9-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн алу құқығы
Азаматтарға осы Заңда белгiленген жағдайлар басталған кезде Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн алу құқығына кепiлдiк берiлген.
Зейнеткерлік жасқа толған зейнеткерлерге өздеріне еңбек сiңiрген жылдары үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн қайта тағайындату құқығы берiледi.
10-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар азаматтар санаттары
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi азаматтардың мынадай санаттарына:
1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетақы алатындарға;
2) осы Заңның 11-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлiк жасқа толған және 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемiнде алты ай еңбек өтілі бар азаматтарға - еңбек өтіліне барабар мөлшерде;
3) әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарының арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерiне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған, еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар адамдарға төленедi.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн алушы, соның iшiнде мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға Орталықтан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептiк көрсеткiштің 15 еселенген мөлшерiнде жерлеуге арналған бiржолғы төлем төленедi.
3. Ұлы Отан соғысының қатысушысы немесе мүгедегi болып табылатын, Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеудi жүзеге асырған адамға Орталықтан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептiк көрсеткiштің 35 еселенген мөлшерiнде жерлеуге арналған бiржолғы төлем төленедi.
11-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындау
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындау:
2001 жылғы 1 шiлдеден бастап - ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 58 жасқа толғанда жүргізіледі.
Бұл ретте Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін әйелдерге тағайындау:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.
2. Төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiнгі кезеңде кемiнде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
ерлердің - жалпы жұмыс өтілі кемінде жиырма бес жыл болған жағдайда, 50 жасқа толғанда;
әйелдердің - жалпы жұмыс өтілі кемінде жиырма жыл болған жағдайда, 45 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін тағайындатуға құқығы бар.
3. 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдердің осы Заңның 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақыға құқығы бар.
4. Орталықтан жасына байланысты зейнетақы төлемдерi толық көлемде осы баптың 1-тармағында белгiленген жасқа толғанда азаматтардың мынадай санаттарына:
1) ерлерге - 1998 жылғы 1 қаңтарға кемiнде жиырма бес жыл еңбек өтілі болғанда және осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар арасынан ерлерге қызметiнен босатылған кезiнен бастап тағайындалады. Бұл ретте осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшiн еңбек өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезiне дейiнгi кезеңдегі қызметi, осы кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары төленбеген жағдайда, есептеледi;
2) әйелдерге - 1998 жылғы 1 қаңтарға кемiнде жиырма жыл еңбек өтілі болғанда және осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар арасынан әйелдерге қызметiнен босатылған кезiнен бастап тағайындалады. Бұл ретте осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшiн еңбек өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезiне дейiнгi кезеңдегі қызметi, осы кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары төленбеген жағдайда, есептеледi.
5. Жасына байланысты толық емес көлемдегi зейнетақы төлемдерi осы баптың 1-тармағында аталған азаматтар санаттарына олардың 1998 жылғы 1 қаңтарда нақты еңбек өтілінің болуына қарай, Орталықтан толық көлемде зейнетақы төлемiн алу құқығы болмаған кезде және осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдарға қызметтен босатылған кезiнен бастап тағайындалады.
6. Жасына байланысты толық емес көлемдегi зейнетақы төлемдерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен, толық зейнетақы төлемінен 1998 жылғы 1 қаңтарға болған еңбек өтіліне барабар үлес ретiнде есептеледi. Бұл ретте осы Заңның 64-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшiн еңбек өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезiне дейiнгi кезеңдегі қызметi, осы кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары төленбеген жағдайда, есептеледi.
12-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн төлеу кезеңi
Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi өмiр бойына тағайындалады және қайтыс болған айына қоса жүзеге асырылады.
13-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн
Еңбек өтілін есептеу
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде мыналар есепке алынады:
1) еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтiн жұмыс;
2) әскери қызмет;
3) арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарындағы қызмет;
4) мемлекеттiк қызмет;
5) кәсiпкерлiк қызмет;
6) басқа адамның көмегіне мұқтаж бiрiншi топтағы мүгедекке, екiншi топтағы жалғызiлiктi мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтiм жасаған уақыт;
7) атом сынақтары, экологиялық зілзалалар салдарынан зардап шеккен немесе адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған не ЖҚТБ-мен ауыратын 16 жасқа дейiнгi мүгедекке күтiм жасаған уақыт;
8) жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыт;
9) қылмыстық жауапқа негiзсiз тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, бiрақ кейiннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру және жер аудару орындарында жазасын өтеген уақыты;
10) еңбекке қабілетті азаматтардың бұрынғы КСРО-ның уақытша басып алынған аумағында және Ұлы Отан соғысы кезеңiнде басқа мемлекеттердiң аумағына зорлықпен әкетілген адамдардың (жасына қарамастан), егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған, фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) ұсталған уақыты;
11) жұмыс iстемейтiн соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген мүгедектердiң мүгедек болған уақыты;
12) бұрынғы кеңестік мекемелердiң, Қазақстан Республикасы мекемелерi мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi зайыбының (жұбайының) шетелде тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңi;
13) офицерлiк құрамдағы адамдар, прапорщиктер, мичмандар, келiсiмшарт бойынша қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер және мерзiмiнен тыс қызмет атқаратын әскери қызметшiлер жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бiрге тұрған, бiрақ 10 жылдан аспайтын кезеңi;
14) арнаулы мемлекеттiк орган қызметкерi зайыбының (жұбайының) мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде оның қызметкермен бiрге тұрған, бiрақ 10 жылдан аспайтын кезеңi;
15) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тысқары жерлердегi жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрларды даярлау, бiлiктiлiкті арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ күндiзгi жоғары және орта дiни оқу орындарында оқу;
16) ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан, әскерилендiрiлген күзеттегі, арнаулы байланыс органдарындағы және тау-кен-құтқару бөлiмдерiндегі қызмет;
17) әлеуметтiк сақтандыруға аударымдар төлеген жағдайда өзге де жұмыс.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін жеңiлдiкпен есептеу кезiнде мыналар да есепке алынады:
1) ұрыс қимылдары кезеңiнде майдандағы армия құрамындағы, оның iшiнде әскери борышын өтеу кезiндегi әскери қызмет, сондай-ақ ұрыс қимылдары кезеңiнде партизан отрядтары мен құрамаларында болуы, сондай-ақ әскери жарақат салдарынан емдеу мекемелерiнде емделуде болған уақыт - әскери қызметшiлерге еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерін тағайындаған кезде осы қызметтiң мерзiмдерiн есептеу үшiн белгiленген тәртiппен;
2) әскери бөлiмдердегi жұмыс, оның iшiнде еркiн жалдамалы құрам ретiндегi жұмыс және осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген әскери қызметтен басқа, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызмет - екi есе мөлшерде;
3) Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941 жылғы 8 қыркүйек пен 1944 жылғы 27 қаңтар аралығындағы қоршау кезеңiнде Ленинград қаласындағы жұмыс - үш есе мөлшерде;
4) 12 жастан бастап және одан үлкен жастағы азаматтардың 1941 жылғы 8 қыркүйек пен 1944 жылғы 27 қаңтар аралығындағы қоршау кезеңiнде Ленинград қаласында болған уақыты - екi есе мөлшерде;
5) Ұлы Отан соғысы кезеңiнде басқа мемлекеттердiң аумақтарына зорлықпен әкетілген адамдардың, егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған уақыты, сондай-ақ фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) болған уақыты - екi есе мөлшерде;
6) қылмыстық жауапқа заңсыз тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, кейiннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру, жер аудару орындарында жазасын өтеген, арнаулы қоныстандыру орындарында бас бостандығын шектеумен мәжбүрлеп еңбекке тартылған және психиатриялық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуде болған уақыты - үш есе мөлшерде;
7) Семей ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аудандарда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шiлде аралығы кезеңіндегі жұмыс және әскери қызмет - үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шiлде мен 1992 жылғы 1 қаңтар аралығындағы жұмыс және әскери қызмет - бiр жарым есе мөлшерде;
8) алапеске қарсы және обаға қарсы мекемелерде, адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды емдеу жөнiндегi инфекциялық аурулар мекемелеріндегi жұмыс - екi есе мөлшерде, сот медициналық сараптаманы және патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын ұйымдардағы жұмыс - Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен жұмыстар тiзбесi бойынша - бiр жарым есе мөлшерде;
9) су көлiгiндегi толық навигациялық кезең iшiндегі жұмыс бiр жылғы жұмыс болып есептеледi;
10) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, өнеркәсiптiң маусымдық салалары ұйымдарындағы толық маусым iшiндегi жұмыс Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тiзiм бойынша бiр жылғы жұмыс өтіліне есептеледi.
14-бап. Еңбек өтілін растау
1. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады.
2. Еңбек кiтапшасы немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмыс туралы мәлiметтердi растайтын құжаттар не сот шешiмi негiзiнде белгіленеді.
3. Осы Заңның 13-бабы 1-тармағының 5) және 17) тармақшаларына сәйкес қызметтi жүзеге асырған азаматтардың еңбек өтілі Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн жүргізілген сақтандыру жарналарын төлегенi туралы құжаттармен расталады.
15-бап. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу
1. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн толық көлемде есептеу осы Заңның 16-бабына сәйкес айқындалатын орташа айлық табыстың 60 пайызы есебiнен жүргiзiледi.
2. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табыс негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
«Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарында жұмыс iстеген кезеңде алынған табысты қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық табыстың мөлшерi орталық атқарушы орган айқындайтын тәртiппен жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгiленедi.
3. «Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарында жұмыс iстеген адамдарға 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық табыстың мөлшерi жұмыс берушi беретiн табыс туралы анықтамамен расталатын табысқа сәйкес белгiленедi.
Зейнетақы төлемдерiн есептеу зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш жасаған күнге уәкiлеттi орган белгiлеген, Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамы бойынша Ресей Федерациясының валютасымен төленген табыс мөлшерi негiзге алына отырып жүргiзіледi.
4. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн талап етілетін еңбек өтілінен артық жұмыс iстеген әрбiр толық жыл үшiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi 1 пайызға арттырылады, бiрақ ол зейнетақы төлемдерін есептеу үшiн ескерiлетiн табыстың 75 пайызынан аспайды.
5. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiнiң, әскери қызметшiлердiң, Қазақстан Республикасының iшкi iстер, прокуратура, бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетi органдары қызметкерлерiнiң және зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен өндiрiстердiң, жұмыстардың, кәсiптердiң, лауазымдардың және көрсеткiштердiң № 1 тiзiмi бойынша және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелерi бойынша жеңiлдiктi шарттарда тағайындалған адамдардың зейнетақы төлемдерi мөлшерiн қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған зейнетақы төлемдерiнiң ең жоғары мөлшерi республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленетін айлық есептiк көрсеткiштiң 39 еселенген мөлшерінің 75 пайызынан аспайды.
16-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн табысты айқындау
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн есептеуге арналған табысқа еңбекақы төлеудiң барлық түрлерi және тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн өзге де табыстар енгiзiледi.
2. Зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн 3 жылдағы жұмыстан түскен табыс қатарынан күнтiзбелiк 36 айдағы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы айқындалады.
3. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн есептеуге арналған табыс республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің 39 еселенген мөлшерінен аспайды.
17-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш беру тәртiбi
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтініш зейнетақы төлемдерiн есебіне жазу үшiн қажеттi еңбек өтілі мен табысын растайтын құжаттармен қоса азаматтың тұрғылықты жерi бойынша Орталыққа берiледi.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындауды Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын орган жүргiзедi.
3. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын орган зейнетақы тағайындау мәселелерi бойынша түсiндiрме беруге және азаматтардың тиiстi құжаттарды ресiмдеуiне жәрдем көрсетуге мiндеттi.
18-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындауға арналған құжаттарды қарау мерзiмдерi
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындауға арналған құжаттарды қарауды Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын орган құжаттар тапсырылған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын орган тиiстi шешiм шығарылғаннан кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей бұл жөнінде өтініш берушiге хабарлайды.
3. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан бас тартылған жағдайда, зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын орган бас тартудың себептерiн жазбаша түрде негiздеуге және ұсынылған құжаттарды өтініш берушiге қайтаруға мiндеттi.
4. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын органның шешiмiне сот тәртiбiмен шағымдануға болады.
19-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындау мерзiмдерi
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi Орталықтан төленетін зейнетақы төлемін тағайындауға өтiнiш берiлген күннен бастап тағайындалады.
2. Өтініш пен қажеттi құжаттарды Орталыққа бiр мезгiлде берген күн Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш берген күн болып есептеледi.
20-бап. Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы мемлекеттiк монополия
1. Орталық мемлекеттiк монополияға жататын мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн, жәрдемақыларды, бiржолғы және өзге де төлемдердi төлеудi ұйымдастыру және жүзеге асыру;
2) салымшылардың (алушылардың) мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша дерекқорын және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізімін қалыптастыру;
3) салымшы зейнетақы төлемдерiне құқық алу кезінде нақты енгiзген мiндеттi зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерiн келесi қаржы жылына инфляцияның болжамды деңгейiн ескере отырып айқындау;
4) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды дербестендірілген есепке алу;
5) мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агенттерден бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару;
6) жеке сәйкестендiру нөмiрi және (немесе) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары жоқ және (немесе) деректемелерiнде қателер жiберiлген адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агентке қайтару;
7) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды агентке оның өтініші бойынша қайтару;
8) агенттердiң Орталықтың шотына аударылған және Орталықтан агентке қайтарылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының сомалары және (немесе) солардың өсімпұлдары бойынша төлем құжаттарының тiзiлiмдерін қалыптастыру және оларды салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң түсуiн қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органға ұсыну;
9) Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын органның төлемдердi тағайындауы үшiн зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылар iстерiнiң макетiн қалыптастыру;
10) Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін, жәрдемақыларды, біржолғы және өзге де төлемдерді алушылардың автоматтандырылған орталықтандырылған дерекқорын қалыптастыру және оларды дербестендiрiлген есепке алу;
11) зейнетақы жарналарын және (немесе) солар бойынша өсімпұлдарды есепке алу, аудару, қайтару мәселелерi бойынша агенттермен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен өзара iс-қимыл жасау;
12) орталық атқарушы органның бiрыңғай ақпараттық жүйесiнiң жұмысқа қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыру;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қызметтік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға қойылатын талаптарды сақтай отырып, Орталықтың автоматтандырылған орталықтандырылған дерекқорын пайдаланушылар болып табылатын орталық атқарушы және жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің қолжетімділігін ұйымдастыру;
14) Қазақстан Республикасы заңнамасының зейнетақы жинақтарының құпиялылығын сақтауды қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарын ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға Орталықтың қызмет түрлерi бойынша ақпараттық қызметтер ұсыну;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де қызмет түрлерi.
2. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
21-бап. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру тәртiбi
1. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi ағымдағы айға жүргізіледі. 2. Жұмыс iстейтiн зейнеткерлердiң осы Заңның 15-бабының 5-тармағында және 64-бабында көзделген шектеулер мен жағдайлар ескеріле отырып, Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн толық мөлшерде алуға құқығы бар.
3. Зейнетақы төлемдерi нотариат куәландырған сенiмхат бойынша жүргізілуі мүмкiн.
4. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
22-бап. Өткен уақыт үшiн Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн алу
1. Есептелген, бiрақ алушы талап етпеген зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн, бiрақ оларды алуға өтiнiш берер алдындағы үш жылдан аспайтын уақыт үшiн төленедi.
2. Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын органның немесе Орталықтың кiнәсiнен уақтылы алынбаған зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн мерзiмдерi шектелмей төленедi.
23-бап. Зейнетақыдан ұстап қалу
1. Зейнетақы тағайындау кезiндегi қателiктер салдарынан зейнетақының артық төленген сомаларын алушының өтiнiшi негiзiнде ұстап қалатын жағдайлардан, сондай-ақ сотталғандардың, бас бостандығынан айырылғандардың табыстарынан ұстап қалатын жағдайлардан басқа, зейнетақыдан ұстап қалу атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен жүргізілуі мүмкiн.
2. Зейнетақыдан ұстап қалу төленуге тиiстi сомадан жүргізіледі.
3. Төленуге тиiс соманың 50 пайыздан астамын зейнетақыдан ұстап қалуға болмайды.
3-тарау. ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАЛАРЫН ТӨЛЕУ
24-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу
1. Мiндеттi зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын осы Заңда айқындалатын мөлшерлемелер бойынша төлеуге тиiс.
2. Осы Заңның 11-бабы 1 - 3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлiк жасқа толған адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
3. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектiгi бар адамдар, егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеуден:
1) зейнетақы төлемдерi 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған;
2) осы Заңның 65-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерi тағайындалған әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерi, арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар босатылады.