2) кедендік сараптаманы жүргізетін ұйым - кеден органы (оның өңірлік бөлімшелері) және кедендік сараптама жүргізуге уәкілетті өзге де ұйымдар;
3) кедендік сараптама объектісі - тауарлар, көлік құралдары, сәйкестендіру құралдары, кедендік, коммерциялық және көлік (тасымалдау) құжаттары және өзге де құжаттар, сондай-ақ осы құжаттарда қамтылған, кедендік сараптамаға жіберілетін тауарларға қатысы бар мәліметтер;
4) кедендік сарапшы - кедендік сараптама жүргізуге уәкілетті кеден органының лауазымды адамы;
5) кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы - кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ресімделген, жүргізілген зерттеулер нәтижелерінің және кедендік сараптаманың қойылған сұрақтарға жауаптар түріндегі қорытындыларын құрайтын құжат;
6) сынама - оңтайлы қажетті, стандарттау жөніндегі құжаттамамен белгіленген, ұсынылып отырған және зерттелетін тауардың барлық көлемінің құрамын және қасиетін сипаттайтын тауар немесе тауардың бір бөлігі;
7) үлгі - тауардың (өнімнің) барлық партиясының, сериясының құрылымына, құрамына және қасиеттеріне сәйкес келетін тауар (өнім) бірлігі не одан әрі зерттеу мақсатында іріктеп алынуы белгіленген тәртіппен тіркелетін, жазбаша және өзге де көріну нысандарында ұсынылатын жалғыз дара объект;
227-бап. Кедендік сараптама тағайындау
1. Кедендік сараптама кедендік сараптаманы жүргізетін ұйымның үй-жайларында да, сонымен бірге егер бұл зерттеу ерекшеліктерін не кедендік сараптама объектісін жеткізу мүмкін еместігі ескеріле отырып, қажет болған кезде одан тыс жерлерде де жүргізіледі.
2. Егер кедендік операцияларды жасау кезінде туындайтын мәселелерді түсіндіру үшін арнайы және (немесе) ғылыми танымдар талап етілетін жағдайларда, кедендік сараптама тағайындалады.
3. Кедендік сараптаманы кеден органдары тағайындайды және кедендік сарапшылар, сондай-ақ өзге де уәкілетті ұйымдардың сарапшылары жүргізеді.
Өзге уәкілетті ұйымдарға кедендік сараптаманы тағайындау кедендік сарапшылардың мұндай сараптаманы жүргізуі мүмкін болмаған жағдайда ғана жүргізіледі.
Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын беру үшін қажетті арнайы және (немесе) ғылыми танымдарға ие кез келген тұлға сарапшы ретінде тағайындалуы мүмкін.
Кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшы кедендік сараптама жүргізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тартылады.
4. Кедендік сараптама тауарларға, оның ішінде көлік құралдарына, кедендік операцияларды жасау үшін қажетті кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарға және оларды сәйкестендіру құралдарына қатысты тағайындалады.
5. Кеден органының уәкілетті лауазымды адамы жазбаша нысанда кедендік сараптама тағайындау туралы шешім қабылдайды, онда оны жүргізудің негіздемесі, сарапшының тегі, аты-жөні немесе кедендік сараптама жүргізілетін ұйымның не кеден органының атауы, кедендік сарапшының (сарапшының) алдына қойылған мәселелер, кедендік сарапшының (сарапшының) иелігіне ұсынылатын материалдар мен құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
Шешімде, сондай-ақ кедендік сарапшының (сарапшының) көрінеу жалған қорытынды бергені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілігі жөнінде кедендік сарапшыға (сарапшыға) ескертілгені туралы көрсетіледі.
Кеден органының кедендік сараптама тағайындау туралы шешімінің нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
6. Кедендік сараптаманы жүргізетін ұйымның басшысы немесе оны алмастырушы адам:
1) кедендік сараптама жүргізу үшін ақпарат жеткіліксіз болған;
2) кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешім тиісінше ресімделмеген;
3) сынамалар немесе үлгілер орамының сақталуы кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешімде көрсетілген сипаттамаға сәйкес келмеген;
4) кедендік сараптама жүргізетін ұйымның штатында талап етілетін біліктілігі бар кедендік сарапшы болмаған;
5) кедендік сараптама жүргізу үшін қажетті материалдық-техникалық база, арнайы жағдайлар болмаған;
6) кедендік сараптамаға жіберілетін сынамалар немесе үлгілер жеткізу, тасымалдау кезінде зақымданған, бүлінген не ішінара жоғалған;
7) сынақтар немесе зерттеулер жүргізу үшін тауардың сынамалары мен үлгілері болмаған және жеткіліксіз болған жағдайда кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешімді орындамастан, кедендік сараптама жүргізу үшін ұсынылған материалдарды, құжаттарды, сынамалар мен үлгілерді қайтарады.
7. Кедендік сараптаманы жүргізуден бас тарту бас тартудың себептері көрсетіле отырып, жазбаша түрде ресімделеді. Ұсынылған материалдар, құжаттар, сынамалар мен үлгілер кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына қайтарылады.
8. Кеден органы кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешім қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірмей декларантты немесе кедендік тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге де тұлғаны кедендік сараптаманың тағайындалуы туралы жазбаша хабардар етеді.
9. Кедендік сараптаманы жүргізуге арналған шығыстар бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
228-бап. Кедендік сараптама жүргізудің тәртібі мен мерзімі
1. Кедендік сараптама жүргізу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
2. Кедендік сараптама жүргізу мерзімі кедендік сарапшы (сарапшы) материалдарды жүргізуге қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Зерттеудің салыстыру (салғастырмалы) әдістерін қолдануды және әр түрлі ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануды талап ететін, уақыты бойынша ұзақ болып табылатын кедендік сараптаманың екі және одан да көп объектілеріне зерттеу жүргізу кезінде кедендік сараптаманың мерзімі мұндай мерзімді ұзарту себептері көрсетіле отырып, кедендік сараптаманы жүргізетін ұйым басшысының немесе оны алмастыратын адамның жазбаша рұқсатымен, егер тауарларды шығару кедендік сараптама нәтижелерін алғанға дейін жүзеге асырылмаса, тауарларды уақытша сақтау мерзімінен аспайтын мерзімге ұзартылады.
3. Кедендік сараптаманы жүргізу мерзімі:
кедендік сарапшының (сарапшының) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы алдында оған қосымша материалдарды, сондай-ақ сынамаларды және (немесе) үлгілерді ұсыну туралы өтініші болған;
кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамынан зерттеулер немесе сынақтар жүргізу барысында кедендік сараптамаға ұсынылған, кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына қайтаруға жататын тауарларды, құжаттарды, сынамаларды немесе үлгілерді елеулі зақымдауға немесе жоюға жазбаша рұқсат алу қажет болған;
кедендік сараптама жүргізуге кіріскен кедендік сарапшы (сарапшы) дәлелді себеппен (еңбекке уақытша жарамсыздық, іссапар) болмаған жағдайда тоқтатыла тұрады.
4. Кедендік сараптама нәтижелері бойынша кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы беріледі.
229-бап. Кедендік сараптама жүргізу үшін кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) тарту тәртібі
1. Кедендік сараптама жүргізу үшін кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) тарту тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2. Кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшы (маман) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына сарапшыда (маманда) қажетті арнайы және (немесе) ғылыми танымдардың болуын растайтын құжаттарды табыс етуге міндетті.
230-бап. Кедендік сарапшының (сарапшының) құқықтары мен міндеттері
1. Кедендік сарапшы:
1) кедендік сараптаманы жүргізуге қатысты материалдармен танысуға;
2) кеден органының келісімімен кедендік сараптама ісін жүргізуге басқа да кедендік сарапшыларды (сарапшыларды) тартуға;
3) егер қойылған мәселелер өз құзыретінен тыс болса кедендік сараптама үшін материалдарды алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде кедендік сараптама жүргізуден немесе өз құзыретіне жатпайтын мәселелерге жауап беруден бас тартуға;
4) кедендік сараптама үшін материалдарды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде кедендік сараптама жүргізуге қажетті қосымша материалдарды жазбаша нысанда сұратып алуға;
5) кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын беру үшін қажетті материалдар мен құжаттарды, оның ішінде зерттеу үшін сынамалар мен үлгілерді алуға;
6) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамының келісімі бойынша өзінің арнайы және (немесе) ғылыми танымдарына және құзыретіне сәйкес, олардың алдына қойылған сұрақтарды редакциялауға, анықтауға және нақтылауға;
7) жарияланған арнайы және өзге де дереккөздерден ғылыми-техникалық ақпаратты пайдалануға;
8) өзінің сынақтары мен зерттеулерінің нәтижелерін және (немесе) сынамалар мен үлгілерге басқа зерттеу немесе сарапшы ұйымдары жүргізген зерттеу нәтижелерін пайдалануға;
9) кедендік бақылау жүргізуге қатысуға;
10) кедендік сараптама мәселелері бойынша консультациялар беруге құқылы.
2. Кедендік сарапшы (сарапшы):
1) кедендік сараптамаға қатысты материалдармен танысуға;
2) кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысына кедендік мақсаттар үшін маңызы бар, олар бойынша сұрақтар қойылмаған мән‑жайлар туралы қорытындылар енгізуге;
3) оларға қолжетімділігі мен олардың дұрыстығы сақталған кезде кедендік сараптамаға ұсынылған сынамалар мен үлгілерге зерттеулер жүргізуге, зерттеулердің нәтижелерін толық, жан-жақты және объективті бағалау негізінде кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын ұсынуға;
4) кедендік сараптаманы жүргізу нәтижесінде алынған мәліметтерді жария етпеуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды өзге де мақсаттарда пайдаланбауға және үшінші тұлғаларға бермеуге;
5) кедендік сараптама жүргізудің белгіленген мерзімдерін сақтауға міндетті.
3. Өзінің міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда кедендік сарапшы (сарапшы) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
231-бап. Декларанттың, тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге тұлғаның және олардың өкілдерінің кедендік сараптаманы тағайындау және жүргізу кезіндегі құқықтары
1. Кедендік сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге тұлға және олардың өкілдері:
1) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына сол бойынша кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын алу үшін кедендік сарапшыға (сарапшыға) қосымша сұрақтар қою туралы өтінішін мәлімдеуге;
2) кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысымен танысуға және кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органынан осындай қорытындының көшірмесін алуға;
3) кедендік сараптама жүргізу үшін кеден органдарының сынамалар мен үлгілерді іріктеп алуы кезінде қатысуға;
4) қосымша немесе қайталама кедендік сараптама жүргізу туралы өтініш жасауға құқылы.
2. Декларанттың, тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге тұлғаның немесе олардың өкілінің өтініші қанағаттандырылған жағдайда кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамы тиісті шешім шығарады.
Өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан кезде кеден органының лауазымды адамы бұл туралы өтініш берген тұлғаға жазбаша нысанда дәлелді түрде хабарлауға тиіс.
232-бап. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы
1. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысында:
1) кедендік сараптама жүргізудің орны, нөмірі және күні;
2) кедендік сараптама жүргізу үшін негіздеме;
3) кедендік сараптаманы жүргізген кедендік сарапшының (сарапшының) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және оның біліктілігі;
4) кедендік сарапшының (сарапшының) кедендік сараптама жүргізу кезінде қасақана жалған қорытынды бергені үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылығы жөнінде ескертілгені туралы кедендік сараптама жүргізген ұйымның мөрімен расталатын, оның қолымен куәландырылған белгі;
5) кедендік сарапшының (сарапшының) алдына қойылған мәселелер;
6) кедендік сараптама жүргізу үшін кедендік сарапшыға (сарапшыға) ұсынылған құжаттардың, материалдардың, сынамалар мен үлгілердің тізбесі;
7) қолданылған әдістерді, пайдаланылған аспаптар мен жабдықтарды көрсете отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері, зерттеулердің нәтижелерін бағалау, қойылған мәселелер бойынша түйіндер және олардың негіздемесі көрсетіледі.
2. Кедендік сарапшының (сарапшының) немесе бірнеше сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар мен құжаттар сол қорытындыға қоса тіркеледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады.
Қосымшаларға және (немесе) көрнекі материалдарға кедендік сарапшы (сарапшы) қол қояды және кедендік сараптаманы жүргізген ұйымның мөрімен куәландырылады.
Егер кедендік сараптама бірнеше сарапшының қатысуымен өткізілген болса, кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысына барлық сарапшы қол қояды және кедендік сараптаманы жүргізген ұйымның мөрімен расталады.
Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысындағы түйіндер қойылған сұрақтарға жауаптар түрінде жазылады, бұл ретте жауаптардың берілу реті қойылған сұрақтардың ретіне сәйкес келуге тиіс.
3. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы жазбаша түрде екі данада ресімделеді, бір данасы кедендік сараптама жүргізген ұйымда қалады, екінші данасы кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына жіберіледі.
233-бап. Кедендік сараптаманың түрлері
1. Кедендік бақылау мақсатында кедендік сараптаманың мынадай: сәйкестендіру, тауартанушылық, материалтанушылық, технологиялық, криминалистік және іс жүргізуде қажеттілік туындайтын өзге де түрлері жүргізіледі.
2. Тартылатын кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) санына қарай жеке-дара, комиссиялық немесе кешенді кедендік сараптама тағайындалады.
Жеке-дара кедендік сараптаманы кедендік сарапшы (сарапшы) жеке-дара жүргізеді.
Комиссиялық кедендік сараптаманы бір мамандықтағы кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) комиссиясы жүргізеді. Кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) арасында келіспеушіліктер болған кезде олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бір бөлігі кедендік сарапшының (сарапшының) бөлек қорытындысын ұсынуға құқылы.
Кешенді кедендік сараптаманы іс үшін маңызы бар мән‑жайларды анықтау үшін кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) құзыреті шегінде әр түрлі мамандықтағы білімдерді пайдалану негізінде зерттеу қажет болған жағдайда, кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) комиссиясы жүргізеді. Әрбір кедендік сарапшы (сарапшы) кедендік сарапшы (сарапшы) қорытындысының өзі кедендік сараптама жүргізген бөлігіне қол қояды.
3. Кедендік сараптама бастапқы, қосымша және қайталама сараптама болып бөлінеді.
Бастапқы кедендік сараптама объектілерді, сынамаларды және үлгілерді зерделеу үшін кеден органының өтініші бойынша жүргізіледі.
Қосымша кедендік сараптама жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша тағайындалады. Қосымша кедендік сараптама жүргізу сол немесе басқа кедендік сарапшыға (сарапшыға) тапсырылады.
Қайталама кедендік сараптама декларант, сондай-ақ кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы бастапқы және (немесе) қосымша кедендік сараптамалардың нәтижелері бойынша кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысымен келіспеген жағдайларда жүргізіледі.
Қайталама кедендік сараптама бастапқы және (немесе) қосымша кедендік сараптамаларды жүргізген кедендік сарапшыны (сарапшыларды) қоспағанда, екі және одан да көп кедендік сарапшылардан (сарапшылардан) тұратын комиссияға тапсырылады. Бастапқы және (немесе) қосымша кедендік сараптамаларды жүргізген кедендік сарапшылар (сарапшылар) қайталама кедендік сараптама жүргізілген кезде оған қатысуы және комиссияға түсіндірме беруі мүмкін, алайда олар кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын зерттеуге және жасауға қатыспайды.
Қайталама кедендік сараптаманы жүргізу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
Қосымша және қайталама кедендік сараптамаларды жүргізу кезінде кедендік сарапшыға (сарапшыға) міндетті түрде алғашқы кедендік сараптаманың нәтижелері ұсынылады.
234-бап. Тауарлардың сынамалары мен үлгілері
1. Кедендік сараптаманы жүзеге асыру мақсатында кеден органының лауазымды адамы осы Кодекстің 223 және 299-баптарында көзделген кедендік тексеруді және кедендік декларациялауды жүргізу кезінде тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуды жүргізеді. Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, декларанттың не кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаның немесе олардың өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Арнайы және (немесе) ғылыми танымдарды пайдалану және техникалық құралдарды қолдану қажет болған кезде тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу кедендік сарапшының (сарапшының) қатысуымен жүргізіледі. Кеден органы лауазымды адамының кедендік сараптаманы жүргізетін ұйымға өтініші кедендік сарапшының (сарапшының) тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға қатысуы үшін негіз болып табылады.
2. Егер, осы Кодекстің 205-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайларда, кедендік декларациялауды жүзеге асыру кезінде декларант не кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлға немесе олардың өкілдері болмаса, онда кеден органының лауазымды адамы екі куәгердің қатысуымен тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуды дербес жүргізуге құқылы.
Декларант немесе сыртқы экономикалық қызметке қатысушы кедендік тексеруді жүзеге асыру кезінде тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуды жүргізуден немесе оған қатысудан жазбаша бас тартқан жағдайда, кеден органының лауазымды адамы екі куәгердің қатысуымен тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуды дербес жүргізеді.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Тауарлардың сынамалары мен үлгілері олардың зерттеу мүмкіндігін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттамаға сәйкес талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін ең аз мөлшерде алынады.
Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу туралы Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленген нысан бойынша үш данада акт жасалады.
Бірінші дана кеден органында қалады; екінші данасы тауарлардың іріктеп алынған сынамаларымен және үлгілерімен бірге кедендік сараптаманы жүргізуге уәкілетті ұйымға жіберіледі; үшінші данасы декларантқа, тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге де тұлғаға немесе, егер олар анықталса, олардың өкілдеріне табыс етілуге (жіберілуге) жатады.
4. Декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге де тұлға немесе олардың өкілдері кеден органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуы кезінде қатысады. Көрсетілген тұлғалар кеден органдарының лауазымды адамдарына тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуға жәрдемдесуге, оның ішінде өз есебінен қажетті жүк операциялары мен өзге де операцияларды жүзеге асыруға міндетті. Декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие тұлға немесе олардың өкілі болмаса, тауарларды табыс еткеннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң ол келмеген жағдайда, сондай-ақ кейінге қалдыруды күтпейтін мән-жайларда тауарлардың сынамалары мен үлгілерін кеден органдарының лауазымды адамдары іріктей алады. Мұндай жағдайларда тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеу екі куәгердің қатысуымен тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеу туралы акт жасала отырып, жүзеге асырылады.
Тауарлардың сынамалары мен үлгілерін декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге тұлғалар немесе олардың өкілдері болмаған кезде кеден органдары осы Кодекстің 205-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда іріктеп алады.
Бұл жағдайларда тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу екі куәгердің қатысуымен жүзеге асырылады.
5. Тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері оларды орамның бүтіндігін бұзбай алу мүмкін болмайтындай етіп оралады.
6. Кеден органы декларантта, тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие өзге де тұлғада немесе олардың өкілдерінде тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алу нәтижесінде туындаған шығыстарды өтемейді.
7. Кедендік сараптама аяқталғаннан кейін сынамалар мен үлгілер:
тауарлардың сынамалары мен үлгілері зерттеу процесінде жұмсалған не зерттеулер және (немесе) сынақтар нәтижесінде жойылған;
тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген тауарлардың құрамы кедендік сараптама жүргізу барысында алынған тауарлардың құрамына сәйкес келмейтіні анықталған, соның нәтижесінде мұндай сынамалар мен үлгілер мерзімі стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттамада айқындалған мерзімге сақтауда қалған;
тауарлардың сынамалары мен үлгілері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жойылуға немесе кәдеге жаратуға жататын жағдайларды қоспағанда, кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамына қайтарылады.
235-бап. Сараптама қызметі саласындағы ынтымақтастық
Кедендік сараптамалар жүргізетін ұйым осы Кодекске сәйкес бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми және әдістемелік ақпарат алмасу, кәсіби даярлық және кедендік сарапшылардың біліктілігін арттыру мақсатында сараптама қызметін жүзеге асыратын ұйымдармен және қызметтермен байланыс орнатуға құқылы.
236-бап. Кеден одағына мүше мемлекеттердің кедендік сарапшыларын тарта отырып, кедендік сараптама жүргізу
1. Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы осы Кодексте белгіленген тәртіппен, өз бастамашылығымен не кедендік сараптамалар жүргізетін ұйым басшысының өтініші бойынша Кеден одағына мүше мемлекеттердің кедендік сараптама саласындағы кедендік сарапшыларын тарту туралы өтініш білдіруге құқылы.
2. Кеден одағына мүше мемлекеттердің кедендік сарапшыларын тарта отырып, кедендік сараптама жүргізу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
26-тарау. Кедендік бақылау жүргізу кезінде тауарларды және оларға арналған құжаттарды ұстау
237-бап. Кедендік бақылау жүргізу кезінде ұстауға жататын тауарлар мен құжаттар
1. Кедендік бақылау жүргізу кезінде осы Кодекстің 244, 268, 283, 290, 312, 335, 338, 410 және 466-баптарында белгіленген жағдайларда кеден органдарының лауазымды адамдары қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар мәні болып табылмайтын тауарларды және оларға арналған құжаттарды ұстайды.
2. Тауарлар және оларға арналған құжаттар ұсталған жағдайда кеден органы Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленген нысан бойынша хаттама жасайды.
3. Ұсталған тауарлар және оларға арналған құжаттар алып қойылады және осы Кодексте белгіленген мерзімдер ішінде кеден органдарында сақталады.
Ұсталған тауарлар уақытша сақтау қоймаларына немесе кеден органы анықтаған өзге де орындарға орналастырылады.
4. Кеден органдары тауарларды ұстаған кезде осы баптың 3-тармағына сәйкес ұсталған тауарларды сақтау жөніндегі шығыстарды осы Кодекстің 239-бабында көрсетілген, тауарлар іс жүзінде қайтарылатын тұлғалар өтейді. Осы Кодекстің 238-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген мерзімдерде мұндай тұлғалар талап етпеген ұсталған тауарларды сақтау жөніндегі шығыстар осы Кодекстің
241-бабының 1-тармағының ережелерін ескере отырып, көрсетілген тауарларды сатудан алынған сома есебінен өтеледі.
5. Ұсталған тауарларды сақтау жөніндегі шығыстарды өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
238-бап. Ұсталған тауарларды және оларға арналған құжаттарды сақтау мерзімдері
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тауарларды қоспағанда, ұсталған тауарларды және оларға арналған құжаттарды кеден органдары бір ай бойы, ал тез бұзылатын азық-түліктерді жиырма төрт сағат сақтайды.
2. Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге немесе мұндай аумақтан тыс жерлерге әкетуге тыйым салынған тауарлар және оларға арналған құжаттар кеден органдарында үш тәулік бойы сақталады.
3. Ұсталған тауарларды сақтау мерзімі - оларды ұстаған күннен бастап, ал тез бұзылатын азық-түліктерге оларды ұстаған кезден бастап есептеледі.
239-бап. Ұсталған тауарларды және оларға арналған құжаттарды қайтару
1. Ұсталған тауарлар және оларға арналған құжаттар декларанттарға, ал егер тауарларды декларациялау жүргізілмесе тауарлардың меншік иелеріне, ал меншік иесі шетелдік тұлға болып табылған не кеден органында тауарлардың меншік иесі туралы мәліметтер болмаған жағдайларда - осы бапта белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, ұстау кезінде тауарлар иелігінде болған тұлғаларға қайтарылады.
2. Кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде ұсталған, Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге тыйым салынған тауарлар және оларға арналған құжаттар осы баптың 1-тармағында көрсетілген, бұл аумақтан тыс жерлерге қайта әкету үшін кеден органына мұндай тауарларды қайтару үшін бірінші болып жүгінген, тұлғалардың кез келгеніне қайтарылады.
3. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге тыйым салынған және (немесе) шектеулер қойылған, Кеден одағының кедендік аумағынан әкету кезінде ұсталған тауарлар және оларға арналған құжаттар, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында осы тауарларды иеленуге жол берілсе, декларантқа немесе өзге де тұлғаларға Кеден одағының кедендік аумағында пайдалану үшін қайтарылады.
4. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге шектеулер қойылған тауарлар және Кеден одағының кедендік аумағына әкелу кезінде ұсталған оларға арналған құжаттар кеден органына осы Кодекске сәйкес белгіленген шектеулердің сақталуы және тауарларды кедендік рәсіммен орналастыруды құжаттамалық растауды ұсынған жағдайда декларантқа немесе өзге де тұлғаларға осы аумақтан тыс қайта әкету немесе Кеден одағының кедендік аумағында пайдалану үшін қайтарылады.