Ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификаты жоқ әуе кемесіне ұшу сынақтарын жүргізу немесе оның техникалық қызмет көрсетілетін және жөндеу жүргізілетін жерге ұшып баруы үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мұндай әуе кемесі үшін арнайы ұшуды орындауға рұқсат береді.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган арнайы ұшуды орындауға рұқсат берудің алдында ұшуды қауіпсіз орындау үшін әуе кемесінің жай-күйіне бағалау жүргізуге міндетті және оны пайдалануға қажетті шектеулерді белгілеуге құқылы. Арнайы ұшуды орындаған кезде әуе кемесінің бортында жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.
9. Егер азаматтық әуе кемелерінде радиомен хабарлау аппаратурасы орнатылған болса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осындай аппаратураны пайдалануға рұқсат береді.
10. Халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелері Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының талаптарына сай келетін жабдықпен жарақтандырылады.
11. Әрбір әуе кемесінде борт журналы жүргізіледі, оған әуе кемесі туралы, әуе кемесін пайдалану процесінде анықталған ақаулар туралы деректер енгізіледі.
Борт журналының нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында белгіленеді.
12. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылған азаматтық әуе кемесінің экспорты үшін ұшуға жарамдылықтың экспорттық сертификатын береді.
48-бап. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу
1. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу қағидаларына сәйкес авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйымдар, осы Заңның 54-бабына сәйкес берілген қолданыстағы куәлігі немесе шет мемлекет берген және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған куәлігі бар авиация персоналы жүргізеді.
2. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету техникалық қызмет көрсету бағдарламалары (регламенттері) бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету бағдарламасын (регламентін) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүргізу кезінде оларды шығарушы немесе техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйым берген сәйкестендіру құжаттары (формулярлары, паспорттары, этикеткалары, пайдалануға рұқсат берілгені туралы құжаттары, теңтүпнұсқалы телнұсқалары) жоқ агрегаттарды, жиынтықтаушы бұйымдарды және олардың қосалқы бөлшектерін пайдалануға тыйым салынады.
4. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдардың сертификаттау талаптарына сәйкестігін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификат беру арқылы растайды.
Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарды сертификаттау тәртібі Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарды сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленеді.
5. Шет мемлекеттердің авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйымдар техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жұмыстарына олардың сертификаттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган танығаннан кейін жіберіледі. Шетелдік ұйымдардың авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификаттарын танудың тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
6. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйым әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезінде ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулыққа сәйкес, орындалатын жұмыстың ауқымына және күрделілігіне қарай ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.
49-бап. Әуе кемелерiне салынатын белгiлемелер
1. Тiркеу кезiнде әуе кемелерiне мемлекеттік және тiркелетін танылым белгiлерi берiледi, олар осы кемелерге салынады.
2. Әуе кемелерiне мемлекеттік және тiркелетін танылым белгiлерiнен басқа қосымша белгiлер (рәмiздер, жазбалар, эмблемалар) салынады.
Қосымша белгiлер әуе кемелеріне мемлекеттік және тiркелетін танылым белгiлерiнiң көзбен көргенде танылуын қиындатпайтындай етiп салынады.
3. Мемлекеттік, тiркелетін танылым белгілері мен қосымша белгiлердi әуе кемелерiне салу тәртібін және көрсетілген белгілердің сипаттамасын азаматтық және эксперименттік әуе кемелеріне қатысты - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, ал мемлекеттік авиацияның әуе кемелерiне қатысты мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
50-бап. Әуе кемесін ұшуға дайындау
1. Әуе кемесiнiң ұшуы алдында әуе кемесiн, авиация персоналын, әуеайлақтарды, тікұшақ айлақтарын дайындау жүргізілуге тиіс.
2. Ұшуға дайындау қағидаларын азаматтық және эксперименттік авиация үшiн - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік авиация үшiн мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгiлейдi.
51-бап. Әуе кемесiн жалға беру
1. Әуе кемесiнiң меншiк иесi болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдары кемені экипажымен қоса немесе экипажсыз қазақстандық немесе шетелдiк пайдаланушыға жалға беруге (әуе кемесін жалдау) құқылы.
Қазақстан Республикасының пайдаланушысы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің азаматтары мен ұйымдарына тиесілі әуе кемесін экипажымен қоса немесе экипажсыз жалға алуға (әуе кемесін жалдау) құқылы.
2. Шетелдік жалға алушының Қазақстан Республикасының жалға алынған әуе кемесінде ұрыс қимылдары, қарулы қақтығыстар аймағында ұшуды орындауына және қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, әскери құралымдарды тасымалдауға байланысты ұшуды орындауына тыйым салынады.
3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен шетелдік пайдаланушы тіркелген шет мемлекеттің құзыретті органы арасында жасалған келісім болмаса, Қазақстан Республикасының әуе кемесін экипажымен қоса немесе экипажсыз шетелдік пайдаланушыға жалға беруге (әуе кемесін жалдауға) жол берілмейді. Мұндай келісім Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ИКАО) тіркелуге тиіс.
2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Шетелдік пайдаланушыға экипажымен қоса немесе экипажсыз жалға (әуе кемесін жалдауға) берілген Қазақстан Республикасы әуе кемесінің пайдаланылуын бақылау және қадағалау осы баптың 3-тармағында көрсетілген келісімнің негізінде жүзеге асырылады.
52-бап. Әуе кемесін жалдау
1. Жалдау (чартер) шартына сәйкес әуе кемесін жалдау жүзеге асырылады.
Жалдау (чартер) шартында тараптардың атауы, әуе кемесiнiң үлгiсi, жалға берiлу мақсаты, тасымалданатын жолаушылардың ең көп саны, багаждың, жүктің және почта жөнелтілімдерінің салмағы, жалдау ақысының мөлшерi, жөнелту пунктi, тасымалдың уақыты және межелі пункті көрсетiледі.
Жалдау шартына басқа да талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
2. Әуе кемесімен жалданушының әуе кемесін жалдаушыдан қосымша төлем талап етпей-ақ, тасымалдың басталу уақытын және әуе кемесiнiң ұшу жоспары бойынша көзделген қонатын жеріндегі ұшып шығу уақытын ауыстыруға, егер ол әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажет болса, қосымша қону немесе ұшу маршрутын өзгертуге құқылы.
3. Әуе кемесімен жалданушы әуе кемесiнiң бүкіл сыйымдылығын уақтылы беруге және шарт күшiнде болған уақытта әуе кемесiн шартта көзделген мақсаттарда пайдалануға болатындай күйде күтiп ұстауға мiндеттi.
4. Әуе кемесін жалдаушы әуе кемесімен жалданушының келісімiмен жалданған әуе кемесiн субчартерге беруге құқылы.
6-тарау. АВИАЦИЯ ПЕРСОНАЛЫ
53-бап. Авиация персоналының сыныптамасы
1. Авиация персоналы авиация түрлерiне тиесілігіне қарай азаматтық, мемлекеттік және эксперименттік авиация персоналы болып бөлiнедi.
2. Азаматтық, мемлекеттік және эксперименттік авиация персоналы лауазымдарының тiзбелерi азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдардың бірлескен бұйрығымен белгіленеді.
3. Азаматтық авиацияның авиация персоналы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен киім үлгісін кию және айырым белгілерін тағып жүру қағидаларын сақтауға міндетті.
54-бап. Азаматтық авиацияның авиация персоналын даярлау және кәсiптiк қызметке жiберу
1. Азаматтық авиацияның авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және оларды кәсіптік деңгейде ұстауды азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығы қамтамасыз етеді.
2. Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығы көрсететін қызметтердің сертификаттау талаптарына сәйкестігін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығының сертификатын беру арқылы растайды.
Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттауды жүргізу тәртібі Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленеді.
Шетелдік азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарына олардың сертификаттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган танығаннан кейін азаматтық авиацияның авиация персоналын даярлауға және оларды кәсiптік деңгейде ұстауға рұқсат етіледі.
3. Авиация персоналына жататын адамдар кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін азаматтық авиацияның оқу орталығында даярлықтан (қайта даярлықтан) өтуге міндетті.
Әуе кемелерінің ұшуын орындаумен және қамтамасыз етумен, оларға техникалық қызмет көрсетумен, әуе қозғалысына қызмет көрсетумен тікелей байланысты адамдар кәсіптік қызметке осындай қызметті жүзеге асыру құқығына арналған авиация персоналының куәлiгi болған және денсаулық жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда жіберіледі.
Авиация персоналына, сондай-ақ міндетті медициналық куәландырылуға жататын адамдар санатына денсаулық жағдайы бойынша қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негізінде әзірленген және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында медициналық куәландыру қағидаларында белгіленеді. Авиация персоналына жататын адамның денсаулық жағдайының сәйкестігі авиация персоналы куәлігінің ажырамас бөлігі болып табылатын медициналық қорытындымен расталады.
Авиация персоналы куәлігін беру азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Авиация персоналы куәлігін беру қағидаларында айқындалады.
4. Авиация персоналына жататын адам тағылымдамадан өткеннен кейін және тағылымдаманы өткізген лауазымды адамның дербес кәсіптік қызметке жіберу мүмкіндігі туралы шешімінен кейін дербес кәсіптік қызметке жіберіледі. Авиация персоналының дербес кәсіптік қызметіне қол жеткізу мүмкіндігі туралы негізделген шешім үшін тағылымдаманы өткізген адамдар жауаптылықта болады.
5. Біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде адамға кәсіптік қызметті жүзеге асыру құқығына арналған авиация персоналының куәлігін беруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Авиация персоналының куәлігін алу үшін адамға қойылатын біліктілік талаптарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы бапқа сәйкес берілген авиация персоналы куәліктерінің және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған авиация персоналы куәліктерінің тізілімін жүргізеді.
6. 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7. Азаматтық және эксперименттік авиацияның ұшу қауіпсіздігіне тікелей байланысты авиация персоналының жұмыс уақыты режимінің ерекшеліктерін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Азаматтық және эксперименттік авиацияның ұшу қауіпсіздігіне тікелей байланысты авиация персоналының жұмыс уақыты режимінің ерекшеліктеріне сәйкес үлгісін шет мемлекеттің авиация биліктері сертификаттаған азаматтық авиацияның әуе кемесін пайдаланушы осындай әуе кемелерін пайдалану кезінде пайдаланылатын еңбек, демалыс, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық стандарттарды ескере отырып, әуе кемелері экипаждары мүшелерінің жұмыс уақытын және демалысын ұйымдастыру туралы ережені бекітуге құқылы.
8. Авиация персоналының аса маңызды ұшуды орындауы мен қызмет көрсетуіне рұқсат ету Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің келісімі бойынша жүзеге асырылады.
9. Авиация персоналының халықаралық ұшуды орындауына рұқсат ету азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен бағдарламалар бойынша тиісті даярлықтан өткеннен кейін жүзеге асырылады.
10. Әуе кемесінің ұшуын орындаумен және қамтамасыз етумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен, әуе қозғалысына қызмет көрсетумен байланысты адамдардың осындай қызметті алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң күйінде жүзеге асыруына немесе өз міндеттерін орындау процесінде осындай масаңдыққа ұшырататын заттарды пайдалануына тыйым салынады.
55-бап. Шет мемлекеттің авиация персоналының куәлiгiн тану
1. Шет мемлекеттер берген авиация персоналының куәлiктерi осындай куәлiктердiң берiлуiне қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгiлеген стандарттарға сай болған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
Шет мемлекет Қазақстан Республикасының азаматына берген авиация персоналының куәлiгін не жұмысқа жалдану үшін Қазақстан Республикасына келген шетел азаматының авиация персоналы куәлігін тануды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тиісті куәлік бере отырып жүзеге асырады.
2. Шет мемлекеттер берген авиация персоналының куәліктерін тану тәртібі мен шарттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
56-бап. Әуе кемесiнiң экипажы
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен ұшуды орындау бойынша әуе кемесін басқару және оған қызмет көрсету жөнiндегі белгiлi бір мiндеттердi атқару тапсырылған авиация персоналының адамдары әуе кемесiнiң экипажы болып табылады.
Азаматтық әуе кемесінің экипажы ұшу экипажынан және кабина экипажынан тұрады.
Осы Заңның 54-бабына сәйкес берілген авиация персоналының қолданыстағы куәлігі немесе шет мемлекет берген және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған авиация персоналының куәлігі болған кезде адам Қазақстан Республикасы пайдаланушысының азаматтық әуе кемесінің ұшу экипажы құрамына кіретін пилот, бортинженер (бортмеханик), штурман немесе бортрадист лауазымын атқарады.
2. Әуе кемесінің ұшу экипажының ең аз құрамын әуе кемесінің үлгісі мен қызметіне, пайдалану мақсаттары мен талаптарына қарай оны жасаушы айқындайды және ол әрбір үлгідегі әуе кемесін ұшуға пайдалану жөніндегі құжаттарда көрсетіледі.
3. Эксперименттік әуе кемесіне сынақ жүргізу кезеңіне ұшу экипажының ең аз құрамын осы әуе кемесін жасаушы айқындайды.
4. Ұшу экипажының құрамы толық болмаса әуе кемесінің ұшуына жол берілмейді.
5. Экипаждың әрбір мүшесінің, егер оның пікірінше, ұшудың сәтті аяқталуына негізді қаупі бар болса, ұшуға тапсырманы орындаудан бас тартуға құқығы бар.
6. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті.
57-бап. Әуе кемесiнiң командирi
1. Белгiленген тәртiппен тиісті оқытудан өткен, пилот куәлігі және осы үлгiдегi әуе кемесiн дербес басқару құқығына рұқсаты бар адам әуе кемесiнiң командирi бола алады.
2. Әуе кемесiнiң командирi әуе кемесін басқаруды жүзеге асырғандығына немесе жүзеге асырмағандығына қарамастан, әуе кемесінің ұшуы мен оны пайдалану қағидаларының, әуе кемесiнде тәртiп пен реттiлiктiң, әуе кемесiндегі мінез-құлық ережесінің сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ борттағы адамдардың қауіпсіздігін, әуе кемесінің, жүк пен мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
3. Әуе кемесі командирінің өкімдері әуе кемесінің бортындағы барлық адамдардың орындауы үшін міндетті.
4. Әуе кемесінің командирі әуе кемесінің бортындағы барлық адамнан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қағидаларды сөзсіз орындауын талап етеді, сондай-ақ әуе кемесінің бортындағы кез келген адамға өз құзыреті шегінде тиісті өкім етеді.
5. Әуе кемесi командирінің:
1) әуе кемесінің ұшып көтерілуі, ұшуы және қонуы туралы, сондай-ақ авиациялық оқиғаны болғызбау мақсатында ұшуды тоқтату және әуеайлаққа оралу туралы немесе әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне анық қатер төнген жағдайда мәжбүрлі түрде қону туралы түпкілікті шешімдер қабылдауға құқығы бар. Осындай шешімдер ұшу жоспарынан, әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) тиісті органның нұсқауларынан тыс және мүмкіндігінше, белгіленген ұшу қағидаларына сәйкес қабылдануы мүмкін;
2) әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесінің бортындағы адамға өкім етуге және олардың орындалуын талап етуге;
3) өздерінің іс-әрекеттерімен әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін және оның өкіміне бағынудан бас тартатын адамдарға қатысты барлық қажетті шараларды, оның ішінде мәжбүрлеу шараларын қолдануға;
4) ұшуды орындау кезінде әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны туралы тиісті актіні ресімдеуге;
5) әуе кемесі жақын арадағы әуеайлаққа келгеннен кейін осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген адамдарды әуе кемесінен алып шығуға, оларды құқық қорғау органдарына беруге;
6) егер бұл әуе кемесінің ұшу және оны қондыру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болса, ұшу кезінде отынды төгу, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін лақтыру туралы шешім қабылдауға;
7) тиісті авиациялық қауіпсіздік қызметтері болмаған кезде адамдар мен объектілерді ұшу алдында қарап тексеруге;
8) әуе кемесінің ұшуды қауіпсіз аяқтауын қамтамасыз ету жөніндегі өзге де қажетті шараларды қабылдауға құқығы бар.
6. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған адамдар туралы ұшу барысында ақпарат алған әуе кемесінің командирі, бұл туралы әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) тиісті органға хабарлауға, егер бұл осы әуе кемесінің, жолаушылар мен экипаждың ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін болса, мүмкіндігінше көмек көрсетуге міндетті.
7. Әуе кемесі мәжбүрлі түрде қондырылған жағдайда әуе кемесінің командирі өз өкілеттіктерін әуе кемелерін іздестіру және құтқару қызметтері өкілдеріне бергенге дейін әуе кемесінің бортындағы адамдардың іс-әрекетіне басшылық жасайды.
8. Әуе кемесінің командирі шұғыл медициналық көмекті талап ететін науқас адамдар, сондай-ақ жұқпалы аурулары бар немесе тамақтан уланған деп күдіктенген адамдар анықталған жағдайда бұл туралы алғаш қонатын әуежай қызметтеріне хабарлауға міндетті.
58-бап. Авиация ұйымдарының ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлерi
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Ұшу қызметiнiң басшысы, ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi инспекцияның бастығы, инженерлiк-авиациялық қызмет басшысы азаматтық және эксперименттiк авиация ұйымдарының ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлерi болып танылады.
2. Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлері лауазымдарының тізбесін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлерін қызметке тағайындау және қызметтен босату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7-тарау. ПАЙДАЛАНУШЫ
59-бап. Тұлғаларға азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат беру
1. Азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат етілген Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары:
1) сертификаттаудан өткеннен кейін және пайдаланушы сертификатын алғаннан кейін коммерциялық әуе тасымалдарын орындайтын пайдаланушы;
2) сертификаттаудан өткеннен кейін және аваиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алғаннан кейін авиациялық жұмыстарды орындайтын пайдаланушы;
3) жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушы болуы мүмкін.
2. Жалпы мақсаттағы авиацияға жататын және сертификатталған ең жоғары ұшу массасы кемінде бес мың жеті жүз килограммнан кем болатын әуе кемелерін пайдаланушыларды қоспағанда, пайдаланушылар азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулыққа сәйкес орындалатын ұшудың көлемі мен күрделілігіне қарай ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.
60-бап. Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды сертификаттау
1. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алу үшін өтініш беруші азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және сертификат беру қағидаларына және (немесе) Пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларына сәйкес тізбе бойынша сертификаттау талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттармен қоса белгіленген нысанда өтінім жібереді.
Сертификаттауды жүргізу тәртібі:
1) өтініш берушінің азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға құжаттармен қоса өтінім беруін;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның өтінім бойынша алдын ала бағалауын және шешім қабылдауын;
3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның сертификаттық зерттеу жүргізуін;
4) пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті беруге (беруден бас тартуға) шешім қабылдауды және беруді қамтиды.
Пайдаланушының сертификатталған әуе кемелері, даярланған персоналы, құжаттамасы, әуе кемелерін ұшуға пайдалануға, техникалық пайдалануға және ұшуды орындауды қамтамасыз етуге қажетті жабдықтары, ғимараттары, құрылыстары болуға, сондай-ақ міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.
Пайдаланушы өзінің әуе кемелері бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшқан кезде авариялық хабар беру үшін жауаптылықта болады.
Пайдаланушыларды сертификаттау шарттары Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және сертификат беру қағидаларында және (немесе) Пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларында айқындалады.
2. Пайдаланушының сертификатында және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікте белгіленген пайдалану талаптары мен шектеулерді пайдаланушының бұзуына тыйым салынады.
3. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті басқа адамға беруге болмайды.
4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган:
1) пайдаланушы сертификатталған талаптар мен шектеулерді сақтамаған;
2) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнамасының талаптарына сәйкес сақтандыру қамтамасыз етілмеген;
3) инспекциялық тексеру кезінде, оның ішінде шет мемлекеттерде тексеру кезінде белгілі болған ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін бұзушылықтар анықталған жағдайларда;
4) пайдаланушы жазбаша өтініш берген жағдайда пайдаланушы сертификатының және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің қолданылуын тоқтата тұрады.
Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің қолданылуын тоқтата тұру тәртібі тиісінше Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және сертификат беру қағидаларында және Пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларында айқындалады.
Егер әуе кемесін пайдаланушы анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймаса, уәкілетті орган пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті қайтарып алады.
5. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті беруден бас тартуға сотқа шағым жасалуы мүмкін.
61-бап. Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылар
1. Сертификатталған ең жоғары ұшу массасы бес мың жеті жүз килограмнан кем болатын ұшақтарды және сертификатталған ең жоғары ұшу массасына қарамастан тікұшақтарды пайдаланатын жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберуге мынадай шарттарды сақтау:
1) әуе кемесінің осы түрін басқаруға рұқсаты бар пилоттың қолданыстағы куәлігінің болуы;
2) азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификатының болуы;
3) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарының талаптарына сәйкес сақтандыруды қамтамасыз ету;