1. Тіркеу туралы бастапқы акт жазбалары, сондай-ақ жеткілікті негіздер болған кезде және мүдделі адамдардың арасында дау болмаған кезде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуді тіркеуші орган жүргізеді. Мүдделі адамдардың арасында дау болған кезде азаматтық хал актілеріндегі жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу мәселелері сот тәртібімен шешіледі.
2. Азаматтық хал актілерінде жазылған жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы өтініштер өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға беріледі.
3. Шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында тіркеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi арқылы бастапқы жазбаның сақталған орны бойынша тіркеуші органға беріледі.
4. Азаматтық хал актілерінде жазылған жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуді жазба жасалған жер бойынша тіркеуші орган жүргізеді. Азаматтық хал актілеріндегі жазбаларға өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
184-бап. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру
1. Азаматтық хал актілерінің жоғалған жазбаларын қалпына келтіру туралы өтініш сол өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға, ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында тіркеген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi арқылы бастапқы жазбаның мемлекеттік тіркелген (жоғалған) орны бойынша тіркеуші органға беріледі.
2. Азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру тиісті жазбаның бұрын болғанын растайтын құжаттар болған кезде немесе мемлекеттік тіркеу орны мен уақыты көрсетіле отырып, акт жазбасын қалпына келтіру туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.
3. Тарихи отанына қайта оралған адамдарға қатысты туу туралы азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру жеткілікті негіздер болған кезде және осы фактіні құжаттық растау (акт жазбасының болмауы (жоғалғаны) туралы анықтама немесе хабарлама) мүмкін болған кезде немесе ішкі істер органдарының осы адамдардың Қазақстан Республикасына заңды түрде келгені туралы растамасы және олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын беру туралы өтініші болған кезде ғана жүргізіледі.
Оралмандардың туу туралы қалпына келтірілген жазбаларын мемлекеттік тіркеу олардың тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.
4. Азаматтық хал актілері жазбаларының жоғалғанын сол жоғалған жазба жасалған жер бойынша азаматтық хал актілері жазбасының облыстық (қалалық) мұрағаты растауға тиіс.
5. Тіркеуші органның жоғалған жазбаны қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу фактісі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген қағидалар бойынша сот тәртібімен белгіленеді.
6. Азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіруді мемлекеттік тіркеуді жоғалған жазба жасалған жер бойынша тіркеуші орган жүргізеді.
185-бап. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою
1. Азаматтық хал актілерінің жазбасы:
1) сот шешімінің негізінде;
2) мүдделі адамдардың өтініші бойынша;
3) жойылуға жататын бастапқы, қалпына келтірілген немесе қайтадан жазылған жазбаны тапқан тіркеуші органның бастамасы бойынша жойылуы мүмкін.
2. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою туралы өтініш сотқа немесе өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға, ал шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында тіркеген және шетелде тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi арқылы жойылуға жататын акт жазбасының сақталу орны бойынша тіркеуші органға беріледі.
3. Азаматтық хал актілерінің жазбаларын жою, жойылуға жататын жазба жасалған жер бойынша жүргізіледі.
186-бап. Жеке адамдардың азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу тәртібін сақтау міндеті
1. Жеке адамдар осы Кодексте белгіленген азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу тәртібін сақтауға міндетті.
2. Тіркеуші органдарда азаматтық хал актілерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде мемлекеттік тіркеу міндеті азаматтарға жүктеледі.
3. Азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі келтіретін мән-жайларды жасыруға немесе жалған мәліметтер беруге тыйым салынады.
4. Өкіл арқылы ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші негізінде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеуге, баланың ата-анасының бірлескен өтініші негізінде әке болуды анықтауға, тегін, атын, әкесінің атын өзгертуге жол берілмейді.
25-тарау. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу
187-бап. Баланың тууын тіркеу үшін негіз
1. Баланың тууын тіркеу үшін туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің көшірмесі негіз болып табылады.
Медициналық ұйымнан тыс жерде, оның ішінде үйде босанған жағдайда, туу туралы медициналық куәлікті анасының жеке басын куәландыратын құжаттарына сәйкес босанғаннан кейін ол өтініш жасаған медициналық ұйымның қызметкері немесе босандырған және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке адам ресімдейді.
Мемлекеттік тіркеу кезінде дәлелді себеп бойынша ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайда, ата-анасы туралы мәліметтер неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлікке не осы тіркеуші органдағы неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасына сәйкес толтырылады. Ата-анасының аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, ұлты туралы азаматтық хал актілерін жазу кітаптарындағы ата-аналары туралы жазба осы Кодекстің 50, 51 және 63-баптарына сәйкес жүргізіледі.
Баланы суррогат ана туған жағдайда туу туралы медициналық куәлік тіркеу үшін негіз болып табылады.
2. Баланың туу туралы медициналық куәлігі баланың анасы туралы барлық қажетті мәліметтерді (тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), сондай-ақ баланың туған күнін, айын, жылын және жынысын, құжаттың берілген күнін қамтуға тиіс. Куәлік медициналық ұйымның лауазымды адамының қолтаңбасымен және мөрімен расталуға тиіс.
3. Кәмелетке толмаған ата-аналардың бала тууын, сондай-ақ суррогат ана туған баланы мемлекеттік тіркеу жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тууды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болмаған кезде баланың тууын мемлекеттік тіркеу осы әйелдің баланы туу фактісін анықтау туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.
188-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу орны
1. Баланың тууын мемлекеттік тiркеудi тіркеуші органдар баланың туған жерi бойынша немесе ата-анасының не олардың бiреуiнiң тұрғылықты жерi бойынша жүргiзедi. Ата-анасының тұрғылықты жері олардың заңды мекенжайына сәйкес айқындалады.
2. Егер ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса (ерлі-зайыпты болмаса), ортақ баланың тууы өзiн баланың әкесiмiн деп мойындаған адамның тұрғылықты жерi бойынша тiркелуi мүмкiн. Баланың тууын тiркеу туралы өтiнiшпен бір мезгілде әке болуды анықтау туралы өтiнiш берiледi.
3. Туу туралы актінің жазбасында баланың туған жері болып тууды мемлекеттік тіркеу кезінде қабылданған Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігінің атауына сәйкес баланың нақты туған жерінің атауы көрсетіледі.
4. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде не ата-анасының немесе олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша осы Кодексте белгіленген мерзімде тіркеуші органда жүргізіледі. Баланың тууын ата-анасының не олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша тіркеген жағдайда, баланың туған жері болып осы елді мекен көрсетіледі.
5. Экспедицияларда және тіркеуші орган жоқ шалғай жерлерде, сондай-ақ анасының теңіз, өзен, әуе кемесінде немесе поезда болған уақытында туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу ата-анасының немесе олар тұрғылықты жеріне қайтып келген соң олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органда жүргізіледі.
Мұндай жағдайларда баланың туған жері болып баланың тууын мемлекеттік тіркеу жүргізілген әкімшілік-аумақтық бірлік көрсетіледі.
189-бап. Баланың тууы туралы өтініш беру мерзімдері
Баланың тууы туралы өтінішті оның ата-анасы не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органдарға ол туған күннен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс, ал бала өлі туған жағдайда, медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы өтінішті босанған кезден бастап бес тәуліктен кешіктірмей береді.
Екі ай мерзім өткеннен кейін баланың тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша тіркеуші орган жасаған қорытындының негізінде жүргізіледі.
190-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш
Баланың тууын мемлекеттік тiркеу туралы өтінішті ата-аналары немесе олардың бiреуi, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өзге де себептермен өтініш беру мүмкiн болмаған жағдайларда, мүдделi адамдар немесе бала туған кезде анасы жатқан медициналық ұйымның әкiмшiлiгi жазбаша нысанда бередi. Өтінішке ата-анасының жеке басын куәландыратын құжаттардың, сондай-ақ неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәліктің көшірмелері қоса беріледі.
Баланың тууы белгіленген мерзімді бұза отырып тіркелген жағдайда: ата-анасының түсініктемесі, баланың туған жері мен ата-анасының тұрғылықты жері бойынша туу туралы жазбаның болмауы туралы анықтама, баланың денсаулығы туралы анықтама қосымша беріледі.
Егер баланың тууын мемлекеттік тіркеуге ата-аналары емес, басқа адамдар өтініш берсе, онда осы адамдар өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ баланың тууын тіркеуге оның өкілеттігін растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
Екі немесе одан да көп баланы мемлекеттік тіркеу кезінде өтініш әрқайсысына қатысты бөлек беріледі.
191-бап. Әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде бойға біткен және әкесі қайтыс болғаннан кейін немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін не неке (ерлі-зайыптылық) жарамсыз деп танылғаннан кейін туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу, егер әкесі қайтыс болған немесе неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған не ол жарамсыз деп танылған күннен бастап екі жүз сексен күннен аспаса, жалпы негізде жүргізіледі.
192-бап. Баланың туу туралы акт жазбасына ата-аналары туралы мәліметтерді енгізу тәртібі
1. Бір-бірімен некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) әкесі мен анасы туу туралы жазбалар кітабына олардың кез келгенінің өтініші бойынша баланың ата-аналары болып жазылады. Мұндай жазбаға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік негіз болып табылады.
2. Некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) және қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға өз келісімін жазбаша нысанда берген адамдар, осы әдістерді қолдану нәтижесінде өздерінде бала туылған жағдайда туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
Суррогат ана болу шартына сәйкес бала туылған жағдайда, ерлі-зайыптылар туу туралы актілер жазбасының кітабына оның ата-аналары болып жазылады.
3. Бала тууды тіркеу кезінде, егер ата-аналарының арасында неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны сот жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған жағдайда, бірақ неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған немесе жұбайы қайтыс болған кезден бастап екі жүз сексен күннен аспаса, анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде, баланың әкесі туралы мәлімет неке қию немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің, әкесінің қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде енгізіледі.
Егер бала неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған, оны жарамсыз деп таныған күннен бастап екі жүз сексен күн өткеннен кейін туса, бұрынғы жұбайы әке болуды анықтау туралы актілер жазбасының негізінде ғана баланың әкесі болып жазылуы мүмкін.
Босанған әйелдің жұбайы болып табылмайтын адам жазбаша мойындаған жағдайда және оның күйеуінің жазбаша келісімі болған кезде әке болуды анықтауды тіркеу және тууды тіркеу кезінде баланың әкесі болып осы адам жазылады.
4. Егер баланың ата-анасы бір-бірімен некеде тұрмаса (ерлі-зайыпты болмаса), анасы туралы мәлімет осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі.
Мұндай жағдайда әкесі туралы мәліметтер:
1) егер баланың тууын мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде әкесі белгілі болған және тіркелген жағдайда, әке болуды анықтау туралы актілер жазбасының негізінде;
2) егер әкесі анықталмаса, некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) анасының өтініші бойынша енгізіледі.
Тууды жазу кiтабында баланың әкесiнің тегі - анасының тегi бойынша, баланың аты мен әкесiнiң аты оның көрсетуі бойынша жазылады. Енгізілген мәліметтер әке болуды анықтау туралы мәселені шешуге кедергі болып табылмайды.
Баланың әкесі туралы мәліметтер анасының тілегі бойынша туу туралы актілер жазбасына енгізілмеуі мүмкін;
3) өзін баланың әкесімін деп мойындаған адамның өтініші бойынша, оған баланың анасының келісімі болған кезде енгізіледі.
Анасы туралы мәліметтер осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі, әкесі туралы мәліметтер осы адамның көрсетуі бойынша жазылады.
Бұдан әрі баланың анасы туу туралы акт жазбасына енгізілген баланың әкесі туралы мәліметтермен келіспеген кезде түзетулер белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
193-бап. Бала ата-анасының қай ұлтқа жататынын жазу тәртібі
Егер тууды тіркеу кезінде өтініш беруші ата-анасының қай ұлтқа жататынын көрсетуге тілек білдірсе, онда баланың туу туралы акт жазбасында ата-анасының - Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген ұлтына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдік болып табылатын ата-ананың қай ұлтқа жататыны туралы мәлімет оның ұлттық паспортына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдіктің ұлттық паспортында ұлты туралы мәлімет болмаған кезде оның ұлты өзі азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжатқа сәйкес айқындалуы мүмкін.
194-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде оған тегін, атын, әкесінің атын беру тәртібі
1. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі.
2. Азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, - овна, - евна, - ович, - евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: - ұлы, - қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады.
Жеке адамның тегіне «тегі», «ұрпағы», «немересі», «шөбересі», «келіні» деген және басқа да сөздерді қосып жазуға жол берілмейді.
3. Ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты жазылмайды.
4. Басқа ұлт адамдарының тілегі бойынша олардың тегін, атын және әкесінің атын жазу олардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілуі мүмкін.
195-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу келген елдің аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не басқа елде қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде жүргізіледі.
196-бап. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууын мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс.
Өтінішке бала тауып алынған кездегі уақыт, орын және мән-жайлар көрсетіле отырып, ішкі істер органы немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған хаттама немесе акт; тауып алынған баланың жасы мен жынысын растайтын медициналық ұйым берген құжат және басқа да бала туралы дербес мәліметтер қоса тіркеледі.
2. Медициналық ұйымда баладан бас тартылған жағдайда, осы ұйымның әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша анасының жазбаша өтінішін ресімдеу жөнінде шаралар қолданады.
3. Баланы белгісіз ана қалдырып кеткен жағдайда медициналық ұйымның әкімшілігі екі куәгердің қатысуымен хаттама жасайды. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде хаттамалар тастанды (ата-анасы бас тартқан) баланы тіркеу туралы медициналық ұйымның лауазымды адамының өтінішіне қоса беріледі.
197-бап. Өлі туған немесе өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу
1. Өлі туған баланы және өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу тіркеуші органда бала туған немесе шетінеген кезден бастап бес тәуліктен кешіктірілмей жүргізіледі.
2. Баланың өлі тууы медициналық ұйым немесе жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгер берген перинатальдық қайтыс болуы туралы медициналық куәліктің негізінде тіркеледі.
Өлі туған баланың туу туралы куәлігі берілмейді. Ата-анасының өтініші бойынша өлі туған баланы мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі.
3. Бала өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болған жағдайда оның тууын мемлекеттік тіркеу - туу туралы медициналық анықтаманың негізінде, ал қайтыс болған жағдайда перинатальдық қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде жүргізіледі.
Туу және қайтыс болу туралы жасалған актілер жазбаларының негізінде тек қайтыс болуы туралы куәлік қана беріледі. Ата-анасының өтініші бойынша баланың тууын мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі.
Одан әрі қайтыс болу туралы куәлік қана қайтадан беріледі.
4. Тіркеуші органға баланың өлі тууы туралы немесе баланың тууы және өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болғандығы туралы мәлімдеу міндеті:
1) бала туылған немесе бала шетінеген медициналық ұйымның басшысына;
2) дәрігері баланың өлі тууы, баланың өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болуы фактісін анықтаған медициналық ұйымның басшысына;
3) медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгерге жүктеледі.
198-бап. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу
1. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу медициналық ұйым немесе жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгер берген белгіленген нысандағы туу туралы құжаты болған кезде ата-аналарының немесе өзге де мүдделі адамдардың жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Бала кәмелетке толғаннан кейін тууын мемлекеттік тіркеу оның жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Өтінішке туу туралы медициналық куәлік, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тіркеуші органының туу туралы акт жазбасының жоқтығы туралы хабарламасы, денсаулық жағдайы туралы анықтамалар, ата-анасының жеке басын, некесін (ерлі-зайыптылығын) куәландыратын құжаттар, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат қоса берілуге тиіс.
2. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу аумақтық әділет органы бекіткен тіркеуші органның қорытындысы негізінде жүргізіледі.
199-бап. Шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстанның аумағында орналасқан тиісті шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде немесе консулдық мекемелерінде не, егер Қазақстан Республикасында мұндай жоқ болса, қызметін қоса атқаратын шетелдегі мекемелерде жүргізіледі.
Шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу ол жөнінде Жеке адамдар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізілместен және балаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілместен, олардың тілегі бойынша өздерінің тұрақты немесе уақытша тұратын жеріндегі тіркеуші органдарда жүргізіледі.
200-бап. Баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеу
Ата-аналардың тілегі бойынша тіркеуші орган баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеуді өз үй-жайында не арнайы осыған арналған мемлекеттік неке сарайларында қамтамасыз етеді.
201-бап. Баланың туу туралы жазбалар кітабына енгізілетін мәліметтер
Баланың туу туралы акт жазбасына мынадай деректер:
1) баланың тууын мемлекеттік тіркеу күні;
2) балаға берілген жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) баланың туу туралы акт жазбасының нөмірі;
4) тегі, аты, қалауы бойынша - әкесінің аты, баланың жынысы, туған күні, айы, жылы, туған жері;
5) туған балалардың саны (біреу, егіз немесе одан да көп бала);
6) баланың тірі туғандығы туралы немесе баланың өлі туғандығы туралы белгі;
7) баланың туу фактісін растайтын құжат туралы мәліметтер;
8) баланың заңды мекенжайы;
9) ата-аналарының тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған күні, айы, жылы, жасы, тұрақты тұрғылықты жері, заңды мекенжайы, азаматтығы, табыс көзі немесе жұмыс орны, білімі және, егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, олардың ұлты;
10) соның негізінде баланың әкесі туралы мәліметтер енгізілген құжат туралы мәліметтер;
11) өтініш беруші туралы мәліметтер;
12) берілген туу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
202-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының негізінде белгіленген үлгідегі туу туралы куәлік беріледі.
Туу туралы куәлік жаңа туған баланың ата-аналарына, басқа уәкілетті адамдарға немесе бала тұратын ұйымның өкілдеріне беріледі.
Екі немесе одан да көп бала туған жағдайда туу туралы куәлік әрбір балаға беріледі.
203-бап. Баланың туу туралы куәлігі
Баланың туу туралы куәлігі мынадай мәліметтерді:
1) баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса), туған күні, айы, жылы мен туған жерін;
2) акт жазбасының жасалған күнін және нөмірін;
3) жеке сәйкестендіру нөмірін;
4) ата-аналарының тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (егер бар болса), егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, ұлтын;
5) ата-аналарының азаматтығын;
6) мемлекеттік тіркеу орнын (тіркеуші органның атауын);
7) туу туралы куәліктің берілген күнін қамтиды.
26-тарау. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу
204-бап. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу үшін негіз
1. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу:
1) баланың ата-анасының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші;
2) анасы қайтыс болған, анасы қайтыс болды деп жарияланған; анасы психикалық аурудың немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан әрекетке қабілетсіз деп танылған; анасы ата-ана құқықтарынан айырылған не оның ата-ана құқықтары шектелген; баланың анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларда баланың әкесінің өтініші;
3) әке болуды анықтау туралы, сондай-ақ әке болуды тану фактісін және әке болу фактісін анықтау туралы сот шешімі негізінде тіркеуші органдарда жүргізіледі.
2. Психикалық аурудың немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның, сондай-ақ осы әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысының өтініші бойынша әке болуды анықтауға тыйым салынады.
205-бап. Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу орны
Әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар баланың туған жері бойынша, баланың әкесінің немесе анасының тұрғылықты жері бойынша не әке болуды анықтау туралы немесе әкелікті тану фактісін және әке болу фактісін анықтау туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша жүргізеді.
Анасы қайтыс болған немесе оны әрекетке қабілетсіз деп таныған, анасының тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда немесе оны ата-ана құқықтарынан айырған жағдайда, баланың орналасқан жері әке болуды анықтауды тіркеу орны болып табылады.
206-бап. Баланың ата-аналарының бірлескен өтініші негізінде әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу
1. Ата-аналарының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші баланың туған жері бойынша немесе олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға беріледі. Бірлескен өтініш беру қиын болған жағдайда баланың әкесі мен анасы тіркеуші органға жеке-жеке өтініш бере алады.
2. Егер ата-аналарының біреуі дәлелді себеппен әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға өзі келе алмаған жағдайда, оның өтініштегі қолтаңбасы нотариатта куәландырылуға тиіс.
3. Ата-аналарының әке болуды анықтау туралы өтініш беруі бала туғаннан кейін мүмкін болмайтын немесе қиындық тудырған жағдайда, әлі тумаған балаға қатысты бірлескен немесе бөлек өтінішті тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға медициналық анықтамамен расталған анасының жүктілігі кезінде алдын ала беруге рұқсат етіледі. Баланың ата-анасы туралы жазба бала туғаннан кейін жасалады.
Мұндай өтінішті баланың ата-анасы әке болуды анықтайтын мемлекеттік тіркеу жасалғанға дейін кез келген уақытта қайтарып алуы мүмкін.