2. Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi күнтізбелік он және одан көп күнді құраса, қызметкерлерге жол жүруге демалыстан тыс уақыт берiледi.
3. Қызметкердің қалауы бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi келесi жылғы ақылы жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкiн.
11-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНДА ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУ
79-бап. Құқық қорғау органдарында қызметті тоқтатудың негіздері
Құқық қорғау органдарында қызметті тоқтатуға:
1) осы Заңмен белгіленген тәртіппен жұмыстан шығару;
2) құқық қорғау органы қызметкерiнiң қайтыс болуы (қаза табуы) немесе соттың заңды күшіне енген шешіміне сәйкес қайтыс болды деп жариялануы;
3) қызметкерді хабарсыз кеткен немесе іс-әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп заңда белгіленген тәртіппен тану негіз болып табылады.
80-бап. Жұмыстан шығарудың негіздері
1. Қызметкерлері мынадай негіздер бойынша:
1) еңбек сіңірген жылдары (қызмет мерзімі) және зейнетақыға құқық беретін қызметті өткерудің шекті жасына жетуі бойынша;
2) қызметте болудың шекті жасына жетуі бойынша;
3) денсаулық жағдайы бойынша - әскери-дәрігерлік комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулі жарамдылығы туралы қорытындысы негізінде;
4) штаттардың қысқаруына немесе құқық қорғау органының қайта ұйымдастырылуына байланысты басқа лауазымда пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда;
5) өз қалауы бойынша;
6) белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдарға және ұйымдарға жұмысқа ауысуына байланысты;
7) келісімшартты бұзуға не келісімшарт мерзімінің өтуіне байланысты;
8) еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты қызметті одан әрі өткеруден бас тартқан жағдайда;
9) аттестаттаудың қорытындысы бойынша анықталған қызметке сәйкес келмеуі бойынша;
10) сынақ мерзімінің ішінде қызметке жарамсыздығы байқалған жағдайда;
11) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты;
12) қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін;
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 12-1) тармақшамен толықтырылды
12-1) аумақтық құқық қорғау органының басшысы қылмыстарды есепке алуды жасыруға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдамағаны үшін;
13) құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін;
14) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына байланысты;
15) соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі немесе қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда;
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
16) осы Заңның 6-бабының 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді бермегені немесе бұрмалағаны үшiн;
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 17) тармақшамен толықтырылды
17) ұсынылған лауазымға орналасудан бас тартуына және құқық қорғау органының қарамағында болу мерзімінің өтуіне байланысты жұмыстан шығарылады.
2. Мынадай әрекеттер, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының абыройы мен беделін көзбе-көз түсіретін әрекеттер, атап айтқанда: қызметкерлердің қоғамдық орындарда алкогольге не есірткіге масаң күйінде (құқық қорғау органына тиесілігі айналадағыларға анық белгілі болғанда) болу; шұғыл сипаттағы ақпаратты тергеуге зиян келтірумен жария ету; қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану; құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, тыңдаушыларының және курсанттарының арасында жарғыға сәйкес келмейтін, жағымсыз қоғамдық резонанс тудырған қарым қатынастары құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.
3. Қызметкерлерді жұмыстан шығарудың осы баптың 1-тармағының 12) - 16) тармақшаларында көзделген негіздері теріс себептер деп танылады.
81-бап. Жұмыстан шығарудың тәртібі және шарттары
1. Қызметкерлерді жұмыстан шығаруды қызметкерлерді осы лауазымдарға қабылдауға және тағайындауға құқық берілген лауазымды адамдар жүргізеді.
2. Құқық қорғау органдарында қызметін тоқтатқан қызметкерлер құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртiппен құқық қорғау органдарының кадрынан шығарылады.
3. Егер жұмыстан шығарылатындар әскери қызметке жарамды адамдардың запаста болуы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті жасқа жетпесе, қызметкерлер әскери есепке қойылып, запасқа шығарылады.
4. Жұмыстан шығарылатын қызметкерлер, сондай-ақ құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарынан шығарылған курсанттар мен тыңдаушылар қызметтік куәлігін тапсырады. Зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерге құқық қорғау органдарының зейнеткері куәлігі беріледі.
5. Өзiнiң қалауымен жұмыстан шығатын қызметкерлер жұмыстан шығу жоспарланған күннен кемiнде бiр ай бұрын өздерi қабылдаған шешiм туралы тiкелей басшысына ескертiп, ол туралы жазбаша баянат бередi.
6. Осы Заңның 80-бабының 1-тармағының 1), 2), 4) тармақшаларында көзделген негiздемелер бойынша жұмыстан шығарылатын қызметкерлер бұл туралы жұмыстан шығарудан кемiнде бір ай бұрын хабардар етiледi.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 82-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
82-бап. Құқық қорғау органдарында қызмет етудiң шектi жасы
1. Құқық қорғау органдарында қызметте мынадай шектi жасқа:
1) қоса алғанда майорға, кiшi кеңесшiге дейiн - қырық сегіз жасқа;
2) подполковниктер, кеңесшiлер - елу жасқа;
3) полковниктер, аға кеңесшiлер - елу бес жасқа;
4) жоғары басшы құрамдағы адамдар алпыс жасқа дейiн бола алады.
2. Лауазымдарға тағайындау құқығы берiлген құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы жоғары кәсiптiк даярлығы, атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тәжiрибесi бар және денсаулық жағдайы бойынша қызметтi өткеруге жарамды қызметкерлерге олардың келiсуiмен қызмет мерзiмiн бір жылдан бес жылға дейiн ұзартады.
Айрықша жағдайларда, тиiстi лауазымдарға тағайындау құқығы бар құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының шешiмi бойынша қызметкерлерге бұл мерзiм сол тәртiппен бір жылдан бес жылға дейiн, ал ғылыми дәрежелерi немесе атақтары бар жекелеген қызметкерлерге - бес жылдан он жылға дейiн қайта ұзартылуы мүмкiн.
Қызметте қалдыру мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қызметкердi осы Заңда көзделген негiздер бойынша құқық қорғау органдарынан шығару мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.
3. Қызметте болудың шекті жасына толған, денсаулық жағдайы бойынша қызмет өткеруге жарамды прокуратура органдарының қызметкері Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе уәкілетті басшының шешімі бойынша «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қызметін жалғастыруға құқылы.
Бұл ретте зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қызметте қалдыру мерзімін ұзарту туралы шешім қызметкерді осы Заңда көзделген негіздер бойынша прокуратура органдарынан шығару мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.
12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
83-бап. Құқық қорғау органдарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Құқық қорғау органдарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
84-бап. Өтпелі ережелер
Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін арнаулы атақтар, сыныптық шендер берілген қызметкерлерге осы арнаулы атақтарда, сыныптық шендерде еңбек сіңірген мерзімі осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес есептеледі.
Осы Заңның 9-тарауының күші зейнетақымен қамсыздандыру, жеңілдетілген салық салу, олардың еңбекке уақытша жарамсыз кезеңіндегі ақшалай үлес төлеу, тұрғын үйді күтіп-ұстау және коммуналдық қызмет ақыларын ақшалай өтемақы төлеу бөлігінде кеден органдары қызметкерлеріне қолданылмайды, ал прокуратура органдарының қызметкерлеріне 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады.
85-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қаңтардың 6-сы.
№ 380-IV ҚРЗ