Белгiлi бір қызмет түрiмен айналысуға лицензияның, арнаулы рұқсаттың, біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) қолданылуын тоқтата тұру мерзiмi бiткеннен кейiн, сол әкiмшiлiк жазалау шарасы қолданылған адамға одан белгiленген тәртiппен алып қойылған лицензия, арнаулы рұқсат, біліктілік аттестаты (куәлiгi) қайтарылады.
3. Лицензияның, арнаулы рұқсаттың, біліктілік аттестатының (куәлiгiнiң) қолданылуы әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыда аталған күннен бастап және сонда көрсетiлген мерзiмге тоқтатыла тұрады.
723-бап. Жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы қаулыны орындау
1. Заңды тұлғаның немесе жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу түрiнде әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны судья шығарады және оны шешiмнiң заңды күшiне енуi бойынша заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе жеке кәсiпкер жедел орындауға тиiс.
2. Еңбек шарттары бойынша есеп айырысуды, өз қызметi нәтижесiнде келтiрiлген шығындардың орнын толтыруды және айыппұлдарды төлеудi қоспағанда, заңды тұлғаның және жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру кезеңiнде олардың банктiк салымдарды пайдалану құқығы тоқтатыла тұрады. Қоғамдық бірлестiктiң қызметiн тоқтата тұру кезеңiнде оған бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға, үгiт және насихат жүргiзуге, митингiлер, демонстрациялар және басқа да көпшiлiкке арналған шараларды өткізуге, сайлауға қатысуға тыйым салынады. Егер қызметiн тоқтата тұру белгiленген мерзiм iшiнде қоғамдық бірлестiк тәртiп бұзушылықты жойса, қаулыда аталған мерзiм бiткеннен кейiн қоғамдық бірлестiк өз қызметiн қайта жалғастырады.
3. Заңды тұлға құрылтайшысының (басқарушы органының, лауазымды адамының) немесе жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру не оған тыйым салу түріндегі судья қолданған әкiмшiлiк жаза өз еркiмен орындалмаған жағдайда қаулы уәкiлеттi органның атқарушылық iс жүргiзу тәртібімен орындалады.
2010.19.03. № 258-ІV ҚР Заңымен 724-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
724-бап. Жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн тоқтата тұру не оған тыйым салу туралы қаулыны орындау тәртібі
1. Уәкiлеттi лауазымды адам ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң жұмысын iшiнара немесе толық тоқтата тұрады, үйлердi, ғимараттарды, жекелеген үй-жайларды, қоймаларды, электр желiлерiн, жылыту аспаптарын пайдалануға тыйым салады.
2. Заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асыратын орган заңды тұлғаның қызметiне тыйым салу (оны тарату) туралы шешiмдi алған соң, заңдарда көзделген қызметке тыйым салу (оны тарату) тәртібінiң сақталуын тексередi және он күн iшiнде заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылғанын тiркейдi, бұл туралы мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға хабарланады.
725-бап. Құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулыны орындау
1. Соттың салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулысын өзi жөнiнде осы әкiмшiлiк жаза шығарылған адам орындайды.
2. Салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу түрiнде сот қолданған әкiмшiлiк жаза өз еркiмен орындалмаған жағдайда қаулыны уәкiлеттi орган атқарушылық iс жүргiзу тәртібімен орындайды.
726-бап. Құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулыны орындау жөніндегі шығындар
Салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу заң бұзушының есебiнен жүзеге асырылады.
2009.10.07 № 177-IV ҚР Заңымен 727-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
727-бап. Әкiмшiлiк қамауға алу туралы қаулыны орындау
1. Судьяның қамауға алу туралы қаулысын заңдарда белгiленген тәртiппен iшкi iстер органдары және әскери полиция органдары орындайды.
2. Әкiмшiлiк қамауға алынған адамдар iшкi iстер органдары белгiлейтiн орындарда күзетпен ұсталады. Әкiмшiлiк қамауға алу туралы қаулыны орындау кезiнде қамауға алынушылар жеке тексеруден өткiзiледi.
Әскери қызметшілер әкімшілік қамауды гауптвахталарда өтейді.
3. Әкiмшiлiк ұстау мерзiмi әкiмшiлiк қамауға алу мерзiмiне есептеледi.
4. Әкiмшiлiк қамауға алу мерзiмiн өтеу заңдарда белгiленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
728-бап. Әкiмшiлiк қамауға алуды өтеуден жалтарудың зардаптары
1. Егер әкiмшiлiк қамауға алынған адам әкiмшiлiк қамауға алу мерзiмi бiткенге дейiн оны өтейтiн орынды өз бетiмен тастап кетсе, судьяның қаулысымен қамауда болған мерзiмi қамауға алу мерзiмiне толық немесе iшiнара есептелмеуi мүмкiн. Бұл орайда судья әкiмшiлiк қамауға алудың өтелу мерзiмiнiң басталуын қайта белгiлейдi.
2. Әкiмшiлiк қамауға алудың жалпы мерзiмiн отыз тәулiктен асыруға болмайды.
729-бап. Қаулының мүлiктiк зиянды өтеу бөлiгiнде орындалуы
Осы Кодекстiң 64-бабына сәйкес өндiрiлiп алынуға тиiстi мүлiктiк зиянды өтеу бөлiгiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңдарда белгiленген тәртiппен орындалады.
2007.06.07 № 276-ІІI ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2007.19.12 № 11-IV Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 730-бап өзгертілді
730-бап. Қазақстан Республикасынан шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны жүзеге асыратын органдар
Қазақстан Республикасынан шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны:
1) осы Кодекстiң 391-бабының екiншi бөлiгiнде және 391-1-бабының үшінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтар жасалған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметi;
2) осы Кодекстiң 102-3, 374 (алтыншы бөлігі), 375 (үшінші, жетінші бөліктері), 380 (екінші бөлігі), 380-2 (екінші бөлігі), 394 (төртінші бөлігі), 396 (төртiншi бөлiгi) -баптарында көзделген құқық бұзушылықтар жасалған кезде iшкi iстер органдары орындайды.
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 731-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
731-бап. Қазақстан Республикасынан шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау
1. Қазақстан Республикасынан шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды аумағына аталған адам шығарып жіберілетін шет мемлекет өкіметінiң өкiлiне ресми беру не Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілетін адамға бақылау жасалына отырып, өз бетiмен кетуi арқылы жүргiзiледi.
2. Егер шығарып жiберiлетiн адамды шет мемлекет өкiлiне беру Қазақстан Республикасының аталған мемлекетпен шартында көзделмеген болса, шығарып жiберу Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі айқындайтын орында жүзеге асырылады.
3. Егер шығарып жiберу Қазақстан Республикасының аталған мемлекетпен шартында көзделсе, шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекетiнен шығарып жiберу туралы аумағына (аумағы арқылы) аталған адам шығарып жіберілетін шет мемлекеттің өкіметі хабардар етiледi.
4. Әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау екiжақты немесе біржақты акт түрiнде ресiмделедi.
732-бап. Жол жүрiсi ережелерiн бiлудi тексеру туралы қаулыны орындау
Жол жүрiсi ережелерiн бiлудi тексеру туралы қаулыны заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігі жол полициясының органдары орындайды.
733-бап. Қаулыны медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану бөлiгiнде орындау тәртібі
Қаулыны медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану бөлiгiнде денсаулық сақтау органдарының мамандандырылған мекемелерi заңдарда белгiленген тәртiппен орындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев