Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының
пошта туралы заңнамасының нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің
нормаларымен біріздендіру мәселелері бойынша
өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., № 16, 214-құжат; 1999 ж., № 19, 646-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 23, 309-құжат; 2002 ж., № 23-24, 193-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 138, 142-құжаттар; 2006 ж., № 2, 17-құжат; № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 13, 87-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 11-12, 54-құжат; № 13-14, 62-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 20, 23-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 112-құжат; № 16, 129-құжат; 2012 ж., № 2, 9, 15-құжаттар; № 3, 21-құжат; № 4, 30-құжат; № 11, 80-құжат; № 12, 85-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 15, 79, 82-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 4-5, 24-құжат; 2014 жылғы 20 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) бүкіл мәтін бойынша «почта», «Почта» деген сөздер тиісінше «пошта», «Пошта» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 4-баптың 1-тармағының 13) тармақшасындағы «жалпыға бірдей қолжетімді қызмет көрсету» деген сөздер «әмбебап көрсетілетін қызметтері» деген сөздермен ауыстырылсын.
2. «Почта туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 3, 17-құжат; № 15, 139-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 55-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 16, 99-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 5, 35-құжат; № 13, 91-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; № 14, 75-құжат):
1) тақырыптағы және бүкіл мәтін бойынша «Почта», «почта», «почталық», «почтаның» деген сөздер тиісінше «Пошта», «пошта», «пошталық», «поштаның» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) бүкіл мәтін бойынша «баршаға қолжетiмдi почта байланысы қызметiн», «почта байланысының баршаға қолжетiмдi қызмет көрсетуi», «Почта байланысының баршаға қолжетiмдi қызметiн», «Почта байланысының баршаға қол жетiмдi қызмет көрсетуiнiң» және «Почта байланысының баршаға қолжетiмдi қызмет көрсетуi» деген сөздер тиісінше «пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін», «пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері», «Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін», «Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің» және «Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонементтік жәшiк - пошта жөнелтілімдерiнiң жекелеген түрлерiн алуға арналған, пошта операторының өндiрiстiк объектiлерiнде орнатылатын, адресаттар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен пайдаланатын құлыпталатын арнайы жәшiк;
2) абоненттiк пошта жәшiгi - адресаттар пошта жөнелтілімдерiн алуы үшiн тұрғын үйлерде, сондай-ақ ауылдық жерлердегi жеткiзу учаскесінде орнатылатын, жәшiктерi бар құлыпталатын арнайы шкаф;
3) адресат - өзіне пошта жөнелтілімi немесе пошталық ақша аударымы бағытталған, пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы;
4) атаулы зат - құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне пошта операторының, оның өндiрiстiк объектiсiнiң атауы, сондай-ақ пошта операторы айқындаған өзге де ақпарат көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
5) Дүниежүзілік пошта одағы - халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өзара алмасу үшін аумақтары біртұтас пошта аумағын құрайтын мүше мемлекеттерден тұратын, мақсаты пошта байланыстарын ұйымдастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету және осы салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылатын халықаралық ұйым;
6) Дүниежүзілік пошта одағының актілері - Дүниежүзілік пошта одағының Конгресінде Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына сәйкес қабылданатын құжаттар;
7) жазбаша хат-хабар - хаттар, пошта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер;
8) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабар - Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес ресімделген, жөнелтуші алдын ала ақы төлеген қайтарылатын пошта жөнелтілімін қамтитын пошта жөнелтілімі;
9) жедел поштаның көрсетілетiн қызметтері - пошта байланысының пошта жөнелтілімдерiн жедел өңдеу, тасымалдау, жеткiзу және (немесе) табыс ету режимiндегi көрсетілетін қызметтері;
10) жөнелтушi - пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберу үшiн оларды пошта операторына тапсыратын, пошта операторының көрсетілетiн қызметтерін пайдаланушы;
11) курьерлiк поштаның көрсетілетін қызметтері - пошта байланысының курьердi пайдалана отырып, пошта жөнелтілімдерiн тасымалдау және табыс ету бойынша көрсетілетiн қызметтері;
12) қаржы қызметi және қаржылық көрсетілетiн қызметтер - Ұлттық пошта операторы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаржы нарығында жүзеге асыратын және ұсынатын қызмет пен көрсетілетiн қызметтер;
13) мерзiмдi баспасөз басылымдарын жазылу бойынша тарату - мерзiмдi баспасөз басылымдарын пайдаланушыға жеткiзуге және (немесе) табыс етуге бағытталған, оларға жазылуды қабылдау, тапсырыстарды жинау, жасақтау, өңдеу жөнiнде пошта операторы, бұқаралық ақпарат құралдарының меншiк иесi немесе оның уәкілеттi тұлғасы мен пайдаланушы арасындағы өзара iс-қимыл;
14) операциялық күн - пошта операторының пошталық көрсетілетiн қызметтерді ұсынатын жұмыс уақыты;
15) операциялық терезе - пошта операторының өндiрiстiк объектiсiндегi пайдаланушыға пошталық көрсетілетiн қызметтердің бiр және одан көп түрi ұсынылатын жұмыс орны;
16) өндiрiстiк объект - пошта операторының көрсетілетін қызметтерін ұсынуға арналған және сол үшiн жабдықталған, пошта желiсінің өндiрiстiк бiрлiгi;
17) пошта - Қазақстан Республикасының аумағында пошталық, қаржылық және өзге де көрсетілетін қызметтер кешенiн ұсынуды және қаржы қызметiн жүзеге асыруды қамтамасыз ететiн инфрақұрылым бөлiгi;
18) пошта байланысы саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - өз құзыретi шегiнде пошта байланысы саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды, пошта операторларының қызметiн мемлекеттiк бақылауды, үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
19) пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері - көрсетілуі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің уәкілетті орган белгілеген сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылатын, ортақ пайдаланылатын пошта байланысының көрсетілетін қызметтері;
20) пошта байланысының көрсетілетiн қызметтері - пошта жөнелтілімдерiн және пошталық ақша аударымдарын жiберу жөнiндегi қызмет;
21) пошта байланысының құралдары - пошта байланысының көрсетілетiн қызметтерін ұсыну үшiн пайдаланылатын техникалық құралдар мен технологиялар;
22) пошта жәшiгi - жай хаттар мен жай пошта карточкаларын жинауға арналған, белгiленген түстегi, нысандағы және көлемдегi жәшiк;
23) пошта желiсi - пошта операторының көрсетілетiн қызметтерін ұсыну кезiнде пайдаланылатын өндiрiстiк объектiлер мен пошта маршруттарының жиынтығы;
24) пошта-жинақ жүйесi - базасында Ұлттық пошта операторы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы қызметiн жүзеге асыратын және пошталық, қаржылық және өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсынатын пошта жүйесi;
25) пошта жөнелтілімдерi - жазбаша хат-хабар, сауқаттар, пошта контейнерлерi, сондай-ақ тиiсті орамадағы баспасөз басылымдары;
26) пошта жөнелтілімiн жеткiзу - пошта жөнелтілімiн межелі жердегi өндiрiстік объектiлерден абонементтiк жәшiкке немесе абоненттiк пошта жәшiгіне немесе жөнелтушi көрсеткен өзге де мекенжай бойынша апару;
27) пошта жөнелтілімiн жiберу - пошта жөнелтілімiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және (немесе) беру, жеткiзу және (немесе) табыс ету операцияларының жиынтығы;
28) пошта жөнелтілімiн қабылдау - жөнелтушiден қабылдаған, оның iшiнде пошта жәшiктерiнен алу арқылы қабылданған пошта жөнелтілімiн одан әрi жiберу үшiн пошта операторының ресiмдеуi;
29) пошта жөнелтілімiн өңдеу - пошта жөнелтілімдерiн жiберуге дайындауды қамтамасыз етiп, олармен жасалатын өндiрiстiк операциялар;
30) пошта жөнелтілімiн табыс ету - пошта жөнелтілімiн адресаттың жеке өзiне немесе оның заңды өкiлiне немесе сенiмхат негiзiнде әрекет ететін сенiм білдірiлген адамына беру;
31) пошта жөнелтілімiн тасымалдау - пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн жөнелту пунктiнен межелі жердегi пошта операторының өндiрiстiк объектiлерiне дейiн апару;
32) пошта жүйесi - пошта байланысын қамтамасыз ететiн пошта желiлерi мен пошта операторларының жиынтығы;
33) пошта индексi - пошта жөнелтілімiн немесе пошталық ақша аударымын жiберудi жылдамдату мақсатында пошта операторларының өндiрiстiк объектiлерiне берiлетiн, оларды әкiмшілік-аумақтық сәйкестендiруге және жүйелендіруге мүмкiндiк беретiн, мекенжайдың шартты цифрлық белгiлемесі;
34) пошта карточкасы - арнаулы стандартты бланкiге жазбаша хабарлама жазылған жай немесе тiркелетiн пошта жөнелтілімi;
35) пошта жұмысы - пошта желiлерi арқылы пошталық көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
36) пошта жұмысы субъектiлерi - пошта операторлары және пайдаланушылар;
37) пошталық ақша аударымы - уәкiлеттi орган бекiткен, белгiленген үлгiдегi бланк нысанын толтырып, пошта желiсiн және өзге де байланысты пайдалану арқылы ақша жiберу жөнiндегi көрсетілетін қызмет;
38) пошталық қызмет - пошта операторлары ұсынатын, пошта байланысының көрсетілетін қызметтері;
39) пошталық мекенжай (бұдан әрi - мекенжай) - пошта жөнелтілімдерiн және пошталық ақша аударымдарын жеткiзу және (немесе) табыс ету үшiн пошта операторының көрсетілетін қызметтерiн пайдаланушы айқындайтын жер;
40) пошта операторы - пошта жұмысы саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынуға құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;
41) пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы (бұдан әрi - пайдаланушы) - пошта операторы ұсынатын, оның iшiнде өзi пошта операторымен жасасатын шарттардың негiзiнде ұсынатын көрсетілетін қызметтердi тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
42) пошта төлемiнiң мемлекеттiк белгілерi - айналымға уәкілеттi орган енгiзетiн, пошта операторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төленгенiн растайтын пошта маркалары, блоктар, маркалы конверттер, пошта карточкалары, франкирлеу машиналарының бедерлері және өзге де белгiлер;
43) пошта штемпелi - құжаттар мен пошта жөнелтілімдерiне: жөнелтілу орнында пошта жөнелтілімiн қабылдауды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауын, пошта жөнелтілімiнiң қабылданған күнi мен уақытын; межелі жерде пошта жөнелтілімiн алуды жүзеге асырған өндiрiстiк объектiнiң атауын, алынған күнi мен уақытын, сондай-ақ пошта жөнелтілімiн адресатқа жеткiзген және (немесе) табыс еткен өндiрiстiк объектiнiң атауын, жеткiзiлген және (немесе) табыс етілген күнi мен уақыты көрсетілген бедерлерді салуға арналған құрылғы;
44) тағайындалған оператор - пошталық қызметтерді пайдалануды қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен туындайтын, өздеріне қатысты міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен уәкілетті орган тағайындайтын пошта операторы;
45) тариф - пошта операторының көрсетілетiн қызметтеріне ақы төлеудiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленген мөлшерi;
46) тiркелетiн пошта жөнелтілімi - жөнелтушiге түбiртек беріліп қабылданатын және адресатқа қолхат арқылы табыс етiлетiн пошта жөнелтілімi;
47) ұлттық пошта желiсi - Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жұмыс iстейтiн, сол арқылы жария шарт негiзiнде көрсетілетін қызметтер ұсынылатын ортақ пайдаланылатын пошта желiсi;
48) Ұлттық пошта операторы - Үкiмет шешiмiмен құрылған, ұлттық басқарушы холдинг жалғыз акционерi болып табылатын, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерiн, арнайы байланыстың көрсетілетін қызметтерi мен қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну және қаржылық қызметтi жүзеге асыру жөнiнде мiндеттемелер жүктелген акционерлiк қоғам;
49) факсимильді байланыстың көрсетілетін қызметтерi - қағаз жеткізгіште орындалған мәтiндер мен иллюстрацияларды арнаулы аппараттың көмегiмен телефон арналары арқылы берудi бiлдiретiн байланыстың көрсетiлетін қызметтері;
50) франкирлеу машинасы - жазбаша хат-хабарға пошта байланысының көрсетілетін қызметтерiне ақы төленгенiн, жазбаша хат-хабардың және басқа да ақпараттың қабылданған күнін растайтын бедерлер салуға арналған машина;
51) халықаралық қайтарым купоны - Дүниежүзілiк пошта одағы айналымға енгiзетiн, Дүниежүзілік пошта одағына мүше кез келген елде пошта маркаларына айырбастауға жататын, әуе көлiгiмен жіберiлетiн, салмағы 20 грамға дейiнгi жай халықаралық хаттың ең төмен ақысын білдiретiн құжат;
52) халықаралық пошта алмасу орны - кіріс және шығыс халықаралық пошта жөнелтілімдерін өңдеу жүзеге асырылатын, сондай-ақ кеден органдары көрсетілген жөнелтілімдерге кедендік бақылау жүргізетін, пошта операторының өндірістік объектісі;
53) халықаралық пошта жөнелтілімi - Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерге жiберу үшiн қабылданатын, Қазақстан Республикасының аумағына келiп түсетiн не Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетiн және Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген құжаттармен бірге жүретін пошта жөнелтiлімi;
54) халық салымдарының сақталуын қамтамасыз ету - пайдаланушы мен Ұлттық пошта операторы арасында жасалатын шарттың талаптарымен белгiленген сыйақы ескеріле отырып, салымды номиналды түрдегі қайтару кепiлдiгi;
55) хат - жазбаша салынымы бар конверт түрiнде жiберiлетiн пошта жөнелтiлімі;
56) электрондық поштаның көрсетілетін қызметтерi - қағаз жеткізгіштерді қолданбай, пайдаланушыларға хабарлар немесе құжаттар алмасуға мүмкiндiк беретiн, байланыстың көрсетілетін қызметтері.»;
4) мынадай мазмұндағы 6-1-баппен толықтырылсын:
«6-1-бап. Тағайындалған оператор
1. Тағайындалған оператор:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық елді мекендерде барлық пайдаланушылар үшін пошта байланысының сапалы көрсетілетін қызметтерін тұрақты негізде көрсетуді;
2) жазбаша хат-хабарды қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және жеткізуді;
3) салмағы 20 килограмға дейінгі сауқаттарды қабылдауды, өңдеуді, тасымалдауды және жеткізуді;
4) жауап қайтарылатын халықаралық коммерциялық хат-хабарды қайтаруды;
5) Дүниежүзілік пошта одағына мүше басқа да елдердің тағайындалған операторларының халықаралық пошта жөнелтілімдерінің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитін қамтамасыз етуге міндетті.
2. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес пошта байланысының көрсетілетін қызметтерін жүзеге асырады.
3. Тағайындалған оператор Дүниежүзілік пошта одағының актілерінен және осы баптың 1-тармағынан туындайтын міндеттемелерді орындамаған кезде уәкілетті орган пошта операторынан тағайындалған оператордың өкілеттігін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен кері қайтарып алады.»;
5) 8-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу тәртібін бекiтеді;»;
2-тармақ мынадай мазмұндағы 20-1) және 20-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«20-1) операторды тағайындау және тағайындалған оператордың өкілеттіктерін кері қайтарып алу тәртібін әзірлейді;
20-2) операторды тағайындайды және тағайындалған оператордың өкілеттігін кері қайтарып алады;»;
6) 15-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Пошта операторының пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынуы уәкілетті орган бекіткен, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің қолжетімділігіне, сапасы мен бағасына пайдаланушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын талаптар белгіленетін, пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес жүзеге асырылады.».
3. «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 15, 134-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 19-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 16, 129-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 1-2, 1-құжат; № 5, 23-құжат; № 15, 71-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 8, 44-құжат; 2014 жылғы 20 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) бүкіл мәтін бойынша «почта», «почтаны», «Почтаны» және «Почта» деген сөздер тиісінше «пошта», «поштаны», «Поштаны» және «Пошта» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 39-баптың 3-тармағындағы «Почта байланысының жалпыға бiрдей қол жетiмдi қызметтерiн көрсететiн», «темiр жол», «аумағында», «жөнелтiмдерiн» деген сөздер тиісінше «Пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтерiн ұсынатын», «темiржол», «аумақтарында», «жөнелтiлімдерiн» деген сөздермен ауыстырылсын.
4. «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 14, 81-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 95-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 20, 89-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 121-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 146, 150-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 25-құжат; № 8, 63, 64-құжаттар; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 12, 57-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 44, 49-құжаттар; 2014 жылғы 20 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) бүкіл мәтін бойынша «почтаның», «почталық», «почта», «Почта», «почтамен» және «почтамттар» деген сөздер тиісінше «поштаның», «пошталық», «пошта», «Пошта», «поштамен» және «поштамттар» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) бүкіл мәтін бойынша «почта байланысының жалпыға қолжетімді қызметі» деген сөздер «пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтері» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы шілденің 3-і.
№ 230-V ҚРЗ