1) жеке тұлғаларға, қызметкерлерге және қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген өзге де адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
2) кепiлге алынған адамдарды босату, жаппай тәртiпсiздiктердің және қоғамдық тәртiптi топтасып бұзудың (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстаудың белгіленген режимін топтасып бұзушылықтарды), сондай-ақ сотталғандар, күдіктілер және айыпталушылар түзеу мекемелерінен және тергеу изоляторларынан қашқан кездегі немесе қашқандарды ұстау кезіндегі құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу;
3) жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мемлекеттік органдарға тиесiлi үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлiк құралдарына, жер телімдерiне жасалған шабуылды тойтару, сол сияқты оларды басып алудан босату;
4) егер құқық бұзушылар (сотталғандар, күдіктілер, айыпталушылар және әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар) қызметкерлерге, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi атқарып жүрген өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, оларды құқық қорғау органдарына жеткізу үшін ұстау үшін, ұсталған, күзет қойылған адамдарды, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынған, сотталған, күдікті және айыпталушы адамдарды, не олардың қашып кетуi немесе айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп санауға жеткілікті негiздемелер болса, сондай-ақ қызметкерлердiң өздерiне заңмен жүктелген мiндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiретiн адамдарға қатысты күзетпен апару және күзету;
5) қызметкердің өзін-өзі қорғау немесе өзінің отбасының мүшелерін қорғау мақсатында оған және (немесе) олардың денсаулығына немесе өміріне ауыр зиян келтірудің нақты қаупі төнген кезде шабуылды тойтару;
6) қажетті қорғаныс, аса қажеттік;
7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау мақсатында міндетті болса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау міндетті болса, құқық бұзушыларды жеткізу үшін қолдануға құқығы бар.
2. Айналадағылардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық білінiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнаулы құралдар мен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салынады.
61-бап. Атыс қаруын қолдану
1. Қызметкерлер атыс қаруын:
1) жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда оларды қылмыстық қол сұғудан қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату;
2) қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
3) жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылды тойтару, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылды тойтару;
4) қарсылық көрсеткен не қылмыс жасау кезінде қолға түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамаудағылардан басқа) ұстау, қарулы адамдарды ұстау үшін;
5) егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке тұлғалардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiрсе, көлiк құралдарын ақау келтiріп тоқтату;
6) хайуанаттар шабуылынан қорғану;
7) дабыл белгiсiн беру немесе көмек шақыру;
8) қажетті қорғаныстың және аса қажеттіктің барлық өзге де жағдайларында қолдануға құқығы бар.
2. Әйелдерге, анық мүгедектік белгілері бар адамдарға, кәмелетке толмағандардың жасы белгілі немесе анық болған кезде оларға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепiлге адам, көлiк құралдарын, оның iшiнде әуе кемесiн алған не топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.
62-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолдану шарттары
1. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданудың барлық жағдайларында қызметкер жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қолдануға, атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданғаны туралы тікелей басшыға баяндауға міндетті.
2. Адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан атыс қаруы, арнаулы құралдар және дене күші қолданылған әрбір оқиға туралы прокурор дереу хабардар етіледі.
9-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
63-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау
Қызметкерлер, олардың отбасы мүшелері мен мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет қорғауында болады.
64-бап. Қызметкерлерге еңбекақы төлеу, оларды зейнетақымен және өзгедей қамсыздандыру
1. Қызметкерлерге ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн мемлекеттік бюджет есебiнен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және ол ақшалай қаражат пен қызметтi өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленетін үстемеақыларды қамтиды.
2. Қызметкерлердiң ақшалай қаражаты лауазымдық айлықақыдан және арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшiн берілетін қосымша ақыдан тұрады.
Лауазымдық айлықақыны және сауықтыруға берілетін жәрдемақыларды есептеу үшін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектiгi бойынша мемлекеттік әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қызметкерлердiң iссапар куәлiгiн көрсету арқылы көлiктің барлық түрiнде жол жүру құжаттарын және мейманханаларда тұру үшiн орынды бiрiншi кезекте алуға құқығы бар.
65-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде қызметті өткеру ерекшеліктері
1. Еңбекке уақытша жарамсыздығы, қызметкердің емделуде үздiксiз болу кезеңі, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жекелеген аурулар бойынша емделудiң бұдан да ұзақ мерзiмi көзделген жағдайларды қоспағанда, төрт айдан аспауға тиiс. Қызметкер емделуде үздiксiз болуының белгiленген мерзiмi өткен соң, өзiнiң одан әрi қызмет атқаруға жарамдылығы туралы мәселенi шешу үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияның медициналық куәландырудан өтуге тиiс.
2. Қызметтік мiндеттерiн және қызметтiк борышын орындау кезiнде жарақаттануына, контузия алуына немесе мертiгуiне байланысты қызметкерлердің емделу уақытына шек қойылмайды. Аталған адамдар медициналық куәландыруға емделiп болған соң немесе ауруының нәтижесi анықталған жағдайда жiберiледi.
3. Жиi және ұзақ ауыратын қызметкерлердің, егер еңбекке жарамсыз болған күндерiнiң саны он екі айда сол бiр ауру бойынша үзiлiссiз төрт айға дейiнгі немесе жыл iшiнде әртүрлi аурулар бойынша бес айға дейiнгi уақытты құрайтын болса, қызметтi одан әрi өткеруге жарамдылығын анықтау үшiн құқық қорғау органының кадр бөлімшелері емдеу-профилактика мекемелерінiң ұсыныстары бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссияға медициналық куәландыруға жiбередi.
4. Қызметкерлерге олардың еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде ақшалай үлес толық көлемінде төленеді.
66-бап. Қызметкерлер қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертiккен жағдайда берiлетiн кепiлдiктер
1. Қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқарып жүрген кезеңiнде мертiккен жағдайда оған бiржолғы өтемақы төленедi, ал қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда ол оны алуға құқығы бар адамдарға беріледі.
2. Біржолғы өтемақыны төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Қызметкер қызметтiк міндеттерін атқару кезiнде не орындалуы міндетті қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат салдарынан қызметтен босатылғаннан кейiнгi бiр жыл бойы ішінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
4. Қызметкерге қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақаты, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы салдарынан болған мүгедектiк белгiленгенде, оған:
1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;
2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;
3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
5. Қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiкке соқтырмайтын ауыр мертіккен (жарақат алған, жараланған, контузия алған) жағдайда, оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл зақым алған жағдайда жарты айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
6. Егер қызметкердiң қазасы (қайтыс болуы), жарақаты, жаралануы (мертiгуi), науқастануы қызметтiк мiндеттерiн атқаруға қатысы жоқ мән-жайларға байланысты болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейдi.
7. Қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкердiң балаларына, олар кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету құқығы сақталады.
8. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады, сондай-ақ оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша баллдың шекті деңгейін жинаса, құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына конкурстан тыс қабылданады.
67-бап. Жерлеу шығындарын өтеу
Қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерді жерлеу үшiн олардың үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, ал зейнеткерлерге үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде бiржолғы ақшалай өтемақы төленедi.
68-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiнiң тұрғын үйге құқықтары
1. Қызметкерлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан бiрiншi кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етiлу құқығын пайдаланады.
2. Күнтiзбелiк он жылдан астам уақыт қызмет атқарған қызметкерлер тұрақты тұрып жатқан, қызметтiк тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үйлерін, аталған қызметкерлердің қалауына қарай, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда қалдық құны бойынша меншiгiне сатып ала алады.
3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлері басқа тұрғын үй-жай берілмей қызметтiк тұрғын үйден шығаруға жатқызылмайды.
4. Қызметкер қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан жағдайда, ол қаза тапқан күннен бастап бiр жылдан кешiктiрілмей, қаза тапқан адамның отбасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шарттармен және тәртiппен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқылы.
69-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлерін әлеуметтiк қорғаудың өзге де шаралары
1. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады.
2. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлеріне, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген шектерде, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері мен зейнеткерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар қолданылады.
3. Туберкулезге қарсы және басқа мамандандырылған жұқпалы аурулар мекемелерiнде қызмет атқарып жүрген қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында аталған қызметкерлер үшін белгiленетiн жеңiлдiктердi пайдаланады.
2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Қылмыстық-атқару жүйесi органдары мен мекемелерінің туберкулезге қарсы мекемелер мен басқа да мамандандырылған учаскелерде және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерiнде қызмет атқаратын қызметкерлерiне осы санаттағы медицина қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жеңiлдiктер қолданылады.
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қызметкерлерге тұрғын үйдi күтiп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге республикалық бюджет туралы заңда айқындалатын мөлшерде ақшалай өтемақы төленедi.
70-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiне медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету
Қызметкерлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi, сондай-ақ құқық қорғау органдарының зейнеткерлерi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаториялық-курорттық қызметтi пайдаланады.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) қызметкерлер бюджет қаражаты есебінен санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.
10-тарау. ДЕМАЛЫСТАР
71-бап. Демалыс түрлері
1. Қызметкерлер, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары (тыңдаушылары) үшiн демалыстардың мынадай түрлері:
1) ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы;
2) қысқа мерзімді демалыс;
3) оқу демалысы (құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушыларына, сырттай оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге);
4) еңбек сiңiрген жылдары және қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін қосымша ақылы демалыс;
5) жүктілiгіне және босануы бойынша демалыс, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оны бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыс белгіленеді.
2. Демалысты беру, ұзарту не ауыстыру және демалыстан кері шақырып алу тиісінше бұйрықпен ресімделеді.
72-бап. Демалыстардың ұзақтығын есептеудің жалпы тәртібі
1. Демалыстардың ұзақтығы күнтізбелік күндермен есептеледi. Демалыстардың ұзақтығын анықтау кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында жұмыс істемейтін күндер болып белгiленген мереке күндерi есепке алынбайды. Заңда белгіленген тәртіппен демалыс күндері жұмыс күндері деп жарияланған кезде, ол күндер ақылы жыл сайынғы еңбек демалысына қосылады.
2. Демалыс ұзақтығын анықтау кезiнде, қызметкерлердің демалыс орнына баруы мен қайту жолына кететiн уақыты есепке алынбайды.
3. Демалыс алуға құқығы бар қызметкерлер оны бөлiп-бөлiп, алайда екі бөліктен асырмай пайдалана алады. Жол жүруге арналған уақыт демалыстың бiр бөлігіне ғана берiледi.
4. Құқық қорғау органдарынан шығарылатын қызметкерлерге шығарылатын жылға өздерiнiң қалауы бойынша олардың сол жылғы нақты еңбек еткен уақыт мерзiмiне ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы берiледi немесе шығарылатын жылы пайдаланбаған ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы үшiн сол жылы қызмет еткен уақытына тепе-тең, бiрақ күнтізбелік қырық күннен аспайтын ақшалай өтемақы төленедi.
5. Құқық қорғау органдары жүйесiнiң білім беру ұйымдарына оқуға жiберiлетін қызметкерлерге, ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы білім беру ұйымдарына кеткенге дейiн берiледi.
6. Қызметкерлерге демалыс өткізу орнына бару және қайту жолына берілген уақытын қоса алғанда, ақылы жыл сайынғы еңбек, қысқа мерзiмді, қосымша демалыстар кезiнде ақшалай үлес олардың атқарып жүрген лауазымы бойынша демалысқа шыққан күнi алатын мөлшерде төленедi.
73-бап. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы
1. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы қызметкерлерге сауықтыруға екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күнге берiледi.
2. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы қызметкерге күнтiзбелiк жылдың iшiнде демалыстар кестесiне сәйкес берiлуге тиiс.
3. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы кезiнде ауырып қалған қызметкердің демалысы олардың емделуде болған күннiң санына ұзартылады.
4. Қызметкерлердің құқық қорғау органдарына қызметке тұрған жылындағы ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы, олардың қызметке кiрген күнiнен бастап жылдың соңына дейiнгi қызмет өткерген уақытына тепе-тең, қызмет өткерген әрбiр толық айы демалысының он екіден бір бөлiгi болып есептеледi. Бұл ретте, ұзақтығы күнтізбелік он күн және одан көп демалыс алуға құқылы қызметкерлерге жол жүруiне демалыстан тыс уақыт берiледi. Ұзақтығы күнтізбелік он күнге жетпейтiн ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы, аталған адамдарға өздерiнiң қалауы бойынша келесi жылы ақылы жыл сайынғы еңбек демалысымен бiр мезгiлде берiлуi мүмкiн.
74-бап. Қысқа мерзімді демалыс
1. Қызметкерлерге қысқа мерзiмдi ақылы демалыс шұғыл әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелердi шешу үшiн, сондай-ақ басқа да дәлелдi себептер бойынша, қызметкердiң демалысты өткiзетiн жерге барып қайтатын жолының уақыты есепке алынбастан, күнтізбелік он күнге дейiн берiледi.
2. Қысқа мерзiмдi демалыс ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының есебiне саналмайды.
75-бап. Оқу демалысы
1. Құқық қорғау органдары ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын курсанттары мен тыңдаушыларына мынадай демалыстар берiледi:
1) қысқы каникулдық демалыс - ұзақтығы күнтізбелік он төрт күн;
2) жазғы каникулдық демалыс - ұзақтығы күнтізбелік отыз күн;
3) білім беру ұйымын бiтiруiне байланысты ұзақтығы күнтізбелік отыз күн.
2. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының оқуы бойынша берешегі бар курсанттары мен тыңдаушыларына каникулдық демалыс берешекті өтегеннен кейін, оқу бағдарламаларында белгіленген демалыс өткізу мерзімдерінің шегінде беріледі.
3. Осы Заңда көзделген қосымша демалыстар тыңдаушылар мен курсанттарға берілмейді.
4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына күндізгі және сырттай оқу нысаны бойынша түсетін қызметкерлерге ақшалай қаражаты сақтала отырып, қабылдау емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін -ұзақтығы күнтізбелік отыз күндік оқу демалысы, ал басқа білім беру ұйымдарына түсетін қызметкерлерге ақшалай қаражаты сақталмай, қабылдау емтихандарын тапсыру үшін ұзақтығы күнтізбелік он бес күнге дейін оқу демалысы беріледі.
5. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында сырттай оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге емтихан тапсыру кезеңіне ұзақтығы емтихандық сессияның ұзақтығына тең, бірақ бір жылдың ішінде күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын оқу демалысы беріледі, Қазақстан Республикасы шегінде оқу орнына теміржол көлігімен баруға және қайтуға арналған шығыстары өтеледі.
Шет елдердің құқық қорғау (полиция) органдарының білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын тыңдаушыларға (курсанттарға) каникулдық демалыс кезінде оқу орнына баруға және қайтуға арналған шығыстары өтеледі.
6. Қазақстан Республикасының және шет елдердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында, кадрлардың біліктiлiгiн арттыру және оларды қайта даярлау курстарында оқитын қызметкерлерге оқуда болған әр күнi үшiн тәулiктiк ақы төленедi және қызметтiк iссапарлар үшiн белгiленген тәртiппен және нормалар бойынша тұрғынжай жалдау жөніндегі шығыстары өтеледi.
7. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының магистратурасына және докторантурасына түсетiн қызметкерлерге қабылдау емтихандарына дайындалу және тапсыру үшiн ұзақтығы күнтізбелік отыз күнге дейін, ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын өзге де білім беру ұйымдарына түсетiн қызметкерлерге қабылдау емтихандарын тапсыру үшiн ұзақтығы күнтізбелік он бес күнге дейiн, ақшалай қаражаты сақталмайтын оқу демалысы берiледi.
8. Өзге де білім беру ұйымдарында сырттай (кешкі) оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге еңбекақы төлеу, оқу орнына жол жүру, демалыс беру мәселелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарына түскен қызметкерлерге ақшалай үлесі сақталмай, атқарып жүрген лауазымынан босатылып және құқық қорғау органдары кадрында қалдырыла отырып, оқу демалысы беріледі.
Оқуы аяқталған соң қызметкерге бұрын атқарған лауазымынан төмен емес лауазым беріледі.
76-бап. Еңбек сіңірген жылдарына қарай және қызметті өткерудің ерекше жағдайлары үшін қосымша ақылы демалыс
1. Зейнетақыны тағайындау кезінде есепке алынатын еңбек сіңірген жылдарына қарай қосымша ақылы демалыс (күнтiзбелiк есеппен):
1) он жылдан аса еңбек сіңірген жылдары барларға - ұзақтығы күнтізбелік бес күнге;
2) он бес жылдан аса еңбек сіңірген жылдары барларға - ұзақтығы күнтізбелік он күнге;
3) жиырма жылдан аса еңбек сіңірген жылдары барларға ұзақтығы күнтізбелік он бес күнге берiледi.
2. Биiк таулы жерлерде (биіктігі бір мың бес жүз метр және одан жоғары), тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткерiп жүрген қызметкерлерге, еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, ұзақтығы күнтізбелік қырық бес күн ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы берiледi.
3. Қазақстан Республикасының заңнамасымен экологиялық апат аймағы деп жарияланған өңірлерде, туберкулезге қарсы ұйымдарда және АИТВ/ЖИТС-тың алдын алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет өткеретін қызметкерлер ұзақтығы мен беру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыс алуға құқылы.
4. Қызметінің ерекше жағдайлары үшін ұзақтығы күнтізбелік он күнге дейін қосымша ақылы демалыс беріледі, ол жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосылып есептеледі және қызметкердің қалауы бойынша онымен бір мезгілде немесе бөлек берілуі мүмкін, бұл ретте қосымша және кезекті демалыстардың жалпы үзіліссіз ұзақтығы күнтізбелік елу бес күннен аспауға тиіс.
5. Зиянды жағдайларда міндеттерін атқарғаны және қызметінің ерекше сипаты үшін бір мезгілде қосымша демалыс алуға құқылы қызметкерлерге қосымша демалыс олардың таңдауы бойынша тек бір негіз бойынша беріледі.
77-бап. Жүктілігі және босануы бойынша демалыс, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыс
1. Жүктілігі және босануы бойынша демалыс, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыс қызметкерлерге ақылы жыл сайынғы еңбек демалысынан тыс берiледi.
2. Жүктілігі және босануы бойынша демалыс, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыс ұзақтығы, беру және ақы төлеу шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен белгiленедi.
3. Бала үш жасқа толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыста болған кезеңінде қызметкер тиісті органның немесе мекеменің қарамағына есепке алынады. Үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша жалақысы сақталмай берілетін демалыс уақытында қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
78-бап. Демалыстан кері шақырып алу
2013.21.05. № 93-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қызмет бабында аса қажет болған жағдайда, құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының жазбаша бұйрығы негiзiнде және қызметкердің жазбаша келісімімен ғана ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы үзілуі мүмкін. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi ағымдағы жылы немесе келесi жылы берiледi.