4-тармақта:
мынадай мазмұндағы 8-1) және 8-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«8-1) мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытуға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын, жан басына шаққандағы қаржыландыру және ата-ананың ақы төлеу мөлшерін бекiтедi;
8-2) аудандық әдістемелік кабинеттердің материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етеді;»;
19) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«19) облыстың жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің бірінші басшыларын тағайындайды;».
44. «Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды қолдау туралы» 2009 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 13-14, 61-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 14, 92-құжат):
1) 1-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган - жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;»;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) уәкілетті орган - жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;»;
2) 6-баптың 9) тармақшасы алып тасталсын;
3) мынадай мазмұндағы 6-1-баппен толықтырылсын:
«6-1-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган:
1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінің энергия беруші ұйымдардың электр немесе жылу желілеріне қосылуын бақылауды жүзеге асырады;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.».
45. «Босқындар туралы» 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 23, 116-құжат; 2010 ж., № 24, 149-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 2, 10, 13-құжаттар):
1) 6-бап мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) босқындар мәселелері бойынша жергiлiктi атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асырады;»;
2) 10-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде - көші-қон бақылауы пунктіне, ал мұндай пункт болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң бөлімшесіне жазбаша өтінішхат береді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункті болмаған кезде адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын мәжбүрлі түрде заңсыз кесіп өткен жағдайда, бір тәулік ішінде уәкілетті органға жүгінуге тиіс.».
46. «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 7, 27-құжат; № 24, 145-құжат; 2011 ж., № 1, 3-құжат; № 5, 43-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат;):
33-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Көрсетілген қаулының көшірмелері борышкерге назарға алу үшін және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің Шекара қызметiне орындау үшін жіберіледі.».
47. «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» 2010 жылғы 29 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 8, 40-құжат; № 24, 149-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 5, 41-құжат):
7-баптың 1-1) тармақшасы алып тасталсын.
48. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 12, 60-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; №12, 111-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 14-құжаттар; № 3, 21-құжат; № 4, 30-құжат; № 6, 46-құжат; № 8, 64-құжат; № 11, 80-құжат; № 15, 97-құжат; № 23-24, 125-құжат):
1) 27-баптың 19) тармақшасы алып тасталсын;
2) 35-баптың 10-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, темiржолдарды және гидроқұрылыстарды салу (реконструкциялау) және жөндеу кезiнде пайдаланылатын кең таралған пайдалы қазбаларға арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша жергiлiктi атқарушы органның жазбаша рұқсаты негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.»;
3) 113-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Елді мекендерді, өндірістік кешендерді және басқа да шаруашылық объектілерді жобалауға және салуға тиісті аумақтың жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органы аумақтық бөлімшесінің болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы қорытындысын алғаннан кейін ғана рұқсат беріледі.».
49. «Мемлекеттiк мүлiк туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2011 ж., № 5, 42-құжат; № 15, 118-құжат; № 16, 129-құжат; № 17, 136-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 11, 16-құжаттар; № 4, 30, 32-құжаттар; № 5, 41-құжат; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 95-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 2, 13-құжат):
184-баптың 4-тармағындағы «мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен және әлеуметтiк-экономикалық даму болжамында көрсетiлген бюджет параметрлерiне сәйкестiгi бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен» деген сөздер «, сондай-ақ әлеуметтiк-экономикалық даму болжамында көрсетiлген бюджет параметрлерiне сәйкестiгi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен» деген сөздермен ауыстырылсын.
50. «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 16, 127-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат):
1) 1-бапта:
мынадай мазмұндағы 20-1) тармақшамен толықтырылсын:
«20-1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі уәкілетті орган - құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;»;
23) және 24) тармақшалардағы «еңбек жөнiндегi» деген сөздер «халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 6-баптың 3-тармағының екінші бөлігіндегі «аумағында орналасқан», «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер тиісінше «аумағындағы», «ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 7-баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасындағы «шетелдiктер мен», «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органда» деген сөздер тиісінше «шетелдiктер және», «ішкі істер органдарында» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) мынадай мазмұндағы 8-1-баппен толықтырылсын:
«8-1-бап. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;
2) құзыреті шегінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
5) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«9-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті
Ішкі істер органдары:
1) құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, көшіп келушілердің паспорттарын тіркеу, олардың орын ауыстыру, сондай-ақ шетелдіктердің баруы үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) келу тәртібін, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру тәртібін айқындайды;
3) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуін есепке алудың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және ұлттық қауіпсіздік органымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының аумағындағы көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге виза береді;
5) шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады;
6) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келудің, Қазақстан Республикасынан кетудің, Қазақстан Республикасында болудың және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүрудің белгіленген қағидаларын сақтауын бақылайды;
7) заңсыз көшіп келудің жолын кесу жөнінде шаралар қолданады;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды;
9) көшіп келушілерге шекаралық аймаққа келу құқығын беретін құжаттарды ресімдейді;
10) шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру тәртібін айқындайды және рұқсаттар береді;
11) босқын мәртебесін беру туралы шешімдер қабылдайды;
12) Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдейді;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуіне рұқсаттар беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды;
14) Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады;
15) Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығаруды жүзеге асырады;
16) уақытша тұрғылықты жерге келген Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша болатын жері бойынша есепке қоюды жүзеге асырады;
17) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
6) 10-баптың 4) тармақшасындағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен және ұлттық қауiпсiздiк органымен» деген сөздер «ішкі істер және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«11-бап. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың халықтың көші-қоны мәселелері бойынша қызметін ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) халықтың көші-қоны саласында жергiлiктi атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асырады;
4) оралмандардың көшіп келу, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын, шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарды қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
5) оралмандардың көшіп келу, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын және шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарды облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана арасында бөледі;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп-қонушыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді;
7) көші-қон процестерін мониторингілеуді жүзеге асырады;
8) көші-қон процестерін реттеу және мониторингілеу саласында шаралар жүйесін әзірлейді;
9) оралман мәртебесін беру тәртібін айқындайды;
10) оралман мәртебесін беруден бас тарту туралы шағымдарды қарайды;
11) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары, уақытша орналастыру орталықтары қызметінің тәртібін айқындайды;
12) еңбекші көшіп-қонушылардың және этностық қазақтардың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады және ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік органының, Сыртқы істер министрлігінің тиісті ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
13) құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасының сақталуын бақылайды;
14) құзыреті шегінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
8) 13-баптың 4) тармақшасы алып тасталсын;
9) 14-баптың 2) тармақшасындағы «шетелдiктер мен», «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен» деген сөздер тиісінше «шетелдiктердің және», «ішкі істер органдарымен» деген сөздермен ауыстырылсын;
2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) 15-баптың 1-тармағында:
4) тармақшадағы «еңбек жөнiндегi» деген сөздер «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 4-1), 4-2), 4-3), 4-4), 4-5), 4-6), 4-7) және 4-8) тармақшалармен толықтырылсын:
«4-1) оралмандар мен еңбекші көшіп-қонушыларды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады;
4-2) этностық қазақтардан оралман мәртебесін алуға, оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге қажетті құжаттарымен қоса берген өтінішті қабылдайды;
4-3) Қазақстан Республикасының азаматтарынан қоныс аударушы мәртебесін алуға және ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгізуге қажетті құжаттарымен қоса берген өтінішті қабылдайды;
4-4) оралман мәртебесін беру, оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу және оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандарға біржолғы жәрдемақылар, тұрғын үй сатып алуға қаражат төлемін тағайындау туралы шешім қабылдайды;
4-5) оралман және қоныс аударушы куәліктерін береді;
4-6) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының, уақытша орналастыру орталықтарының қызметін ұйымдастырады;
4-7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп- қонушылардың балаларының білім алу құқығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады;
5) және 6) тармақшалардағы «еңбек жөнiндегi» деген сөздер «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi» деген сөздермен ауыстырылсын;
11) 18-бапта:
1-тармақтағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне» деген сөздер «жергілікті атқарушы органдарға» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтың 2) тармақшасындағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне» деген сөздер «жергілікті атқарушы органдарға» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтың 3) тармақшасында орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
12) 19-баптың бірінші абзацындағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi» деген сөздер «жергілікті атқарушы органдар» деген сөздермен ауыстырылсын;
13) 20-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды оралмандардың көшiп келу квотасына енгiзуге келiсiмi туралы қорытынды дайындау үшiн үміткерлер тұруға таңдап алған әкімшілік-аумақтық бірліктердегі жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
Жергілікті атқарушы органдар қорытынды дайындау үшін этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды үміткерлердің Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстар немесе құқық бұзушылықтар жасағаны туралы әшкерелейтін мәліметтердің және олардың экстремистік ұйымдарға жататыны туралы өзге де ақпараттың барын немесе жоғын тексеру үшін үміткерлер тұруға таңдап алған өңірлердегі ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура органдарының аумақтық бөлімшелеріне жібереді.
Ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура органдарының аумақтық бөлімшелері этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органдарға осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген, этникалық қазақтарды қабылдауға кедергі келтіретін негіздердің бар немесе жоқ екендігі туралы ақпаратты жібереді.
Жергілікті атқарушы орган ақпарат келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде этникалық қазақты өзі тұру үшін таңдап алған әкімшілік-аумақтық бірлікте қабылдауға келісім беру туралы не бас тарту себептерінің дәлелді негіздерімен қоса оны қабылдаудан бас тарту туралы ұсыныс әзірлейді және оны оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның қарауына енгізеді.»;
5-тармақтағы «Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi» деген сөздер «Жергілікті атқарушы орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
8-тармақтағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне» деген сөздер «жергілікті атқарушы органдарға» деген сөздермен ауыстырылсын;
9-тармақтағы «Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi» деген сөздер «Жергілікті атқарушы орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
12-тармақтағы «Еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер «Жергілікті атқарушы орган» деген сөздермен ауыстырылсын;
14) 21-баптың 1-тармағының бірінші және үшінші бөліктеріндегі «Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi», «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше көшіп келген этникалық қазаққа және» деген сөздер тиісінше «Жергілікті атқарушы орган», «жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше көшіп келген этникалық қазақ пен» деген сөздермен ауыстырылсын;
15) 26-баптың 2-тармағының 1) тармақшасындағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне», «дәйектi деректердi» деген сөздер тиісінше «жергілікті атқарушы органдарға», «анық мәліметтерді» деген сөздермен ауыстырылсын;
16) 28-баптың 3-тармағындағы «халықтың көшi-қон мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер «ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
17) 32-баптың мәтініндегі «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер «ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
18) 36-баптың 3 және 4-тармақтарындағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер «ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
19) 37-баптың 2-тармағының бірінші бөлігіндегі «еңбек жөнiндегi» деген сөздер «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi» деген сөздермен ауыстырылсын;
20) 40-баптың 2-тармағының екінші бөлігінде:
«Бизнес көшiп келушiлер осы бапта белгiленген мiндеттемелердi» деген сөздер «Бизнес-көшiп келушiлер осы бапта белгiленген мiндеттердi» деген сөздермен ауыстырылсын;
«халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер «ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
21) 41-баптың 2-тармағында «қызметкерлердiң келуiне», «халықтың көшi-қон мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер тиісінше «қызметкерлерге уақытша тұруға», «ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
50-тармақтың 22) тармақшасы 2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
22) 52-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгізу және қоныс аударушы мәртебесін беру кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біреуінің жергілікті атқарушы органға берген өтінішінің негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.»;
23) 55-бапта:
2-тармақтағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер «ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтың бірінші абзацындағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiне» деген сөздер «ішкі істер органдарына» деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақта:
бірінші бөліктегі «Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi» деген сөздер «Ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
екінші бөліктегі «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның» деген сөздер «ішкі істер органдарының» деген сөздермен ауыстырылсын;
24) 56-баптың үшінші бөлігіндегі «халықтың көшi-қоны жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер «ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын.
51. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 17, 135-құжат; 2012 ж., № 21-22, 124-құжат):
1) 4, 5 және 8-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«4-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын қалыптастыруға және iске асыруға қатысады;
2) Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, діни білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеп, оған талдау жүргiзедi;
3) өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
4) діни қызмет саласында жергiлiктi атқарушы органдарға әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асырады;
5) өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттық iс-шараларды жүзеге асырады;
6) дiнтану сараптамаларын жүргізуді қамтамасыз етедi;
7) шет мемлекеттердiң діни қызмет саласындағы уәкілетті органдарымен ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
8) республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызметін, шетелдік діни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауды келіседі;
9) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының діни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша қызметiн үйлестiредi;
10) өз құзыреті шегінде діни қызмет және діни бірлестіктер саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
11) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
12) Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылықтарға қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;
13) құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша құзыреті