292-бап. Мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету әдiстерi
1. Мiндеттеменi орындау, заңдарда немесе шартта көзделген айып төлету, кепiл, борышқордың мүлкiн алып қалу, аманат, кепiлдiк, кепiлпұл, кепiлдiк жарна және басқа да әдiстер арқылы қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
Бағалы қағаздар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заң актілерінде белгiленедi.
2. Мiндеттеменi қамтамасыз ету туралы келісімнiң жарамсыздығы бұл мiндеттеменiң (негiзгi мiндеттеменiң) жарамсыздығына әкелiп соқтырмайды.
3. Негiзгi мiндеттеменiң жарамсыздығы оны қамтамасыз ететiн мiндеттеменi жарамсыз етедi.
§ 2. Айып төлеу
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 293-бап өзгертiлдi
293-бап. Айып төлеу ұғымы
Борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.
294-бап. Айып төлеу туралы келісімнiң нысаны
Айып төлеу туралы келісім, негiзгi мiндеттеменiң нысанына қарамастан, жазбаша түрде жасалуға тиiс.
Жазбаша нысанның сақталмауы айып төлеу туралы келісімнiң жарамсыздығына әкелiп соқтырады.
295-бап. Заңды айып төлеу
1. Несие берушi тараптардың келісімiнде айып төлеу мiндетi көзделген-көзделмегенiне қарамастан, заңдарда белгiленген айып төлеудi (заңды айып төлеудi) талап етуге құқылы.
2. Егер заңдарда тыйым салынбаса, тараптардың келісімiмен заңды айып төлеу мөлшерi көбейтiлуi мүмкiн.
296-бап. Айып төлеу мөлшерi
Айып төлеу мөлшерi нақты ақша сомасында немесе орындалмаған не тиiсiнше орындалмаған мiндеттеме сомасына шаққандағы процентпен белгiленедi.
297-бап. Айып төлеу мөлшерiн азайту
Егер төленуге тиiстi айып (айыппұл, өсiм) несие берушiнiң шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышқордың мiндеттеменi орындау дәрежесiн және борышқор мен несие берушiнiң назар аударуға лайықты мүдделерiн ескере отырып, айып төлеу мөлшерiн (айыппұлды, өсiмдi) азайтуға құқылы.
298-бап. Айып төлеудi өндiрiп алу негiздерi
Мiндеттеменi бұзғаны үшiн борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн айып өндiрiп алынады (осы Кодекстiң 359-бабы).
§ 3. Кепіл
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 17.01.02 ж. № 285-II Заңдарымен 299-бап өзгертiлдi
299-бап. Кепiл ұғымы
1. Мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.
Кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiк, кiмнiң пайдасына сақтандырылғанына қарамастан, оның жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн, егер жоғалу немесе бүлiну кепiл ұстаушы жауап беретiн себептер бойынша болмаса, сақтандыру өтемiнен сол бұрынғы негiзде қанағаттандырылуға құқығы бар.
2. Кәсiпорындар, үйлер, ғимараттар, пәтерлер, жер учаскелерiне және басқа қозғалмайтын мүлiкке құқықтар (ипотека) кепiлi қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледi. Ипотека туралы Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше ережелер белгiленбеген реттерде ипотекаға осы Кодекстегi кепiл туралы жалпы ережелер қолданылады.
3. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелерінің, ішкі суда жүзетін кемелердің, «өзен-теңізде» жүзетін кемелердің кепілі (кемелер ипотекасы) Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерімен реттеледі. Осы Кодекстегі кепіл туралы жалпы ережелер Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерінде өзге ережелер көзделмеген жағдайда кемелер ипотекасына қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптар жасалып жатқан теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзетін кемелерге, «өзен-теңізде» жүзетін кемелерге де қолданылады.
300-бап. Кепiлдiң пайда болу негiздерi
1. Кепiл шартқа сәйкес пайда болады. Кепiл заң құжаттарының негiзiнде, егер заң құжаттарында қандай мүлiк және қандай мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн кепiлде жатқан деп танылатыны көзделсе, оларды көрсетiлген мiндеттемелердiң пайда болуы кезiнде де туындайды.
2. Осы Кодекстiң шартқа сәйкес пайда болатын кепiл туралы ережелерi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, тиiсiнше заң құжаттары негiзiнде пайда болған кепiлге сәйкес қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154; 02.03.98 ж. 211 Заңдарымен; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 301-бап өзгертiлдi
301-бап. Кепiл мәні
1. Кез келген мүлiк, оның ішінде айналымнан алынған заттарды (осы Кодекстiң 116-бабының 2-тармағы), кредитордың жеке басымен тығыз байланысты талаптарды, атап айтқанда алименттер, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды және оларды басқа тұлғаға беруге заңнамалық актілермен тыйым салынған өзге де құқықтарды қоспағанда, заттар және мүлiктiк құқықтар (талаптар) кепiл мәні болуы мүмкін.
2. Кепiл құқығы келешекте кепiлге берушінің меншiгiне немесе шаруашылық жүргізуіне түсетiн мүлiкке шарт бойынша қолданылуы мүмкiн.
3. Өндіріп алуға жол берілмейтін мүліктің жекелеген түрлерін, атап айтқанда, азаматтардың мүлкін кепілге қоюға заңнамалық актілермен тыйым салынуы немесе ол шектелуі мүмкін.
4. 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. ҚР 2005.08.07. № 72-III Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 302-бап өзгертiлдi
302-бап. Кепiл арқылы қамтамасыз етiлетiн талаптар
1. Егер шартта немесе заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, кепiл талапты оның нақты қанағаттандырылатын кезіндегі көлемдi сыйақыны (мүдденi) қоса алғанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алу арқылы келтiрiлген шығындардың өтелуiн, айып (айыппұл, өсiм) салуды, кепiлге салынған мүлiктi ұстау жөніндегі қажеттi шығындарды, сондай-ақ өндiрiп алу жөніндегі шығындарды өтеудi қамтамасыз етедi.
2. Егер тараптар мұндай талаптарды кепiл арқылы қамтамасыз ету мөлшерi туралы уағдаласқан жағдайда кепiл болашақта пайда болатын тараптарға қатысты белгiленуi мүмкiн.
11.07.97 ж. № 154; 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 303-бап өзгертiлдi; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 303-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
303-бап. Кепiл түрлерi
1. Ипотека - кепiлге салынған мүлiк кепiл салушының немесе үшiншi бiр жақтың иелiгiнде және пайдалануында қалатын кепiл түрi.
Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары, ғарыш объектiлерi, айналымдағы тауарлар және азаматтық айналымнан алынбаған басқа да мүлiк ипотека мәнi бола алады.
Бөлiнетiн жемiстер бөлген кезден бастап үшiншi жақтың құқықтарының объектiсi болмайтын жағдайда ғана олар ипотека мәнi бола алады. Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары мен ғарыш объектiлерi ипотекасы осындай объектiлердi тiркеудi жүзеге асыратын органдарда тiркелуге тиiс.
2. Кепiлзат - кепiлге салынған мүлiктi кепiл берушi кепiл ұстаушының иелiгiне беретiн кепiл түрi.
Кепiл ұстаушының келісімiмен кепiлге салынған зат кепiл ұстаушының құлпы салынып, мөрi басылып, кепiл салушыда қалдырылуы мүмкiн. Кепiл мәнi кепiл туралы куәландырылатын белгiлер салынып (анық кепiл), кепiл берушiнiң иелiгiнде қалдырылуы мүмкiн.
3. Құқықтарды кепiлге салу кезiнде иелiктен айырылуы мүмкiн мүлiктiк құқықтар, атап айтқанда, кәсiпорындарды, құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды жалға беру құқықтары, шаруашылық серiктестiк мүлкіндегі үлеске құқық, борыштық талап қою, авторлық, өнертапқыштық және өзге де мүлiктiк құқықтар кепiл мәнi болып табылады.
Жер учаскесiне құқықтарды, сондай-ақ өзге табиғи ресурстарға құқықтарды кепiлге беруге, жер және өзге табиғи ресурстық заңдарда белгiленген шектер мен ережелер бойынша жол берiледi.
Мерзiмдi құқық оның әрекет жасау мерзiмi бiткенге дейiн ғана кепiл мәнi бола алады.
Кепiл құқығының борышқоры кепiл туралы хабардар болуға тиiс.
Егер кепiлге салынатын құқық құжатпен расталатын болса, кепiл шарты құқық белгiлеушi құжатты беру арқылы ресiмделуi мүмкiн.
3-1. Банктiк салым кепiлге қойылған кезде салымшының банктiк салым шарты бойынша құқықтары кепiлге ұсынылады. Кепiл берушi-салымшы кепiл ұстаушы туралы мәліметтерді көрсете отырып, банктік салым кепілі туралы банкке жазбаша хабарлауға міндетті.
4. Бағалы қағаздар кепiлi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Егер кепіл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепіл нысанасы болып табылатын ақша банкке орналастырылады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы ақша үшiн алынатын сыйақы (мүдде) кепiл берушіге тиесiлi болады.
Ақша кепіл ұстаушыға немесе өзге тұлға кепіл ақшаны пайдалану мүмкіндігін шектейтін шарттарды сақтаған кезде (банк сейфіне, сейфтің ұяшығына, сақтауға арналған жеке үй-жайда сақтауға беру) осы тұлғаға берілуі мүмкін. Осындай тұлғаның кепіл ақшаны пайдалану жөніндегі шектеулерді орындамауы оның ақша берілген кезден бастап негізсіз байығаны үшін жауаптылығына негіз болып табылады.
304-бап. Ортақ меншiктегi мүлiктi кепiлге беру
Ортақ меншiктi құрайтын мүлiк кепiлге барлық меншiк иелерiнiң келiсуiмен ғана берiлуi мүмкiн. Ортақ мүлiктегi үлеске құқық кепiлдiң дербес мәнi бола алады.
305-бап. Кепiл берушi
1. Борышқордың өзi де, үшiншi жақ та кепiл берушi болуы мүмкiн.
2. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, заттың меншiк иесi не меншiк иесiнiң келісімiмен оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар адам заттың кепiл берушiсi бола алады.
3. Кепiлге салынатын құқыққа ие адам құқықты кепiлге берушi бола алады.
Жалға беру құқығын немесе бөтен адамның затына өзге құқықты оны меншiктенушiнiң немесе оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар жақтың келісімiнсiз, егер заң құжаттарында немесе шартта аталған жақтардың келісімiнсiз бұл құқықты иелiктен айыруға тыйым салынған болса, кепiлге салуға жол берiлмейдi.
ҚР 18.12.00 ж. № 128-II Заңымен 306-бап өзгерді
306-бап. Кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру
1. Кепiл ұстаушыға оның иеленуiне берiлген кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру мiндетi шартпен немесе заң құжаттарымен жүктелуi мүмкiн.
Кепiл берушiнiң пайдалануында қалатын кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру кепiл берушiге жүктеледi.
2. Сақтандыру жағдайы туған кезде кепiл берушiнiң кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру шарты бойынша талап ету құқығы одан кепiл ұстаушы бас тартқан ретте ғана пайда болады.
Егер сақтандыру төлемінің сомасы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме сомасынан асып кетсе, кепiл ұстаушы оны алған кезден бастап банктiк үш күннiң iшiнде кепiл берушiге айырмасын аударуға мiндеттi.
2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 307-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
307-бап. Кепiл туралы шарттың мазмұны мен нысаны
1. Кепiл туралы шартта кепiлдiң нысанасы мен оны бағалау, кепiлмен қамтамасыз етiлетiн мiндеттеменiң мәнi, мөлшерi және орындалу мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Сондай-ақ онда кепiлге қойылған мүлiк тараптардың қайсысында екендiгi және оны пайдалануға болатындығы көрсетiлуге тиiс.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, кепіл нысанасын бағалау теңгемен көрсетіледі және тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін. Міндеттемені шетел валютасында қамтамасыз ететін кепіл нысанасын бағалау теңгемен және кепіл туралы шарт жасалған күнгі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша міндеттеме валютасымен көрсетіледі.
2. Кепiл туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиiс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарындағы қағидаларды сақтамау кепiл туралы шарттың жарамсыз болуына әкеп соғады.
ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 308-бап толықтырылды; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 308-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
308-бап. Кепiлдi тiркеу
1. Егер осы Кодекстен өзгеше туындамаса, тiркелуге жататын мүлiкті кепiлге салу осы мүлiктiң тiркелуін жүзеге асыратын органда тiркелуге тиiс.
Жылжымайтын мүлiк кепiлi жылжымайтын мүлiкке құқықтардың тiркелуін жүзеге асыратын органда мемлекеттік тiркелуге жатады.
2. Кепіл нысанасының өзгеруі тіркелуге жатады.
Кепiлдегi басқа өзгерістер қатысушылардың қалауы бойынша тiркелуi мүмкiн.
3. Кепiлдi тоқтату туралы жазба тiзiлiмге:
1) негiзгi мiндеттеменiң орындалуына байланысты кепiл ұстаушының өтiнiшi негiзiнде кепiлдi тоқтатуды тiркеу кезiнде;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртiппен кепiл нысанасынан ақы өндiрiп алу кезiнде;
3) кепiл шартының бұзылуына байланысты кепiлдi тоқтатуды тiркеу кезiнде;
4) осы Кодексiнiң 322-бабында көзделген өзге де негiздер бойынша кепiлдi тоқтату кезiнде енгiзiледi.
4. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындаған кепiл берушi тiзiлiмдегi кепiл туралы жазбаның жойылуын талап етуге құқылы. Кепiл ұстаушы кепiл берушiнiң талабы бойынша тiркеудi жүргiзетiн органға қажеттi құжаттар мен жазбаша өтініштерді табыс етуге мiндеттi. Кепiл ұстаушы бұл мiндеттемелердi орындамаған немесе уақтылы орындамаған жағдайда, кепiл берушi өзiне келтiрiлген залалдың өтелуiн талап етуге құқылы.
309-бап. Кепiл ұстаушының құқығы қолданылатын мүлiк
1. Кепiл мәнi болып табылатын затқа кепiл ұстаушының құқығы (кепiл құқығы), егер шартта немесе заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның керек-жарақтары мен бөлiнбейтiн жемiстерiне де қолданылады.
Кепiлге салынған мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған бөлiнетiн жемiске, өнiмге және табысқа кепiл құқығы шартта немесе заң құжаттарында көзделген реттерде қолданылады.
2. Кәсiпорынның немесе өзге мүлiк кешенiнiң ипотекасы жағдайында жалпы кепiл құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, талап ету, соның iшiнде ипотека кезiнде сатып алынған құқықтары мен ерекше құқықтарды қоса алғанда, оның барлық қозғалмалы және қозғалмайтын мүлкiне қолданылады.
3. Үй немесе ғимарат ипотекасына осы үй немесе ғимарат тұрған жер учаскесiне не осы учаскенiң кепiлге салынатын объектiнiң қызметiн қамтамасыз ететiн бөлiгiне құқық нақ сол шарт бойынша бiр мезгiлде жасалатын ипотека арқылы жол берiледi.
310-бап. Кепiл құқығының пайда болуы
1. Кепiл туралы шартта өзгеше көзделмегендiктен, кепiл құқығы кепiлi тiркелуге жататын мүлiк жөніндегі шартты тiркеу кезiнен бастап, басқа мүлiк жөнiнен - бұл мүлiктi кепiл ұстаушыға берген кезден бастап, ал егер ол беруге жатпаса, кепiл туралы шарт жасасқан кезден бастап пайда болады.
2. Айналымдағы тауарларға кепiл құқығы осы Кодекстiң 327-бабының 2-тармағының ережелерiне сәйкес пайда болады.
02.03.98 ж. № 211; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 311-бап өзгертiлдi
311-бап. Кейiнгi кепiл (кепiлдi қайталап салу)
1. Егер кепiлге салынған мүлiк басқа талаптарды қамтамасыз ететiн басқа бiр кепiлдiң нысанасы болса (кепiлдi қайталап салу), кейiнгi кепiл ұстаушының талабы алдыңғы кепiл ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн кепiл мәнiнiң құнынан қанағаттандырылады.
2. Егер кепiл туралы бұрынғы шарттарда тыйым салынбаса, қайтадан кепiл салуға жол берiледi.
3. Кепiл берушi келесi кепiл ұстаушысының әрқайсысына осы мүлiктiң бұрыннан бар барлық кепiлдерi жөніндегі мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi және осы мiндеттiң орындалмауы себептi кепiл ұстаушыларға келтiрiлген залалдар үшiн жауап бередi.
312-бап. Кепiлге салынған мүлiктi күтiп ұстау мен сақтау
1. Кепiл берушi немесе кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiк олардың қайсысында екенiне қарай, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе:
1) кепiлге салынған мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн, соның iшiнде оған үшiншi жақтар тарапынан қол сұғылып, талаптар қойылуынан қорғау үшiн қажеттi шаралар қолдануға;
2) кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну қаупiнiң пайда болуы туралы екiншi тарапқа дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Кепiл ұстаушы және кепiл берушi басқа тарапта тұрған кепiлге салынған мүлiктi құжаттар бойынша және оның iс жүзiнде бар екендiгiн, көлемiн, жай-күйiн және сақталу жағдайын тексеруге құқылы.
3. Кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну қаупi туып, кепiл ұстаушы осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мiндеттердi өрескел бұзған жағдайда кепiл берушi кепiлдiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын талап етуге құқылы.
313-бап. Кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну салдары
1. Егер кепiл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепiл берушi кепiлге салынған мүлiктiң кездейсоқ қирау немесе бүлiну тәуекелiн мойнына алады.
2. Кепiл ұстаушы, егер осы Кодекстiң 359-бабына сәйкес жауапкершiлiктен босатыла алатынын дәлелдей алмаса, өзiне кепiлге берiлген нәрсенiң толық немесе iшiнара жоғалуы немесе бүлiнуi үшiн жауап бередi.
3. Кепiл ұстаушы кепiлге салынған нәрсенiң жоғалғаны үшiн оның нақты құны мөлшерiнде, ал оның зақымданғаны үшiн кепiлге салынған нәрсенiң кепiл ұстаушыға оны берген кезде бағаланған сомасына қарамастан, осы құн төмендеген сома мөлшерiнде жауап бередi.
4. Егер кепiлге салынған нәрсенiң бүлiнуi салдарынан ол өзiнiң тiкелей мақсатында пайдаланыла алмайтындай болып өзгерiп кетсе, кепiл берушi одан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқылы.
5. Шартта кепiл ұстаушының кепiлге салынған нәрсенiң жоғалуы немесе зақымдануы арқылы келтiрiлген өзге де шығындарды өтеуi көзделуi мүмкiн.
6. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша борышқор болып табылатын кепiл берушi кепiл ұстаушыға кепiлге салынған нәрсенiң жоғалуынан немесе бүлiнуiнен келтiрiлген шығындарды өтеу туралы талапты кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындауға қоса есептеуге құқылы.
314-бап. Кепiлге салынған нәрсенi ауыстыру және қалпына келтiру
1. Кепiлге салынған нәрсенi ауыстыруға, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, кепiл ұстаушының келісімiмен жол берiледi.
2. Егер кепiлге салынатын нәрсе жойылса немесе бүлiнсе не оған меншiк немесе шаруашылық жүргiзу құқығы заң құжаттарында белгiленген негiздер бойынша тоқтатылса, кепiл берушi кепiлге салынған нәрсенi ақылға қонымды мерзiмде қалпына келтiруге немесе оны басқа бiр сондай мүлiкпен алмастыруға құқылы.
315-бап. Кепiлге салынған нәрсенi пайдалану және оған билiк ету
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе және кепiл мәнiнен өзгеше туындамаса, кепiл берушi кепiл нысанасын оның мақсатына сәйкес пайдалануға, соның iшiнде одан жемiстер мен табыстар табуға құқылы.
2. Егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе және кепiл мәнiнен туындамаса, кепiл берушi кепiл ұстаушының келісімiмен кепiлге салынған нәрсенi меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару иелiгiнен айыруға, оны басқа жаққа жалға немесе тегiн пайдалануға беруге не өзге түрде оған билiк етуге құқылы.
Кепiл берушiнiң кепiлге салынған мүлiктi өсиет етiп қалдыру құқығын шектейтiн келісімi жарамсыз болады.
3. Кепiл ұстаушы өзiне кепiлге берiлген нәрсенi шартта көзделген реттерде ғана кепiл берушiге оны пайдалану туралы үнемi есеп бере отырып пайдалануға құқылы. Шарт бойынша кепiл ұстаушыға кепiлге салынған нәрсенiң негiзгi мiндеттеменi өтеу мақсаттарында немесе кепiл берушiнiң мүдделерi үшiн жемiстер мен табыстар табу мiндетi жүктелуi мүмкiн.
316-бап. Кепiл ұстаушының кепiлге салынған нәрсе жөніндегі құқықтарын қорғау
1. Кепiлге салынған мүлiк болған немесе болуға тиiс кепiл ұстаушы оны өзгенiң заңсыз иеленуiнен, соның iшiнде кепiл берушiнiң өзiнен де талап етiп алуға құқылы.
2. Шарт ережелерi бойынша кепiл ұстаушыға өзiне кепiлге берiлген нәрсенi пайдалану құқығы берiлген реттерде, ол басқа адамдардан, соның iшiнде кепiл берушiден де өз құқығының қандай да болсын бұзылуы иелiктен айырумен байланысты болмағанымен, оның бұзылуын жоюды талап ете алады.
317-бап. Кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу негiздерi
1. Борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
2. Егер борышқордың кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы өте болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн.
2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 318-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
318-бап. Кепiлге салынған нәрседен ақы өндiрiп алу тәртібі
1. Кепiл ұстаушының талаптарын кепiлге салынған мүлiктiң құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ осы Кодексте және өзге де заң құжаттарында көзделген реттерде кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс күштеу тәртібімен сауда өткізу (аукцион) арқылы өз бетiмен сатуға құқылы. Ақшалай қарызды қамтамасыз ететiн кепiлге салынған нәрсенi сату жөнiнде кепiл ұстаушы банктiң де осындай құқығы болады. Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда, кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп соттан тыс өткізуге жол берілмейді.
08.11.00 ж. № 96-II; 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңдарымен 319-бап өзгертілді; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 319-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
319-бап. Кепiлге салынған мүлiктi сату
1. Кепiлге салынған мүлiктi өткізу (сату), егер заң құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе, iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп бойынша жария саудаға салып сату арқылы жүргiзiледi.
1-1. Ақшаны және ақшалай міндеттеме бойынша құқықтарды (талаптарды) кепілге беру кезінде - кепілге қойылған осы мүлікті өткізу кепіл нысанасы болып табылатын немесе ақшалай міндеттеме бойынша кепілге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесілі ақшаны кепіл ұстаушыға беру жолымен, ал кепіл нысанасына өндіріп алу қолданылған кезде ақшаны беру мүмкін болмаған жағдайда кепіл берушінің кепіл нысанасына құқықтарын кепіл ұстаушыға ауыстыру жолымен жүргізіледі.
Егер кепіл нысанасы болып табылатын немесе ақшалай міндеттеме бойынша кепілге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесілі ақша сомасы кепіл ұстаушының кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшерінен асып кетсе, айырма кепіл берушіге қайтарылады. Кепіл ұстаушының талаптарын өтеу үшін ақша сомасы жетпеген жағдайда, заңнамалық актілерде немесе шартта өзгеше нұсқау болмаған ретте, ол кепілде негізделген артықшылықтарды пайдаланбай, жетпеген соманы борышкердің басқадай мүлкінен алуға құқылы.
2. Кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс мәжбүр ету тәртібімен сату ерекшелiктерi осы Кодекспен және қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленедi. Ипотеканы iске асыру үшiн қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленген ережелер мен рәсiмдер. егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, кепiлдiң басқа түрлерiн орындау кезiнде мүлiктi сату үшiн қолданылады.
3. Кепiл берушiнiң өтiнiшi бойынша сот кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу туралы шешiмiнде оның жария саудаға салынып сатылуын бiр жылға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыруға құқылы. Кейiнге қалдыру осы мүлiктi кепiлге салу арқылы қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша тараптардың құқықтары мен мiндеттерiне әсер етпейдi және борышқордың кейiнге қалдырылған уақыт iшiнде несие берушiнiң өскен шығындары мен айып төлеу сомасын өтеуден босатпайды.
4. Кепiл берушi мен кепiл ұстаушыны қоса алғанда, кез келген заңды тұлғалар мен азаматтар саудаға қатысуға құқылы.
Сауда басталардың алдында сот немесе сенім бiлдiрiлген жақ (осы Кодекстiң 320-бабы) саудаға қатысушының әрқайсысынан кепiлдiк жарна төлеудi талап етуге құқылы. Кепiлдiк жарналар сауда аяқталғаннан кейiн қайтарылып берiлуге тиiс. Саудада ұтып шыққан қатысушының кепiлдiк жарнасы түпкiлiктi бағаның есебiне есептеледi. Саудада ұтып шыққан, бiрақ түпкiлiктi бағаны төлемеген қатысушының кепiлдiк жарнасы қайтарылмайды және соттың немесе сенім бiлдiрiлген жақтың билiгiнде қалады.
5. Қатысқан сатып алушы екеуден аз болуы себептi сауда жасалмайтыны жарияланған жағдайда кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi сот шешiмiмен немесе мүлiктi бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалардың қорытындысы негiзiнде сенім бiлдiрiлген жақ белгiлеген оның ағымдағы бағалау құны бойынша өз меншiгiне аударуға, не жаңадан сауда белгiлеудi талап етуге құқылы.
6. Егер кепiлге салынған мүлiктi өткізу кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының талаптарын өтеуге жеткiлiксiз болса, ол заң құжаттарында немесе шартта өзгеше нұсқаулар болмаған жағдайда жеткiлiксiз соманы борышқордың басқа мүлкiнен кепiлге негiзделген артықшылықты пайдаланбай-ақ алуға құқылы.