Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы
келісім
(Москва қ., 2008 жыл 12 желтоқсан)
Осы редакция 2013 жылғы 21 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР 2009 жылғы 24 қарашадағы № 203-ІV Заңымен ратификацияланды
2010 ж. 1 қаңтардан бастап күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге жәрдемдесу және адал бәсекелестік мақсатында,
халықаралық сауданың жалпыға танылған нормалары мен ережелерін басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«ұқсас тауар» - өзінің функционалдық мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары бойынша тарифтік квота шеңберінде бірыңғай кеден аумағына әкелінетін тауармен толықтай бірдей тауар, не тарифтік квота шеңберінде бірыңғай кеден аумағына әкелінетін тауардың сипаттамаларына жақын сипаттамаларға ие, оны тарифтік квота шеңберінде бірыңғай кедендік аумаққа әкелінетін тауардың мақсатына ұқсас функционалдық мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін (мұндай толықтай ұқсас тауар болмаса) және олар коммерциялық қатынаста алмастырылуы мүмкін тауар;
«кедендік әкелу бажы» - тауарларды бірыңғай кедендік аумаққа әкелу кезінде кеден органдары алатын міндетті төлем;
«бірыңғай кедендік аумақ» - Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумақтарынан тұратын аумақ;
«Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасы» - Дүниежүзілік кеден ұйымының тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесіне негізделген сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы;
«Бірыңғай кедендік тариф» - үшінші елдерден бірыңғай кеден аумағына әкелінетін, Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жүйеленген, тауарларға қолданылатын кедендік баждар ставкаларының жиынтығы;
«тауар импорты» - тауарды Тарап мемлекетінің кеден аумағына немесе кері әкету туралы міндеттемесіз үшінші елдердің кеден аумағынан бірыңғай кеден аумағына әкелу;
«лицензия» - тауарлардың экспортын және (немесе) импортын жүзеге асыру құқығына арналған арнайы құжат;
«уақыттың алдыңғы кезеңі» - бірыңғай кеден аумағында ауыл шаруашылығы тауарларын тұтыну көлемдерінің және бірыңғай кеден аумағында ұқсас тауарлар өндірісі көлемдерінің талдауы жүргізілетін уақыт кезеңі;
«ауыл шаруашылығы тауарлары» - Дүниежүзілік кедендік ұйымның тауарларды сипаттау мен кодтау үйлестірілген жүйесінің номенклатурасының 1-24 топтарында жіктелетін, сондай-ақ маннит, D-глюцит (сорбит), эфир майлары, казеин, альбуминдер, желатин, декстриндер, түрлендірілген крахмалдар, сорбит, терілер, былғары, мамықты-мех шикізаты, шитті жібек, жібек қалдықтары, мал жүні, шитті мақта, мақта қалдықтары, түтілген мақта талшығы, шитті зығыр және өңделмеген түбіртек сияқты тауарлар;
«кедендік әкелу бажының ставкасы» - кедендік әкелу бажының мөлшері (шамасы);
«тарифтік квота» - Бірыңғай кедендік тарифке сәйкес қолданылатын кедендік әкелу бажының ставкасымен салыстырғанда тауардың белгілі бір санын әкелу кезінде кедендік әкелу бажының неғұрлым төмен ставкасының (заттай немесе құндық түрінде) белгілі бір кезеңі ішінде қолданылуын көздейтін үшінші елдерден шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларының жекелеген түрлерін бірыңғай кедендік аумаққа әкелуді реттеу шарасы;
«үшінші елдер» - осы келісімнің қатысушылары болып табылмайтын елдер;
«атқарушы биліктің уәкілетті мемлекеттік органы» - лицензияларды беру құқығы берілген Тарап мемлекетінің атқарушы билік органы;
«сыртқы сауда қызметіне қатысушылар» - заңды тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар болып табылмайтын, Тарап мемлекетінің бірінде тіркелген және осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған ұйымдар, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері бірінің аумағында тұрақты немесе басым тұрғылықты жері бар, осы мемлекеттің азаматы болып табылатын немесе онда тұрақты тұру құқығына ие не осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалар.
2-бап
1. Үшінші елдерден шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларын бірыңғай кеден аумағына әкелуді реттеуді жүзеге асырған кезде, егер ұқсас тауарлар бірыңғай кеден аумағында өндірілетін (алынатын, өсірілетін) болса, оларды әкелуге арналған тарифтік квоталарды белгілеу түрінде жеңілдіктер (преференциялар) беруге рұқсат етіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген бірыңғай кеден аумағына белгіленген саннан (квотадан) жоғары әкелінетін ауыл шаруашылығы тауарларына Бірыңғай кедендік тарифке сәйкес кедендік әкелу баждары қолданылады.
3-бап
1. Ауыл шаруашылығы тауарларын преференциялық әкелуге арналған тарифтік квоталарды Кеден одағы комиссиялары (бұдан әрі - Комиссия) оған Тараптардың нарық сұраныстарын қанағаттандыру, ауыл шаруашылығы өндірісін ынталандыру, халықаралық сауданың дамуына жәрдемдесу мақсатында Бірыңғай кедендік тарифті жүргізу жөнінде өкілеттік берген күнінен бастап белгілейді.
2. Комиссия тауарды бірыңғай кеден аумағына әкелуге белгілеген тарифтік квоталардың көлемі мұндай тауарды бірыңғай кеден аумағында тұтыну көлемінің және ұқсас тауарды бірыңғай кеден аумағында өндіру көлемінің арасындағы айырмашылықтан аспауы тиіс. Бұл ретте, егер Тараптардың бірінің мемлекеті үшін ұқсас тауардың өндіріс көлемі оны тұтыну көлеміне тең немесе одан асып кететін болса, онда мұндай айырмашылық бірыңғай кеден аумағы үшін тарифтік квоталардың көлемін есептеу кезінде назарға алынбауы мүмкін.
3. Егер ұқсас тауардың өндіріс көлемі оны бірыңғай кеден аумағында тұтыну көлеміне тең немесе одан асып кететін болса, тарифтік квотаны белгілеуге жол берілмейді.
4. Тарифтік квоталар шеңберінде бірыңғай кеден аумағына әкелінетін ауыл шаруашылығы тауарларына арналған кеден әкелу баждары ставкаларын Комиссия оған Тараптар Бірыңғай кеден тарифті жүргізу жөнінде өкілеттік берген күннен бастап белгілейді.
4-бап
1. Комиссия Тараптар мемлекеттері арасында тарифтік квота көлемін Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысында осы Келісімнің 3-бабына сәйкес бірыңғай кеден аумағы үшін тарифтік квота көлемін есептеу кезінде назарға алынатын өндіріс пен тұтыну көлемдерінің арасындағы тепе-тең айырмашылықта бөледі. Бұл ретте Комиссия сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың арасында тарифтік квотаны бөлудің әдісі мен тәртібін айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде тарифтік квотаны үшінші елдер арасында бөледі.
2. Еркін айналыста болу үшін тарифтік квоталар шеңберінде бірыңғай кеден аумағына әкелінетін тауарларды кедендік ресімдеу сыртқы сауда қызметіне қатысушыға тарифтік квота бөлінген Тарап мемлекетінде жүзеге асырылады. Бұл ретте осы Тарап мемлекетінің атқарушы билігінің уәкілетті мемлекеттік органы берген мұндай тауарларды әкелуге арналған лицензияның болуы қажетті шарт болып табылады.
3. Лицензияларды беру квоталар бөлінген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың өтініштері негізінде жүзеге асырылады.
5-бап
Сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың арасындағы тарифтік квотаны бөлу олардың квоталар алуға және меншік нысанының белгілері бойынша кемсітпеушіліктеріне, тіркеу орны немесе нарықтағы жағдайына қатысты олардың тең құқығына негізделеді.
6-бап
Комиссия ауыл шаруашылығы тауарларын әкелуге арналған тарифтік квоталарды қолдану туралы шешімдерді қабылдаған кезде мынадай ережелерді сақтайды:
а) тарифтік квоталарды (олардың үшінші елдер арасында бөлінетініне немесе бөлінбейтініне қарамастан) белгілі бір мерзімге белгілеу;
б) егер тарифтік квота үшінші елдердің арасында бөлінген жағдайда, мүдделі барлық үшінші елдерді оларға бөлінген тарифтік квотаның көлемі туралы хабардар ету;
в) тарифтік квотаны қолдану, олардың көлемі мен қолданыс мерзімі, тарифтік квоталар шегінде әкелінетін тауарларға белгіленген кедендік әкелу баж ставкалары, сондай-ақ оны үшінші елдер арасында бөлу туралы ақпарат жариялау.
7-бап
1. Егер Комиссия үшінші елдердің арасында тарифтік квоталарды бөлу туралы шешім қабылдаған жағдайда, әдетте оны үшінші елдердің барлық маңызды өнім берушілерімен, консультациялар жүргізудің нәтижелері негізінде жүзеге асырады.
2. Осы баптағы үшінші елдердің маңызды өнім берушілері деп бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін ауыл шаруашылығы тауары импортында 10 және одан астам процент үлесі бар өнім берушілер түсініледі.
3. Тарифтік квоталарды бөлу, егер үшінші елдердің барлық маңызды өнім берушілерімен консультациялар нәтижелері негізінде жүзеге асырылмайтын болған жағдайда, үшінші елдердің арасында квоталарды бөлу туралы шешімді ауыл шаруашылығы тауарын уақыттың алдыңғы кезеңі ішінде осы елдерден жеткізу көлемін ескере отырып Комиссия қабылдауы тиіс.
4. Комиссия кез келген үшінші елге, оған бөлінген тарифтік квотаны толық пайдалануға кедергі болатын ешқандай да шарттарды немесе формалдылықтарды ауыл шаруашылығы тауарын жеткізу тарифтік квота қолданысы кезеңінде жүргізілетін шартымен белгілемейді.
5. Оған қатысты тарифтік квота енгізілетін ауыл шаруашылығы тауары үшін уақыттың алдыңғы кезеңін таңдауды Комиссия жүзеге асырады. Бұл ретте, әдетте, осындай алдыңғы кезеңге импорттың нақты көлемдерін көрсететін ақпарат қол жетімді болатын кез келген алдыңғы үш жылда қабылданады. Бұл ретте мұндай алдыңғы кезеңді таңдау мүмкіндігі болмаған кезде тарифтік квота импорттың нақты көлемін неғұрлым ықтимал бөлуді бағалау негізінде бөлінеді.
6. Осы баптағы импорттың нақты көлемі деп оған шектеу болмаған жағдайдағы импорт көлемі түсініледі.
7. Ауыл шаруашылығы тауарын жеткізуге мүдделі кез келген үшінші елдерден өтініш алған кезде Комиссия мыналарға:
а) белгіленген тарифтік квотаны қайта бөлудің қажеттілігіне;
б) таңдалған уақыттың алдыңғы кезеңін өзгертуге;
в) тарифтік квотаны бөлуге немесе оны шектеусіз пайдалануға қатысты шарттарды, формалдылықтарды немесе бір жақты тәртіппен белгіленген кез келген басқа ережелерді жоюдың қажеттілігіне қатысты консультациялар жүргізуі тиіс.
8-бап
1. Ауыл шаруашылығы тауарларына қатысты тарифтік квоталарды қолдануға байланысты Комиссия мынаны:
а) үшінші елдің талаптары бойынша тарифтік квоталарды бөлу тәртібіне, сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында оны бөлу тетігіне және лицензиялар берілген тарифтік квотолардың көлеміне қатысты ақпаратты беруі;
б) келешекте белгілі бір уақыт ішінде әкелінуі шешілетін ауыл шаруашылығы тауарларының жалпы саны немесе құны туралы, сондай-ақ тарифтік квоталар қолданысының басталу мен аяқталу күні және олардың кез келген өзгерістері туралы ақпаратты жариялауы тиіс.
2. Тарифтік квотаны үшінші елдер арасында бөлген жағдайлардан басқа, Комиссия, лицензиялардың ауыл шаруашылығы тауарын қандай да белгілі бір үшінші елден импорттау үшін пайдаланылуын талап етуге құқығы жоқ.
9-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздер жүргізуі жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда кез келген мүдделі Тараптардың бастамасы бойынша дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың сотына қарауға беріледі.
10-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
11-бап
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне енуі, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
Москва қаласында 2008 жылғы 12 желтоқсанда орыс тіліндегі жалғыз түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Комиссия депозитарийінің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |