13) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің қарауы үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
14) өзінің барлық салымшыларына (алушыларына) теңдей жағдайларды қамтамасыз етуге;
15) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттары туралы Орталықпен ақпарат алмасуды жүзеге асыруға;
16) өзінің қызметінде сертификатталған жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалануға;
17) ақпарат сақтауға арналған резервтік орталығының болуы;
18) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзінің қызметінде пайдаланатын ақпараттық, коммуникациялық жүйелер мен технологияларды қоса алғанда, кемінде үш жылда бір рет бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету аудитін жүргізуге;
19) ішкі аудит қызметінің болуы міндетті.
10. Салымшылардың (алушылардың) құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына:
1) осы Заңда көзделген қызмет түрлерін қоспағанда, өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға;
2) зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген мақсаттарға пайдалануға;
3) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшерінен аспайтын сомада өзінің қызметкерлеріне қаржылай көмекті қоспағанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері есебінен өтеусіз негізде қаржылай көмек көрсетуге;
4) зейнетақы және (немесе) меншікті активтерді кепiлге беруге;
5) акциялардан басқа, бағалы қағаздарды шығаруға;
6) қарыз қаражатын тартуға;
7) қарыздарды кез келген тәсілдермен беруге;
8) кез келген түрдегі кепілгерліктер мен кепілдіктерді беруге;
9) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен еңбек шартын жасаспаған адамдарды осы баптың 9-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген міндеттерді орындау үшін тартуға;
10) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалар құруға және оның қызметіне қатысуға тыйым салынады.
35-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару тәртібі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарт негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі активтерді инвестициялық басқаруға арналған шартқа және осы Заңға сәйкес өзіне сеніп тапсырылған зейнетақы активтерін басқаруға қажетті іс-қимылдарды жасауды басқа тұлғаға тапсыра алады. Бұл ретте сенімгерлік басқарушы өзi таңдап алған сенiм білдірілушінің іс-әрекеті үшiн оны өзі жасағандай жауап бередi.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясын, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқармасы бекітеді.
36-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңесті құру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің функциялары:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарау және тұжырымдау;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін орналастыру үшін рұқсат етілген құралдардың тізбесі жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау және осы тізбені мақұлдау;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті қарау болып табылады.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің дербес құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің отырыстары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес туралы ережеде белгіленген мерзімдерде өткізіледі.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқан кезде шешім қабылдауға құқылы.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңестің шешімі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес мүшелерінің жай көпшілік дауысымен қабылданады.
37-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидалары
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт болып табылатын және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және зейнетақы жинақтары салымшыларының (алушылардың) құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшылар (алушылар) арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшеліктерін белгілейтін зейнетақы қағидаларын әзірлейді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларын, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шотын ашу бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларында көзделген нысан бойынша жасалған салымшының өтініші негізінде жүзеге асырылады.
3. Салымшының жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініші негізінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жөніндегі мәліметтерді міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізу үшін Орталыққа электронды хабарлама жібереді.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Орталықтың міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жөніндегі мәліметтерді міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізілгені туралы электронды хабарламасын алған күннен бастап салымшы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.
38-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын кастодиандық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шоттарда сақталады және есепке алынады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін есепке алу және сақтау мақсатында уәкілетті орган айқындайтын шетелдік кастодиандарда шоттар ашуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің нысаналы орналастырылуын бақылауды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін шоғырландыру, оларды орналастыру, инвестициялық табыс алу жөніндегі барлық операцияларды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен есепке алуды жүргізеді және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын оның шоттарының жай-күйі туралы ай сайын хабардар етеді.
39-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының (алушыларының) және агенттердің құқықтары мен міндеттері
1. Міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алушылардың:
1) өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алуға;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының іс-қимылына сот тәртібімен шағымдануға;
3) зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру кезіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерін алуға;
4) өздерінің зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұраға қалдыруға;
5) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетер кезінде зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алуға;
6) өздерінің зейнетақы жинақтарының есебінен сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға;
7) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Агенттердің Орталықтан қызметкердің жеке зейнетақы шотының бар екендігі туралы растаманы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен алуға құқығы бар.
3. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылу үшін жеке тұлға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініш беруге міндетті.
4. Міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алушылар:
1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттемелерін орындауға әсер ететін өзгерістер болған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына осындай барлық өзгерістер туралы хабарлауға;
2) осы Заңда көзделген жағдайларда зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға;
3) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес өзге де міндеттемелерді орындауға міндетті.
5. Агенттер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мерзімдерде және тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы есептеуге, ұстап қалуға (есебіне жазуға) және төлеуге міндетті.
40-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен салымшының (алушының) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы (алушы) арасында ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы үлгілік шартқа сәйкес жазбаша нысанда жасалады.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу тәртібі мен оның үлгілік нысаны уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
6-тарау. ЕРІКТІ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
41-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін ұйымдастыру
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғам нысанында құрылады.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры қызметін ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға уәкілетті орган берген лицензия негізінде жүзеге асырады және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен ерікті зейнетақы жарналарын тартады.
2. Қазақстан Республикасының резиденттері-жеке тұлғалар, заңды тұлғалар ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары және (немесе) акционерлері бола алады.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы немесе акционері бола алмайды.
3. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атауы «ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздерді қамтуға тиіс.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының атауында «ЕЖЗҚ» деген аббревиатураны пайдаланып, оның атауын қысқартуға жол беріледі.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда, заңды тұлғаларға өзінің атауында «ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздерді қандай тілде болмасын толық және қысқартылған түрінде пайдалануға тыйым салынады.
4. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) ерікті зейнетақы жарналарын тартуға;
2) өзінің қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға;
3) зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен салымшының жазбаша өтініші бойынша сотта оның мүддесін білдіруге;
4) өзінің мұқтажы үшін иемденген мүлікті жалға беруге;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен жасалған, активтерді инвестициялық басқаруға арналған шартқа сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаруға;
6) уәкiлеттi орган беретін лицензия негiзiнде бағалы қағаздар нарығында номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығынсыз брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті дербес жүзеге асыруға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
5. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) алушыларға ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта белгіленген тәртіппен зейнетақы төлемдерін жүргізуге;
2) зейнетақы жинақтары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асыруға;
3) салымшыға (алушыға) ерікті зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көзделген тәртіппен оның зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат беруге және осы Заңның 57-бабында көзделген ережелерді ескере отырып, оның зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қол жеткiзуiнiң электронды және өзге де тәсiлдерiн қамтамасыз етуге міндетті.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты беру тәсiлi салымшымен (алушымен) келiсу бойынша айқындалады;
4) салымшыларға (алушыларға), сондай-ақ ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға ниеттенген тұлғаларға жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсетуге;
5) салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
6) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болуға;
7) салымшының (алушының) зейнетақы жинақтарын басқа ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру ұйымына осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнде көзделген тәртіппен аударуға;
8) уәкілетті орган белгiлеген және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртiппен және мерзімдерде қаржылық есептілік пен аудиторлық есепті, уәкiлетті орган айқындаған тәртіппен өзге де есептілік пен өзінің қызметi туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және өзінің интернет-ресурсында орналастыруға мiндеттi. Бұл ретте ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар бойынша табыстарға кепiлдiктер немесе уәделер қамтылған ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған өзге де мәліметтердi жариялауға жол берiлмейдi;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
6. Салымшылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына:
1) салдарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе инвестициялық декларацияда белгiленген талаптар бұзылатын мәмiлелер жасасуға;
2) осы бапта белгіленген қызмет түрлерін қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға;
3) зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген мақсаттарға пайдалануға;
4) зейнетақы активтерiн иелiктен өтеусiз шығару жөнiнде инвестициялық шешiмдер қабылдауға;
5) өзінің мiндеттемелерiн немесе үшiншi тұлғалардың зейнетақы портфелін басқару жөнiндегi қызметпен байланысты емес мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету үшiн зейнетақы активтерiн пайдалануға;
6) өзiне тиесiлi активтердi зейнетақы активтерiнiң құрамына сатуға (беруге);
7) активтердi кредитке сатуға;
8) инвестициялық декларацияға сәйкес сауда-саттықты ұйымдастырушылардың сауда жүйелерiнде қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасу жағдайларын қоспағанда, зейнетақы активтерiнiң есебiнен қайтарылуға жататын ақшаны немесе өзге де мүлiктi қарыз шарттарының талаптарымен алуға;
9) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа және инвестициялық декларацияға сәйкес шығыстардың орнын толтыру мен сыйақы алу жағдайларын қоспағанда, өзi басқаратын зейнетақы активтерiн иемденуге;
10) жарнамада және бұқаралық ақпарат құралдарында ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің бір жылға жетпейтін кезең ішіндегі табыстылығы туралы ақпаратты көрсетуге;
11) зейнетақы және (немесе) меншікті активтерді кепiлге беруге;
12) акциялардан басқа, бағалы қағаздарды шығаруға;
13) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының борыштық бағалы қағаздарды иемденуін қоспағанда, кез келген тәсілмен қарыз беруге тыйым салынады.
7. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржылық тұрақтылығын және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында сақталуы міндетті пруденциялық нормативтер белгіленеді. Пруденциялық нормативтердің тізбесі, олардың нормативтік мәндері, есептеу әдістемесі, сондай-ақ тиісті есептілік нысандары мен оны ұсыну мерзімдері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
42-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен салымшының (алушының) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы (алушы) арасында ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы үлгілік шартқа сәйкес жазбаша нысанда жасалады.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу тәртібі және оның үлгілік нысаны уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
43-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерiн кастодиан-банкте сақтау және есепке алу
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi кастодиандық шартқа сәйкес ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен үлестес емес кастодиан-банктің шоттарында сақталады және есепке алынады.
2. Кастодиандық шарт кастодиан-банк пен ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалады.
3. Үлгілік кастодиандық шарттың нысанын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Кастодиан-банк ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің нысаналы орналастырылуын бақылауды жүзеге асырады және олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеген жағдайда, бұл туралы уәкiлеттi орган мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын келесі жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар ете отырып, оның тапсырмаларын бұғаттауға (орындамауға) мiндеттi.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің нысаналы орналастырылуына кастодиан-банктің бақылау жасауын жүзеге асыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Кастодиан-банк зейнетақы активтерiн шоғырландыру, оларды орналастыру, инвестициялық табыс алу жөнiндегi барлық операцияларды есепке алуды жүргiзедi және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын оның шоттарының жай-күйi туралы ай сайын хабардар етеді.
6. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының бiр кастодиан-банкi болуға тиiс.
7. Кастодиандық шарт ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры атқарушы органының тиiстi шешiмi негiзiнде шартты бұзудың белгіленген күнiне дейiн күнтізбелік жиырма күн ішінде кастодиан-банкті хабардар ете отырып және зейнетақы активтерiн жаңа кастодиан-банкке беру рәсiмiн аяқтай отырып, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының талабы бойынша бiржақты тәртіппен бұзылады.
8. Жаңа кастодиан-банкпен кастодиандық шарт жасасқан кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры бұл туралы екi баспасөз басылымында қазақ және орыс тiлдерiнде тиiстi жарияланымдар арқылы өзінің салымшылары мен агенттерiн хабардар етедi.
9. Кастодиандық шарт бұзылған кезден бастап алты айға дейiнгi мерзiмге ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры, бұрынғы және жаңа кастодиан-банктер арасында бұрынғы кастодиан-банктің оған келiп түсетiн зейнетақы жарналарын жаңа кастодиан-банкке аударуы туралы тиiстi шарт жасалады.
44-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидалары мен инвестициялық декларациясы
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларында:
1) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттарды өзгерту және тоқтату тәртiбi;
2) зейнетақы жарналары мен төлемдерiн жүзеге асыру тәртiбi мен шарттары;
3) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылар (алушылар) алдындағы мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiгi;
4) зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы хабарлау тәртiбi;
5) салымшыларға (алушыларға) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының және кастодиан-банктің акционерлері туралы мәліметтер ұсыну;
6) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшылар (алушылар) арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшелiктерi қамтылады.
2. Зейнетақы активтерін инвестициялау уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне және инвестициялық декларацияға сәйкес дербес жүзеге асырылады.
3. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы қағидаларын және инвестициялық декларацияны, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтыруларды ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органы бекiтедi.
45-бап. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыру
1. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыру уәкiлеттi органның рұқсатымен акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша қосылу нысанында жүзеге асырылады. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсат берудің шарттары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
Мемлекеттің, Ұлттық әл-ауқат қорының және (немесе) уәкiлеттi органның қатысуымен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргiзу ерекшеліктері уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалады.
Уәкiлеттi органның қайта ұйымдастыруды жүргiзуге рұқсаты ол берілген күннен бастап тоғыз ай бойы қолданыста болады.
Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруды жүргiзуге рұқсат алу туралы өтінішхатқа мынадай құжаттар:
1) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерi жалпы жиналысының оны қайта ұйымдастыру туралы шешiмi;
2) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастырудың болжамды шарттарын, тәртібі мен мерзiмдерiн белгілейтін құжат;
3) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының оны қайта ұйымдастырғаннан кейiнгi есептiк балансын қоса алғанда, қайта ұйымдастыру салдарының қаржылық болжамы қоса беріледi.
Уәкiлеттi орган ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастыруға рұқсат алу туралы өтінішхатты құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап үш ай iшiнде қарауға тиiс.