Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы
(2010.27.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2013 жылғы 3 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен мәтіндегі «республикалық бюджет қаражаты» деген сөздер «бюджет қаражаты» деген сөздермен ауыстырылды (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ ұйымдастырылу тәртібiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі (бұдан әрі дипломатиялық қызмет) - Қазақстан Республикасының Конституциясына , осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерi мен халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсiби қызметi.
2. Қазақстан Республикасының консулдық қызметі - дипломатиялық қызметтің халықаралық құқық жол беретiн шектерде мемлекеттің, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын дамытуға, экономикалық, сауда-саттық, ғылыми-техникалық, ізгілік-мәдени байланыстарды және туризмді кеңейтуге жәрдемдесетін бір бөлігі.
2006 ж. 22 мамырдағы № 143-III ҚР Заңымен 3 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Дипломатиялық қызметтің қызметкерлері — дипломатиялық қызмет органдарында штаттық дипломатиялық лауазымдарды атқаратын, әдетте, дипломаттық дәрежесі бар және лауазымдық өкілеттіктері мен міндеттерін дипломатиялық қызмет органдарына жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыру мақсатында жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер.
4. Дипломатиялық қызметтің жұмыскерлері - дипломатиялық қызмет органдарында штаттық әкімшілік-техникалық лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер.
5. Дипломатиялық қызметтің персоналы - дипломатиялық қызметтің қызметкерлері мен жұмыскерлері.
6. Ротация - дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі - Сыртқы істер министрлігі) мен шетелдік мекемелер арасында, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелері арасында лауазымдық орын ауыстыруы.
2006 ж. 22 мамырдағы № 143-III ҚР Заңымен 7 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7. Шет елдердегі мекемелер — Қазақстан Республикасының шет елдерде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, сондай-ақ консулдық мекемелері.
2-бап. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, осы Заңмен реттелмеген бөлігінде мемлекеттік қызмет туралы заңдардан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан тұрады.
2. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттардың ережелері қолданылады.
3-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мәртебесі
Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар дипломатиялық қызмет органдары болып табылады.
4-бап. Дипломатиялық қызметтiң бірыңғай жүйесi
Дипломатиялық қызметтiң бірыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлігі, оның ведомстволары, шет елдердегi мекемелер, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгінiң қызметiн қамтамасыз ету үшiн құрылған ведомстволық бағыныстағы ұйымдар, Сыртқы iстер министрлігінiң қарауындағы оқу орындары құрайды.
Дипломатиялық қызметтiң бірыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлігі басқарады.
5-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мiндеттерi
Дипломатиялық қызмет органдарына мынадай мiндеттер жүктеледi:
1) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы мен негізгi бағыттарын әзiрлеу және Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкіметіне тиiстi ұсыныстар беру;
2) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық стратегиясы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi үшiн ұсыныстар әзiрлеу және Президенттiң халықаралық бастамаларын iске асыру;
3) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыруға және халықаралық беделiн нығайтуға жәрдемдесу;
4) Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастардағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы қорғауды қамтамасыз ету;
5) шет елдерде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiн қорғау;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық бейбiтшiлiктi, ғаламдық және аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі күш-жiгерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы iске асыру;
7) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен дипломатиялық және консулдық қарым-қатынастарын жүзеге асыру;
8) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық бірыңғай бағытын және инвестициялық саясатын жүргiзудi қамтамасыз ету мақсатында басқа да орталық атқарушы органдардың халықаралық қызметiн үйлестiру;
9) әлемдегi саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдайға, шет мемлекеттердiң сыртқы және iшкi саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметiне талдау жасау және орталық мемлекеттік органдарды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету.
6-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының негiзгi функциялары
Дипломатиялық қызмет органдарына мыналар жүктеледi:
1) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк ету;
2) Қазақстан Республикасы халықаралық саясатының стратегиясын iске асыру;
3) келiссөздер жүргiзудi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуды ұйымдастыру;
4) халықаралық шарттарды жасасу, орындау, қолданылуын тоқтата тұру және күшiн жою туралы ұсыныстар дайындау, оларды Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Yкіметінiң қарауына белгiленген тәртiппен енгізу;
5) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастары мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне және Yкіметіне белгiленген тәртiппен ұсыныстар мен ұсынымдар жасау;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердiң, форумдардың қызметiне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық мүшесi ретiнде ғаламдық және аймақтық проблемаларды шешудегi рөлiн арттыруға жәрдемдесу;
7) Қазақстан Республикасының су ресурстары мен қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, Дүниежүзiлiк мұхит ресурстарын игеру, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу саласындағы мүдделерiн қамтамасыз етуге қатысу;
8) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн, құқық тәртібін қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық, қаржы, ғылыми және ғылыми-техникалық, мәдени, сондай-ақ өзге де байланыстарын дамыту мен кеңейту жөніндегі iс-шараларды әзiрлеуге қатысу;
9) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуын жалпы қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру;
10) Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық құқықтық мiндеттемелерiне сай келтiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
11) Қазақстан Республикасының мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету;
12) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларды өткізу кезiнде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының Мемлекеттік протоколды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
13) дипломатиялық және консулдық артықшылықтар мен иммунитеттердiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
14) Қазақстан Республикасының басқа елдермен парламентаралық байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдесу;
15) Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде халықаралық-құқықтық нормалармен және Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелетiн консулдық функцияларды жүзеге асыру;
16) шет елдерде тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу;
17) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тiркеудiң, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
18) Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдiк дипломатиялық және соларға теңестiрiлген өкiлдiктердiң және консулдық мекемелердiң жұмыс iстеуiне жәрдемдесу, өз құзыретi шегiнде оларға қызмет көрсететiн ұйымдардың қызметiн бақылауды жүзеге асыру;
19) аштыққа және артта қалушылыққа, халықаралық терроризмге, дiни және саяси экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттардың, прекурсорлардың және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар зардаптарын жою жөніндегі халықаралық акцияларға өз құзыреті шегiнде қатысу;
20) шет елдерде Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және рухани өмiрi туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу;
21) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын жүзеге асыру;
22) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының транзиттiк-көлiктiк әлеуетiн тиiмдi пайдалануға жәрдемдесу және энергетика мен мұнай-газ салаларында Қазақстан Республикасының әлемдiк қауымдастықпен ынтымақтастығы жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және жүргiзуге қатысу;
23) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау;
24) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаты туралы хабардар ету;
25) инвестициялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдесу және халықаралық нарықта Қазақстан Республикасының жағымды бейнесiн қалыптастыру;
26) мемлекеттік бағдарламаларды, басым жобаларды iске асыру үшiн тiкелей қаржы ресурстарын, соның iшiнде халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдары тарапынан берiлетiн заемдар мен гранттар есебiнен тартуға қатысу;
27) қазақстандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң халықаралық нарыққа шығуына жәрдемдесу;
2010.27.12. № 366-IV ҚР Заңымен 27-1) тармақшамен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
27-1) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою;
28) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
7-бап. Байланыс, мұрағат, қауiпсiздiк және баспа басылымдары
1. Дипломатиялық қызмет органдарының дербес байланысы мен мұрағаты болады.
2. Дипломатиялық қызмет органдары өздерiнiң жеке телекоммуникациялар желісі мен курьерлiк қызметiн пайдаланады.
3. Сыртқы iстер министрлігінiң мұрағатында халықаралық шарттардың түпнұсқалары және (немесе) дұрыс көшiрмелерi, сондай-ақ өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi басқа да материалдар сақталады.
4. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының аумағындағы және шет елдердегі өзiне қарасты объектiлердiң қауiпсiздiк жүйесiн ұйымдастырады.
5. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес баспа басылымдарын шығаруға құқылы.
2-тарау. Дипломатиялық қызмет персоналы, дипломатиялық лауазымдарға тағайындау
8-бап. Дипломатиялық қызмет персоналы
1. Дипломатиялық қызмет персоналын мыналар құрайды:
1) дипломатиялық қызмет қызметкерлерi;
2) дипломатиялық қызмет жұмыскерлерi.
2. 2006 ж. 22 мамырдағы № 143-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
9-бап. Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру
2006.22.05 № 143-III ҚР Заңымен1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданыска енгізіледі)
1. Дипломатиялық қызметке жоғары білімi бар, мемлекеттік тіл мен орыс тілін еркін меңгерген және өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн тиiстi iскерлiк, моральдық, кәсiби қасиеттерге қол жеткiзген әрi денсаулық жағдайы дұрыс Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.
2009.29.04 № 154-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.27.12. № 366-IV ҚР Заңымен (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрiн Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
Қазақстан Республикасының төтенше және өкiлеттi елшiлерiн Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерiн Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды және керi шақырып алады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрінің орынбасарлары, ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.
Сыртқы істер министрлігінде басқа лауазымдарға тағайындауды және дипломатиялық қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі не жауапты хатшы немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын өзге де лауазымды адам жүргізеді.
Шет елдердегі мекемелерде басқа лауазымдарға тағайындауды және дипломатиялық қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі жүргізеді.
3. Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру азаматтар алдын ала мiндеттi арнайы тексеруден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.
4. Шет елдегi жұмыстан кейiн Қазақстан Республикасына оралған дипломатиялық қызметтiң қызметкерi, егер ол осы Заңның 22-бабында көзделген жазаларға тартылмаған болса, бұрын Сыртқы iстер министрлігінде атқарған лауазымынан төмен емес лауазымға тағайындалады.
5. Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке алғаш тұрған адамдар үшiн үш айға дейiн мiндеттi сынақ мерзiмi белгiленедi.
Сынақ мерзiмiнен өтудiң тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi белгiлейдi.
6. Бұрын сотталған және ақтала алмайтын негiздер бойынша қылмыстық жауапкершiлiктен босатылған, сондай-ақ ұнамсыз себептермен мемлекеттік қызметтен босатылған адамдар дипломатиялық қызмет органдарына қызметке қабылданбайды.
3-тарау. Дипломаттық дәрежелер
10-бап. Дипломаттық дәрежелер
Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне атқаратын лауазымы және біліктiлiгi ескерiле отырып, мынадай дипломаттық дәрежелер берiледi:
1) атташе;
2) үшінші хатшы;
3) ІІ сыныпты екiншi хатшы;
4) І сыныпты екiншi хатшы;
5) ІІ сыныпты бірiншi хатшы;
6) І сыныпты бірiншi хатшы;
7) ІІ сыныпты кеңесшi;
8) І сыныпты кеңесшi;
9) II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;
10) І сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;
11) Төтенше және Өкiлеттi Елшi.
11-бап. Дипломаттық дәрежелердi беру тәртібі
2010.27.12. № 366-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Төтенше және өкілетті елшінің, І және ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкілдің дипломаттық дәрежелерін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.
Жоғарыда санамаланған дипломаттық дәрежелерді беруге ұсынысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын іске асыруға қатысуының тиімділігін және Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси бастамаларын іске асыруға қатысуының тиімділігін ескере отырып енгізеді.
Төтенше және өкілетті елші дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты өкілі лауазымында кемінде екі жыл дипломатиялық қызмет өтілі бар дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
І сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломаттық дәрежесі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымдарын атқаратын дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломаттық дәрежесі Сыртқы істер министрлігінің комитет төрағасынан, ерекше тапсырмалар жөніндегі елшіден, департамент директорынан, Қазақстан Республикасының сенімді өкілінен, Қазақстан Республикасының бас консулынан төмен емес лауазымды атқаратын дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне берілуі мүмкін.
Басқа дипломаттық дәрежелерді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі береді.
Дипломаттық дәрежелерді беру тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ережеде айқындалады.
2. Қызметкердiң дипломаттық дәрежесi, әдетте, дипломатиялық қызметте атқаратын лауазымына сәйкес болуға немесе бір саты жоғары не төмен болуға тиiс.
3. Дипломаттық дәрежелердi беру тиiстi куәлiктер тапсырумен және қызмет тiзiміндегі (еңбек кiтапшасындағы) жазбалармен расталады. Осы Заңның 13-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дипломаттық дәрежелер өмiр бойына берiледi және сақталады.
12-бап. Дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi
1. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi үшiн дипломаттық дәрежелерде болудың мынадай мерзiмдерi белгiленедi:
1) атташе, үшiншi хатшы, ІІ және І сыныпты екiншi хатшы үшiн - екi жыл;
2) ІІ және I сыныпты бірiншi хатшы, II сыныпты кеңесшi үшiн - үш жыл.
І сыныпты кеңесшiден бастап және одан жоғары дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi белгiленбейдi.
2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерiне:
1) Сыртқы iстер министрлігіндегi және оған бағынысты ұйымдардағы жұмыс;
2) шет елдердегi мекемелердегi жұмыс;
3) Сыртқы iстер министрлігінiң Қазақстан Республикасы аумағындағы өкiлдiктеріндегі жұмыс;
4) бұрынғы КСРО мен одақтас республикалардың сыртқы iстер министрлiктеріндегі жұмыс;
5) халықаралық ұйымдардағы жұмыс;
6) Сыртқы iстер министрлігінiң жоғары оқу орындарындағы және ғылыми мекемелеріндегі ғылыми немесе оқытушылық жұмыс;
7) Сыртқы iстер министрлігінiң саласы бойынша оқу орындары мен ғылыми мекемелерде біліктiлiктi арттыру;
8) Сыртқы iстер министрлігі жоғары оқу орындарына, аспирантураға, докторантураға және ғылыми мекемелерге уақытша жiберген адамдардың оқу мерзiмi есептеледi.
13-бап. Дипломаттық дәреженi мерзiмнен бұрын және кезектен тыс беру, төмендету, одан айыру және қалпына келтiру
1. Жекелеген жағдайларда, жұмыста елеулi табыстарға қол жеткiзсе немесе айрықша еңбек сiңiрсе, белгiленген мерзiм өткенге дейiн (мерзiмiнен бұрын дәреже беру) немесе дәреже берудiң кезегi сақталмастан (кезектен тыс дәреже беру) дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дәрежесi өсiрiлуі мүмкiн.
2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлігінен жұмыстан босатылған адамдар Қазақстан Республикасының және өздерi болатын елдердiң заң актілерінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын iс-әрекеттер жасаған жағдайда олардың дипломаттық дәрежесі төмендетiлуi немесе олар дипломаттық дәрежесiнен айырылуы мүмкiн.
Мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзғаны үшiн дипломатиялық қызмет органдары жүйесiнен босатылған кезде дипломатиялық қызмет қызметкерi сонымен бір мезгiлде дипломаттық дәрежесiнен де айырылады.
Дипломатиялық қызмет қызметкерiн дипломаттық дәрежесiнен айыру немесе оның дәрежесiн төмендету дәреже берiлгендегiдей тәртiппен жүргiзiледi.
Дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң бұрынғы дипломаттық дәрежесiн қалпына келтiру қызметтiк аттестаттаудан өткеннен кейiн жүргiзiледi.
4-тарау. Дипломатиялық қызметтен өту
14-бап. Дипломатиялық қызмет органдарында лауазым ауыстыру, қызмет атқару
1. Дипломатиялық қызмет персоналының лауазым ауыстыруы кадрлардың біліктiлiгi, кәсiби даярлығы, олардың ротациясы мен мамандану принциптерi ескерiле отырып, қызмет бабындағы қажеттiлiкке сәйкес жүзеге асырылады.
Дипломатиялық қызмет органдарында бос қызмет орындарына тұру, келесi жоғары тұрған және төмен тұрған санаттарда қызметке тұру жолымен қызмет бабында орын ауыстыруды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң лауазымы шет елдердегi мекемелердегi жұмысы кезеңiнде, оның шет елде болу мерзiмi қызмет бабындағы қажеттiлiкке байланысты ұзартылған жағдайларды қоспағанда, бір реттен артық өсiрiлмейдi.
15-бап. Ротация
1. Дипломатиялық қызмет органдарында дипломатиялық қызмет персоналының ротациясы жүзеге асырылады.
Ротация шеңберiнде дипломатиялық қызмет персоналы, оның кәсiби даярлығы мен мамандануы ескерiле отырып, шет елдегi дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберiледi немесе өздерiнiң қызметiн Сыртқы iстер министрлігінiң құрылымдық бөлiмшелерiнде жүзеге асырады.
2. Дипломатиялық қызмет персоналының ротациясы мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) сыртқы ротация - Сыртқы iстер министрлігінен шет елдердегi мекемелерге және шет елдердегi мекемелерден Сыртқы iстер министрлігіне ауысу;
2) iшкi ротация - Сыртқы iстер министрлігінiң құрылымдық бөлiмшелерi арасында ауысу.
2006 ж. 22 мамырдағы № 143-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (Қолданысқа енетін мерзімін қара)
3. Дипломатиялық қызметке алғаш тұрған - адамдар сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істегеніне бір жыл өткеннен кейін ғана, олардың кәсіби,білімі мен тіл білуі ескеріле отырып, шет елдердегі мекемелерге жұмысқа жіберілуі мүмкін.
Шет елдердегі мекемелердегі жұмыс арасындағы кезеңде дипломатиялық қызмет персоналының Сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеу мерзімі кемінде екі жылды құрауға тиіс.
2006 ж. 22 мамырдағы № 143-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (Қолданысқа енетін мерзімін қара)
4. Дипломатиялық қызмет персоналының шет елдердегi мекемелердегi үздiксiз жұмыс мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс.
Қызмет бабындағы қажеттiлiк пен сол адамның келісімi бойынша аталған мерзiмдi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi ұзартуы мүмкiн , бірақ ол бір жылдан аспауға тиіс.
5. Дәлелсiз себептермен шет елдегi мекемеге жұмысқа барудан бас тарту тәртiптiк тұрғыдан терiс қылық болып табылады және тәртiптiк жаза қолдану үшiн негiз бола алады.
Шет елдегi мекемеге жұмысқа барудан бас тарту үшiн дәлелдi деп танылатын себептердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi белгiлейдi.
6. Шет елдегi дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберу кезiнде дипломатиялық қызмет персоналына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленедi.
7. Осы баптың 3, 4-тармақтарының күшi шет елдердегi мекемелердiң басшылары ретiнде жұмысқа жіберілетін адамдарға, кеңесшi-уәкiлдерге, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерiнiң орынбасарларына, сондай-ақ сирек кездесетiн шет тiлдерiн меңгерген дипломатиялық қызмет персоналына қолданылмайды.