5. Сот құжаттары іске қатысушы адамдарға олардың ана тіліне немесе олар білетін басқа тілге аударылып беріледі.
15-бап. Тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы
1. Азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Тараптар бірдей іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және бірдей іс жүргізу міндеттерін көтереді.
2. Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз айқындамасын таңдап алады, оны қорғау әдісі мен амалдарын дербес және соттан, басқа органдар мен адамдардан тәуелсіз түрде таңдап алады. Сот істің нақты мән-жайын анықтау мақсатында өз бастамасымен айғақтар жинаудан босатылған, алайда тараптың дәлелді өтініші бойынша оған осы Кодексте көзделген тәртіппен қажетті материалдарды алуға жәрдемдеседі.
3. Істі қараушы сот объективтілікті және әділдікті сақтай отырып, істің мән-жайын толық және объективті зерттеуге тараптардың құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды, іске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, іс жүргізу әрекеттерін жасаудың немесе жасамаудың салдары туралы ескертеді және осы Кодексте көзделген жағдайларда олардың өз құқықтарын жүзеге асыруына жәрдемдеседі. Сот іс жүргізу шешімін зерттеуге қатысу тараптардың әрқайсысына бірдей негізде қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.
4. Сот тараптарға бірдей және құрметпен қарайды.
16-бап. Дәлелдемелерді ішкі сенім бойынша бағалау
1. Судья істе бар дәлелдемелерді олардың жиынтығымен әділ, жан-жақты және толық қарауға негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды, бұл орайда ол заң мен ар-ұятты басшылыққа алады.
2. Сот үшін ешқандай дәлелдеменің күні бұрын белгіленген күші болмайды.
17-бап. Куәлік жауап беру міндетінен босату
1. Ешкім өзіне, жұбайына (зайыбына) және ауқымы заңмен айқындалған жақын туыстарына қарсы куәлік беруге міндетті емес.
2. Діни қызметшілер тәубаға келіп, өздеріне сенім білдірген адамға қарсы куәлік беруге міндетті емес.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайларда аталған адамдар жауаптар беруден бас тартуға құқылы және бұл үшін қандай да болсын жауапқа тартылмайды.
18-бап. Білікті заң көмегін алуға құқықты қамтамасыз ету
1. Әр адамның азаматтық процесс барысында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес білікті заң көмегін алуға құқығы бар.
2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.
19-бап. Сотта істі қараудың жариялылығы
1. Барлық соттар мен барлық сот сатыларында сотта істі қарау ашық жүргізіледі.
2. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтері бар шешімдерді хабарлауды қоса, сондай-ақ бала асырап алу құпиясын, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларды, азаматтар өмірінің ашық айтпайтын сырлары туралы мәліметтерді сақтауды қамтамасыз ету қажет екендігін не істі ашық қарауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайларды негізге алған іске қатысушы адамының өтінішін сот қанағаттандырған кезде, сондай-ақ осы Кодекстің 179-бабының алтыншы бөлігінде көзделген жағдайда заңға сәйкес істерді қарау жабық сот отырысында жүзеге асырылады.
3. Азаматтардың жеке хат алысуы және жеке телеграф байланысы ашық сот отырысында арасында осы хат алысу мен телеграф байланысы болған адамдардың келісімімен ғана жария етілуі мүмкін. Бұлай болмаған жағдайда бұл адамдардың жеке хат алысуы мен жеке телеграф байланысы жабық сот отырысында жария етіліп, зерттеледі. Аталған ережелер фото және кино құжаттарын, дыбыс және бейне жазбаларды, сондай-ақ техникалық құралдардың көмегімен алынған жеке сипаттағы мәліметтер бар хабарларды зерттеген кезде де қолданылады.
4. Соттың жабық отырысында істі қарау кезінде іске қатысушы адамдар, олардың өкілдері, ал қажет болған жағдайларда куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар да қатысады.
5. Сот істі соттың жабық отырысында қарау туралы дәлелді ұйғарым шығарады.
6. Сот отырысының залына, егер іске қатыспайтын адамдар болса немесе куә болмаса, он алты жасқа толмаған азаматтар жіберілмейді.
7. Жабық сот отырысында істі қарау азаматтық сот ісін жүргізудің барлық ережелері сақтала отырып жүргізіледі.
8. Іске қатысушы адамдар мен ашық сот отырысына қатысушы азаматтардың сотта істі қарау барысын залда отырған орындарынан жазып алуға немесе дыбыс жазуды пайдаланып жазып алуға құқығы бар. Сотта істі қарау барысында киноға және суретке түсіру, бейнетаспаға жазу, тікелей радио және телехабар жүргізу соттың іске қатысушы адамдардың пікірін ескере отырып берген рұқсаты бойынша ғана мүмкін болады. Бұл іс-әрекет сот отырысының қалыпты жүруіне бөгет жасамауға тиіс және оның уақытын сот шектеуі мүмкін.
20-бап. Сотта істі қарау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Сотта істі қарау соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайда жүргізіледі. Судьялар мен сот отырысы залында отырған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төрағалық етуші істі қарау кезінде қатысқысы келетін адамдарға тексеру жүргізу, оның ішінде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке өздерін тексеру және олар алып келген заттарды тексеру туралы өкім бере алады.
2012.10.07. № 32-V ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
21-бап. Сот актілерінің міндеттілігі
1. Сот азаматтық істер бойынша сот актілерін шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар мен бұйрықтар нысанында қабылдайды.
2. Заңды күшіне енген сот шешімдері, ұйғарымдары, қаулыларымен бұйрықтары, сондай-ақ соттар мен судьялардың заңды өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары мен басқа да жолданыстары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін бірдей міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі конституциялық емес деп таныған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген сот актілері орындалуға жатпайды.
3. Сот актісінің міндеттілігі іске қатыспаған мүдделі адамдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды.
4. Сот актілерін орындамау, сол сияқты сотты сыйламаудың өзге де көрінісі заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
22-бап. Іс жүргізу әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану бостандығы
1. Соттың әрекеттері мен шешімдеріне осы кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2. Іске қатысушы адамдардың осы кодексте белгіленген тәртіппен шешімді жоғары тұрған сотқа қайта қаратуға құқығы бар.
23-бап. Азаматтық сот ісін жүргізу принциптерінің мәні
Азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін бұзу оның сипаты мен маңыздылығына қарай, шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
3-тарау. Ведомстволық бағыныстылық және соттылық
2008.05.07. № 58-IV ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2011.11.01. № 385-IV ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
24-бап. Азаматтық істердің соттарға ведомстволық бағыныстылығы
1. Егер бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды және заңмен қорғалатын мүдделерді қорғау осы Кодекске және басқа да заңдарға сәйкес өзгеше сот тәртібімен жүзеге асырылмаса, оларды қорғау туралы істерді соттар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарайды.
2. Соттар азаматтық (корпоративтік дауларды қоса алғанда), отбасылық, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік, қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастардан және басқа да құқықтық қатынастардан, оның ішінде бір тараптың екінші тарапқа билік бағыныстылығына негізделген қатынастардан туындайтын даулар бойынша істерді қарайды.
Корпоративтік дауларға (бұдан әрі - корпоративтік даулар) коммерциялық ұйым, коммерциялық ұйымдардың қауымдастығы (одағы), коммерциялық ұйымдардың және (немесе) дара кәсіпкерлердің қауымдастығы (одағы), Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйым мәртебесі бар коммерциялық емес ұйым және (немесе) оның акционерлері (қатысушылары, мүшелері) олардың бір тарабы болып табылатын:
1) заңды тұлғаның құрылуына, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты;
2) акционерлік қоғамның акцияларын, шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін, кооператив мүшелерінің жарналарын қамтитын мұраға қалдырылған мүлікті бөлуге немесе ерлі-зайыптылардың ортақ мүліктерін бөлуге байланысты туындайтын дауларды қоспағанда, акционерлік қоғамдар акцияларының, шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің, кооператив мүшелері жарналарының тиесілігіне, олардың ауыртпалықтарын анықтауға және олардан туындайтын құқықтарды іске асыруға байланысты;
3) заңды тұлғаның құрылтайшыларының, акционерлерінің, қатысушыларының, мүшелерінің (бұдан әрі - заңды тұлғаға қатысушылар) заңды тұлғаға келтірілген зиянды өтеу, заңды тұлғаның жасасқан мәмілелерін жарамсыз деп тану және (немесе) мұндай мәмілелердің жарамсыздығы салдарын қолдану туралы талаптары бойынша;
4) заңды тұлғаның басқару органдарының құрамына кіретін немесе кірген адамдарды тағайындауға немесе сайлауға, өкілеттіктерін тоқтатуға, тоқтата тұруға және олардың жауапкершіліктеріне байланысты, сондай-ақ
олардың өкілеттіктерін жүзеге асыруға, тоқтатуға, тоқтата тұруға байланысты осындай адамдар мен заңды тұлға арасындағы азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын даулар;
5) бағалы қағаздардың эмиссиясына байланысты;
6) акцияларға және өзге де бағалы қағаздарға құқықтарды ескере отырып, бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесін енгізуге байланысты туындайтын, сондай-ақ бағалы қағаздарды орналастыруға және (немесе) айналымға шығаруға байланысты даулар;
7) акциялар шығарудың мемлекеттік тіркелуін заңсыз деп тануға байланысты;
8) заңды тұлғаға қатысушылардың жалпы жиналысын шақыру туралы;
9) заңды тұлғаның басқару органдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы даулар жатады.
3. Мемлекеттік орган немесе оның лауазымды адамы қабылдаған актіге сотта дау айтылуы мүмкін.
4. Соттар осы Кодекстің 25-29-тарауларында тізбеленген ерекше талап қойылған іс жүргізу істерін қарайды.
5. Соттар осы Кодекстің 289-бабында тізбеленген ерекше іс жүргізу істерін қарайды.
6. Егер халықаралық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, соттар шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік ұйымдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетел қатысатын ұйымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар қатысатын істерді де қарайды.
7. Заңмен соттардың құзыретіне жатқызылған басқа да істер соттарға ведомстволық бағынысты болады.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Дауларды төреліктің немесе аралық соттың шешуiне беру
Соттың ведомстволық қарауына жататын, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дау тараптардың келісуі бойынша төреліктің немесе аралық соттың қарауына, бұған Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде тыйым салынбаған кезде және осы Кодекстiң 170-бабының 4) тармақшасына және 192-бабына сәйкес берiлуi мүмкiн.
26-бап. Сотқа ведомстволық бағыныстылықтың басымдығы
1. Біреулері - сотқа, ал басқалары сот емес органдарға ведомстволық бағынысты өзара байланысты бірнеше талаптар біріктірілген кезде барлық талаптар сотта қаралуға тиіс.
2. Нақты даудың кімге бағыныстылығына қатысты күмән немесе қолданыстағы заңдарда қиғаштықтар болған жағдайда оны сот қарайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
27-бап. Аудандық (қалалық) соттың және оған теңестірілген соттардың соттауына жататын азаматтық істер
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 59-бабының 8-тармағында және 66-бабының 3-тармағында, сондай-ақ «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 13-бабының 5-тармағында көзделген істерді қоспағанда, азаматтық істер аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттарда қаралып, шешіледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 28-бап жаңа редакцияда; ҚР 02.07.03 ж. № 451-II; 09.07.04 ж. № 583-II (бұр.ред. қара); 2005.23.02 № 33-III; 2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара); 2006.05.06 № 146-III (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 28-бап өзгертілді
28-бап. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 09.07.04 ж. № 583-II (бұр.ред. қара) Заңдарымен 29-бап өзгертілді
29-бап. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 30-бап жаңа редакцияда; ҚР 02.07.03 ж. № 451-II; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2006.05.06 № 146-III (бұр. ред. қара); 2008.05.07. № 64-IV (бұр.ред.қара); 2008.05.07. № 58-IV (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.23.11. № 354-IV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 30-бап өзгертілді; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 30-бап өзгертілді
30-бап. Азаматтық iстердiң мамандандырылған соттарда соттауға жатқызылуы
1. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар тараптары заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын азаматтар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар жөніндегі, сондай-ақ корпоративтік даулар жөніндегі азаматтық iстердi қарайды.
1-1. Мамандандырылған аудандық және соларға теңестiрілген әкiмшілік соттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларына дауласу туралы iстердi қарайды.
1-2. Әскери соттар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың әскери басқарудың лауазымды адамдары мен органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануы туралы азаматтық істерді қарайды. Әскери соттар, егер тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органдары, әскери бөлім болып табылса, басқа да азаматтық істерді қарауға құқылы.
1-3. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы даулар; ата-ана құқықтарынан айыру (шектеу) және оларды қалпына келтіру туралы; бала асырап алу туралы; кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы; Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандарға қорғаншылық пен қамқоршылықтан (патронаттан) туындайтын даулар жөніндегі азаматтық істерді қарайды.
1-4. Мамандандырылған қаржылық сот өңірлік қаржы орталығы қатысушысының мүліктік немесе мүліктік емес даулары бойынша азаматтық істерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы азаматтық істерді қарайды.
2. Азаматтық iстердiң басқа мамандандырылған соттардың соттауына жатқызылуы осы Кодекспен белгіленедi.
Ескерту. Егер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот құрылмаса, оның соттауына жататын істерді аудандық (қалалық) сот қарауға құқылы.
31-бап. Жауапкердің тұрған жері бойынша талап қою
Талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотта қойылады. Заңды тұлғаға талап заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша қойылады.
32-бап. Талап қоюшының таңдауы бойынша соттың соттауына жатқызу
1. Тұрғылықты жері белгісіз не Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері жоқ жауапкерге талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша немесе оның ең соңғы белгілі тұрған жері бойынша қойылуы мүмкін.
2. Заңды тұлғаға да талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша қойылуы мүмкін.
3. Заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап та филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.
4. Алименттер өндіріп алу туралы және әке болуды анықтау туралы талаптарды талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша да қоя алады.
5. Мертігуден немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талаптарды да талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе зиян келтірілген жер бойынша қоя алады.
6. Орындалу орны көрсетілген шарттардан туындайтын талаптар да шарттың орындалатын жері бойынша қойылуы мүмкін.
7. Некені бұзу туралы талаптар талап қоюшының кәмелетке толмаған балалары тұратын немесе денсаулық жағдайы бойынша талап қоюшының жауапкер тұратын жерге баруы ол үшін қиындық келтіретін жағдайларда да оның тұрғылықты жері бойынша қойылуы мүмкін.
8. Жалақыны, зейнетақы және жәрдемақыны өндіріп алу туралы талаптар, сондай-ақ заңсыз соттаудан, қылмыстық жауапқа заңсыз тартудан, бұлтартпау шараларын заңсыз қолданудан не әкімшілік қамау түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолданудан азаматқа келтірілген зиянды өтеуге байланысты еңбек, зейнеткерлік және тұрғын үй құқықтарын қалпына келтіру туралы талаптар талап қоюшының тұратын жері бойынша қойылуы мүмкін. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыларға дау айту жөніндегі талаптар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша да қойылуы мүмкін.
9. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талаптар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу жері бойынша қойылуы мүмкін.
10. Кемелердің соқтығысуынан келтірілген залалды өтеу туралы, сондай-ақ теңізде көмек көрсеткені және құтқарғаны үшін сыйақы алу туралы талаптар жауапкер тұрған немесе кеме тіркелген порттың орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.
11. Осы Кодекстің 33-бабында белгіленген істің соттылығын қоспағанда, талап қоюшы осы бапқа сәйкес іс соттауына жататын бірнеше соттың арасынан біреуін таңдап алады.
2010.05.02. № 249-ІV ҚР Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
33-бап. Ерекше соттылық
1. Жер учаскелеріне, үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, жерге тығыз байланысты басқа объектілерге (жылжымайтын мүлік) құқықтар туралы, мүлікті тыйым салудан босату туралы талаптар осы объектілер немесе тыйым салынған мүлік орналасқан жер бойынша қойылады.
2. Мұра қалдырушыға кредит берушілердің мұраны мұрагерлердің қабылдап алуына дейін қойылған талаптары мұраға қалдырылған мүлік немесе оның негізгі бөлігі орналасқан жердегі соттың соттауына жатады.
3. Тасымалдаушыларға жүктер, жолаушылар немесе теңдеме жүкті тасымалдау шарттарынан туындайтын талаптар көлік ұйымының тұрақты жұмыс істейтін органы орналасқан жер бойынша қойылады.
4. Қазақстан Республикасының және оның меншігінің юрисдикциялық иммунитетін шет мемлекеттің бұзуынан келтірілген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, талап қоюшының тұрған жері бойынша беріледі.
34-бап. Шарттық соттылық
Тараптар өзара келісім бойынша аталған істі қай соттың қарайтынын аумақтық жағынан өзгерте алады. Осы Кодекстің 33-бабында белгіленген істің соттылығын тараптардың келісімімен өзгертуге болмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 35-бап өзгертілді
35-бап. Өзара байланысты бірнеше істің соттылығы
1. Әр жерде тұратын немесе орналасқан бірнеше жауапкерге талап қоюшының таңдауымен жауапкердің біреуі тұратын немесе орналасқан жер бойынша қойылады.
Бір арызға бірiктiрiлген, әртүрлi соттардың соттауына жататын талаптар, егер бұл ретте осы Кодекстiң 171-бабына сәйкес жоғары тұрған соттың судьясы бұл талаптарды бөлу туралы ұйғарым шығармаса, мәлiмделген талаптардың бірi соттауына жатқызылған жоғары тұрған сотта қаралады.
2. Дербес талабын мәлімдеуші үшінші тұлғаның талабы және қай сотта сотталатындығына қарамастан қарсы талап бастапқы талапты қараған жердегі сотқа беріледі.
3. Қылмыстық істен туындайтын талап, егер ол қылмыстық іс жүргізілген кезде азаматтық талап қою ретінде мәлімделген немесе шешілмеген болса, осы Кодексте белгіленген соттылығы туралы ережелер бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беріледі.
36-бап. Істі бір соттың жүргізуінен алып басқасына беру
1. Соттылық ережелерін сақтай отырып сот жүргізуге қабылдаған іс, кейіннен ол басқа соттың соттауына жатса да, мәні бойынша шешілуге тиіс.
2. Егер:
1) тұрғылықты жері бұрын белгісіз болған жауапкер істі өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беру туралы өтініш жасаса;
2) бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдірілгеннен кейін, сондай-ақ назар аударуға тұратын басқа мән-жайлар бойынша судьяларды ауыстыру немесе аталған сотта істі қарау мүмкін болмаса;
3) істі аталған сотта қарау кезінде оның істің соттылық ережелерін бұза отырып қабылданғаны анықталса;
4) сотқа талап қойылса, сот істі басқа соттың қарауына береді.
3. Істің сол соттың соттауына жатпайтыны туралы тараптардың арыздарын сол сот шешеді. Істі басқа сотқа беру туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарылады. Осы баптың екінші бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда істі беру жоғары тұрған сот судьясының ұйғарымымен жүзеге асырылады. Тараптың (тараптардың) іс сол соттың соттауына жатпайтыны туралы арызын қанағаттандырмай қалдыру туралы сот ұйғарымына жоғары тұрған сотқа шағымдануға болады, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды. Істі бір соттан басқасына беру - бұл ұйғарымға шағымдану мерзімі өткеннен кейін, ал шағым берген жағдайда шағымды қанағаттандырмай қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін жүргізіледі.
4. Істің соттылығы туралы соттардың арасындағы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды.
4-тарау. Соттың құрамы, қарсылық білдіру
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 37-бап өзгертілді; 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 37-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
37-бап. Соттың құрамы
1. Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда азаматтық істерді соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды.
2. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 59-бабының 8-тармағында және 66-бабының 3-тармағында, сондай-ақ «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 13-бабы 5-тармағында көзделген азаматтық істерді сот атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды.
3. Iстердi кассациялық немесе қадағалау сатысындағы сотта қарауды соттың алқалы құрамы жүзеге асырады. Іс алқалы түрде қаралған кезде соттың құрамына саны тақ (кем дегенде үш) судья кіруге тиіс, олардың біреуі төрағалық етуші болып табылады, оның міндетін тиісінше облыстық соттың төрағасы немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тиісті алқасының төрағасы не олардың тапсырмасы бойынша судьялардың бірі атқарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 38-бап өзгертілді
38-бап. Алқалы құрамдағы соттың мәселелерді шешу тәртібі
1. Істерді соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде барлық судьялар тең құқықтарды пайдаланады. Істі алқалы түрде қараған және шешкен кезде туындаған барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Әрбір мәселені шешкен кезде судьялардың ешқайсысы дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес.
2. Төрағалық етуші ұсыныстарды енгізеді, өз пікірін айтады және соңынан дауыс береді.
3. Көпшілік шешімімен келіспеген судья осы шешімге қол қоюға міндетті және ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады, ол төрағалық етушіге тапсырылады және мөр басылған конверттегі іске қоса тіркеледі. Ерекше пікірмен қадағалау сатысындағы сот осы істі қарау кезінде танысуға құқылы. Судьяның ерекше пікірінің бар екендігі туралы іске қатысушы адамдарға хабарланбайды және ерекше пікір соттың отырыс залында жарияланбайды.