3. Мұндай араласу баланың мүдделерiне сай келмейтін жағдайларды қоспағанда, қорғаншы немесе қамқоршы баланың өз ата-аналарымен және басқа да жақын туыстарымен араласуына кедергі келтіруге құқылы емес.
4. Қамқорлыққа алынушылар білім беру ұйымында немесе медициналық ұйымда тәрбиеленуде немесе емделуде болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың қорғаншылары немесе қамқоршылары өздерiнің қамқорлығына алғандармен бiрге тұруға мiндеттi. Бұл қамқорлыққа алынушының тәрбиесiне және оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауға қолайсыздық туғызбайтын болса, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның рұқсатымен қамқоршының он алты жасқа толған қамқорлыққа алынушыдан бөлек тұруына жол берiледi.
Қорғаншылар немесе қамқоршылар қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға тұрғылықты жерiнiң өзгергенi туралы хабарлауға мiндеттi.
5. Қорғаншы кемiнде алты айда бiр рет қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға қамқорлыққа алынушының денсаулық жағдайы туралы және оны тәрбиелеу жөнiндегi, сондай-ақ оның мүлкiн басқару жөнiндегi жұмыс туралы есептер беруге мiндеттi.
127-бап. Әрекетке қабілетті азаматтарды қамқоршылыққа алу
1. Денсаулық жағдайына байланысты өз құқығын жүзеге асыра алмайтын және қорғай алмайтын және мiндеттерiн орындай алмайтын әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның өтiнiшi бойынша оған қамқоршылық белгiленуi мүмкiн.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның келiсiмiмен ғана оған қамқоршы тағайындауы мүмкiн.
3. Әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған қамқорлыққа алынушыға тиесiлi мүлiкке билiк етудi қамқоршы қамқорлыққа алынушымен жасалған тапсырма шарты немесе мүлiктi сенiмгерлікпен басқару негiзiнде жүзеге асырады.
Қамқоршы қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағуға және оның тұрмыстық қажеттерiн қанағаттандыруға бағытталған тұрмыстық және өзге де мәмiлелердi жасасуды қамқорлыққа алынушының келiсiмiмен жүзеге асырады.
4. Әрекетке қабiлеттi кәмелетке толған адамның талап етуі бойынша оны қамқоршылыққа алу тоқтатылуы мүмкiн.
Қамқоршылыққа алынған адамның қамқоршысы осы Кодекстің 129-бабында көзделген жағдайларда өзiне жүктелген мiндеттердi орындаудан босатылады.
128-бап. Қамқорлыққа алынушының мүлкіне билік ету
1. Қамқорлыққа алынушының өз бетінше билiк етуге құқығы бар табыстарын қоспағанда, қамқорлыққа алынған адамның табыстарын, оның iшiнде қамқорлыққа алынушының мүлкiн басқарудан түскен оған тиесілі табыстарды тек қана қамқорлыққа алынушының мүддесінде және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатымен қорғаншы немесе қамқоршы жұмсайды.
Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатынсыз, қорғаншы немесе қамқоршы қамқорлыққа алынушының табысы ретiнде оған тиесiлi, қамқорлыққа алынушыны күтіп-бағу үшiн қажеттi сома есебiнен ең төмен күнкөріс шегінде шығыстар шығаруға құқылы.
Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының басшылары тәрбиеленушілердің алименттен, жәрдемақылардан түскен қаражаттарын және басқа да әлеуметтік төлемдерін банк шоттарынан алуға құқығы жоқ.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатынсыз қорғаншы қамқорлыққа алынушының мүлкін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту жөніндегі мәмілелерді жасасуға немесе оның атынан кепілгерлік, осы мүлікті жалға (жалдауға), өтеусіз пайдалануға беру немесе кепілге салу шартын, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлікпен тиесілі құқықтарынан бас тартуына, оның мүлкін бөлуге немесе одан үлесті бөліп алуға әкеп соғатын мәмілелерді жасасуға, сондай-ақ қамқорлыққа алынушының мүлкін азайтуға әкеп соғатын кез келген мәмілелерді жасасуға, ал қамқоршы оларды жасасуға келісім беруге құқылы емес. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган көрсетілген мәмiлелердің нәтижесiнде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалуға тиiс екенiн айқындайды.
Қамқорлыққа алынушының мүлкiн басқару тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Мүлiктi қамқорлыққа алынушыға сый ретiнде немесе өтеусіз пайдалануға берудi қоспағанда, қорғаншының немесе қамқоршының, олардың жұбайлары мен жақын туыстарының қамқорлыққа алынушымен мәмiлелер жасасуға, сондай-ақ мәмiлелер жасасу немесе қамқорлыққа алынушы мен қорғаншы немесе қамқоршының жұбайы және олардың жақын туыстары арасында сот iстерiн жүргiзу кезінде қамқорлыққа алынушының атынан өкiлдiк етуге құқылы емес.
Қамқорлыққа алынушының қорғаншыға немесе қамқоршыға, оның жұбайына немесе туыстарына осы адам қорғаншы немесе қамқоршы болып тағайындалғанға дейін туындаған борыштары қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның рұқсатымен төленедi.
129-бап. Қорғаншыларды немесе қамқоршыларды өз міндеттерін атқарудан босату және шеттету
1. Кәмелетке толмаған қамқорлыққа алынушы оның ата-аналарына немесе оны асырап алушыларға қайтарылған жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қорғаншыны немесе қамқоршыны өз мiндеттерiн атқарудан босатады.
Қамқорлыққа алынушы тиісті білім беру ұйымына, медициналық және медициналық-әлеуметтік ұйымға немесе басқа да арнайы ұйымға орналастырылған кезде, егер бұл қамқорлыққа алынушының мүдделерiне қайшы келмесе, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган бұрын тағайындалған қорғаншыны немесе қамқоршыны өз мiндеттерiн атқарудан босатады.
2. Қорғаншы немесе қамқоршы дәлелдi себептер болған кезде (науқастануы, мүлiктiк жағдайының өзгеруi, қамқорлыққа алынушымен өзара түсiнiстіктің болмауы және басқалары) өз өтiнiшi бойынша немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның бастамасы бойынша өз мiндеттерiн атқарудан босатылады.
3. Қорғаншының немесе қамқоршының өз міндеттерін тиісінше атқармауына, оның ішінде қорғаншылықты немесе қамқоршылықты жеке басының мақсаттарына пайдалануына не қамқорлыққа алынушыны қадағалаусыз және қажетті көмексіз қалдыруына тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қорғаншыны немесе қамқоршыны осы міндеттерді атқарудан шеттетуге және қажетті шаралар қолдануға міндетті.
130-бап. Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты тоқтату
1. Қамқорлыққа алынушыны әрекетке қабiлеттi деп тану немесе қорғаншының немесе қамқоршының не қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның өтініші бойынша оның әрекет қабiлетi шектелуiнiң күшiн жою туралы сот шешiм шығарған жағдайларда кәмелетке толған адамдарға қорғаншылық немесе қамқоршылық тоқтатылады.
2. Қамқорлыққа алынған жас бала он төрт жасқа толған соң оған қорғаншылық тоқтатылады, ал қорғаншылық мiндетiн жүзеге асырған адам бұл туралы қосымша шешiмсiз кәмелетке толмаған баланың қамқоршысы болады.
3. Қамқорлыққа алынушы он сегiз жасқа толған соң, сондай-ақ ол некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде кәмелетке толмаған балаға қамқоршылық ерекше рұқсатсыз-ақ тоқтатылады.
131-бап. Қорғаншылардың немесе қамқоршылардың іс-әрекеттеріне шағым жасау
Қамқорлыққа алынушының мүддесінде оның тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органда не сотта қорғаншылардың немесе қамқоршылардың іс-әрекеттеріне шағым жасалуы мүмкін.
132-бап. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның шешімдеріне шағым жасау
Мүдделі тұлғалар барлық мәселелер бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың шешімдеріне сот тәртібімен шағым жасауы мүмкін.
18-тарау. Патронат
133-бап. Патронат
1. Патронат нысанындағы қорғаншылық немесе қамқоршылық кәмелетке толмаған жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде білім беру ұйымдарындағы, медициналық немесе басқа да ұйымдардағы балаларға белгіленеді.
2. Баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адам мен қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган арасында жасалған баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың туындауына негіз болып табылады.
3. Патронаттық тәрбие туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
134-бап. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт
1. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт баланы күтіп- бағу, тәрбиелеу және білім беру жағдайларын, патронат тәрбиешілердің құқықтары мен міндеттерін, патронат тәрбиешілерге қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның міндеттерін, сондай-ақ мұндай шарттың тоқтатылу негіздері мен салдарларын көздеуге тиіс.
Бала патронат тәрбиешіге көрсетілген шартта көзделген мерзімге тәрбиелеуге беріледі.
Патронаттық тәрбиелеуге берілген әрбір балаға жеке шарт жасалады.
Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарттың мерзімі аяқталған жағдайда, оның отбасында болу мерзімін ұзарту жаңа шарттың негізінде жүргізіледі.
2. Патронат тәрбиешілердің еңбегіне ақы және оларға ақшалай төлем төлеу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
3. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт:
1) дәлелді себептері (науқастануы, отбасылық немесе материалдық жағдайының өзгеруі, баламен өзара түсіністіктің болмауы, балалар арасындағы жанжалдар және басқалар) болған кезде патронат тәрбиешілердің бастамасы бойынша;
2) баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу және білім беру үшін қолайсыз жағдайлар туындаған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның бастамасы бойынша;
3) бала ата-анасына қайтарылған, туыстарына берілген немесе бала асырап алынған жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.
135-бап. Патронат тәрбиешілер
1. Патронат тәрбиешілердің тәрбиелеуге қабылдап алынған балаға қатысы бойынша қорғаншылар мен қамқоршылар сияқты құқықтары мен міндеттері болады. Оларға осы Кодекстің 122-бабында көзделген талаптар қойылады.
2. Патронат тәрбиешілерді іріктеуді қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен патронат тәрбиешілерге қойылатын талаптар туралы қағидаларға сәйкес жүргізеді.
136-бап. Патронат белгіленетін бала
1. Баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарт бойынша беру үшін оны алдын ала таңдауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен және баланы күтіп-бағатын ұйым әкімшілігінің келісімі бойынша баланы отбасына қабылдауға тілек білдірген адамдар жүзеге асырады.
Ағалы-інілерді, апалы-сіңлілерді ажыратуға, бұл балалардың мүдделеріне сай келетін және балалар өздерінің туыстығы туралы білмеген, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, жол берілмейді.
2. Баланы патронат тәрбиешілерге беру оның пікірі ескеріле отырып, жүзеге асырылады. Он жасқа толған бала оның келісімімен ғана берілуі мүмкін.
3. Патронат тәрбиешілерге берілген бала өзіне тиесілі алиментке, жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін ата-аналарының зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын жайға меншік құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын сақтайды. Патронат тәрбиешілерге берілген баланың тұрғын жайы болмаған кезде Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес оған тұрғын жай берілуіне құқығы бар.
Тәрбиеленушіге тиесілі ақшалай қаражатты және басқа да мүлікті сақтау баланы патронаттық тәрбиелеуге беру туралы шарттың қолданылу уақытына патронат тәрбиешіге жүктеледі.
Патронат тәрбиешілерге берілген бала осы Кодекстің 60-62 және 67-баптарында көзделген құқықтарға да ие болады.
137-бап. Патронат тәрбиешілерге берілген баланы күтіп-бағу
1. Патронат тәрбиешілерге берілген әрбір баланы күтіп-бағуға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай қаражат төленеді.
2. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган патронат тәрбиешілерге қажетті көмек көрсетуге, баланың өмірі мен тәрбиесіне қалыпты жағдай жасауға жәрдемдесуге міндетті, сондай-ақ патронат тәрбиешілерге жүктелген баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
5-бөлім. Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары
19-тарау. Ата-аналар мен балалардың алименттік міндеттемелері
138-бап. Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері
1. Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағудың тәртібі мен нысанын ата-аналар дербес айқындайды.
Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын кәмелетке толған балаларын күтіп-бағу туралы келісім (алимент төлеу туралы келісім) жасасуға құқылы.
2. Егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады.
3. Ата-аналардың алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде, кәмелетке толмаған балаларға күтіп-бағу қаражаты берілмеген кезде және сотқа талап-арыз берілмеген кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алимент өндіріп алу туралы талап-арыз беруге құқылы.
139-бап. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері
1. Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға - ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің - төрттен бір бөлігін; екі балаға - үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.
2. Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін.
140-бап. Кәмелетке толмаған балаларға алимент ұсталатын жалақының және (немесе) өзге де кірістің түрлері
Ата-аналардың алатын және алимент ұсталатын жалақысы және (немесе) өзге де кірісі түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
141-бап. Тұрақты ақша сомасында балаларға алимент өндіріп алу
1. Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде және ата-ананың табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста алимент өндіріп алу мүмкін болмаған, қиындық тудырған немесе тараптардың бірінің мүдделерін елеулі түрде бұзатын жағдайларда, сот тұрақты ақша сомасында немесе бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында ай сайын өндіріп алынатын алимент мөлшерін айқындауға құқылы.
Мұндай жағдайларға тұрақты емес, өзгермелі табысы және (немесе) өзге де кірісі бар не, егер ата-ана табысын және (немесе) өзге де кірісін толығымен немесе ішінара заттай алатын ата-аналардан алимент өндіріп алу жатады.
2. Күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары білім беру жүйесінде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі балаларға күтіп-бағу қаражатын өндіріп алу алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот тәртібімен тұрақты ақша сомасында жүргізіледі.
3. Тұрақты ақша сомасының мөлшерін сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мән-жайларды ескере отырып, баланың бұрынғы қамтамасыз етілу деңгейін мүмкіндігінше сақтайтын көлемдегі айлық есептік көрсеткіш мөлшерін негізге алып айқындайды.
4. Егер ата-аналардың әрқайсысының қолында балалар қалатын болса, алименттің мөлшері оның біреуінен аз қамтылған екіншісінің пайдасына осы баптың 3-тармағына сәйкес ай сайын өндіріп алынатын және сот айқындайтын тұрақты ақша сомасында белгіленеді.
142-бап. Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға алимент өндіріп алу және оны пайдалану
Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға алимент осы Кодекстің 138-141-баптарына сәйкес өндіріп алынады және балалардың қорғаншысына немесе қамқоршысына немесе олардың патронат тәрбиешілеріне төленеді.
Қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронат тәрбиешіге берілген балаларға арналған алимент төлемдерінің сомасы екінші деңгейдегі банктерде ашылған осы балалардың депозиттік шоттарына аударылады.
143-бап. Еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалардың алимент алуға құқығы
1. Еңбекке жарамды ата-аналар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларын күтіп-бағуға міндетті.
2. Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларға алимент мөлшерін сот алимент төлеу кезіндегі қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында, тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, айқындайды.
144-бап. Ата-аналардың балаларды күтіп-бағуға арналған қосымша шығыстарға қатысуы
1. Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде және ерекше жағдайлар (кәмелетке толмаған балалардың немесе көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалардың ауыр науқастануы, мертігуі, оларға бөгде адамның бағып-күтуіне ақы төлеу қажеттігі және басқа да мән-жайлар) болған кезде сот осы мән-жайлардан туындаған қосымша шығыстарды көтеруге қатысуға ата-аналардың әрқайсысын тартуы мүмкін.
2. Егер ата-аналардың қосымша шығыстарды көтеруге қатыстырылу тәртібі және осы шығыстардың мөлшері екіжақты келісім бойынша айқындалмаса, онда сот ата-аналардың, басқа да балалардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, ай сайын төленуге тиісті алиментті төлеу кезіндегі айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында белгілейді.
3. Сот ата-аналарды нақты шеккен қосымша шығыстарды өтеуге де, балаларды күтіп-бағуға болашақта жасалуға тиіс қосымша шығыстарды өтеуге де қатысуын міндеттеуге құқылы.
145-бап. Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттері
1. Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
2. Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарға алимент олардың еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан сот тәртібімен өндіріп алынады.
3. Балалардың әрқайсысынан өндіріп алынатын алименттің мөлшерін сот ата-аналары мен балаларының материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың басқа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, алимент төлеу кезіндегі айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында белгілейді.
4. Алимент мөлшерін айқындау кезінде сот балалардың бәріне, олардың біреуіне немесе бірнешеуіне талап қойылғанына қарамастан, осы ата-ананың еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларының бәрін ескеруге құқылы.
5. Егер сот ата-аналардың осы балаларына қатысты ата-аналық міндеттерін орындаудан бұрын жалтарғанын анықтаса, балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттерінен босатылуы мүмкін.
Балалары ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарына алимент төлеуден босатылады.
6. Кәмелетке толған, асырап алынған балалардың асырап алушыларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері балалардың ата-аналары алдындағы міндеттері сияқты айқындалады.
146-бап. Кәмелетке толған балалардың ата-аналарына жасалған қосымша шығыстарға қатысуы
1. Кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасамаған кезде және ерекше мән-жайлар (ата-анасының ауыр науқастануы, мертігуі, оны бөгде адамның бағып-күткені үшін ақы төлеу қажеттігі, оны медициналық-әлеуметтік мекемеге орналастыру және басқалары) болған кезде сот кәмелетке толған балаларын осы мән-жайлардан туындаған қосымша шығыстарды көтеруге тартуы мүмкін.
2. Кәмелетке толған балалардың әрқайсысының қосымша шығыстарды көтеру тәртібі мен осы шығыстардың мөлшерін сот осы Кодекстің 145-бабының 3, 4 және 5-тармақтарында белгіленген талаптар сақталған кезде ата-аналар мен балаларының материалдық және отбасылық жағдайларын және тараптардың басқа да назар аударарлық мүдделерін ескере отырып айқындайды.
3. Қосымша шығыстарды көтеру тәртібі мен осы шығыстардың мөлшері тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін, мұндай келісім болмаған жағдайда дау сот тәртібімен шешіледі.
20-тарау. Ерлі-зайыптылардың және бұрынғы ерлі-зайыптылардың алименттік міндеттемелері
147-бап. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі күтіп-бағу жөніндегі міндеттері
1. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі материалдық жағынан қолдауға міндетті.
2. Мұндай қолдаудан бас тартқан және ерлі-зайыптылардың арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда, алимент төлеуге қажетті қаражаты бар екінші жұбайдан:
1) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайының;
2) жүктілігі кезеңінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы зайыбының;
3) ортақ мүгедек баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға I-II топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж жұбайының алимент төлеуді сот тәртібімен талап етуге құқығы бар.
148-бап. Бұрынғы жұбайдың неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін алимент алуға құқығы
1. Алимент төлеуге қажетті қаражаты бар бұрынғы жұбайынан алимент төлеуді сот тәртібімен талап етуге:
1) жүктілігі кезеңінде және ортақ баласы үш жасқа толғанға дейін бұрынғы зайыбының;
2) ортақ мүгедек баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға I-II топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының;
3) неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болып қалған көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз бұрынғы жұбайының құқығы бар.
2. Алименттің мөлшері және оны неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін бұрынғы жұбайына беру тәртібі бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасындағы келісіммен айқындалуы не сот айқындауы мүмкін.
149-бап. Ерлі-зайыптылардан және бұрынғы ерлі-зайыптылардан сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері
Ерлі-зайыптылардың (бұрынғы ерлі-зайыптылардың) арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде, жұбайдан (бұрынғы жұбайдан) сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшерін ерлі-зайыптылардың (бұрынғы ерлі-зайыптылардың) материалдық және отбасылық жағдайларын және тараптардың басқа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, алимент төлеу кезіндегі қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында сот айқындайды.