141. Аттестаттаудың негізгі міндеттері:
1) әрбір әскери қызметшінің кәсіби және жеке қасиеттерінің, әлеуетті мүмкіндіктеріне жан-жақты және объективті мінездеме беру;
2) аттестатталатын әскери қызметшілердің атқаратын лауазымдарына сәйкес келуін және оларды одан әрі қызметте пайдаланудың перспективасын айқындау;
3) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің қызмет өткеру мерзімдерін ұзартудың орындылығын айқындау;
4) әскери қызметшілерді даярлауды (қайта даярлауды), оқытуды жетілдіру бағыттарын айқындау;
5) қызметі бойынша жоғарылату немесе оқуға жіберу үшін әскери қызметшілердің кадрлар резервін жасақтау;
6) орын алған кемшіліктерді жою жөнінде әскери қызметшілерге ұсынымдар әзірлеу.
28. Аттестаттауды өткізу
142. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді аттестаттау уәкілетті орган бірінші басшысының шешімі бойынша кемінде үш жылда бір рет өткізіледі.
Уәкілетті органдарда әскери қызметшілерді аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шараларды орындау тәртібін олардың бірінші басшылары айқындайды. Аттестаттау парағы уәкілетті органның бірінші басшысы бекітетін нысанда ресімделеді.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді кезектен тыс аттестаттау тәртібі, мерзімдері, аттестатталатын әскери қызметшілердің санаттары кезектен тыс аттестаттауды жүргізуге арналған Қазақстан Республикасы Президентінің шешімінде айқындалады.
143. Әскери қызметшілерді аттестаттау мерзімдері, санаттары мен үлгілік схемасы айқындалғаннан кейін аттестаттауды дайындау және жүргізу жоспары әзірленеді.
Тиісті командирлер (бастықтар) бекітетін жоспарларда мынадай
іс-шаралар көзделеді:
барлық әскери қызметшілердің аттестаттау тәртібін зерделеу, аттестаттауды бекітудің, жариялау мен жүргізудің соңғы мерзімдерін белгілеу;
барлық деңгейдегі командирлермен (бастықтармен), кадрлар және жасақтау органдарының офицерлерімен, аттестаттау комиссияларының төрағаларымен және мүшелерімен алдағы аттестаттау мәселелері бойынша сабақтар өткізу;
аттестаттаудың егжей-тегжейлі схемасын әзірлеу, оны тиісті командирлердің (бастықтардың) бекітуі және басшылыққа алу және әскери қызметшілердің назарына жеткізу үшін әскери бөлімдерге (мемлекеттік мекемелерге) тарату;
аттестаттау парақтарының бланкілерін, аттестаттаушыларға жадуалдар мен басқа да әдістемелік құралдарды дайындау және тарату;
әскери кеңестерде, басшылық құрамның кеңестерінде аттестаттауға дайындалу және оны өткізу барысын, сондай-ақ аттестаттау тұжырымдарын іске асыру бойынша міндеттерді қоюмен аттестаттау қорытындыларын талқылау.
144. Аттестатталушының тікелей бастығы, басқа да лауазымды адамдар:
1) әскери қызметшілерді аттестаттаудың қолданыстағы тәртібін зерделеуге;
2) аттестатталушының кәсіби, іскерлік және моральдық қасиеттерін жан-жақты зерделеуге:
аттестатталатын әскери қызметшінің атқаратын лауазымы бойынша нақты жұмыс көрсеткіштерін, ол басшылық жасайтын бөлімшедегі (бөлімдегі, құрамадағы, бірлестіктегі) немесе ол жауап беретін жұмыс учаскесіндегі істің жай-күйін талдауға және бағалауға;
аттестатталушының жұмыс көрсеткіштерін және жеке қасиеттерін жан-жақты зерделеу негізінде оған мінездеме беруге және аттестаттау бойынша алдын ала қорытындылар тұжырымдауға;
3) қарамағындағы адамға үлгілік нысан бойынша баспа түрінде аттестаттау парағының екі данасын толтыруға міндетті. Қажет болған жағдайда уәкілетті органның бірінші басшысы даналардың өзге де санын айқындауы мүмкін;
4) аттестаттау парағын толтырған кезде аттестатталушы кәсіби даярлығының деңгейін, жеке басының қасиеттерін, тәртіптілігін, денсаулық жағдайын және басқа да жеке және кәсіби қасиеттерін сипаттауға міндетті.
Аттестаттау қорытындылары бойынша тұжырымда аттестатталушының атқаратын лауазымға сәйкес келетіні немесе сәйкес келмейтіндігі көрсетіледі, одан кейін кәсіби, іскерлік, моральдық және психологиялық қасиеттерін, жұмыс тәжірибесін, қабілеттері мен бейімділігін, сондай-ақ қызмет мүдделерін назарға ала отырып, оны бұдан әрі қызметте анағұрлым орынды пайдалану туралы пікір жазылады.
Бұл ретте мынадай ұсынымдар берілуі мүмкін:
жаңа келісімшарт жасасудың орындылығы туралы;
жоғары лауазымға ұсыну туралы;
әскери оқу орындарына оқуға немесе даярлық курстарына жіберу туралы;
тең лауазымға ауыстыру туралы (қай лауазымға ауыстыру орынды және ауыстыру себептері);
ауыстыру дәлелдерін көрсете отырып, басқа әскери лауазымға (командалық, штабтық, оқытушылық немесе басқа) ауыстыру туралы;
ауыстыру себептерін көрсете отырып, әскери қызметшіні жоғары лауазымнан төменге ауыстыру туралы;
әскери қызметтен және қандай негіз бойынша шығару туралы.
Қажет болған жағдайда уәкілетті органның бірінші басшысы аттестатталатын әскери қызметшіге берілетін ұсынымдардың өзге тұжырымын айқындайды.
145. Кезектен тыс аттестаттау қорытындылары бойынша аттестаттау комиссиясы Заңның 22-1-бабында айқындалған мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және жоғары лауазымға жоғарылатуға ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және ротациялауға ұсынылады;
5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және шығаруға ұсынылады.
Кәсіби жарамдылығын айқындау жөніндегі нормативтерді тапсыра алмаған және тестілеуден шектеу мәнінен төмен баға алған жағдайда аттестаттау комиссиясы осы тармақтың 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмеген әскери қызметшілер Заңда белгіленген тәртіппен шығарылуға ұсынылады.
Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) өзге лауазымдарда, оның ішінде төмен лауазымдарда әскери қызмет өткеруді жалғастырудан бас тартқан әскери қызметшілер Заңда белгіленген тәртіппен шығарылуға тиіс.
146. Жүктілігі және бала күтімі бойынша демалысы кезеңінде әскери қызметші әйелдер аттестатталуға жатпайды. Олар әскери қызметке шыққаннан кейін алты ай өткен соң және бір жылдан кешіктірмей аттестаттаудан өтеді.
147. Әскери қызметшіге жасалған аттестаттау материалы аттестаттау комиссиясының қарауына жатады.
Аттестаттау комиссиясы қажет болған жағдайларда отырысқа аттестатталушы әскери қызметшілерді, сондай-ақ аттестатталушы әскери қызметшілер қарамағында болатын тиісті командирлерді (бастықтарды) шақырады.
148. Бекітілген аттестаттаулар аттестатталған әскери қызметшілерге хабарланады және олардың назарына қолын қойғызып жеткізіледі.
149. Халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген әскери қызметшілерді аттестаттау тәртібін уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайды.
29. Аттестаттау комиссиялары
150. Аттестаттау комиссиясы (Жоғары аттестаттау комиссиясы) тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады және тиісті командирге (бастыққа) есеп береді.
Жоғары аттестаттау комиссиясы уәкілетті органда басшының шешімімен құрылады.
Аттестаттау комиссиялары әскери бөлімдерде (мемлекеттік мекемелерде) әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімімен құрылады, ол бұйрықпен жарияланады.
151. Аттестаттау комиссияларына уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілермен алғашқы келісімшарт жасасу мәселелерін де қарау жүктеледі.
Жекелеген әскери қызметшілердің әскери қызмет өткеру мәселесін қарауды аттестаттау комиссиялары белгіленген жағдайларда тиісті әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімі бойынша жүргізеді.
30. Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану
152. Аттестаттау тәртібінің бұзылуына және объективті еместігіне шағым әскери қызметші аттестаттау нәтижелерімен танысқан күнінен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей тікелей бастығы арқылы (команда бойынша) әскери бөлімнің командиріне (мемлекеттік мекеменің басшысына) немесе сот тәртібімен берілуі мүмкін.
Әскери қызметшінің шағымы негізделген деп танылған жағдайда жаңа аттестаттау өткізіледі.
31. Сыныптық біліктілік
153. Әрбір әскери қызметшінің кәсіби шеберлігін дамытуды ынталандыру мақсатында уәкілетті органның бірінші басшысы белгілейтін тәртіппен сыныптық біліктілікті айқындау рәсімі жүргізіледі.
32. Әскери қызметшілерді әскери қызметтен шығару тәртібi
154. Әскери қызметшілерді әскери қызметтен шығару Заңның 26-бабында айқындалған негіздер бойынша жүргізіледі. Бұл ретте запасқа немесе отставкаға шығару лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес оған құқығы бар уәкілетті орган лауазымды адамының бұйрығымен жүргізіледі.
Әскери қызметшіні әскери бөлімнің тізімдерінен алу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде істері мен лауазымын тапсырғаннан кейін жүргізіледі.
Әскери қызметші демалыста, емделуде немесе қызметтік іссапарда болған жағдайда әскери бөлімнің тізімдерінен алу жүргізілмейді.
155. Заңның 26-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілерді мерзімінен бұрын шығару әскери-дәрігерлік комиссиясының қорытындысы, отбасы-мүліктік тексеру актісі мен қызметтен шығару жағдайларын растайтын басқа да құжаттар негізінде жүргізіледі.
156. Әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, келісімшарт мерзімінің аяқталуы немесе құрамын немесе штаттарды қысқартуға байланысты алдағы уақытта шығарылуы туралы әскери қызметшіні әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы немесе уәкілетті лауазымды адам) алдын ала (кемінде бір ай бұрын) жазбаша хабардар етеді.
Әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару туралы жеке құрам бойынша бұйрықтан үзінді оның мәліметіне қолын қойғызып жеткізіледі. Әскери қызметші әскери бөлімнен тыс жерде болған жағдайда бұйрықтан үзінді оның мәліметіне қайтып оралғаннан кейін жеткізіледі.
157. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіде әскери қызметтен шығару үшін бірнеше негіздер болған кезде Заңның 26-бабы 1-тармағының 11), 12), 13), 14) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол өзі таңдаған негіздер бойынша шығарылады.
158. Әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілер әскери қызметтен қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін шығарылады, бұл ретте:
1) офицерлер құрамы лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес уәкілетті лауазымды адамның бұйрығымен шығарылады;
2) мерзімді қызмет әскери қызметшілері Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде уәкілетті орган бірінші басшысының бұйрығымен шығарылады.
159. Әскери қызметшілерді денсаулық жағдайы бойынша шығару Әскери-дәрігерлік сараптама ережелеріне сәйкес әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде жүргізіледі.
Шығаруға ұсынымды (мерзімді қызмет әскери қызметшілері үшін - баянатты) ресімдеу әскери бөлім әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін жүргізіледі.
160. Құрамды немесе штаттарды қысқартуға байланысты шығару басқа әскери лауазымдарға тағайындау мүмкіндігі болмаған және әскери қызметші төмен лауазымға тағайындалудан бас тартқан жағдайда жүргізіледі.
161. Мемлекеттік органдарға (мекемелерге) мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты шығару мемлекеттік қызметшінің лауазымын көрсете отырып, әскери қызметшіні мемлекеттік қызметке қабылдау туралы мемлекеттік органның (мекеменің) тиісті хабарламасы келіп түскен кезде әскери қызметшінің баянаты бойынша жүргізіледі.
162. Әскери қызметшіні оған қатысты келісімшарт талаптарын елеулі және (немесе) жүйелі түрде бұзуға байланысты шығару әскери қызметшінің баянаты және өзге де растайтын құжаттар негізінде жүргізіледі. Әскери қызметшіні осы негіз бойынша шығарудан бас тартқан жағдайда әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын сақтау фактісін әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) құжатпен растауға тиіс.
163. Әскери қызметшіні отбасы жағдайлары бойынша шығару әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы, отбасы-мүліктік тексеру актісі және шығару жағдайларын растайтын басқа да құжаттар негізінде жүргізіледі.
164. Әскери қызметші Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған (тағайындалған) жағдайда, ол тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сайлау қорытындылары негізінде шығарылуға жатады.
165. Әскери қызметші судья лауазымына тағайындалған жағдайда оны тағайындау туралы тиісті актінің немесе оның тағайындалғаны туралы уәкілетті органның хабарламасы негізінде шығарылуға жатады.
166. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты әскери қызметшілерді шығару Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлығы күшіне енген күннен бастап лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес уәкілетті лауазымды адамның шешімімен не басқа мемлекет азаматтығының бар екенін растайтын құжаттарды ұсыну бойынша жүргізіледі.
167. Арнаулы тексеруден бас тартқан кезде шығару, егер әскери қызметші өзіне қатысты арнайы тексеру жүргізуден бас тартқан немесе егер арнайы тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік құпияларға рұқсаттаманы ресімдеуге кедергі келтіретін жағдайлар анықталған жағдайда әскери қызметшіге мемлекеттік құпияларға рұқсаттаманы ресімдеуді талап етпейтін лауазымға тағайындау мүмкін болмаған кезде жүргізіледі.
168. Әскери қызметшілерді теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығару:
1) әскери қызметшіге әскери қызметі бойынша шектеу және гауптвахтада ұстау түріндегі жазаларды қоспағанда, қылмыстық, оның ішінде шартты түрде жаза тағайындау туралы сот үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты - бөлімге келіп түскен сот үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім негізінде;
2) ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатуға байланысты - бөлімге келіп түскен сот үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім немесе қылмыстық қудалау органының прокурор бекіткен қаулысы негізінде;
3) әскери атағынан айыруға байланысты - заңды күшіне енген соттың үкімі негізінде, ал жоғары офицерлер құрамының адамдары үшін - әскери атағынан айыру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы келіп түскен кезде;
4) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйге ұшырататын заттарды тұтынуына байланысты - медициналық куәландыру актісі қоса берілген қызметтік тексеру қорытындысы негізінде;
5) денсаулық жағдайы бойынша және отбасы жағдайлары бойынша шығарылған жағдайларды қоспағанда, әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылуына байланысты - шығару туралы бұйрық негізінде;
6) әскери қызметші келісімшарттың талаптарын жүйелі түрде бұзған жағдайда - осы Қағидаларға сәйкес әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) аттестаттау комиссиясы осы фактілерді қарағаннан кейін;
7) әскери қызметшінің ауыр салдарға әкеп соқтырған қауіпсіздік, оның ішінде өрт қауіпсіздігі шараларын не қызметтік көлікте жол жүру қауіпсіздігін бұзуына байланысты - бөлімге келіп түскен сот үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім негізінде;
8) әскери қызметшінің қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелсіз себептермен қызметте болмауына байланысты - қызметтік тексеру қорытындысы негізінде;
9) ақшалай қаражатпен немесе әскери мүлікпен тікелей жұмыс істейтін әскери қызметшінің кінәратты әрекеттер жасауына байланысты, егер бұл әрекеттер командир (бастық) тарапынан оған сенімді жоғалту үшін негіз болса - қызметтік тексеру қорытындысы негізінде;
10) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің, оларды тасымалдағыштардың жариялануына немесе жоғалтуға әкеп соқтырған құпиялылық режимді қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптарды бұзуға байланысты - бөлімге келіп түскен сот үкімі және оның заңды күшіне енуі туралы өкім негізінде жүргізіледі.
169. Аттестаттау қорытындылары бойынша қызметі бойынша сәйкес еместігі анықталған әскери қызметшілерді шығару тиісті командир (бастық) бекіткен аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.
170. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен шығару төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда ол қолданылған кезеңге тоқтатыла тұрады.
171. Әскери қызметшіні әскери қызметтен шығару күні оны әскери бөлім (мемлекеттік мекеме) бойынша бұйрықпен бөлім жеке құрамының тізімдерінен шығарған күн болып саналады.
172. Әскери қызметтен шығарылған адамдардың тиісті бұйрықтан үзінді көшірмелермен жазбаша танысқан күннен бастап үш айдан кешіктірмей, шығару туралы шешімге жоғары тұрған қолбасшылық алдында не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
173. Заңның 26-бабы 1-тармағының 13), 14) тармақшасының негіздері бойынша шығарылған адамдардан басқа, Қарулы Күштерде 25 және одан көп жыл (күнтізбелік есеппен) мінсіз қызмет өткерген азаматтарға запасқа немесе отставкаға шыққан кезде әскери киім нысанын киіп жүруге рұқсат етіледі.