Қазақстан Республикасының
Заңы
Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы
(2013.13.06. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2013 жылғы 3 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қараңыз
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң индустриялық-инновациялық қызметті ынталандырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді және оны мемлекеттік қолдау шараларын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жергілікті қамту - индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасына қатыстырылған Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбегіне ақы төлеу құнының осы жоба бойынша еңбекке ақы төлеудің жалпы қорынан және (немесе) тауарларда, жұмыстар мен қызметтерде белгіленген жергілікті өндірілу үлестері құнының индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасын іске асыру кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жалпы құнынан пайыздық қамтылуы;
2) жергілікті қамту бойынша сараптама - республикалық индустрияландыру картасына енгізуге үміткер индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасындағы жергілікті қамтуды бағалау;
3) индустриялық-инновациялық жоба - технологиялар трансфертіне, жаңа немесе жетілдірілген өндірістер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар және қызметтер жасауға бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені;
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) индустриялық-инновациялық қызмет - еңбек өнімділігін арттыру және экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында, экологиялық қауіпсіздік қамтамасыз етілуін ескере отырып, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжытуға байланысты жеке немесе заңды тұлғалардың қызметі;
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері - экономиканың басым секторларында индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға жылжыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
6) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган - индустрия және индустриялық-инновациялық даму саласындағы басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) инновация - экономикалық тиімділікті арттыру мақсатында, экологиялық қауіпсіздікті ескере отырып, жаңа немесе жетілдірілген өндірістер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер, техникалық, өндірістік, әкімшілік, коммерциялық сипаттағы ұйымдастырушылық шешімдер, сондай-ақ өзге де қоғамдық пайдасы бар нәтиже түрінде іс жүзіне асырылған жеке және (немесе) заңды тұлғалар қызметінің нәтижесі;
8) инновациялық грант - индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне инновациялық гранттар берудің басым бағыттары шеңберінде олардың индустриялық-инновациялық жобаларын іске асыру үшін өтеусіз негізде берілетін бюджет қаражаты;
9) инновациялық кластер - өзара іс-қимыл жасау және қолда бар мүмкіндіктерді бірлесіп пайдалану, білім және тәжірибе алмасу, технологияларды тиімді беру, орнықты әріптестік байланыстарды жолға қою және ақпарат тарату арқылы индустриялық-инновациялық қызметті ынталандыруға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің, индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтерінің бірлестігі;
2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган - стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) салалық конструкторлық бюро - материалдық-техникалық кешенге иелік ететін, жаңа немесе жетілдірілген тауарлар өндіруді ұйымдастыруда индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне жәрдемдесу үшін технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты құрған заңды тұлға;
12) сындарлы технология - ұзақ мерзімді перспективада (он жылдан артық) ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін технология;
13) тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің және оларды берушілердің дерекқоры - отандық тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің және оларды берушілердің тізбесі;
14) технология - пайдаланылуы жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді алуды қамтамасыз ететін, бірыңғай өндірістік циклде жұмыс істейтін процесс және (немесе) жабдықтар кешені;
15) технологиялар трансферті - индустриялық-инновациялық қызмет, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған тәсілдермен алынған меншік, оны иелену және (немесе) пайдалану құқығы субъектілерінің жаңа немесе жетілдірілген технологияларды енгізу процесі;
16) технологияларды коммерцияландыру - жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, процестер мен көрсетілетін қызметтерді нарыққа шығару мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін іс жүзінде қолданумен байланысты, оң экономикалық әсер алуға бағытталған қызмет;
17) технологияларды коммерцияландыру орталығы - технологияларды коммерцияландыруды жүзеге асыратын заңды тұлға, ғылыми ұйымның, жоғары оқу орнының немесе дербес білім беру ұйымының құрылымдық немесе оқшауланған бөлімшесі;
18) технологиялық болжау - игерілуі мемлекеттің орнықты индустриялық-инновациялық дамуы үшін қажетті шарт болып табылатын технологияларды анықтауға бағытталған талдамалық зерттеулер кешені;
19) технологиялық парк (бұдан әрі - технопарк) - технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты құрған, индустриялық-инновациялық қызметті іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасалатын бірыңғай материалдық-техникалық кешені бар аумаққа меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде иелік ететін заңды тұлға;
20) экономиканың басым секторлары - мемлекеттің экономикалық даму серпіні мен сапасына әсер етуге қабілетті ұлттық экономиканың секторлары.
2-бап. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың мақсаты, міндеттері мен қағидаттары
1. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың мақсаты Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыру негізінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
2. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың міндеттері:
1) экономиканың басым секторларын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
2) бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
3) еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ өндірістік тізбекті ұзарту және нарықты кеңейту мақсатында жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру) үшін қолайлы жағдайлар жасау;
4) инновацияларды тиімді енгізуді және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуды қолдау;
5) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің инвестициялық тартымдылығын және экспорттық әлеуетін арттыру;
6) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне технологияларды коммерцияландыруда жәрдем көрсету;
7) индустриялық-инновациялық субъектілерге экспорттық әлеуетін дамытуда жәрдем көрсету;
8) экономиканың басым секторларында ғылыми-зерттеу базасын дамыту және оны өндірістік процеспен ықпалдастыру;
9) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықта, оның ішінде индустриялық-инновациялық қызмет үшін жоғары білікті кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықта жәрдем көрсету болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметін мемлекеттік қолдау:
1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне осы Заңға сәйкес мемлекеттік қолдау алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету;
2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың ұсынылатын шараларының жариялылығы, атаулылығы мен транспаренттілігі;
3) мемлекет және индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету;
4) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері индустриялық-инновациялық жобаларының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларды табысты іске асыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыру;
5) мемлекеттің және индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің тұрақты өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін кешенділік және жүйелілік;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкестігі қағидаттарына негізделеді.
2-тарау. ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті:
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды әзірлейді;
3) Қазақстан Республикасының Президентіне экономиканың басым секторларын айқындау бойынша ұсыныстар енгізеді;
4) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы салалық бағдарламаларды бекітеді;
5) ғылыми-технологиялық дамудың салааралық жоспарын бекітеді;
6) ұлттық даму институттарының және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілетті, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекетке тиесілі өзге де заңды тұлғалардың тізбесін бекітеді;
7) жергілікті қамту бойынша сараптама жүргізу қағидаларын бекітеді;
8) республикалық индустрияландыру картасын бекітеді;
9) басым тауарлар мен қызметтердің бірыңғай картасын бекітеді;
10) жоғары технологиялық өнімдер өндіру жөніндегі қызмет түрлерінің тізбесін бекітеді;
11) инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындайды;
12) отандық өңделген тауарларды, қызметтерді сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын бекітеді;
13) Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесін (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) құрады және оның ережесі мен құрамын бекітеді;
14) Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан Технологиялық саясат жөніндегі кеңесті құрады және оның ережесі мен құрамын бекітеді;
15) салалық конструкторлық бюролардың жұмыс істеуі қағидаларын бекітеді;
16) жобаларды республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарына енгізу тәртібін айқындайды;
17) сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша шығындары ішінара өтелетін отандық өңделген тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекітеді;
18) технологияларды сатып алуға, өнеркәсіптік зерттеулер жүргізуге, бастапқы даму кезеңінде жоғары технологиялық өнім өндіру жөніндегі қызметті қолдауға, шет елдерде және (немесе) өңірлік патенттік ұйымдарда патенттеуге инновациялық гранттар беру қағидаларын бекітеді;
19) технологияларды коммерцияландыруға арналған инновациялық гранттар беру қағидаларын бекітеді;
20) шет елде инженерлік-техникалық персоналдың біліктілігін арттыруға, жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға, консалтингтік, жобалық және инжинирингтік ұйымдарды тартуға, басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізуге инновациялық гранттар беру қағидаларын бекітеді;
21) инновациялық гранттар беру кезінде технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу тәртібін айқындайды;
22) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындайды.
5-бап. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган:
1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) ғылыми-технологиялық дамытудың салааралық жоспарын әзірлейді;
3) индустриялық-инновациялық жүйені жоспарлауды, мониторингілеуді, ынталандыруды, дамытуды жүзеге асырады;
4) өз құзыреті шектерінде индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы салалық бағдарламаларды әзірлейді және келіседі;
5) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға экономиканың басым секторларын айқындау бойынша ұсыныстар енгізеді;
6) жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметіне индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі туралы ақпаратты ұсынады;
7) жергілікті қамту бойынша сараптама жүргізу қағидаларын әзірлейді;
8) республикалық индустрияландыру картасын әзірлейді;
9) басым тауарлар мен қызметтердің бірыңғай картасын әзірлейді;
10) жоғары технологиялық өнімдер өндіру жөніндегі қызмет түрлерінің тізбесін әзірлейді;
11) Қазақстан Республикасы Үкіметіне инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
12) Үйлестіру кеңесі туралы ережені әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметіне оның құрамын қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізеді;
13) Технологиялық саясат жөніндегі кеңес туралы ереже әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметіне оның құрамын қалыптастыру бойынша ұсыныс енгізеді;
14) дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, олармен үлестес заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың технологиялар мен инновацияларды дамыту бөлігінде даму стратегиясы мен бағдарламасын келіседі;
15) салалық конструкторлық бюролардың жұмыс істеу қағидаларын әзірлейді;
16) отандық өңделген тауарларды сыртқы нарыққа жылжыту бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлейді;
17) сыртқы нарықтарға жылжыту бойынша шығындары ішінара өтелетін отандық өңделген тауарлардың тізбесін әзірлейді;
18) жобаларды республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарына енгізу тәртібін әзірлейді;
19) технологияларды сатып алуға, өнеркәсіптік зерттеулер жүргізуге, бастапқы даму кезеңінде жоғары технологиялық өнім өндіру жөніндегі қызметті қолдауға, шет елдерде және (немесе) өңірлік патенттік ұйымдарда патенттеуге инновациялық гранттар беру қағидаларын әзірлейді;
20) технологияларды коммерцияландыруға арналған инновациялық гранттар беру қағидаларын әзірлейді;
21) шет елде инженерлік-техникалық персоналдың біліктілігін арттыруға, жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға, консалтингтік, жобалық және инжинирингтік ұйымдарды тартуға, басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізуге инновациялық гранттар беру қағидаларын әзірлейді;
22) инновациялық гранттар беру кезінде технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институтының қызметтеріне ақы төлеу тәртібін әзірлейді;
23) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу тәртібін әзірлейді;
24) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді ішкі нарықта жылжыту бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлейді;
25) Осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган:
1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне экономиканың басым секторларын айқындау бойынша ұсыныстар енгізеді;
3) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы салалық бағдарламалардың іске асырылу тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;
4) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы жергілікті қамтуды дамыту саясатын қалыптастырады;
5) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы салалық бағдарламаларды іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіреді;
6) индустриялық-инновациялық қызмет саласында білікті кадрлық ресурстармен қамтамасыз етуді үйлестіруді және жұмыспен қамтуды реттеуді жүзеге асырады;
7) индустриялық-инновациялық жүйенің тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;
8) дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, олармен үлестес заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың даму стратегиялары мен жоспарларын индустриялық-инновациялық даму мақсаттарына сәйкестік нысанына келіседі;
9) Осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың құзыреті
Мемлекеттік органдар:
1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға экономиканың басым секторларын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы салалық бағдарламаларды әзірлейді;
4) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылуы туралы ақпарат ұсынады;
5) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау жөнінде ұсыныстар береді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты тиісті аумақта қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) өңірлік индустрияландыру карталарын әзірлейді және бекітеді;
3) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асырып жатқан индустриялық-инновациялық инфрақұрылымның элементтеріне, индустриялық-инновациялық жүйенің субъектілеріне әдістемелік, консультациялық, практикалық және өзге де көмек көрсетуге құқылы;
4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға экономиканың басым секторларын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша және мерзімдерде ұйымдардың сатып алуында жергілікті қамту жөнінде ақпарат жинауды, талдауды жүзеге асырады және оны индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға ұсынады;
6) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылуы туралы ақпарат ұсынады;
7) негізгі қызметі инновацияларды дамытуға бағытталған заңды тұлғаларды құруға және (немесе) олардың жарғылық капиталына қатысуға құқылы;
8) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы салалық бағдарламалардың тиісті аумақта іске асырылуын үйлестіруді қамтамасыз етеді;
9) жергілікті мемлекеттік басқарудың мүддесі үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕСІ
9-бап. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық жүйесі
Қазақстан Республикасында экономиканың басым секторларын дамытуды және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды ынталандыру мақсатында индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын субъектілерден, инфрақұрылымнан және құралдардан тұратын индустриялық-инновациялық жүйе құрылады.
10-бап. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйенің субъектілері
1. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйенің субъектілеріне ұлттық, оның ішінде өңірлік даму институттары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілетті, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі өзге де заңды тұлғалар жатады.
2. Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
1) экономиканың басым секторларын дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетеді;
2) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы салалық бағдарламалардың орындалу мониторингіне қатысады;
3) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға басым тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бірыңғай картасын әзірлеу мен оны өзекті ету бойынша қызметтер көрсетеді;
4) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға индустрияландыру картасының экономикалық тиімділігін талдау бойынша қызметтер көрсетеді.
3. Технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты:
1) технологиялық болжау процесіне қатысады;
2) инновацияларды дамыту саласындағы ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетеді;
3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің жарғылық капиталдарына қатысу, шетелдің қатысуымен заңды тұлғалар құру, инвестициялық қорлар құру немесе оларға қатысу жолымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен индустриялық-инновациялық жобаларға инвестициялар тартуды жүзеге асырады;
4) технопарктерді, технологияларды коммерцияландыру орталықтарын, салалық конструкторлық бюроларды, технологиялар трансфертінің халықаралық орталықтарын құруға, басқаруға және үйлестіруге қатысады;
5) экономиканың басым секторларын технологиялық дамытуды ынталандыру үшін ақпараттық ресурстарды, білім беру және қаржы ресурстарын тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;
6) іске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалар, енгізілген технологиялар туралы, технологиялық болжау бойынша жүргізілген талдамалық зерттеу нәтижелері туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
7) технологиялық бизнес-инкубациялау, технологияларды коммерцияландыру және технологиялар трансферті, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің кадрлық, басқарушылық және өндірістік әлеуетін күшейту бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін іске асыруға қатысады;
8) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға сараптамалық қорытындыларды және (немесе) ұсынымдарды береді;
9) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға инновациялық гранттар беру жөнінде қызметтер көрсетеді;