Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар уақытында байланыс операторларының желiлерi мен құралдарын пайдалану кезiнде оларға келтiрiлген шығындарды өтеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 ақпандағы № 115 Қаулысы
Осы редакция 2013 жылғы 12 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар уақытында байланыс операторларының желiлерi мен құралдарын пайдалану кезiнде оларға келтiрiлген шығындарды өтеу ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
| Премьер-Министрi | Д.К. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
2005 жылғы 7 ақпандағы
№ 115 қаулысымен
бекітілген
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар уақытында байланыс операторларының желiлерi мен
құралдарын пайдалану кезiнде оларға келтiрiлген шығындарды өтеу
ережесi
1. Осы Ереже «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 2-тармағына сәйкес табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар уақытында (бұдан әрi - төтенше жағдайлар) байланыс операторларының желiлерi мен құралдарын пайдалану кезiнде оларға келтiрiлген шығындарды өтеу тәртібі мен мерзiмдерiн белгілейдi.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше жағдайлар кезiнде байланыс операторларының желiлерi мен құралдарын пайдалануға басымдық құқығы бар уәкiлетті мемлекеттік органдар оларға шығындарды осы Ережеге сәйкес өтейдi.
3. Төтенше жағдайлар аудандарының аймағынан тыс төтенше жағдайларды жою уақытында байланыс операторларының желiлерi мен құралдарын пайдалану кезінде оларға келтірілген шығындар мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес байланыс қызметтерiне ақы төлеу үшiн байланыс операторлары мен уәкілетті мемлекеттік органдар арасында жасалған шарттар негiзiнде өтеледі.
Байланыс операторларына көрсеткен қызметтерiне ақы төлеу қызмет көрсету уақытында осы операторлардың қолданыстағы тарифтерi бойынша уәкілеттi мемлекеттік органдар тиісті бюджеттерде көздейтiн бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
4. Төтенше жағдайлар аудандарының аймақтарынан байланыс операторларының желiлерi мен құралдарын пайдалану кезiнде оларға келтiрiлген шығындар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше жағдайлардың салдарын жоюға бөлiнетiн қаражаттан өтеледi.
Көрсетiлген қызметтерге ақы төлеу қызмет көрсету уақытында осы операторлардың қолданыстағы тарифтерi бойынша және олардың желiлерi мен құралдарын пайдалану кезiнде оларға келтiрiлген нақты шығындарды растайтын ұсынылған құжаттар негiзiнде төленедi.
5. Осы Ереженiң 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларда байланыс операторларының желiлерi мен құралдарын пайдалану кезiнде келтiрiлген шығындар төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыс аяқталған сәттен бастап бiр айдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмдерде өтеледi.
6. Қажет болған жағдайда шығындарды өтеудiң өзге де мерзiмдерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес келісілуi мүмкiн.