралы командаларға және (немесе) белгілерге ден қоймаса не тоқтау туралы талаптарға бағынудан бас тартса, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери корабльдерінің (ұшу аппараттарының) қаруы терроризм актісінің қатерін жою мақсатында жүзу құралын тоқтауға мәжбүрлеу үшін қолданылады. Егер жүзу құралы тоқтау туралы талапқа бағынбаса және (немесе) оны тоқтауға мәжбүрлеу мүмкін болмаса және бұл ретте қалыптасқан мән-жайлардан туындайтын, оны тоқтату үшін қажетті барлық шаралар таусылса және адамдардың қаза табуының не экологиялық апат туындауының нақты қаупі төнсе, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери корабльдерінің (ұшу аппараттарының) қаруы жүзу құралын жойып жіберу арқылы оның қозғалысының жолын кесу үшін қолданылады.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 15-бап жаңа редакцияда; 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 15-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
15-бап. Терроризмге қарсы операция өткізілетін аймақтағы құқықтық режим
1. Терроризм актісінің жолын кесу және оны ашу, оның салдарларын барынша азайту, тізбесі «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделерін қорғау мақсатында терроризмге қарсы операция басшысының шешімі бойынша оның өткізілу шегінде терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі оны өткізу кезеңіне енгізілуі мүмкін.
2. Терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін енгізу туралы шешім (шегінде (соларда) осындай режим енгізілетін аймақты (объектілер тізбесін) және қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер тізбесін айқындауды қоса алғанда) және оның күшін жою туралы шешім тиісті аумақтың халқына, жергілікті атқарушы органдарына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, ұйымдарының әкімшіліктеріне, объектілерінің басшыларына бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілері арқылы дереу жеткізіледі.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды; 2013.08.01. № 63-V ҚР Заңымен 15-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
15-1-бап. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезеңінде қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер
1. Терроризмге қарсы операцияны жүргізу аймағында терроризмге қарсы операцияға қатысушы тұлғалардың:
1) адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, олар болмаған жағдайда - жеке басын анықтау үшін оларды ұстап, ішкі істер органдарына немесе басқа мемлекеттік органдарға жеткізуді жүзеге асыруға;
2) жеке қарап тексеруге және жеке адамның заттарын қарап тексеруге, көлік құралдарын, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып куәгерлердің қатысуынсыз қарап тексеруге;