7) арнайы квота енгізілген болса, қолданылады.
Экспорты және (немесе) импорты халықаралық шарттарға сәйкес рұқсат беру құжаттары негізінде жүзеге асырылатын тауарлардың және мемлекеттік органдар беретін рұқсат беру құжаттарының тізбесін Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының шешімімен бекітілген, Үшінші елдермен саудада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әкелуіне немесе әкетуіне тыйым салулар немесе шектеулер қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесі негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Рұқсат беру құжаттарын берудің тәртібі мен шарттары халықаралық шарттарға, Еуразиялық экономикалық одақтың актілеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына және орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес белгіленеді.
2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі экспорттық бақылаудың халықаралық режимдерінің бақылау тізімдерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарын және Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін негізге ала отырып, өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың бақылау тізімін бекітеді.
Өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың импортына және экспортына лицензиялар және (немесе) лицензияға қосымшалар, лицензия осындай растауды алғаннан кейін берілетін импорттаушы елдің кепілдік міндеттемесінің төлнұсқалығының тексерілгендігін растауды алу қажет болатын жағдайды қоспағанда, отыз жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі.
2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Лицензия Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес сыныпталатын, өздеріне қатысты лицензиялау енгізілген өзіндік ерекшелігі бар тауарларға беріледі.
4. Өздеріне қатысты осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1 - 7) тармақшаларында көрсетілген шаралар қолданылатын тауарлардың экспортына және (немесе) импортына рұқсат беру құжаттарын беруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, сондай-ақ олар қолданылатын тауарлар «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.
Тауарлардың экспортына және (немесе) импортына рұқсат беру құжаттарын беру оларды орындау үшін осы шектеулер енгізілген мақсаттарға қарағанда, тауарлардың экспортына немесе импортына неғұрлым шектейтін немесе бұрмалайтын әсер етпеуге тиіс.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.28.12. № 173-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Лицензиар мынадай лицензия түрлерін береді:
1) сыртқы сауда қызметіне қатысушыға лицензияда айқындалған көлемде лицензияланатын тауардың жекелеген түрін экспорттауға және (немесе) импорттауға құқық беретін бас лицензия;
2) сыртқы сауда қызметіне қатысушыға тауардың жекелеген түрін экспорттауға және (немесе) импорттауға айрықша құқық беретін айрықша лицензия;
3) сыртқы сауда қызметіне қатысушыға нысанасы лицензияланатын тауар болып табылатын сыртқы сауда мәмілесі негізінде берілетін және белгілі бір көлемде осы тауарды экспорттауға және (немесе) импорттауға құқық беретін біржолғы лицензия.
Лицензиар тауарларды экспорттауға және (немесе) импорттауға арналған бас және біржолғы лицензиялар беруді Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының немесе сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның немесе өз құзыреті шегінде орталық мемлекеттік органның шешімінде көзделген жағдайларда жүзеге асырады.
Лицензиар тауарлардың экспортына және (немесе) импортына айрықша лицензиялар беруді Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімінде көзделген жағдайларда жүзеге асырады.
Өзіндік ерекшелігі бар тауарлардың экспортына және (немесе) импортына бас және айрықша лицензиялар берілмейді.
6. Бас және айрықша лицензиялар алған лицензиаттар есептік тоқсаннан кейінгі айдың он бесіне дейін тоқсан сайын лицензиарға тиісті лицензияның орындалу барысы туралы есепті ұсынуға міндетті.
Біржолғы лицензиялар алған лицензиаттар лицензияның қолданылу мерзімі өткеннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде лицензиарға лицензияның орындалуы туралы ақпарат беруге міндетті.
7. Біржолғы лицензияның қолданылу кезеңі оның қолданылуы басталған күннен бастап бір жылдан аспайды. Біржолғы лицензияның қолданылу мерзімі сыртқы сауда шартының (келісімшартының) қолданылу мерзімімен немесе лицензияны беруге негіз болып табылатын құжаттың қолданылу мерзімімен шектелуі мүмкін.
Өздеріне қатысты экспортқа және (немесе) импортқа сандық шектеулер немесе арнайы қорғау шарасы ретінде импорттық квота немесе тарифтік квота енгізілген тауарлар үшін лицензияның қолданылу кезеңі квота белгіленген күнтізбелік жылда аяқталады.
Егер Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының немесе сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органның немесе сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өз құзыреті шегінде орталық мемлекеттік органның шешімінде өзгеше ескертілмесе, тауарлардың экспортына және (немесе) импортына арналған бас лицензияның қолданылу мерзімі оның қолданылуы басталған күннен бастап бір жылдан аспайды, ал экспортына және (немесе) импортына сандық шектеулер немесе тарифтік квота енгізілген тауарлар үшін квота белгіленген күнтізбелік жылда аяқталады.
Айрықша лицензияның қолданылу мерзімі, қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібі әрбір нақты жағдайда Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімінде белгіленеді.
8. Экспортқа және импортқа арналған лицензияның (айрықша лицензиядан басқа) қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібі халықаралық шартта белгіленеді.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Тауарлардың экспортына және (немесе) импортына рұқсат беруді Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті органының шешімінде көзделген жағдайларда немесе осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген шараларды енгізу кезінде мемлекеттік органдар жүргізеді.
Рұқсаттың қолданылу мерзімі рұқсат берілген күнтізбелік жылмен шектеледі.
Тауарлардың экспортына және (немесе) импортына рұқсат алған сыртқы сауда қызметіне қатысушылар оның қолданылу мерзімі өткеннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде рұқсат беру органына тауарлардың экспортына және (немесе) импортына рұқсаттың орындалуы туралы ақпарат беруге міндетті.
6-тарау. РҰҚСАТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ
38-бап. Екінші санаттағы рұқсатты беру ерекшеліктері
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Екінші санаттағы рұқсаттарды беру үшін қажетті рұқсат беру талаптары мен құжаттар тізбесі нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.
Бұл ретте тізбеде ақпараты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өтініш беруші беретін мәліметтер нысанынан алынуы мүмкін құжаттар қамтылмауға тиіс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Рұқсат беру рәсiмдерiн жүзеге асыру қағидалары және осы Заңда рұқсат беру тәртiбi көзделген қызметтi немесе әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру қағидалары нормативтік құқықтық актілерде бекiтіледi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 39-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
39-бап. Екінші санаттағы рұқсатты беру туралы өтініштерді қарау мерзімдері
Екінші санаттағы рұқсат нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мерзімде беріледі. Екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті орган белгіленген мерзім ішінде екінші санаттағы рұқсатты беруге не оны беруден уәжді түрде бас тартуға міндетті.
40-бап. Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде алынатын алымдар немесе төлемдер
Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде алынатын алымдардың немесе төлемдердің мөлшері, оларды есептеу мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
41-бап. Екінші санаттағы рұқсатты беруден бас тарту
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2016.06.04. № 484-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.рд.қара)
1. Екінші санаттағы рұқсатты беруден бас тарту Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2. Өтініш берушіге екінші санаттағы рұқсатты беруден уәжді түрде бас тартуды екінші санаттағы рұқсатты беруге уәкілетті орган екінші санаттағы рұқсатты беру үшін белгіленген мерзімдерде береді.
3. Екінші санаттағы рұқсатты беруден уәжді түрде бас тарту жазбаша түрде, оның ішінде электрондық құжат түрінде немесе қағаз жеткізгіште беріледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 42-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
42-бап. Екінші санаттағы рұқсаттың қолданысын тоқтату
Екінші санаттағы рұқсат нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын жағдайларда және тәртіппен өз қолданысын тоқтатады.
Бұл ретте екінші санаттағы рұқсаттардан айыру (оларды қайтарып алу) осы Заңның 45-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
7-тарау. РҰҚСАТТЫҢ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) РҰҚСАТҚА ҚОСЫМШАНЫҢ ТЕЛНҰСҚАЛАРЫН БЕРУ, ҚАТЕЛЕРІН ТҮЗЕТУ ЖӘНЕ ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТА ТҰРУ, ҚАЙТА БАСТАУ ЖӘНЕ ОДАН АЙЫРУ (ОНЫ ҚАЙТАРЫП АЛУ)
43-бап. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның телнұсқаларын беру, сондай-ақ электрондық форматқа көшіру
1. Қағаз нысанында берілген рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша жоғалған, бүлінген кезде лицензиаттың немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленушінің рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның телнұсқаларын алуға құқығы бар.
2. Егер рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша қағаз нысанында берілген болса, лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші өтініші бойынша оларды электрондық форматқа көшіруге және рұқсаттың электрондық нысанын алуға құқылы.
Осы тармақтың күші тек қағаз нысанында ғана берілетін рұқсаттарға қолданылмайды.
3. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның жоғалған, бүлінген бланкілері рұқсат беру органы оның жоғалғаны немесе бүлінгені туралы өтінішті алған күннен бастап жарамсыз болып есептеледі.
4. Рұқсат беру органы өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның оң жақтағы жоғарғы бұрышында «телнұсқа» деген жазуымен және олардың алғаш берілген күні мен қайта ресімделген күнін көрсете отырып, рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның телнұсқаларын береді.
44-бап. Берілген рұқсаттардағы және (немесе) рұқсаттарға қосымшалардағы қателерді түзету
Берілген рұқсатта және (немесе) рұқсатқа қосымшада қателер анықталған жағдайда, лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші оларды түзету туралы еркін нысанда өтініш беруге құқылы.
Рұқсат беру органы өтініш беруші тиісті өтінішті берген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне қажетті өзгерістерді енгізеді және тиісті түзетулері бар рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны береді.
45-бап. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау, одан айыру (оны қайтарып алу)
1. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші болып табылатын жеке немесе заңды тұлғаның рұқсат беру органына ерікті түрде өтініш жасауы рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұруға негіз бола алады.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жүзеге асыру үшін берілген, қолданысы тоқтатыла тұрған рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша жекелеген қызмет түрлерін (кіші түрлерін) немесе әрекеттерді (операцияларды) лицензиаттардың немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленушілердің жүзеге асыруына жол берілмейді.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны тоқтата тұру үшін негіз болған бұзушылықтар жойылған кезде лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның қолданысын тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін рұқсат беру органына растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, бұзушылықтардың жойылғаны туралы өтініш беруге құқылы.
Рұқсат беру органы өтініш берушінің бұзушылықтардың жойылғаны туралы өтініш берген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде осы Заңның 51-бабы 2-тармағында көзделген тәртіппен бұзушылықтардың жойылғанын тексереді.
Өтініш берушінің бұзушылықтарды жойған фактісі расталған жағдайда, рұқсат беру органы осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімде рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдайды.
Бұл ретте рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысы осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген шешім қабылданған кезден бастап қайта басталады.
4. Лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны тоқтата тұру үшін негіз болған бұзушылықтардың жойылғаны туралы өтінішті бермеген жағдайда, рұқсат беру органдары тоқтата тұру мерзімі өткен кезден бастап он жұмыс күні ішінде рұқсаттан және (немесе) рұқсатқа қосымшадан айыру (оны қайтарып алу) рәсіміне бастамашылық жасайды.
Рұқсаттан және (немесе) оған қосымшадан айыру (оны қайтарып алу) туралы мәселені қарау процесінде лицензиат немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленуші бұзушылықтың жойылған фактісін дәлелдеуге құқылы. Бұл жағдайда рұқсат беру органы осы баптың 3-тармағының екінші және үшінші бөліктерін басшылыққа алуға тиіс.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Рұқсаттан айыру (оны қайтарып алу) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және (немесе) негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Лицензиаттың, екінші санаттағы рұқсатты иеленушінің ерікті түрде өтініш жасауына байланысты рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысы тоқтатыла тұрған кезден бастап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жыл сайынғы лицензиялық алымды немесе төлемді төлеу жөніндегі барлық міндеттемелер тоқтатылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Осы баптың 1-1-тармағында көзделген негіз бойынша тоқтатыла тұрған рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын қайта бастау лицензиаттың немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленушінің рұқсат беру органына өтініш жасауы бойынша жүзеге асырылады.
Рұқсат беру органы осы өтініштің негізінде үш жұмыс күні ішінде рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылданған кезден бастап лицензиат, екінші санаттағы рұқсатты иеленуші үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жыл сайынғы лицензиялық алымды немесе төлемді төлеу жөніндегі міндеттемелер қайта басталады.
8-тарау. ХАБАРЛАМА ЖАСАУ ТӘРТІБІ
46-бап. Хабарлама жасау тәртібі
1. Хабарламалардың толық тізбесі осы Заңға 3-қосымшада көзделеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Өтініш берушілер рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де ақпараттандыру объектілерінде хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органға хабарламаларды жібереді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларда мәліметтер нысанын ұсыну арқылы өтініш берушілер хабарлама жасау тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыруға нормативтік құқықтық актілерде қойылатын талаптарға өздерінің сәйкестігін мәлімдейді.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, өтініш беруші тиісті хабарлама жіберілгеннен кейін қызметті немесе белгілі бір әрекеттерді жүзеге асыруға бірден кірісуге құқылы немесе оларды тоқтатуға міндетті.
Жекелеген қызмет түрлерінің немесе әрекеттердің ерекшеліктері ескеріле отырып, жекелеген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарында хабарламаны жіберу мерзімдері белгіленуі мүмкін.
5. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда қажетті құжаттар хабарламаға қоса беріледі, бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардан алынуы мүмкін құжаттарды және өзге де ақпаратты өтініш берушілерден талап етуге тыйым салынады.
Хабарламада және (немесе) хабарламаға қоса берілетін құжаттарда қамтылған мәліметтердің анықтығы үшін өтініш беруші жауапты болады.
6. Қызметтің нақты түріне немесе әрекетке қатысты рұқсат беру тәртібінің орнына хабарлама жасау тәртібі енгізілген кезде, хабарлама жасау тәртібін енгізу кезіне қызметтің осы түріне немесе әрекетке арналған жарамды рұқсаты болған жеке және заңды тұлғалар хабарламаны жіберген болып есептеледі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне автоматты түрде енгізіледі.
7. Жеке тұлғаның заңды мекенжайы, заңды тұлғаның орналасқан жері, хабарламада көрсетілген қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру мекенжайы, сондай-ақ, олар туралы ақпарат хабарламада толтыру үшін міндетті болып табылатын тіркеу деректері өзгерген жағдайда, өтініш беруші өзгеріс болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы бапта белгіленген тәртіппен көрсетілген өзгерістер туралы хабарлама жіберуге міндетті.
47-бап. Хабарлама жіберілгенін растау
Өтініш берушілердің өтініштері бойынша хабарламаны қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар өтініш жасалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш берушілерге рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен өтініш берушілердің жіберген хабарламалары туралы үзінді көшірмелер береді.
Мемлекеттік органдар мен үшінші тұлғалар өтініш берушінің хабарламаны жібергенін растауды хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардан немесе рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алады.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 9-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
9-тарау. ЛИЦЕНЗИЯЛАУДЫ, РҰҚСАТ БЕРУ РӘСІМДЕРІН ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР ЖАСАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕЗІНДЕГІ ақпараттық-коммуникациялық ТЕХНОЛОГИЯЛАР
48-бап. Лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдерін және хабарламалар жасауды электрондық нысанда жүзеге асыру
1. Лицензиялау және хабарламаларды жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Рұқсат беру рәсімдері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, осы Заңның 52-бабы 3-тармағының ережелері ескеріліп, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Электрондық құжат нысанында берілген рұқсаттардың қағаз жеткізгіштегі рұқсаттармен мәні бірдей.
Рұқсат беру органдары қағаз нысанында жүзеге асырылған рұқсат беру рәсімдері туралы ақпаратты рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне рұқсат беру рәсімін жүзеге асырумен бір мезгілде енгізуге міндетті.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде белгіленген талаптардың орындалмағаны үшін рұқсат беру органы жауапты болады.
Осы тармақтың күші автоматтандыруға жатпайтын рұқсаттарға қолданылмайды.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қаржы саласындағы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметке берілетін рұқсаттарды қоспағанда, Мемлекеттік корпорация арқылы рұқсат алу үшін өтініш беруші орналасқан жеріне қарамастан Мемлекеттік корпорацияға өтініш жасауға құқылы.
2015.17.11. № 408-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Өтініш беруші Мемлекеттік корпорация арқылы рұқсат беру рәсімінен өту үшін өтініш жасаған жағдайда - Мемлекеттік корпорацияның қызметкері электрондық өтінішті немесе өзге де осыған ұқсас құжатты өзінің қызмет бабында пайдалану үшін берілген электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырады. Мұндай куәландыру өтініш берушінің жазбаша келісімі негізінде жүзеге асырылады.
4. Өтініш беруші рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны қағаз жеткізгіште алуға өтініш жасаған жағдайда, рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша электрондық нысанда ресімделеді, басып шығарылады және рұқсат беру органының мөрімен және рұқсат беру органы басшысының қолымен куәландырылады.
5. Рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны электрондық нысанда беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша қағаз жеткізгіште беріледі.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Өтініш электрондық нысанда берілген жағдайда, лицензиар және екінші санаттағы рұқсатты беруге уәкілеттік берілген орган өтінішті тіркеуді бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Өтініш берушіні біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеруді жүзеге асыруға және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде өтініш берушіні тексерудің және рұқсат берудің автоматты режимінде рұқсат беруге жол беріледі.
Мұндай жағдайда тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі иесінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады. Бұл ретте рұқсат беру органы мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі үшін жауапты болады.
Өтініш берушіні біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеру және рұқсатты не уәжді бас тартуды беру рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде өтініш берушіні тексерудің және рұқсат берудің автоматты режимінде жүзеге асырылатын рұқсаттар тізбесін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган рұқсат беру органының бекітілген нормативтік құқықтық актісі негізінде айқындайды.
49-бап. Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі
1. Рұқсат беру органдары рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тұрақты негізде жүргізеді.
Хабарламалар бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүргізеді.
2. Мемлекеттік органдар өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін рұқсаттар мен хабарламалар туралы ақпаратты рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен, көрсетілген ақпаратты растауды жеке және заңды тұлғалардан қосымша талап етпестен алуға міндетті.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік электрондық рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі тәуекелдерді бағалау жүйесі мен тексерулер жүргізу кестесін қалыптастыру үшін негіз болып табылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жеке немесе заңды тұлғаның, қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлға филиалының қызметі немесе жекелеген қызмет түрлері немесе әрекеттері (операциялары) тоқтатыла тұрған жағдайда рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне тиісті мәліметтер енгізіледі.
5. Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен хабарламаны алып тастау өтініш берушінің өтініші, соттың жеке немесе заңды тұлғаның қызметіне немесе жекелеген қызмет түрлеріне немесе әрекеттеріне тыйым салу туралы шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.