Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көзiне жатқызу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 23 қаңтардағы № 75 қаулысы
(2013.23.07. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 24 ақпандағы № 105 Қаулысымен күші жойылды
«Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көздерiне жатқызу қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 13 қазандағы № 19-3/913 бұйрығын қараңыз
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шiлдедегi Су кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көзiне жатқызу ережесi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2004 жылғы 23 қаңтардағы
№ 75 қаулысымен
бекітілген
Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көзiне жатқызу
ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көзiне жатқызу ережесi Қазақстан Республикасының Су кодексiне сәйкес әзiрлендi және су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көзiне жатқызу тәртібін белгiлейдi.
2. Халықты ауыз сумен орталықтандырылған және орталықсыздандырылған түрде жабдықтау үшiн ықтимал көздердi анықтау жөніндегі қызметті облыстық атқарушы органдар су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, жер қойнауын пайдалану мен қорғау жөніндегі уәкілеттi органмен және тиiстi аумақтарда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдармен бiрлесіп жүзеге асырады.
3. Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көзiне жатқызу мынадай деректер негiзiнде жүргiзiледi:
жер асты су объектiсi бойынша - пайдаланылатын сулы жиектің гидрогеологиялық сипаттамасы, гигиена нормативтерiне сай су сынамасы талдамаларының нәтижелерi, су жинау ауданындағы жердің санитарлық ережелер мен нормаларға және топырақ пен сулы жиектердің ластанған және ластануы ықтимал көздерінің жоқтығы туралы мәлiметтер нормаларына сәйкестiгi туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды;
жер бетi су объектiсi бойынша - су сынамасы талдамаларының нәтижелерi, су көзi туралы гидрогеологиялық мәліметтер, оның ең төменгi және орташа су шығыстары, олардың болжамды су жинауға сәйкестiгi, тұрмыстық, өнеркәсiптiк және ауыл шаруашылық ластау көздерiнің болуы әрi туындау ықтималдығы, су жинау ауданындағы жердің санитарлық нормаларға сәйкестiгi туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды.
4. Ауыз сумен жабдықтау көзi ретiнде су объектiсiн таңдау оның санитарлық сенімділігi мен санитарлық қорғау аймағын ұйымдастыру мүмкiндiгі ескерiлiп, жүргiзiледi.
5. Су көзiнiң ауыз сумен жабдықтауға жарамдылығы мыналардың:
1) санитарлық-эпидемиологиялық бағалаудың;
ауыз сумен жабдықтау жер асты көзінің қалыптасуы әрi орналасуы жағдайларының;
су ағынында немесе су айдынында су ағысы бойынша негiзгi су жинау аумағынан жоғары немесе төмен маңдағы су бетi ауыз сумен жабдықтау көзінiң;
су жинау құрылыстарын орналастыру орнының;
2) ауыз сумен жабдықтау көзiнiң суы сапасы мен санын бағалаудың;
3) ауыз сумен жабдықтау көздерінің жай-күйiн санитарлық-эпидемиологиялық болжаудың негiзiнде анықталады.
Су көзiнiң ауыз сумен жабдықтауға жарамдылығын мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары анықтайды.
ҚР Үкіметінің 2013.23.07. № 735 Қаулысымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Ауыз сумен жабдықтау көзіне жатқызылған су объектілері суының сапасы ұлттық стандарттарға, санитариялық қағидалар мен нормаларға және гигиеналық нормативтерге сәйкес болуы тиіс.
7. Су сынамаларын iрiктеу мен оларды талдауды мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мекемелерi жүзеге асырады. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілеттi органмен келiсім бойынша бұл жұмыстарды басқа ұйымдардың жүргiзуiне рұқсат етiледi.
ҚР Үкіметінің 2013.23.07. № 735 Қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Су сапасына зертханалық зерттеулер жүргізу үшін өлшемдерді орындау әдістемесінің метрологиялық аттестаттаудан өткен әрі ұлттық стандарттар мен санитариялық қағидалар және нормалар талаптарына сәйкес келетін әдістемелер пайдаланылады.
9. Жер бетi және жер асты су объектiлерінің ауыз сумен жабдықтау су көзi ретiнде пайдалануға жарамдылығы туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны тиiстi аумақтарда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бередi.
10. Ауыз сумен жабдықтау көзiне жатқызылған су объектiлерi жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi және бассейндiк су шаруашылығы басқармаларымен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілеттi органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен санитарлық қорғау аймағын бeлгілеу жолымен ластанудан, қоқысталудан әрi сарқылудан қорғалуы тиiс.
11. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындауы жағдайына ауыз сумен жабдықтауға жарамды сумен халықты қамтамасыз ету үшiн су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімi бойынша жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп тиiстi аумақтарда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдармен келісім бойынша жер асты су объектілерінің ластанудан, қоқыстанудан қорғалуы негiзінде ауыз сумен жабдықтау көздерінің резервiн жасау жүзеге асырылады.
12. Ауыз сумен жабдықтаудың резервтiк көздерiнде Қазақстан Республикасының су және өзге де заңнамасына сәйкес оларды қорғау мен жай-күйiн бақылаудың арнайы режимi белгіленеді.