Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы № 862 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 31 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық Заңының 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 1 қазандағы
№ 862 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан
Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын
ауыстыру және жою ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы Конституциялық Заңына (бұдан әрі - Конституциялық Заң) сәйкес әзірленді және мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою тәртібін белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын,
Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою тәртібі
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру және жою Конституциялық Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы міндетті түрде орналастырылатын (орнатылатын, көтерілетін) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құрылатын тұрақты жұмыс істейтін комиссиялардың (бұдан әрі - комиссиялар) шешімі бойынша жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына қойылатын нысандардың, мөлшердің және техникалық талаптардың бұзылуы мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмеушілік болып табылады.
4. Осы Ереженің 2-тармағында көрсетілген комиссияларды құру қажеттілігін қоспағанда, Конституциялық Заңға сәйкес басқа ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерінің еркі бойынша көтерілген (тігілген) мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ауыстыру және жою осы Ережеде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
5. Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын ауыстыру бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын жою оларды қайта пайдалану мүмкіндігін болдырмау мақсатында өртеу, балқыту, 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын мөлшерде майдалап бөлшектеу, ұсақтау, қалыпсыз массаға немесе ұнтақ күйге айналдыру арқылы жүргізіледі.