Осы редакция 2012 жылғы 28 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2003 жылғы 23 маусымдағы № 593
қаулысымен бекітiлген
Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық
қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану
ережесi
Осы Ереже Қазақстан Республикасының»Геодезия және картография туралы» 2002 жылғы 3 шiлдедегi және»Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Заңдарына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының (бұдан әрі - Қор) құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану тәртібін анықтайды.
1. Жалпы ережелер
1. Қор геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған және жалпымемлекеттік, салааралық арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар геодезиялық, картографиялық, топографиялық, гидрографиялық, аэроғарыштық түсiрiлiм, гравиметриялық материалдар мен деректердiң (бұдан әрi - материалдар мен деректер) жиынтығын бiлдiредi.
2. Қордың графикалық, сандық, электрондық, фотосуреттiк, қағаз және өзге де нысандар мен түрлердегi материалдары мен деректерi орталықтандырылған мемлекеттік есепке алуға, сақтауға және пайдалануға жатады.
Қорға осы Ережеге қосымшаға сәйкес Тiзбе бойынша материалдар мен деректер енгiзiледi.
3. Қордың құжаттары мемлекеттік меншiкте болады және оларды мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру, сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту объектiсi етуге, сондай-ақ басқа мемлекетке тұрақты сақтауға әкетуге болмайды.
2. Қор құжаттарын қалыптастыру және жинау
4. Қорды қалыптастырудың негiзi геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде құрылған материалдар мен деректер болып табылады.
5. Қордың құжаттары ауқымы мен оларды сақтау мерзiмдерiн ескере отырып, геодезиялық және картографиялық қызметтiң бағыттары бойынша қалыптасады.
Қордың құжаттарын пайдалану қолайлы болу үшiн материалдарды орналастыру сызбасы берiлетiн көрсеткiштер жасалған.
6. Геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар өздерi жасаған Қорға енгiзiлуге жататын геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректер көшiрмелерiнiң бiр данасын авторлық құқықтарын сақтай отырып тегін бередi.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәлiметтерi бар материалдар мен деректер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қорға берiледi.
7. Материалдар мен деректердi Қордың құрамына жатқызу, материалдар мен деректердi сақтауға iрiктеу, сондай-ақ сақтау мерзiмдерi өткендерiн жою құжаттардың құндылығын мемлекеттік сараптау негiзiнде жүргiзiледi.
8. Уәкiлеттi орган мемлекеттік сараптама-тексеру комиссиясын құрайды және ол туралы ереженi бекiтедi.
9. Сараптама-тексеру комиссиясының қорытындысы негiзiнде уәкiлеттi орган материалдар мен деректердi қалыптастыру және толықтыру көздерiнiң тiзiмдерiн бекiтедi, оларды Қордың құрамына жатқызу туралы, сондай-ақ оның құрамынан шығару туралы шешiмдер қабылдайды.
3. Қордың құжаттарын сақтау
10. Қордың материалдары мен деректерi осы мақсатқа арнайы арналған үй-жайларда (қоймаларда) сақталады.
11. Қордың материалдары мен деректерi жұмыс түрлерi бойынша топтастырылады, жүйелендiрiледi, есепке алынады, орналастырылады және сақталады.
4. Қордың құжаттарын пайдалану
12. Қордың материалдары мен деректерi мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды геодезиялық және картографиялық өнiммен және ақпаратпен қамтамасыз ету үшiн пайдаланылады.
13. Қордың материалдары мен деректерiн пайдалануға рұқсатты бір апта мерзiмде геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң өтiнiмдерi бойынша уәкiлеттi орган бередi.
Материалдар мен деректердi немесе олардың көшірмелерiн уәкiлеттi органның рұқсаты бойынша Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор бередi.
14. Қордың материалдары мен деректерiн пайдаланып болғаннан кейiн олар бiр ай iшiнде қайтарылуға тиiс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық
картографиялық-геодезиялық
қорының құжаттарын қалыптастыру,
жинау, сақтау және пайдалану
ережесiне қосымша
Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының
құрамына енгiзiлетiн материалдар мен деректердiң
тізбесі
1. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды орындауға арналған техникалық жобалар.
2. Мемлекеттік нивелирлiк желiлердi, барлық сыныптар мен разрядтардағы геодезиялық желiлердi, гравиметриялық iргелi және бiрiншi сыныпты желiлердi жасау, дамыту және жұмыс iстеу жағдайында ұстап тұру жөніндегі техникалық есептер, координаттар мен биiктiктердiң каталогтары және басқа да материалдар мен деректер.
3. Геодезиялық және картографиялық қызметтi қамтамасыз ету мақсатында Жердi қашықтықтан зондылаудың бастапқы және туынды материалдары мен деректерi (аэрофототүсiрiлiмдер мен ғарыштық түсiрiлiмдер), аэрофототүсiрiлiмдердiң паспорттары, арнайы аспаптардың деректерi, түсiрiлiмдердi картографиялық байланыстырудың сызбалары.
4. Геодезиялық, гравиметриялық, ғарыштық өлшемдер базасында геодинамикалық зерттеулердiң материалдары мен деректерi.
5. Жергiлiктi жердiң, оның iшiнде теңiздер, көлдер, өзендер мен су қоймалары қайраңдарының топографиялық түсiрiлiмдер бойынша техникалық есептерi (ауқымы 1: 2 000 және кiшi).
6. Мемлекеттік топографиялық карталардың, оның iшiнде теңiздер, көлдер, өзендер, су қоймалары қайраңдарының карталарының, қалалар мен елдi мекендердiң жоспарларының (ауқымы 1: 2 000 және кiшi) графикалық, сандық, фотосуреттiк, электрондық нысандардағы түпнұсқалары мен көшiрмелерi, сондай-ақ көрсетiлген карталар мен жоспарлардың таралымдық бедерлемелерi.
7. Жалпымемлекеттік және салааралық мақсаттағы жалпыгеографиялық, саяси-әкiмшiлiк, ғылыми-әкiмшiлiк, ғылыми-анықтама және басқа да тақырыптық карталар мен атластардың, оқу картографиялық құралдардың түпнұсқалары, туынды өнiм жасау үшiн негiз болып табылатын картографиялық материалдардың таралымдық бедерлемелерi.
8. Құжаттамасы бар кезекшi (анықтама) топографиялық карталар, оның iшiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы мен әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң шекараларын және шетел мемлекеттерiнiң шекараларын белгiлеу жөніндегі материалдар.
9. Географиялық атаулардың мемлекеттік каталогы және олардың негiзгi материалдары, Қазақстан Республикасының, шетел мемлекеттерiнiң аумақтарындағы, материктер мен мұхиттардағы географиялық объектiлер атауларының сөздiктерi мен анықтамалары.
10. Геодезиялық және картографиялық қызмет, мұрағат iсi, құпиялылық режимi саласындағы нормативтiк-техникалық құжаттар.