11) 69 және 70-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«69-бап. Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру
1. Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
Активтерді сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жалғыз акционері болып табылатын акционерлік қоғамның бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет қызметтің мынадай кіші түрлерін:
1) ерікті зейнетақы жарналарын (ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры) тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті;
2) ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығынсыз инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті қамтиды.
3. Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызмет клиенттiң мүдделерiн көздеп табыс табу мақсатында жүзеге асырылады.
4. Инвестициялық портфельдi басқарушылардың басқаруындағы қаржы құралдарына қатысты құқықтарын номиналды ұстаушылар өздерiнiң iшкi құжаттарына сәйкес ескереді.
70-бап. Инвестициялық портфельдi басқарушылардың функциялары
1. Инвестициялық портфельдi басқарушылардың функциялары:
1) уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актiсiнің талаптарына сәйкес ақшаны эмиссиялық бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына инвестициялау туралы шешiмдер қабылдау;
2) қабылданған инвестициялық шешiмдердi орындау мақсаттарында инвестициялық портфельдi басқару процесiнде бағалы қағаздар нарығының субъектiлерiмен өзара iс-қимыл жасау;
3) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде және өздерінің iшкi құжаттарында белгiленген тәртiппен эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалатын мәмiлелердi есепке алуды жүргiзу;
4) инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi шарттың талаптарын орындау болып табылады.
2. Ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқарушы осы баптың 1-тармағында көзделген функциялардан басқа, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген функцияларды жүзеге асырады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, инвестициялық портфельдi басқарушылар басқаруындағы эмиссиялық бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарына қатысты пайдалану және билiк ету жөнiндегi құқықтарын жүзеге асыруға құқылы.»;
12) 72-бапта:
1 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының меншікті активтеріне және (немесе) бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы (инвестициялық портфельді басқарушы) инвестициялық басқаруға қабылдаған активтерге қатысты инвестициялық шешімдер қабылдауды құрамында кемінде үш адам болуға тиіс инвестициялық комитет жүзеге асырады. Инвестициялық комитет мүшелерінің кемінде жартысы өздерін кәсіби қатысушының басшы қызметкерлеріне тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімін алған бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының басшы қызметкерлері болуға тиіс.
Осы тармақтың талаптары тіркеушіге, трансфер-агентке және бағалы қағаздар нарығында кастодиандық және (немесе) брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар екінші деңгейдегі банкке қолданылмайды.»;
«3. Инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық комитетінің құрамына осы инвестициялық портфельді басқарушының қызметкерлері болып табылмайтын адамдар кірмеуге тиіс.»;
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқарушының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен жасалған шартқа сәйкес зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыратын инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық комитетінің құрамына қойылатын қосымша талаптар белгіленеді.»;
13) мынадай мазмұндағы 72-1, 72-2 және 72-3-баптармен толықтырылсын:
«72-1-бап. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы
1. Бірде-бір тұлға дербес өзі немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп пайызын тікелей немесе жанама иелене, пайдалана және (немесе) оған билік ете алмайды, сондай-ақ уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімін алмастан инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп пайызы мөлшерінде инвестициялық портфельді басқарушының қабылдайтын шешімдеріне бақылау жасай алмайды немесе оларға ықпал ету мүмкіндігі болмайды.
Қазақстан Республикасының резиденттері емес заңды тұлғалар рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төменгі рейтингі болған кезде инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушы мәртебесін иемденуге уәкілетті органның келісімін алуы мүмкін. Талап етілетін ең төменгі рейтинг және рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызын жанама иеленуді немесе инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) он немесе одан көп пайызын тікелей иеленетін немесе талап етілетін ең төменгі рейтингі бар инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызымен дауыс беру мүмкіндігі бар, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушы болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлғаның акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену (дауыс беру) арқылы инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызымен жанама дауыс беруді көздейтін Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлға үшін көрсетілген рейтингтің болуы талап етілмейді.
2. Инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) немесе дауыс беретін акцияларының жиынтығында он немесе одан көп пайызы тиесілі болатын және мынадай:
1) акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыру немесе директорлар кеңесі акционерлердің жалпы жиналысын шақырудан бас тартқан жағдайда оны шақыру туралы қуыныммен сотқа жүгіну;
2) акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді енгізу;
3) директорлар кеңесінің отырысын шақыру;
4) инвестициялық портфельді басқарушының аудитін өз есебінен жүргізу мәселелері бойынша олардың шешім қабылдауын көздейтін, өздерінің арасында жасалған келісім негізінде әрекет ететін акционерлер инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушылары болып табылмайды.
3. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге келісім беру, оны кері қайтарып алу қағидаларын, көрсетілген келісімді алу үшін табыс етілетін құжаттарға қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.
4. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы болуға ниет білдірген тұлға келісім алу үшін осы баптың 6 - 10-тармақтарында айқындалған құжаттар мен мәліметтерді қоса бере отырып, уәкілетті органға инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемдену туралы өтініш беруге міндетті.
5. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушылары - жеке тұлғалар инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын оларға меншік құқығында тиесілі мүліктің құнынан аспайтын мөлшерде төлейді. Бұл ретте мүліктің құны инвестициялық портфельді басқарушының бұрын иемденген және иемденетін акцияларының жиынтық құнынан кем болмауға тиіс.
6. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге келісім алу үшін жеке тұлға мынадай құжаттарды табыс етеді:
1) растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, акцияларды иемдену үшін пайдаланылатын қаражат көздері мен қаражаттың сипаттамасын қоса алғанда, инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын, оның ішінде бұрын иемденген акцияларын иемденудің шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер.
Мыналар:
кәсіпкерлік, еңбек немесе басқа да ақы төленетін қызметтен түскен табыстар;
өтініш берушінің құжаттамамен расталған ақшалай жинақтары инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын иемдену үшін пайдаланылатын қаражат көзі болып табылады.
Сыйға тарту, ұтыс, өтеусіз алынған мүлікті сатудан түскен табыс түрінде алынған, инвестициялық портфельді басқарушының иемденетін акциялары құнының жиырма бес пайызынан аспайтын мөлшердегі ақша инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын иемдену үшін осы тармақшаның екінші бөлігінде көрсетілген қаражат көздеріне қосымша пайдаланылуы мүмкін.
Өтініш беруші сыйға тарту түрінде алынған мүлік есебінен инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын иемденген кезде сыйға тартушы және көрсетілген мүліктің сыйға тартушыда пайда болу көздері туралы мәліметтерді ұсынады;
2) өтініш берушінің мүдделерін білдіру тапсырылатын өтініш берушінің өкіліне (ол болған кезде) берілген сенімхат;
3) өзі ірі қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалардың тізімін және олардың құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелері;
4) осы қордың немесе ұйымның қаржы жағдайының ықтимал нашарлауы жағдайларында инвестициялық портфельді басқарушыны қайта капиталдандыру жоспары;
5) растайтын құжаттардың көшірмелері қоса беріле отырып, мінсіз іскерлік беделі туралы мәліметтер;
6) табыстары мен мүлкі туралы мәліметтер, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген нысанға сәйкес өтініш берушінің барлық міндеттемелері бойынша орын алған берешек туралы ақпарат;
7) білімі, еңбек қызметі туралы мәліметтерді қоса алғанда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысан бойынша өтініш беруші туралы қысқаша деректер.
Қазақстан Республикасының резиденті емес жеке тұлға инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге келісім алу үшін осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, Қазақстан Республикасының резиденті емес жеке тұлға тұратын елдің тиісті мемлекеттік органының осы елдің заңнамасында Қазақстан Республикасы резиденті инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын иемденуге рұқсат етілгені туралы жазбаша растауын не тиісті мемлекеттің уәкілетті органының мұндай рұқсат аталған құрылтайшы мемлекетінің заңнамасы бойынша талап етілмейтіні туралы мәлімдемесін табыс етеді.
7. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге келісім алу үшін Қазақстан Республикасының резиденті заңды тұлға мынадай құжаттарды:
1) өтініш беруші органының инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын иемдену туралы шешімінің көшірмесін, сондай-ақ өтініш берушінің үлестес тұлғаларының тізімін;
2) заңды тұлға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он немесе одан көп пайызын иеленетін, сондай-ақ шарттың күшіне қарай осы заңды тұлғаның шешімдерін айқындауға не өзгеше түрде бақылауға мүмкіндігі бар тұлғалар (дербес немесе басқа тұлғалармен бірлесіп) туралы мәліметтерді және растайтын құжаттарды;
3) осы баптың 6-тармағы бірінші бөлігінің 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды;
4) басшы қызметкерлердің мінсіз іскерлік беделі туралы мәліметтерді;
5) құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін, өтініш берушінің ірі қатысушылары туралы, сондай-ақ өтініш берушінің ірі қатысушыларының ірі қатысушылары туралы қысқаша деректерді;
6) білімі, еңбек қызметі туралы мәліметтерді қоса алғанда, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысан бойынша өтініш берушінің басшы қызметкерлері туралы қысқаша деректерді;
7) аяқталған соңғы екі қаржы жылының аудиторлық ұйым куәландырған жылдық қаржылық есептілігін, сондай-ақ тиісті өтінішті табыс ету алдындағы аяқталған соңғы тоқсанның қаржылық есептілігін;
8) ірі қатысушы мәртебесін иемденгеннен кейін өтініш берушінің және инвестициялық портфельді басқарушының болжамды есеп айырысу балансын қоса алғанда, осындай мәртебені иемденудің қаржылық салдарының талдауын, өтініш берушінің жоспарлары мен ұсыныстарын табыс етеді.
8. Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлға инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге келісім алу үшін мынадай құжаттарды:
1) осы баптың 6-тармағы бірінші бөлігінің 1) - 4) тармақшаларында және 7-тармағының 1), 3), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды;
2) осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тізбесін уәкілетті орган белгілейтін халықаралық рейтингтік агенттіктердің бірі берген заңды тұлғаның кредиттік рейтингі туралы мәліметтерді;
3) өтініш беруші орналасқан елдің қаржылық қадағалау органының Қазақстан Республикасының резиденті емес заңды тұлғаның инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге жазбаша рұқсатын (келісімін) не тиісті мемлекеттің уәкілетті органының көрсетілген мемлекеттің заңнамасы бойынша мұндай рұқсат (келісім) талап етілмейтіндігі туралы мәлімдемесін табыс етеді.
9. Қазақстан Республикасының резиденті емес қаржы ұйымы инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге келісім алу үшін мынадай құжаттарды:
1) осы баптың 8-тармағында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды;
2) өтініш беруші орналасқан елдің қаржылық қадағалау органының өтініш беруші осы елдің заңнамасы шеңберінде қаржылық қызметін жүзеге асыруға уәкілетті екендігі туралы жазбаша растауын не өтініш беруші орналасқан елдің қаржылық қадағалау органының осы елдің заңнамасы бойынша мұндай рұқсат талап етілмейтіні туралы мәлімдемесін табыс етеді.
Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге келісім алу үшін инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызын иемденуге ниет білдірген, өзі орналасқан елде шоғырландырылған қадағалауға жататын Қазақстан Республикасының резиденті емес қаржы ұйымы осы тармақта белгіленген құжаттардан басқа, өтініш беруші орналасқан елдің қаржылық қадағалау органының Қазақстан Республикасының резиденті емес қаржы ұйымының шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауын табыс етеді.
10. Орналастырылған акциялардың (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) жиырма бес немесе одан көп пайызын иелену үлесімен инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге ниет білдіруші тұлғалар осы бапта көрсетілген құжаттар мен мәліметтерге қосымша, қойылатын талаптарын уәкілетті орган белгілейтін таяудағы бес жылға арналған бизнес-жоспарды табыс етеді.
Инвестициялық портфельді басқарушының директорлар кеңесі инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) жиырма бес немесе одан көп пайызын иелену үлесімен ірі қатысушы ұсынған бизнес-жоспарды осы бапта белгіленген тиісті мәртебені алу шеңберінде қарайды.
Инвестициялық портфельді басқарушы инвестициялық портфельді басқарушының даму стратегиясына (даму жоспарына) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының бизнес-жоспарын енгізу не енгізбеу туралы тиісті шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде инвестициялық портфельді басқарушының директорлар кеңесінің инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының бизнес-жоспарын қарау нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Инвестициялық портфельді басқарушының директорлар кеңесі инвестициялық портфельді басқарушының даму стратегиясының (даму жоспарының) сақталуын қамтамасыз етеді.
11. Инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) жиынтығында он немесе одан көп пайызын иеленетін немесе инвестициялық портфельді басқарушы акцияларының он немесе одан көп пайызымен тікелей немесе жанама дауыс беру мүмкіндігі бар және:
1) инвестициялық портфельді басқарушының шешімдеріне өздерінің арасындағы шарттың күшіне қарай немесе өзгеше түрде бірлесіп ықпал ететін;
2) жеке алғанда немесе өзара бір-бірінің ірі қатысушылары болып табылатын;
3) олардың бірі басқа тұлғаның лауазымды тұлғасы немесе өкілі болып табылатын;
4) олардың бірі өздерінің арасында жасалған шартқа сәйкес басқа тұлғаға инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын сатып алу мүмкіндігін берген;
5) жақын туыстар немесе ерлі-зайыптылар болып табылатын;
6) олардың бірі басқа тұлғаға инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын өздеріне сыйға тартылған ақша немесе өтеусіз алынған мүлік есебінен иемдену мүмкіндігін берген тұлғалар инвестициялық портфельді басқарушының бірлескен ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалар деп танылады.
Егер инвестициялық портфельді басқарушы Қазақстан Республикасының банк заңнамасының талаптарына сәйкес банк конгломератына кірген жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушы Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес шоғырландырылған қадағалауға жатады.
12. Уәкілетті орган осы баптың талаптарына сәйкес инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін алу үшін берілген өтініш бойынша шешімді құжаттардың толық топтамасы табыс етілген күннен бастап үш ай ішінде қабылдауға тиіс.
Уәкілетті орган өтініш берушіні өз шешімінің нәтижелері туралы жазбаша хабардар етуге міндетті. Бұл ретте тиісті мәртебені иемденуге келісім беруден бас тартылған жағдайда, жазбаша хабарламада бас тарту негіздері көрсетіледі.
13. Уәкілетті орган келісімнің берілуіне негіз болған анық емес мәліметтер белгілі болған немесе өтініш берушінің ірі қатысушы мәртебесін иемденуі нәтижесінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптары бұзылған немесе ірі қатысушылар осы Заңның талаптарын сақтамаған жағдайларда, келісімді кері қайтарып алу үшін негіз болып табылатын факт анықталған күннен бастап екі ай ішінде күшін жою туралы шешім қабылдай отырып, осы бапқа сәйкес берілген келісімді кері қайтарып алуға құқылы. Бұл жағдайда осындай шара қолданылатын тұлға алты ай ішінде инвестициялық портфельді басқарушы акцияларының өзіне тиесілі санын осы бапта белгіленгеннен төмен деңгейге дейін азайтуға міндетті.
Осы бапқа сәйкес берілген келісім өзінен кері қайтарып алынған тұлға инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын үшінші тұлғаға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы емес.
Уәкілетті орган өздеріне қатысты тиісті келісімді кері қайтарып алу туралы шешім қабылдаған тұлғалар осы тармақтың талаптарын орындамаған жағдайда, уәкілетті органның талаптарын осы тұлғалардың орындауы үшін уәкілетті орган сотқа жүгінуге құқылы.
14. Егер тұлға уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімін алмай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес бола бастаған жағдайда, ол осы баптың ережелеріне сәйкес уәкілетті органның жазбаша келісімін алғанға дейін инвестициялық портфельді басқарушының басшылығына немесе оның саясатына ықпал етуге бағытталған қандай да бір іс-әрекеттер жасауға және (немесе) осындай акциялар бойынша дауыс беруге құқылы емес.
Аталған жағдайда инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келетін тұлға инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы белгілеріне өзінің сәйкес келетіні өзіне мәлім болған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органды бұл жөнінде хабардар етуге міндетті.
Тиісті мәртебені иемдену туралы өтініш инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы белгілеріне өзінің сәйкес келетіні өзіне мәлім болған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, егер тек осы тұлғаның көрсетілген мерзімде акцияларын иелігінен шығаруға ниеті болмаса ғана, уәкілетті органға табыс етіледі. Акцияларды иеліктен шығару туралы шешім қабылданғаны туралы ақпарат осындай шешім қабылданған күннен бастап уәкілетті органға дереу беріледі.
15. Уәкілетті орган осы тұлғаның инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келетінін көрсететін мәліметтер болған кезде жеке және заңды тұлғалардан ақпарат беруді талап етуге құқылы. Ақпарат оны білетін кез келген тұлғадан, сондай-ақ осындай тұлғалардың бақылауында болатын ұйымдардан талап етілуі мүмкін.
16. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде растайтын құжаттарды табыс ете отырып, өзіне тиесілі акциялар санының өзі тікелей немесе жанама иелік ететін немесе тікелей немесе жанама дауыс беру мүмкіндігі бар инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) санына пайыздық арақатынасының өзгергені туралы уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына тиесілі инвестициялық портфельді басқарушы акцияларының саны (пайыздық немесе абсолюттік мәнде) инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) санына ұлғаю жағына қарай өзгерген жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органға растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын иемдену үшін пайдаланылатын қаражат көздері туралы ақпаратты беруге тиіс. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушылары - жеке тұлғалар инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын иемдену үшін пайдаланатын қаражат көздері осы баптың 6-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында айқындалған.
Инвестициялық портфельді басқарушы акциялары санының инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) санына пайыздық арақатынасы инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына тиесілі он пайыздан аз санға дейін өзгерген жағдайда, уәкілетті орган инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының өтініші бойынша не көрсетілген фактіні дербес өзі анықтаған жағдайда осы факт анықталған күннен бастап екі ай ішінде инвестициялық портфельді басқарушы мәртебесін иемденуге келісім беру үшін көзделген тәртіппен бұрын берілген жазбаша келісімнің күшін жою туралы шешім қабылдайды.
17. Инвестициялық портфельді басқарушы инвестициялық портфельді басқарушының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сатып алынған акциялары шегеріле отырып) санына инвестициялық портфельді басқарушы акцияларының ірі қатысушыларға тиесілі санының пайыздық арақатынасын көрсете отырып, өзінің барлық ірі қатысушыларының тізімін есепті тоқсаннан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей уәкілетті органға тоқсан сайын табыс етіп отыруға міндетті.
18. Инвестициялық портфельді басқарушы уәкілетті органды инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының он немесе одан көп пайызын иеленетін акционерлер құрамының өзгергені туралы өздері осы фактіні анықтаған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде хабардар етуге міндетті.
19. Инвестициялық портфельді басқарушының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушыларының, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы белгілеріне сәйкес келетін жеке және заңды тұлғалардың осы баптың 14 - 18-тармақтарына сәйкес талап етілетін ақпаратты көрсетілген мерзімдерде уақтылы бермеуі, бермеуі немесе анық емес мәліметтерді беруі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
72-2-бап. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы болуға ниет білдіретін тұлғаларға уәкілетті органның келісім беруден бас тарту негіздері
1. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы болуға ниет білдіретін тұлғаларға уәкілетті органның келісім беруден бас тартуына:
1) осы Заңның 54-бабының 2-тармағы 4) - 6) тармақшаларының талаптарын сақтамау (жеке тұлғаға немесе өтініш беруші - заңды тұлғаның басшы қызметкерлеріне қатысты);
2) өтініш берушінің қаржылық жағдайының тұрақсыздығы;
3) осы Заңның 72-1-бабында көрсетілген құжаттардың табыс етілмеуі;
4) өтініш берушінің инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иемденуі нәтижесінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасы талаптарының бұзылуы;