Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызу ережесін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 19 тамыздағы № 918 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 23 қазандағы № 1656 Қаулысы
Осы редакция 2013 жылғы 15 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қала құрылысын жоспарлаған, жер учаскелерін бөлген, құрылысты жобалаған және салған кезде су қорғау және табиғат қорғау тәртібін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2009 жылғы 10 шілдедегі және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызу ережесі бекітілсін.
2. «Қаржыландыру көздеріне қарамастан құрылысқа арналған жобалау алдындағы (техника-экономикалық негіздемелер) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаға сараптама жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан жобаларды бекіту ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 19 тамыздағы № 918 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 27, 304-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қаржыландыру көздеріне қарамастан құрылысқа арналған жобалау алдындағы (техника-экономикалық негіздемелер), жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаға сараптама жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан жобаларды бекіту ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 23 қазандағы
№ 1656 қаулысымен
бекітілген
Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық жағынан
күрделі объектілерге жатқызу ережесі
1. Осы Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызу ережесі (бұдан әрі - Ереже) ғимараттар мен құрылыстарды техникалық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін белгілейді және жобалау алдындағы рәсімдерді жүргізген, жобалаған, жобаларға сараптама жүргізген және оларды бекіткен, сондай-ақ оларды іске асырған (салған) кезде басшылыққа алынады.
2. Ереже «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерге сәйкес әзірленді.
3. Құрылыс объектісінің техникалық күрделілігі негіздер мен құрылыс құрастырмаларының сенімділігі мен беріктігіне қойылатын техникалық талаптардың дәрежесі бойынша оның жауапкершілік деңгейіне байланысты анықталады, бұлар есептер, жүктемелер және әсерлер бойынша негізгі ережелерді айқындайтын мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтермен белгіленеді.
4. Салынуы белгіленген объектінің жауапкершілік деңгейін (бірінші - күшейтілген, екінші - қалыпты немесе үшінші - төмендетілген) жобаны әзірлеуші (бас жобалаушы) жобалау үдерісінде берілген:
1) объектінің функционалдық қызметіне;
2) оның тіреу және қоршау құрастырмаларының ерекшеліктеріне;
3) қабаттар (конструкциялық қатарлар) санына;
4) сейсмикалық қауіптілігіне немесе салынатын жерінің өзге де айрықша жағдайларына;
5) өзге де сыртқы әсерлерге (жел немесе қар жүктемесі және сол сияқтылар) байланысты белгілейді.
Жауапкершіліктің белгіленген деңгейі ғимараттың немесе құрылыстың техникалық сипаттамасы ретінде жобаның материалдарында тіркеледі.
5. Өндірістік мақсаттағы техникалық жағынан күрделі объектілерге (кешендерге) жауапкершілігі бірінші (күшейтілген) және екінші (қалыпты) деңгейге жататын барлық ғимараттар мен құрылыстар жатады.
6. Тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы техникалық жағынан күрделі объектілерге (кешендерге) жауапкершілігі бірінші (күшейтілген) деңгейдегі барлық ғимараттар мен құрылыстар, сондай-ақ осы Ереженің 7-тармағында көзделген объектілерді қоспағанда, жауапкершілігі екінші (қалыпты) деңгейдегі барлық ғимараттар мен құрылыстар жатады.
7. Тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы техникалық жағынан күрделі объектілерге (кешендерге) жауапкершілігі үшінші (төмендетілген) деңгейдегі ғимараттар мен құрылыстар, сондай-ақ жауапкершілігі екінші (қалыпты) деңгейдегі мынадай ғимараттар мен құрылыстар жатпайды:
1) биіктігі:
әдеттегі геологиялық жағдайдағы аудандар үшін, сондай-ақ сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) немесе құрылыс кезінде арнайы жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін өзге де айрықша геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайдағы аудандар үшін бейімделген төменгі қабаттарсыз — қоса есептегенде жер үстіндегі 5 қабатқа дейінгі;
сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) немесе құрылыс кезінде арнайы жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін өзге де айрықша геологиялық (гидрогеологиялық) жағдайдағы аудандар үшін - қоса есептегенде 3 қабатқа дейінгі (оның ішінде бейімделген бірінші қабат) тұрғын үйлер (ғимараттар) мен жатақханалар;
2) биіктігі:
әдеттегі геологиялық жағдайдағы аудандар үшін, сондай-ақ сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) немесе құрылыс кезінде арнайы жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін өзге де айрықша геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайдағы аудандар үшін бейімделген төменгі қабаттарсыз - қоса есептегенде жер үстіндегі 5 қабатқа дейінгі;
сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) немесе құрылыс кезінде арнайы жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін өзге де айрықша геологиялық (гидрогеологиялық) жағдайдағы аудандар үшін - қоса есептегенде 3 қабатқа дейінгі (оның ішінде бейімделген бірінші қабат), нөмір саны 50-ден аспайтын және жалпы сыйымдылығы 100 тұрғыннан аспайтын қонақ үй кешендері (мотельдер, туристік базалар);
3) қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар:
орын саны коса есептегенде 60 балаға дейінгі мектепке дейінгі балалар мекемелері;
орын саны қоса есептегенде 250-ге дейінгі оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептер мен орта білім беретін өзге де мекемелер;
биіктігі коса есептегенде екі қабатқа дейінгі және сыйымдылығы 100 баладан аспайтын мектеп-интернаттардың, балалардың демалыс лагерлерінің жеке тұрған жатын корпустары;
қоса есептегенде 60 төсектік ауруханалар, ауысымда 100 адам қабылдайтын емханалар;
ғұрыптарды мейлінше жаппай орындаған сәтте бір мезгілде 250 адам келетін ғибадат ғимараттары мен құрылыстары;
әдеттегі геологиялық жағдайдағы аудандар үшін - биіктігі қоса есептегенде 5 қабатқа дейінгі көп функционалды қоғамдық, сондай-ақ жеке тұрған әкімшілік, қызметтік-басқару және мәдени-ағарту ғимараттары (бір мезгілде 300-ден аспайтын адам болатын);
сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) немесе құрылыс кезінде арнайы жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін өзге де айрықша геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайдағы аудандар үшін - биіктігі коса есептегенде 3 қабатқа дейінгі дәл солар;
әдеттегі геологиялық жағдайдағы аудандар үшін - сыйымдылығы 300-ден аспайтын көрерменге арналған спорттық-ойын-сауық ғимараттары және залы бар жабық құрылыстар;
сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) немесе құрылыс кезінде арнайы жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін өзге де айрықша геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайдағы аудандар үшін - сыйымдылығы 100-ден аспайтын көрерменге арналған залы бар дәл солар;
бір мезгілде келушілер мен қызмет көрсетуші персоналдың саны 100 адамнан аспайтын монша-сауықтыру, дене шынықтыру-сауықтыру немесе демалыс-ойын-сауық кешендерінің жеке тұрған бір және екі қабатты ғимараттары мен жабық құрылыстары;
шағын кәсіпкерлік субъектілерінің халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуіне арналған өндірістік үдерістері бар жеке тұрған бір және екі қабатты ғимараттар;
сыйымдылығы 100 отыратын орыннан аспайтын қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының жеке тұрған бір және екі қабатты ғимараттары;
сауда алаңы 500 шаршы метрден аспайтын сауда кәсіпорындарының жеке тұрған бір және екі қабатты ғимараттары;
саны 300 бірліктен аспайтын сауда орындары бар жабық базарлар;
4) қалыпты геологиялық жағдайдағы аудандарда құрылысқа арналған көлік инфрақұрылымының азаматтық объектілері, оның ішінде:
тәулігіне қоса есептегенде 100 жолаушыға дейінгі өткізу қабілеті бар темір жол вокзалдары;
қоса есептегенде 75 адамға дейінгі күту залдары бар автостанциялар;
авиажолаушыларға қызмет көрсетуге арналған, сағатына қоса есептегенде 75 жолаушыға дейінгі өткізу қабілеті бар аэровокзалдар мен әуежай терминалдары;
қоса есептегенде 75 адамға дейінгі күту залдары бар теңіз және өзен вокзалдары (жүзетін айлақтарды және дебаркадерлерді қоспағанда);
5) бір мезгілде 10 бірліктен аспайтын көлік құралына қызмет көрсететін жеке тұрған антосервис пункттері;
6) сыйымдылығы 25 автомобильден аспайтын жеке тұрған бір қабатты (жер үстіндегі немесе жер астындағы) гараж-тұрақтар;
7) жеке тұрған шаруашылық үй-жайлары (тауарларды немесе материалдарды сақтау үшін ерекше шарттарды талап етпейтін қоймалар және сақтау орындары), сондай-ақ салу және пайдалану кезінде өрт-жарылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы жобалау шешімдері мен іс-шараларды, аэрацияның, ылғалдылықтың, температура режимінің белгілі деңгейін ұстау, вибрацияны шектеу жөніндегі айрықша жағдайларды және өзге де арнаулы талаптарды талап етпейтін жапсарлас (жапсарлас-қабырғалас) қойма (сақтау орны) үй-жайлары бар азаматтық мақсаттағы өзге де ғимараттар мен құрылыстар.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 23 қазандағы
№ 1656 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2002 жылғы 19 тамыздағы
№ 918 қаулысымен
бекітілген
Қаржыландыру көздеріне қарамастан, құрылысқа арналған жобалау алдындағы (техника-экономикалық негіздемелер) және
жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сараптама жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан
жобаларды бекіту ережесі
1-бөлім. Қаржыландыру көздеріне қарамастан, құрылысқа арналған жобалау алдындағы (техника-экономикалық негіздемелер) және
жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сараптама жүргізу
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қаржыландыру көздеріне қарамастан, құрылысқа арналған жобалау алдындағы (техникалық-экономикалық негіздемелер) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сараптама жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан жобаларды бекіту ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі және «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.
Осы бөлім ғимараттардың, құрылыстардың, олардың кешендерінің, коммуникациялардың жаңаларын салуға (жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы) және жұмыс істеп тұрғандарың өзгертуге (қайта жаңартуға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға, күрделі жөндеуге), сондай-ақ аумақты инженерлік дайындауға, абаттандыруға және көгалдандыруға арналған жобалардың сараптамасын ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
Құрылыс жобаларына мемлекетаралық сараптама жүргізу тәртібі халықаралық шартқа сәйкес белгіленеді.
2. Ереже Қазақстан Республикасының аумағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің барлық субъектілері үшін міндетті болып табылады.
Ереже мемлекеттік кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу тәртібіне қолданылмайды.
3. Бөлімде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) конкурстық (тендерлік) құжаттама - тапсырысшының тапсырмасына сәйкес жасалған және мердігерлік жұмыстарға конкурс (тендер) өткізудің тәртібі мен шарттарын (шектеулерін), сондай-ақ құрылыс объектілерінің негізгі техника- экономикалық көрсеткіштерін қамтитын құжаттама;
2) құрылыстың ықтимал қауіпті объектілері - функционалдық мақсаты, технологиялық өндірістік үдерістері, пайдалану сипаттамалары бойынша адамның денсаулығы мен өміріне зиян, орны толмас залал келтіретін, техногендік және (немесе) экологиялық апаттар (авариялар), басқа объектілердің тұрақты жұмыс істеуінің бұзылу қаупін туғызатын объектілер;
3) техникалық жағынан күрделі объектілердің құрылыс жобалары - мақсаты мен жауапкершілік деңгейіне байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен техникалық жағынан күрделілер қатарына жатқызылған ғимараттар мен құрылыстарды салуға жобалау алдындағы немесе жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы.
4. Жобалардың сараптамасын тиісті лицензиясы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар жүзеге асырады.
Бұл ретте жобаларды мемлекеттік сараптауды Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген заңды тұлға жүзеге асырады. Мемлекеттік сараптаманың ерекше құзыретіне жатпайтын жобалардың сараптамасын сараптамалық жұмыстар нарығының субъектілері жүзеге асырады.
5. Жобалардың мемлекеттік сараптамасын жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген заңды тұлға (бұдан әрі - Мемсараптама) белгіленген тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымдарының тізбесіне қосылады.
2. Сараптама жүргізу тәртібі
6. Жобалардың сараптамасы олар бекітілгенге дейін жүргізіледі. Міндетті сараптамаға жататын, бірақ белгіленген тәртіппен одан өтпеген құрылысқа арналған жобалау алдындағы немесе жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы аяқталмаған болып саналады және одан әрі іске асыруға жатпайды.
7. Жобалардың жеке және заңды тұлғалар орындайтын сараптамасы шығындарды қаралатын жобаның құнына жатқыза отырып, шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
Құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік сараптама жұмыстарына арналған бағалар мен тарифтерді сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның және бәсекелестікті қорғау жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша Мемсараптама белгілейді.
8. Жобалардың сараптамасы объектілерді пайдалануға енгізгеннен кейін олардың тұрақты жұмыс істеуін жобалық шешімдермен қамтамасыз етуге бағытталған және мыналарға:
1) жобаның жобалауға арналған тапсырмаға, өзге де бастапқы материалдарға (деректерге), техникалық шарттар мен талаптарға, сондай-ақ бекітілген қала құрылысы (жоспарлау) шешімдеріне және осы құрылыс учаскесінің (алаңдардың, трассалардың) функционалдық мақсаттарға сәйкестігіне;
2) мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтерде белгіленген жарылыс және өрт қауіпсіздігі, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы жөніндегі міндетті талаптарды, инженерлік, энергия және ресурс үнемдеуші, экологиялық және санитарлық талаптарды сақтауға;
3) қабылданған көлемдік-жоспарлық және сындарлы шешімдердің, қолданылатын материалдар мен инженерлік жабдықтың негізділігіне, құрылыс құрастырмаларының сенімділігі мен төзімділігіне;
4) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында көзделген құрылыс көлемдерінің негізділігіне және орындылығына;
5) көрсеткіштердің, оның ішінде құрылыстың есептік немесе сметалық құнының негізділігі мен дұрыстығына арналған сараптамалық бағалауды қамтиды.
9. Сараптама жүргізген кезде жобаны әзірлеушіде жобалау (жобалау-іздестіру) жұмыстарының тиісті түрлеріне лицензиясының болуы немесе болмауы да белгіленеді.
10. Жобаны сараптамаға тапсырысшы (инвестор) не оның тапсырмасы бойынша бас жобалаушы мемлекеттік нормативтерде көзделген көлемде ұсынады.
11. Ұсынылған жоба материалдарының жинақтылығы, олардың құрамының мемлекеттік нормативтерде белгіленген талаптарға сәйкестігі олар сараптама түскен күнінен бастан бес күнтізбелік күн ішінде тексеріледі.
Жобаның толық жинақталмағаны не оның құрамы бойынша талаптарға сәйкес еместігі белгіленген жағдайда тапсырысшы (инвестор) не ол уәкілеттік берген бас жобалаушы жетіспейтін материалдарды ұсыну қажеттігі не жоба толық жинақталмағандықтан оны қайтару туралы хабардар етіледі.
12. Мемлекеттік сараптаманың құзыретіне жатпайтын және сараптамалық жұмыстар нарығының субъектілері жүзеге асыратын жобаларға сараптама жүргізудің мерзімдері мен ұзақтығы олардың тапсырысшымен жасасқан шарттарында белгіленеді.
Жобаларға мемлекеттік сараптама жүргізудің мерзімдері мен ұзақтығы шартта белгіленеді, бірақ 45 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Техникалық жағынан аса күрделі объектілерді (кешендерді) салуға арналған жобаларға не Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін кешенді қала құрылысы құжаттамасына мемлекеттік сараптама жүргізген кезде оның ұзақтығы 60 күнтізбелік күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
Техникалық жағынан күрделі емес объектілерді салуға арналған жобаларға мемлекеттік сараптама жүргізудің ұзақтығы 15 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Мемлекеттік сараптама жүргізу ұзақтығының көрсетілген шектеулері жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеу және осы Ереженің 21-тармағында көзделген құрылысты кезең-кезеңімен жүргізу барысындағы сараптамалық сүйемелдеу режимінде оны жүзеге асыруға қолданылмайды.
13. Бекітілген жобалық шешімдерге және негізгі техника-экономикалық көрсеткіштерге әсер ететін өзгерістер (толықтырулар) енгізілетін жобалар жаңадан әзірленетін жобалар үшін белгіленген тәртіппен қайта сараптауға жатады.
14. Әзірленген және сараптама жүргізілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде құрылысы басталмаған жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы ескірген болып саналады әрі заңнама белгіленген тәртіппен жаңадан сараптама жүргізілгеннен және қайта бекітілгеннен кейін ғана іске асыру үшін пайдаланылуы мүмкін.
15. Осы бөлімге сәйкес жүргізілген сараптаманың оң қорытындысынсыз жобаларды бекітуге және оларды іске асыруды бастауға (құрылыс-монтаж жұмыстарының өндірісіне және құрылыс жүргізуге рұқсаттар беруге) жол берілмейді.
16. Жобалардың сараптамасын жүргізетін (мемлекеттік сараптаманы қоса алғанда) жеке және заңды тұлғалар инвестициялардың тиімділігін талдау, бағалау және жобалардың сапасы бойынша өз қызметтерінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілеріне тәуелді емес. Өкілді, атқарушы органдар мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның сараптаманың кәсіптік қызметіне араласуға құқығы жоқ.
17. Жобалардың сараптамасын жүргізетін (мемлекеттік сараптаманы қоса алғанда) жеке және заңды тұлғаларға мынадай құқықтар беріледі:
1) жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша жобаларды бекітуге ұсыну, қабылдамай тастау немесе пысықтауға жіберу;
2) тапсырысшы қорытындыларда келісілген шарттарды (талаптарды) орындамаған жағдайда бұрын берілген оң қорытындыны кері қайтарып алу;
3) қаралып отырған жобаның мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалар, сондай-ақ жобаны әзірлеуші жекелеген мамандар тұлғасындағы тапсырысшыларынан сараптаманы сапалы жүргізу үшін қажетті материалдар мен ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен сұрату және алу;
4) белгіленген тәртіппен сараптама комиссияларын құру не сараптамаға қатысу үшін мамандарды тарту.
18. Сараптамаға жататын, бірақ мемлекеттік сараптаманың ерекше құзыретіне жатпайтын құрылыс жобаларының тапсырысшысы (инвесторы) өз қалауы бойынша сараптамалық жұмыстар нарығы субъектісінің лицензиясы бар кез келген жеке немесе заңды тұлғаны сарапшы ретінде таңдауға не жобалардың мемлекеттік сараптамасын жүзеге асыратын заңды тұлғаға жүгінуге құқылы.
3. Жобалардың мемлекеттік сараптамасы
19. Мемлекеттік сараптаманың ерекше құзыретіне:
1) мемлекеттік инвестициялар есебінен немесе олардың қатысуымен тұрғызылатын, сондай-ақ мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз тұрғызылатын, бірақ заңнамада белгіленген тәртіппен шығарылатын өнім немесе көрсетілетін қызметтер көлемінде мемлекеттік меншік үлесі көзделетін;
2) құрылысты қаржыландыру көздеріне қарамастан, санитарлық, экологиялық, өрт пен жарылыс қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, құрастырмалардың сенімділігі, ықтимал қауіпті және техникалық жағынан күрделі объектілердің жұмыс істеуінің тұрақтылығы жөніндегі, әлеуметтік, көліктік және рекреациялық инфрақұрылым объектілеріне мүгедектер мен халықтың қауқары аз топтарының қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік нормативтік талаптарға сәйкестігі бөлігінде, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, бірегей және сирек ландшафттарды, тарихи-мәдени мұра объектілерін белгіленіп отырған пайдалану бөлігінде объектілердің (кешендердің) құрылысына арналған инвестициялар негіздемелерінің, техника-экономикалық негіздемелер мен есеп айырысулардың, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының сараптамасы жатады.
20. Мемлекеттік сараптамаға, сондай-ақ межелі немесе берілген параметрлерін, көрсеткіштері мен сипаттамаларын (техникалық ерекшеліктерін) қамтитын бөлігінде құрылыстың ірі және күрделі объектілері немесе салыну ұзақтығы алты айдан асатын объектілер бойынша мердігерлік жұмыстарға (қызметтерге) мемлекеттік сатып алу жүргізуге арналған конкурстық (тендерлік) құжаттамалар жатады.
21. Кезең-кезеңімен жобалау және салу көзделген объектілер мен кешендер бойынша жобалардың мемлекеттік сараптамасы (сараптамалық сүйемелдеу) тиісті кезеңдер бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
Сараптамалық сүйемелдеуді жүзеге асыру тәртібі сәулет, кала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік нормативтерде белгіленеді.
22. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жобалардың кешенді мемлекеттік сараптамасын жүргізуге тартылған сарапшылар ретінде өз мамандарының қатысуын қамтамасыз етеді.
23. Жобаны қарау нәтижелері бойынша және жобаның бөлімдері қорытындыларының тартылған сарапшылар дайындаған тұжырымдарын ескере отырып, мемлекеттік сараптама:
1) жобаны және оның негізгі техника-экономикалық көрсеткіштерін бекітуге ұсынумен;
2) жобаны пысықтауға қайтару туралы;
3) мемлекеттік сараптаманың осындай қорытындысының себептерін көрсете отырып, жобаны қабылдамау туралы тұжырымдарды қамтитын жиынтық сараптамалық қорытынды жасайды.
24. Бюджеттік инвестициялық жобаларды қоспағанда, жобалау алдындағы құжаттама бойынша оң қорытынды оны белгіленген тәртіппен бекіту және инвестордың құрылыс объектісін инвестициялау жөнінде шешім қабылдауы, сондай-ақ жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу үшін негіз болады.
25. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама бойынша оң қорытынды оны белгіленген тәртіппен бекіту және жобаны іске асыру жөніндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге (құрылысты бастауға) рұқсат беру үшін негіз болады.
26. Мердігерлік жұмыстарды (қызметтерді) мемлекеттік сатып алуды жүргізуге арналған конкурстық (тендерлік) құжаттама құрамындағы техникалық ерекшелік бойынша оң қорытынды конкурстық (тендерлік) құжаттаманы бекіту, сондай-ақ мердігерлік қызметтерді жеткізушілердің конкурстық өтінімдерін бағалау үшін негіз болады.
2-бөлім. Мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан
жобаларды бекіту
1. Жалпы ережелер
27. Осы бөлім объектілер мен олардың кешендерін салуға (қайта жаңартуға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға, күрделі жөндеуге), инженерлік және көліктік коммуникациялар төсеуге, аумақты инженерлік дайындауға, абаттандыруға және көгалдандыруға арналған жобалау алдындағы (техника-экономикалық негіздемелер) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын бекіту (қайта бекіту) тәртібін белгілейді.
Мемлекеттік инвестициялардың қатысуынсыз салынып жатқан объектілер бойынша жобаларды бекіту тәртібі сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік нормативтерге сәйкес жүзеге асыралады.
28. Осы бөлімде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі - бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және оның нәтижелеріне кол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;
2) бюджеттік инвестициялар - бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен бюджеттік инвестициялық жобаларды, концессиялық жобаларды іске асыру арқылы заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыру және ұлғайту, мемлекеттің активтерін құру есебінен мемлекет активтерінің құнын ұлғайтуға бағытталған республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландыру;
3) бюджеттік инвестициялық жоба - белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын және аяқталған сипаттағы жаңа объектілерді тұрғызуға (салуға) не қолда барларын қайта жаңартуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;