26-шы Халықаралық Қаржылық Есептілік Стандарты (IAS 26)
Зейнетақымен қамсыздандыру бағдарламалары (зейнетақы жоспарлары) бойынша есеп жəне есептілік
Қолдану аясы____________________________________________________________
1. Бұл стандарт зейнетақы жоспарлары бойынша есептілік үшін осы тектес есептілік жасалатын ұйымдарда қолданылуға тиіс.
2. Зейнетақы жоспарлары кейде өзгеше, мысалы, «зейнетақы схемалары», «еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы схемалары» немесе «зейнетақымен қамсыздандыру схемалары» деп аталады. Осы Стандарт зейнетақы жоспарын жұмыс берушілерден немесе жоспарға қатысушылардан бөлінген есептілік бірлігі ретінде қарастырады. Халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарының қалғандарының бəрі зейнетақы жоспарларына осы Стандарттың ережелері қамтымайтын дəрежеде қолданылады.
3. Осы Стандарттың тұтас алғанда барлық қатысушылар үшін топ ретінде жоспар бойынша есепке алу мен есеп беруіне қатысы бар. Жекелеген жоспарға қатысушылар үшін олардың зейнетақы құқықтарына қатысты есептілікке оның ешбір қатысы болмайды.
4. 19 Қызметкерлерге Берілетін Сыйақылар ХҚЕС (ІAS) жоспарлары бар жұмыс берушілердің қаржы есептілігінде зейнетақымен қамсыздандыру бойынша шығындардың айқындалуын қарастырады. Сондықтан осы Стандарт 19 ХҚЕС-ты (ІAS) толықтырады.
5. Зейнетақы жоспарлары белгіленген жарналары бар зейнетақы жоспарлары жəне белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспарлары болып бөлінеді. Көптеген жағдайларда жекелеген қорлар құру туралы талап қойылады, бұлар жекелеген заңды тұлғалар ретінде немесе заңды тұлға түрінде ресімделмей құрылуы мүмкін жəне бұлардың жарналар аударылатын жəне зейнетақылар төлейтін сенімгерлік меншік иелері болуы немесе болмауы мүмкін. Сондай қор құрыла ма, жоқ па жəне сенімгерлік меншік иелері бар ма, жоқ па, осы Стандарт соған қарамастан қолданылады.
6. Активтерін сақтандыру ұйымдарына инвестициялау арқылы құрылған зейнетақы жоспарлары, жеке тұрғыдағы зейнетақы келісімдеріндей есепке алу мен қаржыландыру жөнінде бірдей талаптарға жауап беруге тиіс. Егер сақтандыру ұйымымен келісімшарт зейнетақы жоспарының нақты қатысушысы немесе қатысушылар тобы атынан жасалмаса, ал зейнетақы төлемдері бойынша міндеттемелер тек қана сақтандыру ұйымының міндеттемелері болып табылмаса, тиісінше, бұлар осы Стандарттың қолданылу аясында болады.
7. Жұмыстан шығарылған кездегі демалыс жəрдемақысы, мерзімі кейінге қалдырылған өтемдер туралы шарттар, еңбек сіңірген жылдары үшін жəрдемақылар, мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығару жөніндегі немесе кадрларды қысқарту жөніндегі арнайы жоспарлар, əлеуметтік, медициналық жоспарлар немесе сыйлықақы жоспарлары тəрізді жұмыс үшін төлемдердің басқа түрлеріне бұл стандарттың қатысы жоқ. Əлеуметтік қамсыздандырудың мемлекеттік жүйесі шеңберіндегі келісімдер де осы Стандарттың қолданылу аясынан шығарылады.
8. Осы Стандартта мынадай терминдер төменде көрсетілген мəндерде пайдаланылады:
Зейнетақы жоспарлары – қызмет аяқталарда немесе ол аяқталғаннан кейін ұйым өз қызметкерлеріне солар бойынша зейнетақы беретін (не жылдық табыс түрінде, не біржолғы төлем түрінде) келісімдер, бұл ретте мұндай зейнетақылар жұмыс берушінің олардағы жарналар сияқты ұсынылған құжаттар бойынша да, сол сияқты ұйымда қабылданған практика негізінде де зейнеткерлікке шыққанға дейін күні бұрын белгіленуі немесе есептелуі мүмкін.
Белгіленген жарналары бар зейнетақы жоспарлары – соларға сəйкес төленуге тиіс зейнетақы мөлшерлері зейнетақы қорына төленетін жарналар мен осы жарналарға түсетін пайда негізінде айқындалатын зейнетақымен қамсыздандыру жоспарлары.
Белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспарлары – соларға сəйкес төленуге тиіс зейнетақы мөлшерлері əдетте қызметкер алатын сыйақы мөлшеріне негізделген формула бойынша айқындалатын зейнетақымен қамсыздандыру жоспарлары.
Зейнетақы қорына аударым – зейнетақы төлемі бойынша болашақ міндеттемелерді өтеу үшін ұйым басқа тəуелсіз ұйымның (қордың) есебіне активтер аударуы.
Осы Стандартта сондай-ақ мынадай терминдер пайдаланылады:
Қатысушылар – зейнетақы жоспарының мүшелері, сондай-ақ осы жоспар бойынша зейнетақы алуға құқығы бар басқа да адамдар.
Зейнетақы жоспарының таза активтері – тиесілі зейнетақылардың актуарлық келтірілген құнынан өзге міндеттемелер шегерілген зейнетақы жоспарының активтері.
Тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны – зейнеткерлікке шыққандарға жəне жұмыс істейтін қызметкерлерге олардың еңбек өтіліміне қарай зейнетақы жоспары бойынша тиесілі күтілген төлемдердің дисконтталған құны.
Кепілдік берілген зейнетақылар – зейнетақы жоспарының талаптарына сəйкес оларды алуға берілетін құқық қызметкерлердің еңбек қатынастарын жалғастыруына байланысты емес зейнетақылар.
9. Кейбір зейнетақы жоспарларына жұмыс берушілер болып табылмайтын демеушілер қолдау көрсетеді; осы Стандарт сондай жоспарлар бойынша есеп беруге де қолданылады.
10. Зейнетақы жоспарларының көпшілігі ресми түрде жасалған келісімдерге негізделеді. Кейбір жоспарлар ресми емес сипатта болады, бірақ жұмыс берушілердің іс жүргізуде қолданатын практикасының нəтижесінде міндеттіліктің біршама дəрежесіне ие болады. Кейбір зейнетақы жоспарлары жұмыс берушілерге осы жоспарлар бойынша өз міндеттемелерін шектеуге мүмкіндік бергенмен, егер олар қызметкерлерді сақтап қалғысы келсе, жұмыс беруші үшін əдетте оларға зейнетақы жоспарын жою қиын болады. Ресми емес зейнетақы жоспарларына есепке алу мен есеп берудің ресми жоспарларға қолданылатындай əдістері қолданылады.
11. Көптеген зейнетақы жоспарлары жарналар аударылатын жəне солардан зейнетақылар төленетін бөлек қорлар құруды көздейді. Мұндай қорлар олардың активтерін дербес басқаратын адамдардың əкімшілік бақылауында болуы мүмкін. Кейбір елдерде мұндай адамдар «сенімгерлік меншік иелері» деп аталады. Осы Стандартта «сенімгерлік меншік иесі» деген термин сенімгерлік қор құрылатынына не құрылмайтынына, оған қарамастан, сондай адамдарға арнап пайдаланылады.
12. Зейнетақы жоспарлары əдетте не белгіленген жарналары бар зейнетақы жоспарлары, не белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспарлары деп аталады, бұлардың əрқайсысының өздеріне тəн ерекше сипаты бар. Кейде екі түрдің де сипаттарын қамтитын жоспарлар жасалуы мүмкін. Осы Стандарттың мақсатында мұндай аралас жоспарлар белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспарлары ретінде қарастырылады.
Белгіленген жарналары бар зейнетақы жоспарлары
13. Белгіленген жарналары бар зейнетақы жоспары бойынша есептілікте зейнетақы жоспарының таза активтері туралы бөлім жəне оны қаржыландыру саясатының сипаттамасы болуға тиіс.
14. Белгіленген жарналары бар зейнетақы жоспарына сəйкес қызметкердің келешектегі зейнетақысының мөлшері жұмыс берушінің, сол қызметкердің өзінің немесе олардың екеуінің де зейнетақы қорына өткізген жарналарымен, сондай-ақ қордың өзінің қызметінің нəтижелерімен жəне инвестициялық табыстарымен айқындалады. Жұмыс берушінің міндеттемесі əдетте қорға жарналар салу арқылы өтеледі. Актуарийдің консультациясы, əдетте, талап етілмейді, дегенмен, ол кейде келешектегі зейнеткерлік жəрдемақылардың мөлшерін бағалау үшін пайдаланылады, бұларға ағымдағы жарналар мен болашақ жарналардың жəне инвестициялық табыстардың əртүрлі өзгерген деңгейлері негізінде қол жеткізуге болады.
15. Қатысушылар жоспар қызметіне мүдделі, өйткені бұл қызмет олардың келешектегі зейнетақыларының деңгейіне тікелей əсер етеді. Қатысушылар сондай-ақ зейнетақы қорына жарналардың түсуіне жəне бенефициарлардың құқығын қорғау үшін тиісінше бақылаудың жүзеге асырылуына қатысты ақпарат алуға мүдделі. Жұмыс беруші, өз кезегінде, жоспардың тиімді жəне ықтиятты орындалуына мүдделі.
16. Белгіленген жарналары бар зейнетақы жоспары жөніндегі есептіліктің мақсаты оның инвестициялық қызметінің жоспары мен нəтижелері туралы тұрақты түрде ақпарат беріп отыру болып табылады. Əдетте бұл мақсатқа мынадай ақпаратты:
(а) кезең ішіндегі маңызды қызметті сипаттайтын жəне жоспарға қатысты кез келген өзгерістердің ықпал етуін, оған мүше болуды, мерзімдері мен шарттарын;
(b) кезең ішіндегі операциялар мен инвестициялық қызметтің нəтижелері туралы, сондай-ақ кезең соңындағы жағдай бойынша жоспардың қаржылық жай-күйі туралы хабардар ететін бөлімдерді; жəне
(с) инвестициялық саясатты сипаттауды қамтитын есептілікті ұсынумен қол жетеді.
Белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспарлары
17. Белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспары жөніндегі есептілік:
(а) мыналарды:
(і) төлем көздері болып қызмет ететін таза активтерін;
(іі) кепілдік берілген жəне кепілдік берілмеген зейнетақыларды бөле отырып, тиесілі зейнетақы төлемдерінің актуарлық дисконтталған құнын; жəне
(ііі) жиынтығының артуын немесе тапшылықты көрсететін есепті; немесе
(b) зейнетақылар төлеу үшін қолда бар зейнетақы жоспарының таза активтері туралы есеп мынадай ақпаратты:
(і) кепілдік берілген жəне кепілдік берілмеген зейнетақыларды бөлеотырып, тиесілі зейнетақы төлемдерінің актуарлық дисконтталған құнын көрсететін ескертпе; немесе
(іі) актуарийдің ілеспе есептілігіндегі осы ақпаратқа жасалған сілтеме
кіретін зейнетақы жоспарының таза активтері туралы есептілікті қамтуы тиіс.
Егер актуарлық бағалау есептілікті жасау күніне дайын болмаса, орындалу күні көрсетіле отырып, бағалаулардың ең соңғысы негіз ретінде пайдаланылады.
18. 17-тармақтың контекстіндегі тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны есеп-қисаптарда не ағымдағы, не жоспарланған жалақы деңгейін пайдалана отырып, пайдаланылған əдісті аша отырып, қызметкерлерге жоспар шарттарына сəйкес осы кезеңде көрсетілген қызмет үшін тиесілі зейнетақыларға негізделуі тиіс. Актуарлық болжаулардағы кез келген өзгерістердің тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнына тигізген елеулі ықпалы да ашып көрсетілуге тиіс.
19. Есептілік тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны мен зейнетақы жоспарының таза активтері арасындағы өзара байланысты, сондай-ақ тиесілі зейнетақыларды қаржыландыру саясатын түсіндіруі тиіс.
20. Белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспарына сəйкес тиесілі зейнетақылар төлемі жоспардың қаржылық жағдайы мен салымшылардың келешекте бұл жоспарға жарналар салу қабілетіне, сондай-ақ инвестициялық қызмет нəтижелері мен жоспар жұмысының оперативті тиімділігіне байланысты болады.
21. Белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспары оның қаржылық жағдайын бағалау, актуарлық жол берулерді тексеру жəне келешектегі жарналардың шамасына қатысты ұсыныстар алу үшін актуарийдің тұрақты түрде консультация беруін қажет етеді.
22. Белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспары бойынша есептіліктің мақсаты жоспардың қаржы ресурстары мен қызметі туралы ақпараттың тұрақты түрде беріліп отыруы болып табылады, ол бүкіл кезең бойы жиналған ресурстар мен зейнетақы төлемдері арасындағы өзара байланысты бағалау кезінде пайдалы болуы мүмкін. Бұл мақсатқа əдетте мынадай ақпаратты:
(а) кезең ішіндегі маңызды қызметті сипаттайтын жəне жоспарға қатысты кез келген өзгерістердің ықпал етуін, оған мүше болуды, мерзімдері мен шарттарын;
(b) кезең ішіндегі операциялар мен инвестициялық қызметтің нəтижелері туралы, сондай-ақ кезең соңындағы жағдай бойынша жоспардың қаржылық жай-күйі туралы хабардар ететін бөлімдерді;
(с) не есептіліктің бір бөлігі ретінде, не жеке есептілік түрінде тапсырылған актуарлық ақпаратты;жəне
(d) нвестициялық саясатты сипаттауды қамтитын есептілікті табыс ету арқылы қол жетеді.
Тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны
23. Зейнетақы жоспары бойынша күтілген төлемдердің дисконтталған шамасы жалақының не ағымдағы деңгейлерін не жоспарға қатысушылардың зейнеткерлікке шыққан кезге дейінгі жалақының болжамды деңгейлерін негізге ала отырып есептелуі жəне есептілікте көрсетілуі мүмкін.
24. Жалақының ағымдағы деңгейін басшылыққа алатын əдіске артықшылық беруде сүйенетін негіздер:
(а) жоспардың əрбір қатысушысының үлесіне осы сəтте келетін шамалар сомасы болып табылатын тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнын жалақының болжамды деңгейлерінен гөрі анағұрлым объективті түрде есептеуге болады, өйткені болжаулар аз болады;
(b) жалақының өсуіне байланысты зейнетақылардың өсуі жалақы өскен кездегі зейнетақы жоспарының міндеттемесіне айналады; жəне
(с) жалақының ағымдағы деңгейін басшылыққа алатын тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнының сомасы, негізінен, жоспар тоқтатылған немесе жойылған жағдайда төленуге тиісті сомамен мейлінше тығыз байланысты.
25. Жалақының болжанған деңгейін басшылыққа алатын əдіске артықшылық беруде сүйенетін негіздер:
(а) қаржылық ақпарат, болжаулар мен есептеулерге қарамастан, ұйым үздіксіз қызметі негізінде əзірленуі тиіс;
(b) соңғы жалақы қағидатын пайдаланатын жоспарлар үшін зейнетақы мөлшері зейнеткерлікке шыққан
кездегі немесе шығар алдындағы кейбір кезең ішіндегі жалақысына қатысты белгіленеді; сондықтан
жалақы мөлшерлері, салым деңгейлері мен дисконттау мөлшерлемелері болжануға тиіс; жəне
(с) жалақының болжанған мөлшерлерін кіргізбеу, ал зейнетақы қорына аударымдардың басым бөлігі сол мə ндерге сүйенеді, есептілікте артық қаржыландыру бар секілді көрінуге əкеп соғуы мүмкін, ал шын мəнінде ондай ештеңе де жоқ, немесе шындығында, жоспар қаржыландырудың кемістігін сезініп отырғанда, есептілік қаржыландырудың жеткілікті деңгейін көрсететін болады.
26. Ағымдағы жалақыға негізделген тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны есептілік жасалған күнгі алынған зейнетақы бойынша міндеттемені көрсету үшін зейнетақы жоспары бойынша есептілікте ашылады. Болжамды жалақыға негізделген тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны, əдетте, зейнетақы қорларына аударымдардың негізі болып табылатын қызметтің толассыздық қағидаты негізінде əлеуетті міндеттеменің шамасын көрсету мақсатында ашылады. Тиесілі контексті айқын көрсету үшін қосымша кеңейтілген түсіндірмелер талап етілуі мүмкін. Мұндай түсіндіру зейнетақы қорларына жоспарланған болашақ аударымдардың жеткіліктілігі туралы жəне жалақы мөлшерлерінің болжамдарына негізделген қорды қаржыландыру саясаты туралы ақпарат нысанында болуы ықтимал. Мұның бəрін қаржы ақпаратына немесе актуарийдің есептілігіне кіргізуге болады.
Актуарлық бағалауларды жүргізу жиілігі
27. Көптеген елдерде актуарлық бағалаулар үш жылда бір реттен артық емес жиілікте өткізіледі. Егер актуарлық бағалаулар қаржылық есептілік жасалған күнге дейін дайын болмаса, онда бағалаулардың ең соңғысы негіз ретінде алынады жəне бағалау жүргізілген күні көрсетіледі.
Қаржылық есептілік мазмұны
28. Белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспарлары үшін ақпарат актуарлық деректерді ашу мен ұсынудың əртүрлі практикасын көрсететін мынадай форматтардың бірінде табыс етіледі:
(а) есептілікке зейнетақы жоспарының таза активтерін, тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнын жəне жиынтық артуды немесе тапшылықты көрсететін бөлімді қамтиды. Зейнетақы жоспары жөніндегі есептілікте сондай-ақ зейнетақы жоспарының таза активтеріндегі өзгерістер жəне тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнындағы өзгерістер туралы ақпарат болады. Есептілік актуарийдің тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнын растайтын есептілігінің жеке нысанын қамти алады;
(b) зейнетақы жоспарының таза активтері жəне олардағы өзгерістер туралы ақпаратты қамтитын есептілік. Зейнетақы жоспарының қолда бар таза активтері тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны есептілікке берілген ескертуде ашылады. Есептілікке сондай-ақ актуарийдің тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнын растайтын есептілігінің жеке нысаны да кіруі мүмкін; жəне
(с) жеке актуарлық есептіліктегі тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнымен бірге зейнетақы жоспарының таза активтері жəне олардағы өзгерістер туралы ақпаратты қамтитын есептілік. Жəне актуарийдің жеке есебіндегі тиесілі зейнетақы төлемдерінің актуарлық дисконтталған құнымен бірге зейнетақыларды төлеу үшін зейнетақы жоспарының таза активтеріндегі өзгерістер туралы бөлімді қамтиды.
Əрбір форматта есептілікке сондай-ақ басшылықтың немесе директорлардың есептілік қағидаты жəне инвестициялық есептіліктер бойынша құрастырылған сенімгерлік меншік иелерінің есептілігі қосылып ілесе алады.
29. 28(а) жəне (b)-тармақтарында сипатталған форматтарды қолдайтын мамандардың пайымдауынша, тиесілі зейнетақылардың сандық жағы жəне осындай тəсілдер негізінде берілетін басқа да ақпарат пайдаланушылардың жоспардың ағымдағы жайына жəне жоспар бойынша міндеттемелердің орындалу ықтималдығына баға беруіне көмектеседі. Олар сондай-ақ қаржы есептілігінің өзі жеткілікті болуға тиіс, ал ілеспе есептерге иек артпау керек деп есептейді. Алайда, кейбір сарапшылардың пайымдауынша, 28(а)-тармағында сипатталған формат міндеттеменің бар екендігі жөнінде ой туғызуы мүмкін, ал, олардың пікірінше, тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны міндеттеменің барлық сипатына ие бола алмайды.
30. 28(с)-тармағында сипатталған форматты қолдануды жақтайтын мамандар тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны, 28(а)-тармағында сипатталған форматта көзделгендей, зейнетақы жоспарының таза активтері туралы есептілікке қосылмауға тиіс немесе тіпті 28(b)-тармақта ұсынылған форматқа сəйкес ескертуде жай ашылуға тиіс, өйткені ол жоспар активтерімен тікелей салыстырылатын болады, ал мұндай салыстырудың дұрыс болмауы мүмкін деп есептеледі. Олардың айтуынша, актуарийлерге тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнын инвестициялардың нарықтық құнымен салыстыру міндетті емес, ал мұның орнына олар инвестициялардан күтілетін ақша қаражаты ағынының дисконтталған құнын бағалай алады. Сондықтан осы форматты жақтаушылардың пайымдауынша, мұндай салыстыру жоспарды жалпы актуарлық бағалаудың көрсетуі неғайбыл жəне ол дұрыс түсінілмеуі мүмкін. Кейбіреулер сондай-ақ тиесілі зейнетақылар туралы ақпарат, ол сандық жағы бойынша ұсынылды ма, жоқ па, оған қарамастан, актуарийдің тиісінше түсіндірме беретін жеке есептілігінде ғана болуға тиіс деп есептейді.
31. Осы Стандарт жеке актуарлық есептегі тиесілі зейнетақыларға қатысты ақпаратты ашу жағындағы көзқарасты қабылдайды. Ол тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнының санмен көрсетілуіне қарсы дəлелдемелерді жоққа шығарады. Тиісінше, 28(а) жəне (b)-тармақтарында сипатталған форматтарды осы Стандарт қолайлы форматтар ретінде қарастырады, егер қаржылық ақпаратта актуарийдің есептілігіне сілтеме болған жəне онда тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құны бар осы есептілік қоса ілескен жағдайда, 28(с)- тармағында сипатталған формат та сондай болады.
Барлық жоспарлар
Жоспар активтерін бағалау
32. Зейнетақы жоспарының инвестициялары əділ құн бойынша есепке алынуы тиіс. Нарықтық бағалы қағаздар жағдайында нарықтық құн əділ құн болып табылады. Зейнетақы жоспарының əділ құнды бағалау мүмкін емес инвестициялары болған жағдайда, əділ құнның пайдаланылмау себебі ашып көрсетілуі тиіс.
33. Нарықтық бағалы қағаздарға қатысты əділ құн болып, əдетте, кезең ішіндегі инвестициялық қызметтің есептілігі мен нəтижелерін жасау күнгі бағалы қағаздарды бағалаудың барынша дұрыс өлшемі ретінде олардың нарықтық құны қабылданады. Сатып алудың тіркелген құны бар жəне жоспар немесе оның нақты бөліктері бойынша міндеттемелерді теңгеру мақсатында алынған бағалы қағаздарды өтеу мерзімі басталғанға дейін тұрақты табыс болған жағдайда, олардың сатып алынған соңғы құнына негізделген шамада есепке алуға болады. Мысалы, ұйымға толық иелік ету сияқты, зейнетақы жоспары инвестицияларының əділ құнын алуға мүмкіндік жоқ болған жағдайларда əділ құн пайдаланылмайтын себеп ашып көрсетіледі. Сол секілді нарықтық немесе əділ құны бойынша есепке алынбайтын инвестициялар үшін де əділ құн, əдетте, ашып көрсетіледі. Қор операцияларында пайдаланылған активтер тиісті Халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарында баяндалған тəртіппен есепке алынады.
34. Зейнетақы жоспары бойынша есептілікте, төлемдері белгіленген немесе жарналары белгіленген жоспар болсын, мынадай ақпарат болуға тиіс:
(а) зейнетақы жоспарының таза активтеріндегі өзгерістер туралы есептілік;
(b) есеп саясатының айтулы элементтерінің жиынтығы; жəне
(с) жоспарды жəне кезең ішінде жоспарға енгізілген кез келген өзгерістердің əсерін сипаттау.
35. Зейнетақы жоспарлары бойынша есептер, егер қолданылуға келсе, мынадай ақпаратты қамтиды:
(а) зейнетақы жоспарына тиісті таза активтері туралы есептеме:
(і) кезең соңындағы жағдай бойынша тиісті түрде жіктелген активтер;
(іі) активтерді бағалау əдісі;
(ііі) зейнетақы жоспарының таза активтерінің 5%-нан, не кез келген кластағы немесе үлгідегі бағалы қағаздардың жалпы құнының 5%-нан асатын əрбір жеке инвестиция туралы егжей-тегжейлі мəліметтер;
(іv) жұмыс берушіге салынған əрбір инвестиция туралы егжей-тегжейлі мəліметтер; жəне
(v) тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнынан өзгеше міндеттемелер.
(b) зейнетақы жоспарының таза активтеріндегі өзгерістер туралы есептілік, онда мыналар көрсетіледі:
(і) жұмыс берушінің салымдары;
(іі) қызметкердің салымдары;
(ііі) пайыздар мен дивидендтер тəрізді инвестициялық кіріс;
(іv) басқа да кіріс;
(v) төленген немесе төленуге тиіс зейнетақылар (санаттары бойынша талданған, мысалы, қартаюы бойынша, қайтыс болуы себепті, еңбекке жарамсыздығы бойынша зейнетақылар жəне біржолғы төлемдер);
(vі) əкімшілік шығындар;
(vіі) басқа да шығындар;
(vііі) пайдаға салынатын салықтар;
(іх) инвестициялардың жұмсалуынан болған табыстар мен шығындар жəне инвестициялар құнындағы өзгерістер; жəне
(х) басқа жоспарлардан жəне басқа жоспарларға аударымдар;
(с) қор жинау саясатының сипаттамасы;
(d) белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспарлары үшін – жоспар шарттарына сəйкес тиесілі зейнетақыларға, осы кезге дейін көрсетілген қызметтің құнына жəне жалақының ағымдағы деңгейлерін, не болжанған деңгейлерін пайдалануға негізделген тиесілі зейнетақылардың (бұлар кепілдік берілген жəне кепілдік берілмеген зейнетақылар болып бөлінуі мүмкін) актуарлық дисконтталған құны; бұл ақпарат тиісті қаржы ақпаратымен бірге оқуға арналған актуарийдің қоса беріп отырған есептілігіне қосыла алады; жəне
(e) белгіленген төлемдері бар зейнетақы жоспарлары үшін – жасалған елеулі болжауларды жəне тиесілі зейнетақылардың актуарлық дисконтталған құнын есептеуге қолданылған əдісті сипаттау.
36. Зейнетақы жоспары бойынша есептілікте не қаржы ақпаратының бөлігі түріндегі, не жеке есептілік нысаны ретіндегі жоспардың сипаттамасы болады. Оған мынадай ақпарат кіруі мүмкін:
(а) осы жоспарға қамтылған жұмыс берушілер мен қызметкерлер топтарының атаулары;
(b) зейнетақы алатын қатысушылардың саны жəне тиісті түрде жіктелген басқа да қатысушылардың саны;
(с) жоспардың үлгісі – белгіленген жарналары немесе белгіленген төлемдері бар;
(d) жоспарға қатысушылардың жарналар салатынын не салмайтынын түсіндіретін ескерту;
(e) қатысушыларға тиесілі зейнетақыларды сипаттау;
(f) жоспардың тоқтатылу жағдайларының əрқайсысын сипаттау; жəне
(g) есептік кезең ішінде (а) тармағынан (f) тармағына дейінгі өзгерістер.
Пайдаланушылардың қолы жететін басқа да құжаттарға сілтемелер жасау əдеттегі практика болып табылады, бұларда зейнетақы жоспарының сипаттамасы беріледі жəне есептілікке кейінгі өзгерістер туралы ғана ақпарат қосылады.
Күшіне ену күні
37. Осы Халықаралық қаржылық есептіліктің стандарты 1988 жылдың 1 қаңтарынан немесе осы күннен кейін басталатын кезеңді қамтитын қаржы есептілігіне қатысты күшіне енеді.