15. Әскери атақ беру
85. Әскери атақтар әскери қызметшілерге дербес беріледі. Әскери атақ алғашқы немесе кезекті болуы мүмкін.
86. Әскери қызметшілерге:
1) жоғары офицерлер құрамының әскери атақтарын - уәкілетті орган бірінші басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы;
2) полковник (бірінші дәрежелі капитан) әскери атағын - уәкілетті органдардың бірінші басшылары;
3) өзге де әскери атақтарды - лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындаған лауазымды адамдар береді.
87. Әскери міндеттілерге офицерлер құрамының әскери атақтарын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі береді.
88. Алғашқы әскери атақтар:
1) офицерлер құрамы үшін - лейтенант;
2) сержанттар (старшиналар) құрамы үшін - кіші сержант (екінші сатылы старшина);
3) сарбаздар (матростар) құрамы үшін - қатардағы жауынгер (матрос) болып саналады.
89. «Лейтенант» әскери атағы:
1) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білім беру бағдарламасы бойынша жоғары әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтаған әскери қызметшіге;
2) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, оқыған елдің заңнамасына сәйкес оқу бағдарламасы оқуды аяқтағаннан кейін офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын беруді көздейтін шетел мемлекетінің жоғары әскери оқу орнын аяқтаған әскери қызметшіге;
3) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған және белгіленген емтихандарды тапсырған азаматқа - жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін;
4) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар және запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған, штат бойынша офицерлер құрамының әскери атағы көзделген әскери лауазымға келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген азаматқа (немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерушіге) - тиісті әскери лауазымға тағайындалған кезде;
5) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар, штат бойынша офицерлер құрамының әскери атағы көзделген әскери лауазымға келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген азаматқа (әскери қызметшіге) - тиісті әскери лауазымға тағайындалған кезде, бірақ офицерлер лауазымдарында үздіксіз бір жыл әскери қызмет өткергеннен кейін;
6) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар әскери міндеттіге - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітетін жетіспейтін мамандықтар тізбесіне сәйкес жұмылдыру жоспары бойынша әскери бөлімнің офицерлер лауазымына тіркелген жағдайда запастағы офицерлерді даярлау бойынша әскери жиындарды аяқтағаннан кейін, бірақ оқу орнын аяқтаған соң бір жыл өткеннен кейін беріледі.
90. Офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген уәкілетті органның бірінші басшысы береді.
91. «Қатардағы жауынгер» («матрос») әскери атағы әскери атағы жоқ азаматтарға:
1) әскерге шақырылған немесе келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген кезде;
2) запасқа қойылған кезде;
3) орта техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданған кезде беріледі.
92. «Ефрейтор» («аға матрос») әскери атағы олар үшін әскери лауазымдар тізбесінде тиісті әскери атақтар көзделген лауазымдарға тағайындау кезінде мамандығын табысты меңгерген қатардағы жауынгерлер мен матростарға, бірақ алты ай өткеннен кейін беріледі.
93. «Кіші сержант» («екінші сатылы старшина») әскери атағы техникалық және кәсіптік орта білім деңгейі бойынша әскери оқу орнын аяқтаған әскери қызметшілерге беріледі.
94. «Кіші сержант» («екінші сатылы старшина») әскери атағы және кейінгілері қажетті деңгейде даярлығы мен білімі бар, тиісті лауазымдарға тағайындалған әскери қызметшілерге уәкілетті органның бірінші басшысы айқындаған тәртіппен беріледі.
95. Егер әскери қызметші әскери лауазымдар тізбесінде тең немесе анағұрлым жоғары әскери атақ көзделген әскери лауазымды атқаратын болса, бұрынғы әскери атағында еңбек сіңірген мерзімі аяқталғаннан кейін оған кезекті әскери атақ беріледі.
96. Осы Қағидалардың 89-тармағының 4), 5) тармақшаларына сәйкес кезекті әскери атақ, сондай-ақ офицерлер құрамының алғашқы әскери атағын беруге алынбаған тәртіптік жазасы бар болған кезде, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған, әскери қызмет бойынша шектеуге сотталған, сондай-ақ тиісті командирлердің (бастықтардың) қарамағында тұрған (оның ішінде бос немесе бос емес лауазымдар бойынша міндеттерді уақытша атқарған кезде) әскери қызметшілер ұсынылмайды.
97. Әскери атақтарда еңбек сіңірген мерзім әскери атақ берілген күннен бастап есептеледі.
Сот үкімімен әскери қызметі бойынша шектеу түрінде жаза тағайындалған әскери қызметшілерге жаза мерзімі, сондай-ақ гауптвахтада ұстау түрінде жазаны өтеу уақыты кезекті әскери атақ беру үшін еңбек сіңірген жылдары мерзіміне есептелмейді.
98. Әскери оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша адъюнктурада, магистратурада, докторантурада оқитын әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар осы әскери атақтарда белгіленген еңбек сіңірген мерзімі өткеннен кейін және берілетін атақ оқуға түсер алдында олар атқарған әскери лауазым үшін әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери атаққа сәйкес келген жағдайда беріледі.
99. Әскери борышын үлгілі орындайтын, жауынгерлік кезекшілікті атқару немесе әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жоғары кәсіби шеберлік пен ынта-жігер танытқан әскери қызметшілерге кезекті әскери атақ мерзімінен бұрын берілуі мүмкін, бірақ олар атқаратын әскери лауазымдар бойынша әскери лауазымдар тізбесінде көзделген әскери атақтан жоғары болмайды.
Мерзімінен бұрын әскери атақ әскери атақтағы белгіленген еңбек сіңірген мерзімінің кемінде жартысы өткеннен кейін және берілетін атақ әскери лауазымдар тізбесі бойынша әскери атаққа сәйкес келген кезде беріледі, бірақ әскери қызмет өткерген кезеңде екі реттен артық берілмейді.
100. Оқытушылық, ғылыми қызметті жүзеге асыратын және ғылыми дәрежесі бар офицерлер құрамының әскери қызметшілеріне, сондай-ақ емдеу қызметін жүзеге асыратын медициналық мамандықтары бар офицерлерге кезекті әскери атақ полковникке дейінгіні қоса алғанда, атқаратын әскери лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір саты жоғары берілуі мүмкін.
101. Әскери қызметі бойынша шектеу түрінде жазасын өтеген уақытта әскери қызметшіге кезекті әскери атақ және офицерлер құрамының және сержанттар (старшиналар) құрамының алғашқы әскери атағы берілмейді.
102. Әскери міндеттіге кезекті әскери атақ ол үшін әскери лауазымдар тізбесінде тең немесе анағұрлым жоғары әскери атақ көзделген лауазымда әскери жиындардан өткеннен кейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі белгілеген тәртіппен беріледі.
103. Мамандығы бойынша даярлығы жоғары әрі жұмыс тәжірибесі мол және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік басшылық лауазымын атқаратын, Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған (тағайындалған), олар үшін Қарулы Күштерге әскерге шақырудан жұмылдыру бойынша броньдау көзделген запастағы офицерлерге запас бойынша кезекті әскери атақ Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі белгілеген тәртіппен әскери жиындардан өтуіне қарамастан берілуі мүмкін.
104. Мамандығы бойынша даярлығы жоғары әрі жұмыс тәжірибесі мол және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мемлекеттік басшылық лауазымын атқаратын, Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған (тағайындалған), олар үшін Қарулы Күштерге әскерге шақырудан жұмылдыру бойынша броньдау көзделген адамдарды қоспағанда, запастағы офицерлерге «запастағы полковник» кезекті әскери атағы соғыс жағдайы енгізілген кезде осы Қағидаларға сәйкес беріледі.
16. Әскери атағын төмендету, одан айыру және әскери атағын қалпына келтіру
105. Әскери қызметшілерді әскери атағында бір сатыға төмендету, оларды әскери атағынан айыру және әскери атағын қалпына келтіру былайша жүргізіледі:
1) жоғары офицерлер құрамын - Қазақстан Республикасының Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы;
2) офицерлер құрамын (жоғары офицерлер құрамынан басқа) - уәкілетті органның бірінші басшысы;
3) өзге де әскери атақтарды - лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес бір сатыға төмендетуі мүмкін.
Қылмыс жасаған әскери қызметшілер (әскери міндеттілер) әскери қызметшіге әскери атағынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалған, заңды күшіне енген сот үкімі бойынша әскери атағынан айырылады.
Жоғары офицерлер құрамының әскери атақтарынан басқа, әскери қызметшілерді әскери атағында бір сатыға төмендету, оларды әскери атағынан айыру және әскери атағын қалпына келтіру жеке құрам бойынша бұйрықпен, әскери міндеттілердікі - жергілікті әскери басқару органы бастығының тиісті бұйрығымен ресімделеді.
106. Әскери атағы бір сатыға төмендетілген әскери қызметшінің бұрынғы әскери атағын қалпына келтіру атқаратын штаттық лауазымына қарамастан, төмендетілген күнінен бастап алты айдан ерте емес үлгілі тәртібі болған және қызметін адал атқарған кезде жүргізіледі. Бұл ретте әскери қызметшілердің төмендетілген әскери атақта болу уақыты қалпына келтірілген әскери атағындағы еңбек сіңірген мерзіміне есептелмейді. Әскери атағын қайта төмендетуге жол берілмейді.
107. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін, әскери атағы «кіші сержант» («екінші сатылы старшина») әскери атағына дейін төмендетілген офицерлер тиісті құрамның лауазымдарына бір уақытта тағайындала отырып, сержанттар (старшиналар) құрамына ауыстырылады және мерзімді қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін қызмет өткереді.
Тағайындау әскери қызметшінің әскери атағы төмендетілер алдында тікелей атқарған лауазымына тағайындау құқығы лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес берілген уәкілетті лауазымды адамның жеке құрам бойынша бұйрығымен жүргізіледі. Шығару мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері үшін айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
108. Офицерлер құрамының немесе сержанттар (старшиналар) құрамының әскери атағынан айырылған әскери қызметші (әскери міндетті) «қатардағы жауынгер» әскери атағымен сарбаздар (матростар) құрамының әскери есебіне ауыстырылады.
109. Әскери атағынан айырылған адамға, жоғары офицерлер құрамын қоспағанда, тек соттың ақтау үкімі шыққан немесе ақтайтын негіздемелер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайларда әскери атағы қалпына келтіріледі. Жоғары офицерлер құрамының әскери атағынан айырылған адамға әскери атағы Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша қалпына келтіріледі.
17. Демалыс түрлерi
110. Әскери қызметшілерге:
1) жыл сайынғы негізгі;
2) отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді;
3) жүктілігі және бала тууы бойынша, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуы бойынша;
4) қосымша;
5) каникулдық;
6) оқу;
7) шығармашылық;
8) науқастануы бойынша;
9) көтермелеу түрінде қысқа мерзімді (тек мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері үшін) демалыстар беріледі.
111. Демалыстар әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) бұйрығы негізінде беріледі.
112. Демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
113. Әскери қызметшілер демалыс өткізу орнына келгеннен кейін әскери есепке алуды жүргізетін органдарда әскери есепке тұрады.
114. Демалыстардың барлық түрінде болған кезеңде (жүктілігі және бала тууы бойынша демалыста, олар үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болуды қоспағанда) әскери қызметшілердің ақшалай үлесі сақталады.
18. Жыл сайынғы негізгі демалыс беру
115. Жыл сайынғы негізгі демалыстар әскери қызметшілерге оларды пайдалану кезеңдерін кезектестіруді, сондай-ақ әскери бөлімді жауынгерлік әзірлікте ұстауды ескере отырып және демалыстар кестесіне сәйкес жылдың кез келген уақытында беріледі. Демалыстар кестесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеңілдіктерді пайдаланатын әскери қызметшілердің санаттарын ескере отырып, әрбір күнтізбелік жылға жасалады және барлық әскери қызметшілердің назарына жеткізіледі.
Әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) таратылуын қоспағанда, демалыс уақытында әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) бастамасы бойынша әскери қызметші ауыстырылмайды және шығаруға жол берілмейді.
116. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге берілетін жыл сайынғы негізгі демалыстың ұзақтығы Заңның 46-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес айқындалады. Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілеріне берілетін демалыс ұзақтығы келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер үшін белгіленген тәртіппен айқындалады.
117. Әскери қызметшінің келісімшарт (әскерге шақыру) бойынша әскери қызметке кірген жылы және шығарылған жылы жыл сайынғы негізгі демалысының ұзақтығы жыл сайынғы демалыс ұзақтығын он екіге бөлу және алынған тәулік санын әскери қызметке кірген немесе шығарылған жылы әскери қызметтің толық ай санына көбейту жолымен (берілетін демалысты ескере отырып) белгіленеді.
Жүктілігі және бала тууы бойынша демалыстың алдында немесе тікелей одан кейін не олар үш жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша демалыс аяқталғаннан кейін әскери қызметші әйелге оның қалауы бойынша жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі.
118. Әскери қызметке кірген немесе шығарылған жылы жыл сайынғы негізгі демалыстың толық емес тәулік санын жинақтау арттыру жағына қарай жүргізіледі. Әскери қызметшіні әскери қызметтен уақытында шығару (әскери бөлім жеке құрамының тізімдерінен алу) мүмкін болмаған жағдайда оны шығарған күні толық пайдаланылмаған жыл сайынғы негізгі демалыс уақытының есебі әскери қызметшіге ұсыныла отырып жүргізіледі. Егер демалыс бұдан бұрын демалыстар кестесіне сәйкес пайдаланылмаған болса, мерзімінен бұрын шығару кезінде (келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін) әскери қызметшінің жыл сайынғы негізгі демалысының ұзақтығы осындай тәртіппен есептеледі.
119. Әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтаған әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыс күнтізбелік есептеумен ұзақтығы еңбек сіңірген жылдарына байланысты көрсетілген оқу орнын аяқтағаннан кейін беріледі.
120. Әскери қызметшілердің жыл сайынғы негізгі демалысының ұзақтығы демалысты өткізу орнына дейін барып-қайту үшін қажетті уақытты ескере отырып, тәулік санына арттырылады. Егер әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыс бөлініп берілсе, онда демалысты өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті уақыт бір рет беріледі.
121. Әскери қызметшінің баянаты және әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімі бойынша әскери қызметшіге жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстарды олардың арасын үзбей бірінен кейін бірін беруге жол беріледі.
122. Өткен жыл үшін жыл сайынғы негізгі және (немесе) қосымша демалыстар келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіге дәлелді себептермен берілмеген болса, демалыс келесі жылы оның баянаты бойынша демалысты өткізу орнына барып-қайту уақыты ескеріле отырып беріледі.
Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін, жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстарды дәлелді себептермен пайдаланбаған офицерге көрсетілген демалыстар соңғы берілген демалыстар аяқталғаннан кейінгі келесі күні бұл ретте оны әскери бөлімнің тізімдерінен ала отырып, әскери қызметтен шығару кезінде беріледі.
123. Жыл сайынғы негізгі немесе қосымша демалыстар уақытында (кейіннен әскери бөлімнің тізімдерінен ала отырып, шығару жылын қоспағанда) науқастанған әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі немесе қосымша демалыс, отбасы жағдайлары бойынша демалыстан басқа, науқастанған күндерінің тиісті санына ұзартылады. Бұл жағдайда демалысты ұзартуды әскери немесе ол болмаған кезде мемлекеттік емдеу-алдын алу мекемесінен алынған анықтама негізінде әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) жүзеге асырады.
124. Әскери қызметші отбасы мүшесінің, жақын туысының, жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының денсаулығы нашарлаған немесе қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, сондай-ақ демалыста жүрген әскери қызметшінің отбасы мүшелері, жақын туыстары, жұбайының (зайыбының) жақын туыстары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған кезде әскери қызметші демалыста жүрген аумақтағы жергілікті әскери басқару органы бастығының әскери қызмет өткеру орнына бару үшін қажетті уақытты есептемей, демалысты он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуға құқығы бар.
Демалысты ұзартқаны туралы жергілікті әскери басқару органының бастығы көрсетілген әскери қызметші әскери қызмет өткеретін әскери бөлімнің командирін (мемлекеттік мекеменің басшысын) дереу хабардар етеді.
19. Отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыс беру
125. Отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыс әскери қызметшілерге:
бес тәулікке дейін:
1) әскери қызметші некесін тіркеген;
2) әскери қызметшіде бала туылған жағдайларда;
он тәулікке дейін:
1) әскери қызметші жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының, әскери қызметші жұбайының (зайыбының) жақын туыстарының денсаулығы нашарлаған немесе қайтыс болған (қаза тапқан);
2) әскери қызметшінің жақын туыстары, әскери қызметші жұбайының (зайыбының) жақын туыстары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған жағдайларда беріледі.
Осындай демалыс берілген жағдайлар құжатпен расталуға тиіс. Әскери қызметшіге берілетін отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыстың ұзақтығы демалысты өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті тәулік санына арттырылады.
20. Жүктілігі және бала тууы бойынша демалыс, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әскери қызметшілерге демалыс беру
126. Әскери қызметші әйелдерге жүктілігі және бала тууы бойынша демалыс бала туғанға дейін ұзақтығы күнтізбелік жетпіс күн және бала туғаннан кейін күнтізбелік елу алты (ауыр босанған немесе екі немесе одан көп бала туған жағдайда - жетпіс) күн беріледі. Есептеу жиынтықталып жүргізіледі және босанғанға дейін нақты пайдаланылған күндердің санына қарамастан демалыс толық беріледі.
Көрсетілген демалыс әскери қызметшілерге тиісті медициналық мекеме берген уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде беріледі.
127. Тікелей перзентханадан жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әскери қызметшіге ұл баланы (қызды) асырап алған күннен бастап және бала туған күннен бастап елу алты күн өткенге дейінгі кезеңге (ата-анасының біреуіне) демалыс беріледі.
21. Қосымша демалыстар беру
128. Әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша демалыстар беріледі.
Бұл ретте қосымша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы негізгі демалыс есебіне қосылмайды.
129. Қосымша демалыстар әскери қызметке кірген немесе шығарылған жылы әскери қызметшілерге толық көлемде беріледі.
130. Депутаттыққа кандидат ретінде белгіленген тәртіппен тіркелген әскери қызметшіге, әскери қызметші кандидат ретінде тіркелген күннен бастап және сайлау нәтижелері ресми жарияланған күнге дейін оның қалауы бойынша демалыс беріледі.
131. Радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты лауазымдарда қызмет өткеретін, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға және радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты объектілерде авария салдарларын жою жөніндегі жұмыстарға уақытша тартылатын әскери қызметшілерге олардың баянаты бойынша ұзақтығы жылына он екі тәулікке дейін қосымша демалыс беріледі. Демалыс өткен кезеңнің нақты жұмыс істеген уақытына қосымша демалыс беру үшін қосымша демалыс ұзақтығын он екіге бөлу және шыққан тәулік санын көрсетілген лауазымдардағы қызметтің немесе көрсетілген жұмыстарды орындаудың толық айлар санына көбейту жолымен барабар есептеліп беріледі.
Қосымша демалыстың ұзақтығы (күнтізбелік күндерде) оларда жұмыс істеу еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін қосымша демалысқа құқық берілетін Өндірістер, цехтар, мамандықтар мен лауазымдар тізімінде, ауыр жұмыстар, зиянды (аса зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайындағы жұмыстар тізбесінде (бұдан әрі - Тізім) айқындалады.
Әскери қызметшілер жыл бойы олар үшін Тізімде ұзақтығы әртүрлі қосымша демалыс көзделген әртүрлі лауазымдарда әскери қызмет өткерген жағдайларда демалыс Тізімде белгіленген осы лауазымдар бойынша қосымша демалыстың ұзақтығын қосу жолымен әрбір лауазым бойынша зиянды еңбек жағдайларында нақты еңбек еткен уақытқа барабар беріледі.
Лауазымдары Тізімге енбеген, бірақ жекелеген уақыт кезеңдерінде зиянды еңбек жағдайлары бар тиісті жұмысты орындайтын әскери қызметшілерге қосымша демалыс Тізімде лауазымдары көзделген әскери қызметшілерге берілетін негіздерде беріледі.
132. Жауынгерлік іс-қимылдарға, терроризмге қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге және барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындауға қатысатын Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының әскери қызметшілеріне Заңның 49-бабына сәйкес қосымша демалыс беріледі.
133. Әскери қызметшіге:
1) ата-аналардың таңдауы бойынша - баланың анасына не әкесіне;
2) ата-анасының біріне - баланы жалғыз тәрбиелеп отырған;
3) іс жүзінде баланы тәрбиелеп отырған әжесіне, атасына, басқа туысына немесе қамқоршысына;
4) жаңа туылған ұл (қыз) баланы (балаларды) асырап алған әскери қызметшіге оның баянаты бойынша бала үш жасқа толғанға дейін оған күтім жасауға байланысты қосымша демалыс беріледі.
Қосымша демалыс уақытында әскери қызметшінің әскери лауазымы сақталады.
22. Каникулдық демалыстар беру
134. Әскери оқу орындарында (әскери факультеттерде) күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын әскери қызметшілерге оқу сабақтарындағы үзілістер уақытында мынадай мерзімге каникулдық демалыстар беріледі:
1) қысқы демалыс - 14 тәулік;
2) жазғы демалыс - 30 тәулік.
Каникулдық демалыстарды өткізу орнына барып-қайту үшін қажетті уақыт берілмейді.
23. Оқу демалыстарын беру
135. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге сынақтар мен емтихандарға дайындалу және оларды тапсыру, диплом жұмысын (жобасын) қорғау үшін, сондай-ақ курстарда оқу немесе тіл дайындығынан өту кезеңінде оқу демалыстары беріледі.
136. Оқу кезеңіндегі оқу демалыстарының ұзақтығы:
1) жоғары оқу орындарында - бір айдан аспайды;
2) тіл үйрену дайындығынан өту кезіндегі курстарда - уәкілетті органның оқу жоспарларына сәйкес белгіленеді.
Оқу демалысын оқу орнының жазбаша шақыртуы немесе оқуға жіберу туралы бұйрық негізінде әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) береді.
24. Шығармашылық демалыстар беру
137. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін, ғылыми дәреже ізденушісі болып табылатын әскери қызметшіге қызметтік істерін ғылыми жұмыспен табысты үйлестірген жағдайда ол ғылыми дәреже ізденушісі болып табылатын ғылыми кеңестің ұсынымы бойынша әскери бөлім командирінің (мемлекеттік мекеме басшысының) шешімімен жалпы ұзақтығы екі айға дейінгі шығармашылық демалыстар беріледі.
25. Науқастануы бойынша демалыстар беру
138. Науқастануы бойынша демалыс әскери қызметшіге Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде беріледі.
Науқастануы бойынша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстар есебіне кірмейді.
26. Әскери қызметшіні демалыстан шақыртып алу
139. Әскери қызметші жұмылдыру, әскери немесе төтенше жағдай жарияланған жағдайда, соғыс уақытында немесе қызметтік қажеттілік жағдайында уәкілетті органның бірінші басшысы айқындаған тәртіппен жыл сайынғы негізгі демалыстан шақыртып алынуы мүмкін.
27. Аттестаттау мақсаттары мен міндеттерi
140. Аттестаттау - әскери қызметшілердің кәсіби даярлығы деңгейін айқындау бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын рәсім, ол аттестаттау парағына енгізілетін бағалау материалдарының жиынтығы негізінде жүргізіледі.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді кезектен тыс аттестаттау Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша жүргізіледі.
Аттестаттау мақсаты - әскери қызметшілердің қызметтік істерін, кәсіби құзыреттілігін жан-жақты және объективті бағалау, сондай-ақ кәсіби әлеуетін ұтымды пайдалану және дамыту.