ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 77-бап өзгертілді
77-бап. Сенат депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылардың бiрлескен отырысын өткізу тәртібі
1. Сенат депутаттарын сайлау таңдаушылардың бiрлескен отырысында жүргiзiледi.
2. Егер бiрлескен отырысқа тиiсiнше облыстың барлық мәслихаттарынан, республикалық маңызы бар қаланың немесе Республика астанасының мәслихатынан өкiл болатын сайланған депутаттар санының елу проценттен астамы қатысса, ол заңды болады.
3. Егер Сенат депутатын сайлау жөніндегі отырыста болған таңдаушылардың елу процентiнен астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлген болып есептеледi.
4. Бiрлескен отырыста тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы) мәслихатының хатшысы төрағалық етушi болып табылады.
5. Таңдаушылардың бiрлескен отырысына тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қатысады.
6. Бiрлескен отырыс өткiзiлетiн жерде тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыс беру пунктiн ұйымдастырады.
7. Сенат депутаттарын сайлау жөніндегі бiрлескен отырыстың өткiзiлгенiн куәландыратын құжат тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) тиiстi мәслихат хатшысының сайлау комиссиясына тапсыратын бiрлескен отырыс хаттамасы болып табылады.
8. Бiрлескен отырыс тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының төрағасы Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыс беру нәтижелерiн жариялағаннан кейiн жабылады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 78-бап өзгертілді
78-бап. Сенат депутаты сайлауындағы дауыс санау
1. Сенат депутаты сайлауындағы дауыс санау нәтижелерi тиiсiнше облыстық, қалалық сайлау комиссиясының (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) дауыс беру пунктiнде өткiзiлетiн мәжілісiнде анықталады.
2. Облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерi бойынша Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыс санаудың хаттамасын жасайды, оған:
1) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды;
2) таңдаушылардың бiрлескен мәжілісiнде жария етiледi;
3) сайлау күнiнен бастап екi күннен аспайтын мерзiм iшiнде Орталық сайлау комиссиясына жiберiледi.
3. Дауыс санау нәтижесiн анықтауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 79-бап өзгертілді
79-бап. Сенат депутатын сайлау кезiнде қайта дауыс беру
1. Егер сайлау бюллетенiне Сенат депутаттығына екiден астам кандидаттар енгiзiлген болса және олардың бiрде-бiрi сайланбаса, тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екi кандидат бойынша қайта дауыс берудi тағайындайды. Кандидаттардың бipeуi шығып қалған жағдайда, сайлау бюллетеніне неғұрлым көп дауыс алған келесi кандидат енгiзiледi.
2. Қайта дауыс беру осы Конституциялық заңның талаптары сақтала отырып, бастапқы дауыс беру болған күнi өткiзiледi.
3. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 80-бап өзгертілді
80-бап. Сенат депутаттарын қайта сайлау
1. Егер сайлау таңдаушылардың қажеттi санының келмеуi себептi өткiзiлмеген деп танылған болса немесе ол жарамсыз деп танылған болса, не екі кандидат дауысқа түскен кезде олар сайланбай қалса, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша қайта сайлау өткізу жөнiнде шешiм қабылдайды.
2. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзедi. Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну мен тiркеу, қайта сайлау кезiнде жүзеге асыру көзделген басқада шаралар осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларының қысқартылған мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
3. Қайта сайлау туралы хабар жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
4. алынып тасталды
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 81-бап өзгертілді
81-бап. Сенат депутаттары сайлауының қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Республика бойынша тұтас алғанда Сенат сайлауының қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрмей шығарады.
2. Сенат депутаты сайлауында:
1) дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған;
2) қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатпен салыстырғанда таңдаушылардың дауыс санының көпшiлiгiн дауысын алған;
3) алынып тасталды
3. Сайлаудың қорытындыларын анықтауға және жариялауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.
ҚР 19.06.97 ж. № 133-1; 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңдарымен 81-бап өзгертілді
82-бап. Сенат депутаттарын тiркеу
1. Орталық сайлау комиссиясы тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала және Республика астанасы) сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде Сенаттың сайланған депутаттарын тiркейдi.
2. Орталық сайлау комиссиясы тиiсiнше облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы) сайлау комиссиясының ұсынысы немесе таңдаушылардың арыздары бойынша, егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңның бұзу орын алған болса, Сенат депутаты сайлауын жарамсыз деп табуы және Сенат депутатын тiркеуден бас тартуы мүмкiн. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының осы шешiмiне оның қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде Сенат депутаттығына кандидат сотқа шағым бере алады, ол он күн мерзiм iшiнде шешiм қабылдайды.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 83-бап өзгертілді
83-бап. Сенат депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауын өткізу
1. Сенат депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауы Сенат депутаттарын кезектен тыс сайлау үшiн осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес өткiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларын өткізу мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.
2. Сенат депутаттары өкілеттiгiнің конституциялық мерзiмi бiтуiне бiр жыл қалғанда шығып қалған депутаттың орнына сайлау өткiзiлмейдi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 84-бап өзгертілді
84-бап. Сенат депутаттары сайлауын өткізудiң дұрыстығы туралы мәселенi Конституциялық Кеңестiң қарауы
1. Республика Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Республика Премьер-Министрінің сайлау қорытындылары шығарылғаннан кейiн он күн iшiнде берiлуi мүмкін өтiнiшi бойынша Конституциялық Кеңес дау туындаған жағдайда Сенат депутаттары сайлауын өткізудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi. Бұл жағдайда сайланған Сенат депутаттарын тiркеу өтiнiштi қарау уақытына тоқтатыла тұрады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Сенат депутаттары сайлауын өткізудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда сайлауды әзiрлеу мен өткізуге байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi.
3. Конституциялық Кеңес Конституцияны бұзу анықталған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде Сенат депутаттары сайлауын Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы осы әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi сайлауды жарамсыз деп тану және сайлау жарамсыз деп танылған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде екi ай iшiнде қайта сайлау өткізу туралы шешiм қабылдайды.
12-тарау. Республика Парламентi Мәжілісiнiң депутаттарын сайлау
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңдарымен 85-бап өзгертілді
85-бап. Мәжіліс депутаттарын сайлауын тағайындау
1. Мыналар:
1) Мәжіліс депутаттарының өкiлдiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң бiтуi кезектi сайлауды;
2) Парламент немесе Парламент Мәжілісі өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы кезектен тыс сайлауды;
3) депутат өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы, депутатты мандатынан айыру не оның қайтыс болуы шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауын тағайындауға негiз болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда депутаттар сайлауын Республика Президентi Мәжіліс депутаттары өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуiнен кемiнде бес ай бұрын тағайындайды және ол екi айдан кешiктiрмей өткiзiледi.
3. Осы баптың 1-тармағының 2)-тармақшасында көзделген жағдайда депутаттар сайлауын Республика Президентi бiр мезгiлде Парламент немесе Парламент Мәжілісі өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылғаны туралы шешiм қабылдай отырып, Парламенттiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдың iшiнде тағайындайды.
3-1. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының сайлауы күні Мәжілістің партиялық тізім бойынша сайланатын депутаттар сайлауы өткізілетін күнмен дәл келмеуі мүмкін.
4. Осы баптың 1-тармағының 3)-тармақшасында көзделген жағдайларда шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауын депутат мандаты мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және одан айырылған не ол қайтыс болған сәттен бастап үш айдан кешiктiрмей Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды.
5. Сайлау күнi Конституцияның 41-бабының 3-тармағының талаптары ескерiле отырып белгiленедi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 86-бап өзгертілді
86-бап. Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар
Мәжіліс депутаты болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 51-бабының 4-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңдарымен 87-бап өзгертілді; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңымен 87-бап жаңа редакцияда ; 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен 87-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
87-бап. Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну
1. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы - белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға қатысты Ассамблея Кеңесіне тиесілі.
2. Біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.
Саяси партияның жоғары органының шешімі азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
3. Саяси партиялар партиялық тізімдерді мемлекеттік тілдің әліпбиі ретімен жасайды. Партиялық тізімді саяси партияның өкілі саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бірге бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясына ұсынады. Өкілдің өкілеттіктері тиісті құжаттармен расталуға тиіс.
4. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынуды Ассамблея Кеңесі жүргізеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімі көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамадан үзінді көшірмемен ресімделеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімі азаматтың сайлауға түсуге келісімі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
5. Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлаудан екі ай бұрын басталып, оған қырық күн қалғанда аяқталады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлаудан бір ай бұрын басталып, оған жиырма күн қалғанда аяқталады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 28.06.99 ж. № 407-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 88-бап өзгертілді ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңымен 88-бап жаңа редакцияда
88-бап. Сайлау жарнасы
1. Партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде Орталық сайлау комиссиясының шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді.
2. Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының жеті және одан да көп процентін алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді.
3. Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының бестен жетіге дейінгі процентін алған саяси партия осы баптың 1-тармағында белгіленген сайлау жарнасы мөлшерінің елу проценті мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының үштен беске дейінгі процентін алған саяси партия осы баптың 1-тармағында белгіленген сайлау жарнасы мөлшерінің жетпіс проценті мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
4. Саяси партия сайлау қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемінде жеті процентін алған жағдайларда, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылмауға тиіс және республикалық бюджет кірісіне алынады.
ҚР 08.05.98 ж. № 222-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 28.06.99 ж. № 407-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 89-бап өзгертілді ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңымен 89-бап жаңа редакцияда ; 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен 89-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
89-бап. Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу
1. Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді және Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеуді Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.
2. Кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзімі басталатын айдың бірінші күніне мемлекет алдындағы салық міндеттемелерінің орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгілеген тәртіппен және нысанда табысы мен мүлкі туралы декларацияны ұсынады.
Саяси партия ұсынған кандидат және оның зайыбы (жұбайы) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыстығын салық қызметі органдары партиялық тізім тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді.
Бұл ретте саяси партия ұсынған кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкі туралы мәліметтерді ұсыну жөніндегі салық қызметі органдарының талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талаптар алынған күннен бастап төрт күн ішінде беруге міндетті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидат және оның зайыбы (жұбайы) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыстығын салық қызметі органдары кандидат тіркелген күннен бастап үш күн ішінде тексереді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкі туралы мәліметтер беру жөніндегі салық қызметі органдарының талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талаптар алынған күннен бастап екі күн ішінде беруге міндетті.
3. Партиялық тізімдерді тіркеу мынадай құжаттар болған жағдайда жүргізіледі:
1) Республиканың Әділет министрлігінде саяси партияның тіркелгені туралы құжаттың көшірмесі қоса тіркелген, саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
2) азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтініші;
3) партиялық тізімге енгізілген әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;
4) кандидаттың және оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;
5) саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат;
6) партиялық тізімге енгізілген адамның осы тізімді ұсынған саяси партияға мүшелігін растайтын құжат.
4. Тіркеуге бір саяси партиядан оған саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санының отыз процентінен аспайтын адамдар саны енгізілген бір ғана тізім жіберіледі.
5. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеу мынадай құжаттар болған жағдайда жүргізіледі:
1) Ассамблея Кеңесінің кандидаттарды ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
2) азаматтың депутаттыққа кандидат болып сайлауға түсуге келісімі туралы өтініші;
3) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;
4) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы.
6. Орталық сайлау комиссиясы:
1) партиялық тізімдер тіркелгеннен кейінгі оныншы күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партияның атауын және партиялық тізімге енгізілген адамдардың санын, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген әрбір адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын қызметін (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерін көрсете отырып, тіркелгені туралы хабар жариялайды;
2) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттар тіркелгеннен кейінгі үшінші күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан халқы Ассамблеясының атауын, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған адамдардың санын, әрбір ұсынылған адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын қызметін (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерін, сондай-ақ кандидаттардың қалауы бойынша қай ұлтқа жататынын көрсете отырып, тіркелгені туралы хабар жариялайды;
3) тіркеу кезінде кандидаттарға тиісті куәліктер береді;
4) мынадай жағдайларда:
саяси партия партиялық тізімді ұсыну ережелерін бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған;
партиялық тізімді ұсынған саяси партия, ол ұсынған кандидаттар, оның сенім білдірген адамдары сайлау алдындағы үгітті тіркелгенге дейін жүргізген;
тұтас партиялық тізімнің елу процентінен астамын құрайтын адамдар партиялық тізімнен шыққан;
партиялық тізімді ұсынған саяси партияның немесе оның сенім білдірген адамдарының кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған басқа саяси партияның немесе партиялық тізімге енгізілген адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін сот анықтаған;
партиялық тізімді ұсынған саяси партияның немесе оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін сот анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда партиялық тізімді тіркеуден бас тартады немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
Дауыс беретін күнге екі күн қалғанда партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден шығарылған партиялық тізімді қалпына келтіруге жол берілмейді;
5) мынадай жағдайда:
партиялық тізімге енгізілген адам Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеген;
партиялық тізімге енгізілген адамның өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;
партиялық тізімге енгізілген адам сайлау алдындағы үгітті партиялық тізім тіркелгенге дейін жүргізген;
партиялық тізімге енгізілген адамның партиялық тізімді ұсынған саяси партияның кандидатының немесе партиялық тізімге енгізілген басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, олардың іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін сот анықтаған;
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес партиялық тізімге енгізілген адамның және оның зайыбының (жұбайының) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған;
партиялық тізімге енгізілген адамның немесе оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін сот анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды.
Партиялық тізімге енгізілген адамды осы тізімнен шығару туралы шешімге партиялық тізімді ұсынған саяси партия не партиялық тізімнен шығарылған адам тиісті сотқа шағым жасауына болады, сот шешімі түпкілікті болып табылады.
Партиялық тізімге енгізілген адамды дауыс беретін күнге екі күн қалғанда шығару туралы шешім қабылдауға жол берілмейді;
6) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидатты мынадай жағдайларда:
адам Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеген;
ол өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі кандидаттарды ұсыну ережелерін бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған;
кандидат, оның сенім білдірген адамдары сайлау алдындағы үгітті тіркелгенге дейін жүргізген;
кандидаттың және (немесе) оның сенім білдірген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату фактісін сот анықтаған;
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес декларация берген кезде кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған жағдайда;
кандидаттың немесе оның сенім білдірген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілерін сот анықтаған;
осы Конституциялық заңда белгіленген өзге де жағдайларда тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
Дауыс беретін күнге екі күн қалғанда кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден алып тасталған кандидатты қалпына келтіруге жол берілмейді.
7. Партиялық тізімді тіркеуден бас тартуға немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға жеті күн мерзімде Орталық сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасауға болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы немесе сот шағым берілген күннен бастап жеті күн мерзімде шағым бойынша шешім шығарады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидатты тіркеуден бас тартуға немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға екі күн мерзімде Орталық сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасауға болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы немесе сот бір күн ішінде шағым бойынша шешім шығарады.
8. Партиялық тізімдерді тіркеу, егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, сайлаудан екі ай бұрын басталып, оған бір ай қалғанда аяқталады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеу, егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, сайлаудан жиырма күн бұрын басталып, оған он бес күн қалғанда аяқталады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 90-бап өзгертілді ; 2007.19.06 № 268 -III ҚР Конституциялық Заңымен 90-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
90-бап. Кандидатураны алып тастау, Мәжіліс депутаттығына кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күшін жою
1. Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайларда Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.
2. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.
91-бап. ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 92-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
92-бап. 2007.19.06 № 268 -III ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 92-1-баппен толықтырылды
92-1-бап. Саяси партиялардың сайлау қорының мөлшерi
1. Саяси партиялар ұсынатын партиялық тiзiмдердiң құрамында дауысқа түсетiн кандидаттардың өз сайлау қорларын құруға құқығы жоқ.
2. Саяси партияның сайлау қоры:
1) саяси партияның жалпы сомасы заңдарда белгiленген ең төменгi жалақының мөлшерiнен бес мың еседен аспауы тиiс жеке қаражатынан;
2) Республиканың азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы заңдарда белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен он мың еседен аспауы тиiс ерiктi қайырмалдықтарынан құралады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 93-бап өзгертілді