ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 895 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2017.07.04. № 181 Қаулысымен үлгілік қағидалары жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген
Орта білім беру (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) ұйымдары қызметінiң
үлгілік қағидалары
(2017.07.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Орта білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарын қоспағанда, олардың меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар (бұдан әрі - білім беру ұйымдары) қызметінің тәртібін айқындайды.
2. Білім беру ұйымдарының негізгі міндеттері:
1) білікті жеке тұлғаны қалыптастыруға және дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын меңгеру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдайлар жасау;
2) білім алушылардың тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көзделген базистік ғылыми негіздерді алуын қамтамасыз ету;
3) жеке тұлғаның шығармашылық, рухани және дене бітімі мүмкiндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру;
4) азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттiк рәміздерді және мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қадірлеуге, Конституцияға және қоғамға қайшы келетін кез келген көріністерге төзбеушілікке тәрбиелеу;
5) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке тұлғаны тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне араласу қажеттілігін, жеке тұлғаның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру;
6) отандық және әлемдік мәдениет жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында тұратын басқа да ұлттардың тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу.
3. Білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.
4. Лицензиялау рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
5. Жеке тұлғаның қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұнына, білім берудің әрбір деңгейін алуға қол жеткізу жағдайларының жасалуына қарай оқыту күндізгі, сырттай, кешкі, экстернат және ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдар (балалар) үшін қашықтықтан оқыту нысандарында жүзеге асырылады.
6. Мемлекет инклюзивті білім беру мақсаттарын іске асыра отырып, білім берудің барлық деңгейлерінде ерекше білім беру қажеттілігі бар азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.
7. Денсаулық жағдайы бойынша ұзақ уақыт білім беру ұйымдарына бара алмайтын азаматтар үшін үйде немесе стационарлық көмек көрсететін, сондай-ақ қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту ұйымдарында тегін жеке оқыту ұйымдастырылады.
8. Ақылы білім беру қызметтерін іске асыратын мемлекеттiк емес білім беру ұйымдарында білім алушының, оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өзара қарым-қатынастары оқу мерзімін, оқу үшін төлем мөлшерін, өзге де жағдайларды айқындайтын шартпен реттеледі
9. Он алты жасқа дейінгі балаларды білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымын мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.
Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешім қорғаншылық және қамқоршылық ұйымдарының келісімімен қабылданады.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарынан шығарылған балалардың жалпы орта білім алуы түзеу мекемелері жанындағы жалпы білім беретін мектепте, кешкі және жекеменшік мектепте немесе экстернат нысанында жалғасады.
10. Қызметкер мен білім беру ұйымының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
2. Білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі
11. Оқушылар, педагог қызметкерлер, оқушылардың ата-аналары немесе олардың өзге де заңды өкілдері білім беру процесінің субъектілері болып табылады.
12. Қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыларға білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар және мемлекеттік аттестатаудан өткен білім беру ұйымдары береді.
Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
13. Педагогтік қызметпен айналысуға тиісті бейіні бойынша арнайы педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдар жіберіледі
Білім беру ұйымдарындағы жұмысқа:
1) медициналық қарсы көрсетілімі бар;
2) психиатриялық және (немесе) наркологиялық диспансерде есепте тұратын адамдар;
3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген шектеулер негізінде жіберілмейді.
14. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленбеген білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
3. Білім беру процесі
15. Білім беру ұйымдары білім беру процесін орта білім беру деңгейлерінің: бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырады.
16. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң талпынысы мен алғырлығын: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған.
17. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке адамның өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады.
Жалпы білім беретін оқу бағдарламасы білім алушылардың бейін алды даярлығын қамтиды.
Әрбір пәннің мазмұнын зерделеу негізгі орта білім беру деңгейінде аяқталады.
18. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бейіндік оқытуды енгізе отырып саралау, интеграциялау және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді
19. Білім алушылардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерінiң мүдделерiн ескере отырып және жергiлiктi білім берудi басқару органдарымен келісу бойынша білім беру ұйымдарында инклюзивті сыныптар (бір сыныпта ерекше білім беру қажеттілігі бар екі баладан артық оқытылмауы тиіс) және (немесе) бұзушылық түрлері бойынша арнайы сыныптар ашылуы мүмкiн.
Инклюзивтік сыныптарда оқитын ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен ұсынымдары бойынша жалпы білім берудің оқу бағдарламасы немесе жеке бағдарлама бойынша білім алуы мүмкін.
Инклюзивтік және (немесе) арнайы сыныптарда оқитын ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін түзету сабақтарын арнайы педагогтер (дефектолог, олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог, логопед және басқалар) жүзеге асырады.
20. Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие процесі оқу жұмыс бағдарламаларына және оқу жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
21. Білім беру ұйымдарында қосымша білімнің білім беретін оқу бағдарламалары іске асырылады.
22. Білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастыру оқу жоспарының негізінде құрылады, жылдық күнтізбелік жұмыс оқу кестесімен және сабақтар кестесімен регламенттеледі.
23. Білім беру ұйымдары оқу жоспарының вариативтік компонентінің сағаттарын мектептен тыс жерде (мәдениет, спорт мекемелерінде, әскери объектілерде, зерттеу зертханаларында, өнеркәсіптік кәсіпорындарда және т.б.) өткізуге құқылы.
24. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақ режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитариялық қағидалар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде әзірленген білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады.
25. Білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдерді медициналық қамтамасыз ету ұйымдастырылады.
Білім беру ұйымдарындағы медициналық пункттердің ең шағын үй-жайлары медициналық қызметкердің кабинеті мен ем-шара кабинетін қамтиды.
26. Білім беру ұйымындағы сабақтар кестесін оның басшысы не оны алмастыратын тұлға бекітеді.
27. Сабақ кестесінде оқу сабақтарының күнделікті саны, ұзақтығы және реті көрсетіледі.
Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы мен белсенді демалуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзілістерді көздейді.
28. Білім беру ұйымдары білім алушылардың бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруін бақылау мақсатында оқушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүзеге асырады.
29. Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды жүзеге асыру және оларға аралық аттестаттау жүргізу нысандарын, тәртібін және мерзімділігін таңдауда дербес болады.
30. Білім беру ұйымдары өздерінің жарғыларында айқындалатын оқыту нысандарын, құралдарын және әдістерін дербес таңдайды.
31. Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етеді.
32. Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың тамақтану мәдениетін қалыптастыруды, оның ішінде үйлестірілген пайдалы тамақтану және табиғи, жаңа піскен өнімдерді тұтынуды насихаттау арқылы қамтамасыз етеді.
33. Педагог қызметкер жыл сайынғы медициналық тексеруден, сондай-ақ бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтеді.
Орта білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мемлекеттік білім беруді басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы тәртіппен бес жылда бір рет өткізеді.
4. Білім беру ұйымдарын басқару
34. Білім беру ұйымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, осы Қағидаларды және білім беру ұйымының жарғысын басшылыққа алады.
Білім беру ұйымын тікелей басқаруды оның басшысы жүзеге асырады.
35. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қамқоршылық кеңестің келісімімен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
36. Білім беру ұйымының басшысы:
1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражатын нысаналы пайдаланбағаны;
6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.
37. Білім беру ұйымдарында алқалы басқару органдары құрылады.